Адам ойланған сайын оның миындағы қатпарлар артатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Яғни, адамның логикалық ойлау жүйесі дамыған сайын, миы соғұрлым жұмысынжылдам атқаратын болады. Миды дамытуға жасайтын іс-әрекетіміз бен өмір салтымыз әсер етеді. Ақыл-ойдың ұлттық институты отыз жылдан аса уақытын мидың танымдық жұмысын дамытатын түрлі салаларды зерттеуге жұмсаған. Нәтижесінде жан-жақты адамның түрлі сала бойынша мәселелерді шешу мүмкіндігі, олардың қоғаммен байланысы және шешім табу барысында қолданатын әдістері бір саланың маманымен салыстырғанда әлдеқайда басым болғанын аңғарған. Кез келген адам өзіне жаңа мақсат қоя алады: оның қиын болуы маңызды емес, бірақ терең болуы шарт. Мысалы, бірнеше бөлікті пазлды жинау, тоқыма немесе мектеп бағдарламасы бойынша физика пәнінің есептерін шешу. Оқу, оқу және оқу: Осы уақытқа дейін жүйке жасушалары мен ми жасушалары қайта қалпына келмейді деген пікір қалыптасқан болатын. Сонымен қатар, мидың әр бөлігі тек белгілі бір нәрсеге ғана жауапты деген деректі де жиі еститін едік. Бірақ, соңғы уақытта ғалымдар бұл тұжырымдарды теріске шығарып жүр. Оның себебі француз нейрохирургі Пол Брок жасаған жұмыстары еді. Оның зерттеу жұмысы ми кез келген нәрсеге икемді және жаңа нейрон байланыстарын құра алатын қасиетке ие екенін дәлелдеген. Бұл тұжырымның аясында бірнеше зерттеу жұмысы жасалған болатын. Мысалы, Калифорнияда маймылға іс-әрекетті бір саусақпен жасауды үйреткен. Соңғы мидың суреттерінде жаңа нейрон байланысы байқалған. Демек, біздің миымыз кез келген әрекетке қабілетсіз аймақты қабілетті аймаққа айналдыратын мүмкіндікке ие. Қарапайым өмірімізде орын алатын инсульттен кейін сал ауруына шалдығып, кейін толассыз дайындықтың арқасында сал ауруын жеңген адамдар мұның айқын дәлелі. Музыкамен айналысқан адамдар ше? Невролог мамандардың айтуынша, музыкалық аспапта ойнау барысында адамның миы оянып, оның әрбір бөлігі белсенді бола түседі. Канзас ғалымдары кәсіби музыканттардың зияткерлік көрсеткіші (IQ) қартайған шағында да төмендемейтінін аңғарған. Домбыра секілді аспаптарда ойнайтын студент немесе оқушы өз қатарластарына қарағанда оқуда биік жетістіктерге жетеді. Сондықтан, балаңыздың бос уақыты табыла қалса, оны арнайы мектептерге жаздырыңыз. Өзіңіздің де бос уақытыңыз болса ғаламтордағы түрлі видео сабақтар арқылы жаңа аспапты меңгеріп алыңыз.