- Негізгі бет
- Психология
- Адамдармен жақсы қарым-қатынаста...
Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болыңыз
Адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңыз. Адамды ізгілікке жетелейтін адами құндылықтардың маңызды жүйесі — тұлғааралық қарым-қатынаста дұрыс болу. Ал адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау дегеніміз не? Жауабын білгіңіз келсе, жақсы қарым-қатынасты қалайтын болсаңыз, мына кеңеске құлақ түріңіз.
1.Қызметтік қарым-қатынастар.
• Қызмет бабында өз жеке мәселеңізді әріптестеріңізге айтпауға тырысыңыз. Неге? Өйткені өз жұмысымен басы қатып отырған әріптесіңіз сіздің әңгімеңізден жалығуы мүмкін.
• Әріптесіңіздің көңіл-күйіне мән беріңіз. Көңіл-күйі жоқ болса, мазасын алмауға тырысыңыз.
• Егер сіз басшы немесе орынбасар болсаңыз, үлкен жиналыстарда әріптесіңіздің жұмысы көңіліңізден шықпаса, жеке қабылдауға шақырып мән-жайды түсіндіріңіз. Осы жерде мына сөзді есте сақтауға тырысыңыз.
- Сеніңше, ең жоғары адамгершілік қасиет не? - Біреуді ұялтпау. (Ф.Ницше).
• Әріптесіңізбен жақсы қарым-қатынаста болу үшін, жылы сөз айтыңыз.
• Сыйлық жасасаңыз, арада сыйластық пайда болады. Сыйлық жасау міндет емес. Тек шынайы көңілде екенін түсініңіз.
• Әріптестеріңізге өмірбаяныңызды айтып, мақтана бермеңіз. Тыңдаушы әріптестеріңіз де сіздің әңгімеңізден жалығып кетуі мүмкін.
2. Жеке қарым-қатынастар.
• Өзіңіз дос тұтып жүрген құрбыңыз немесе досыңыз болса айтыңыз. Сізді біле жүрсін.
• Үлкеннің ақылын тыңдау, сөзге тоқтау, үлкен-кішіні сыйлау – инабаттылықтың көрінісі. (Ғ. Мұстафин).
• Үлкен кісі ақыл-кеңесін айтса, аяғына дейін бар ынтаңызбен тыңдаңыз.
• Ата-анаңызбен сөйлескенде әдепті болыңыз.
• Ата-ананың ақыл-кеңестері – өмірлік тәжірбиеден жинақталған тәлім-тәрбиесі мол құнды, жақұтты сөздер. Айтылған кеңестерін қолдана біліңіз.
• Үш адам тұрып екі адам өздігінен сыбырласуға болмайды, үшінші адам өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін.
• Құрбыңызды қызықтыратын әңгімелер айтыңыз. Өзіңіз туралы көбірек айтсаңыз, құрбыңыз сіздің әңгімеңізден жалығып кетуі мүмкін.
• Өзіңізді өзгелер сыйласын десеңіз, бірінші өзіңізді сыйлаңыз. Сосын өзгелерді сыйлаңыз.
• Жақсы мақтауларды достарыңызға жиі айтып тұрыңыз.
• Дөрекі болу – өз басыңның қадір-қасиетін ұмыту деген сөз. (Н.Г.Чернышевский).
• Қарым-қатынаста дөрекі болмай, кішіпейіл болыңыз.
• Сізден кіші адам ақыл сұраса, шын көңіліңізбен жауап беріңіз. Сіздің сол кісіге қайтарған жауабыңыз, өмір бойы есінде сақталуы мүмкін.
• Жақсы қарым-қатынас әрқашан өзгелерді қызықтыратыны рас. Өзгелерге үлгі болсын десеңіз, жүрегіңізді мейіріммен нұрландырыңыз. Сыйластығыңыз кішіпейілділіктен бастау алсын.
• Жақын жандарды ренжіткен болсаңыз, татуласуға қадам жасаңыз.
Дереккөз: anabol.kz
Н. Үсенова