- Негізгі бет
- Психология
- Адамның күні адаммен......
Адамның күні адаммен...
Адам болып туылғанымызбен, адам болып өмір сүру, АДАМ деген асқақ атты адал арқалап жүру қиынның қиыны екендігін білеміз. Және адамсыз адамның күні жоқ екендігі тағы бар. Сенің қаншалықты жақсы адам екендігің өзгелермен қарым-қатынаста ғана анықталады.
1. Ешбір адам сіздің өмір жолыңызда бекерден-бекер кездеспейді.
Әр күн сайын жаңа адамдармен танысамыз және әрбір таныстық пен кездесуден өзіміз үшін маңызды әсер алып жатамыз. Біреуі бізді сынайды, екіншісі пайдаланып кетеді, үшіншісі өмірлік сабақ алуға көмектеседі, басқасы біздің жақсы қасиеттеріміздің арта түсуіне себепкер болады.
2. Қарым-қатынас үшін не берсеңіз, соны аласыз.
Қырсықтықтар мен жалған жала, балағаттаулар мен сатқындық үшін жайдарлы күлкілер мен ыстық құшақтарды, махаббат пен мейірімділікті аламын деп ойламаңыз. Түсіністікті қаласаңыз, өзіңіз түсінуге тырысыңыз. Не істесең де алдыңа келеді – бұл ғасырлар бойы келе жатқан қарапайым формула.
3. Адамның өмірінен орын алу үшін күреспеңіз.
Ешкімге күштеп сүйікті бола алмайсың – көпшілік осы бір қарапайым әрі даналы ақиқатты естен шығарып алып жатады. Өзге адамның өмірінен орын аламын деп әуреге түспеңіз. Бәлкім, ол мұны қаламайтын шығар. Ниеті бар адам ол орынды өзі босатып береді.
4. Барлық адам өзгереді және бұл қалыпты жағдай.
Адамның қажеттілігі, ойлары, наным-сенімі уақыт өткен сайын өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан, біреу сізге өзгеріп кеткендігіңізді айтса, көңіліңізге қаяу түсірмеңіз және өзіңізден кемшіліктер іздеуге кіріспеңіз. Мүмкін, бұл өзгерістер сіздің пайдаңыз үшін болар. Жақын достарыңызбен ортақ қызығушылықтардың қалмағандығында тұрған ешқандай қорқыныш жоқ. Қираған қарым-қатынасты қалпына келтіремін деп әуре-сарсаңға түскенше, ара-тұра құттықтау ашық хаттарын жіберіп тұрып, алыстан сыйласқан дұрыс емес пе?
5. Қарым-қатынастермен жұмыс жасау керек.
Қарым-қатынас өздігінен құрылмайды. Ол екі тараптан да белсенділікті қажет етеді. Шынайылық, сүйіспеншілік және сыйластық – осы негіздерсіз кез келген қарым-қатынастың күл-талқаны шығады.
6. Кешіре білу де – өнер.
Бірқатар адам кешіре білу – әлсіздіктің белгісі деп санайды. Алайда, "мен сені кешіремін" деген сөз – "мен тым жұмсақ адаммын, сондықтан ренжи алмаймын, сен де әрмен қарай менің өмірімді құрта берсең болады, мен артық сөз айтпаймын" деген сөз емес. Бұл – "мен өткенімнің болашақты және осы шақты құртуына жол бермеймін, сондықтан, кешіремін және барлық өкпе-ренішті босатамын" дегенді білдіреді.
7. Дау-дамай – уақытты өлтірудің жолы ғана.
Сіздің ашуыңызды келтіретін адамдармен ұрсысуға аз уақыт бөлген сайын өзгелермен сүйіспеншілік толы қарым-қатынас жасауға уақытыңыз көп болады. Егер айқай-шу жақын адамыңызбен пайда болса, өзіңізді ұстаңыз. Ашуға бойды билетпеу керек, ондай жағдайда өмір бойы өкінетін, ұялатын сөздерді айтып қоюыңыз мүмкін. Кейде ең мықты деген қарым-қатынастардың өзін байқаусызда айтылған бір сөз жоқ қылып жібереді. Жақсы көру мен жеккөрудің арасы бір-ақ қадам.
8. Сіз басқа адамды өзгерте алмайсыз.
Адамның қауқары өзгені емес, өзін ғана өзгертуге жетеді. Сондықтан, жақын және қымбат адамдарыңызды қалай бар, солай қабылдауға тырысып бағыңыз. Сіздің көңіліңіз көншімейтін тұстары болса, шындықты айтыңыз. Бәлкім, ол сіз үшін өзгеріп қалар...
9. Кейбір адамдардың жоғалып кетуі – сізге пайдасын тигізуі мүмкін.
Ортаңызды өзгертуден жүрексінбеңіз. Сізге жайлылық сыйлай алмайтын адамдарды босатуды үйрену керек. Соңғы кездері досыңыздан сатқындық пен балағат сөздерді ғана алып жүрсеңіз, өткенді қазбалай бермей, қарым-қатынасты біржола үзген абзал.
10. Барды бағалай білейік...
Жаныңызға жақын адамдарға жылы сөздеріңіз бен ыстық сезімдеріңізді арнаудан жалықпаңыз. Қаншалықты қымбат екендігін айтып жүріңіз, көңіл бөліңіз. Бұл қарым-қатынастардың әйтеуір бір күні бітері анық. Бірақ, бұл – мәңгілік болмаса, уақыт жұмсаудың қажеті жоқ деген сөзді білдірмейді.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: nanya.ru, vk.com