Адамды сендіру мен ойын өзгертуге түрткі болудың, бір сөзбен айтқанда, манипуляциялаудың жолдары көп. "Өтірік сөйлеу, өтірік айту", "өтірік жақсы көру", "өтірік сырын айту", "өтірік ашулану", "адамның абырой-беделін түсіру", "қателік жіберген адамның қателігін қайта-қайта айта беру", "әжуалау, ирония жасау", "имитация жасау", "өтірік білмегенсу, ақымақ болу", "өтірік аяныш тудыру" сынды жетіп жатқан жолдары бар. Әр манипуляциялық тәсілді қолданудың өзі реті мен жөні, орны болады.
Дегенмен бұлардың арасында әсіресе адамға әсер ететін негізгі үш манипуляциялық амалдар бар. Бүкіл әдіс-тәсілдер соның маңында жинауға болады.
Адамды кінәлау, кінәсін еске салу
Бұл – адамдар арасында саналы, бейсаналы көп қолданылатын тәсілдердің бірі. Адамның өзі сөйлеп жатып бұл әдісті әдейі, қасақана қолданып отырмауы да мүмкін. Тәсілді қолданып отырғанын өзі де сезбеуі ықтимал.
Манипуляцияның аты айтып тұрғандай, белгілі бір адамның дауға, сөзге келіп қалған адамның айтқанын жоққа шығару үшін оны кінәлауға, бұрынғы жасаған қате ісін еске салуға тырысуы. Әрі өзін "құрбан, жапа шеккен адам" ретінде көрсетуге әрекеттенуі мүмкін.
Манипуляцияға қарсы тұру үшін сау ақылға салу керек болады. Кінә мен қателіктің қаншалық орынды әрі "жапа шегушінің" қаншалық қиналғанын ақылмен ойланып саралау қажет. Ешқашан агрессияға баруға болмайды. Ұрыс-даудан шығу үшін қарсыласушы жаннан тығырықтан шығудың жолын сұраңыз, адекватты жол ұсына алса, онда бұл манипуляция емес.
Абыройын түсіру, дискредитация
Жиі қолданылатын манипуляциялық тәсілдердің бірі. Көп жерде қолданылады. Масс-медиада, психология мен киноматографияда, күнделікті тұрмыстық қатынастарда, менеджмент пен маркетингте, тағы басқа ортада жиі пайдаланылады.
Негативті манипуляцияға жатады. Бірінші айтылған манипуляция тәсіліне ұқсас. Бірақ ниет одан кеңірек.
Мұнда сөйлеуші адам қарсыласының ісі мен сөзін барынша құнсыз, түкке тұрмайтын нәрсе екенін дәлелдеуге тырысады. Сол арқылы абырой-беделін түсіруге жұмыс істейді. Мәселен, "сенің қолыңнан келетіні осы-ақ па?!", "сенің қолыңнан ештеңе келмейді!", "сен – боқмұрынсың, жолың болмайтын, жүрген жеріңе шөп шықпайтын адамсың" деген сынды дискредитациялаушы сөздер айтылуы мүмкін. Сондай-ақ, адам жақсы іс істесе, пайдалы іс жасаса, оған қарсыласушы адам "соны да істедім деп тұрсың ба, сол да іс пе екен!" деген сынды жағымсыз баға береді.
Бұл манипуляцияны тану үшін де сау ақыл керек. Мұндайда баға беруші адаммен дауласып қажет емес. Өзіңіздің ісіңізге сенімді болсаңыз жеткілікті. Ақталу мен жақтаудың қажеті шамалы.
Имитация жасау
Имитация жасауға бүкіл өтірік, жалған, қасақана істелген әрекеттер жатады. Қарсылас адамның эмоциясы мен шын ниет-пиғылын білу үшін өтірік айту, өтірік ақымақ болу, өтірік ашулану, сыр ашу, жақсы көретініңді не жеккөретініңді айту, т.б. сынды әрекеттер әдейі істеледі. Сол арқылы адамның шынайы бет-бейнесін, болмысын ашуға тырысады. Немесе белгілі бір мақсатқа қол жеткізуге әрекет жасалады.
Бұл имитацияны тану үшін де тәжірибе мен ақыл, бақылау қажет. Сөйлесіп тұрған адамның имитацияға барған не бармағанын білу үшін ең алдымен ол адамның жалпы болмысын білген жақсы. Сол арқылы ғана қарапайым өмірдегі болмысы мен сөйлеп тұрғандағы іс-әрпекетін салыстырып, талдау жасай аласыз.