- Негізгі бет
- Психология
- Адамдар неге психолог...
Адамдар неге психолог көмегінен бас тартады?
Күнделікті бетпе-бет келетін тұрмыстық, отбасылық не кәсіби қиындықтар тек адамның физикалық жағдайына ғана емес, оның рухани дүниесіне де әсер етеді. Дегенмен көбі бұл тақырыпты "менің мәселем өзгелердің өміріндегі қиындықпен салыстырғанда түкке тұрмайды" деп жылы жауып қояды. Одан бөлек, психологтың көмегінен гөрі, жанындағы достарынан "тегін" кеңес алғанды дұрыс көреді. Психологиялық мәселелерді психологпен талқылап, емін табуға көбіне өзінің қорқынышы, оны өзгелердің әлсіз адам ретінде қабылдауы, психологтардың қымбат ақысы кедергі болады. Америкалық психотерапевт Роберт Чампи өзінің мақаласында терапиядан адамдардың неге қашатынын және көмек сұрағаны үшін неге ұялуға болмайтынын ашып айтады.
Адамдар әлсіз болып көрінуден қорқады:
Бұл көбіне күнделікті өмірінде өзгенің өлімін, ауруын өз көзімен көретін полиция қызметкері, өрт сөндіруші, дәрігер және әлеуметтік қызметкерге байланысты. Олар өзгенің жағдайын жасап жүріп, өзінің ішкі эмоциясы мен сезімін екінші орынға қояды. Дегенмен бастан кешкен кез келген қиын жайтты бөліспесе, ол үлкен дертке айналары сөзсіз. Кейде "батыр" адамдар да көмекке зәру.
Өзгерістен қорқу:
Беймәлім болашақтан қорқатындықтан, көбі қолайсыз болса да, үйреніп қалған жағдайда өмір сүруді жөн санайды. Мазасыздық, әлсіздік, уытты қарым-қатынас — бұндайға адамның еті үйреніп кететіні соншалықты, уақыт өте келе бұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Кейбірі өз мәселесімен күресе алмаймын деп қорықса, енді бірі "емделгеннен" кейінгі "өзінің" шын бейнесімен бетпе-бет келуден жасқанады.
Психотерапия қымбат және уақыт керек етеді:
Көбі психотерапия қызметі қымбат екенін және оны қалтасы көтермейтінін айтады немесе оған артық уақыты табылмайды. Дегенмен дәрігерлердің арасында жеңілдіктер жасауға әрқашан дайын мамандар да бар. Ал уақыт жетіспеушілігі – сылтау. Психологтың қабылдау уақыты аптасына үш рет, көп дегенде бір сағаттан аспайды. Адам шын қаласа, ақша да, уақыт та табылатыны бізбен сізге мәлім ақиқат.
Отбасы қарсылығы:
Біз үлкендердің аузынан "Осы уақытқа дейін психологқа бармақ түгілі, кім екенін білмедік. Ештеңе етпейді, жүрміз. Басқалардан ешнәрсеміз кем емес" дегенді жиі естиміз. Көбін бала кезден "бөтен адамға" өз мәселелерін ашық айтпауды үйретеді. Бірақ барлық мәселелеріңіздің басты себебі отбасыдан болса не істемексіз? Психотерапевт сіздің мәселелеріңізді сырттан бақылап отырып, дұрыс бағытқа жол көрсететін адам болады.
Психотерапия — қиын жұмыс:
Өз-өзіңмен жұмыс ешқашан оңай болған емес — мінезді өзгертуге, шешім қабылдауға, жаңа жолдар іздеуге адамға эмоциялық қор керек. Психотерапия бұндай жұмысты сессия кезінде ғана емес, одан кейін де керек етеді. Мәселені толығымен шешу үшін, психотерапевтпен жұмысты кейін де жалғастыру керек. Өзінің ішкі мәселесімен "жылдам" күрескісі келетін адамды жақсы нәтиже күтпесі анық. Жетістікке жету үшін, өзгеріске деген құлшыныс керек.
"Достарым көмекке келеді":
Егер басыңызға түскен қиындықты достарыңызбен талқылай алсаңыз, сіз үшін қуаныштымыз. Дегенмен достар психотерапевт секілді мәселеге қалай бар солай қарай алмайды. Достық болғандықтан аяу сезімі де бірге жүреді. Ол сіз қандай шешім қабылдасаңыз да қолдайтын болады. Оның үстіне, достарыңыз өзара сізді сөз етуі де мүмкін деген қорқыныш та болады. Одан бөлек жақындарыңызды сіздің мәселелеріңіз шаршатып жіберуі де мүмкін.
Дәрігерге айтылған сыр құпия болып қалмайды деген қорқыныш:
Емделуші туралы ақпаратты құпия сақтау — психотерапияның басты қағидасы. Егер дәрігер бұл этикалық кодексті бұзса, ол өзінің дәрігер ретінде емдеу құқығынан айырылады.
Өз мәселесін ашық айту және онымен жұмыс істеу өте маңызды. Психотерапияға өзіңіздің сенімсіздігіңізді көрсетіп жүргенде, болашақта текке өткен уақытты ойлап өкінуіңіз әбден мүмкін.
Т. Есқали