Достарыңызбен немесе әріптестеріңізбен әңгіме айтып отқанда еріксіз өсекке тап болуыңыз мүмкін. Басқаның өмірін талқылауға немесе біреудің сыртынан қалжың айтуға қарсы емес адамдар бар. Өкінішке орай, өсек біздің өмірімізді құртып жібере алады. Адамдар неліктен өсек айтатынын және бұл нашар әдеттен қалай арылуға болады?
Ғалымдар бізді өсек несімен қызықтыратынын анықтау мақсатында көптеген зерттеулер жүргізеді. Олардың ойынша, адамдардың өсек айтуының кең тараған 4 себебіне мыналар жатады:
1. Айналасындағылармен жақындасу үшін
2006 жылы Америкалық психологиялық қауымдастық журналында жарияланған зерттеу айналасындағылар жайлы жағымсыз ақпаратпен бөлісу адамдарды бір-бірімен жақындастыра алатынын көрсетті. Тәжірибе басқарушысы Дженнифер Боссон нәтижелерге анализ жасай келе осындай күтпеген шешімге келді. Оның айтуынша, позитивті емес, жағымсыз өсек ғана адамдарға жақындық сезімін сыйлаған. Сондай-ақ, егер әңгімелесушілердің қандай да бір адам жайлы екеуі де жағымсыз пікірде болса, олар бір-бірімен жылдам тіл табысып кететіні анықталған.
2. Айла-шарғы жасау үшін
Өсек манипуляцияның тиімді стратегиясы бола алады. 2019 жылы нидерландиялық Теренс Крус өткізген зерттеуінде өсектің жағымды және жағымсыз себептерін сипаттаған. Бұл зерттеу бойынша, басқа адамдар жайлы айтылған жағымды нәрселер көп жағдайда шын болып шыққан және оларға еш зиянын тигізбеген.
Ал жағымсыз өсектерде өтірік үлесі жоғары: кей адамдар қандай да бір адам туралы басқалардың ойын өзгерту үшін, оны басқалардың пікіріне сай ету үшін немесе оның сенімін өзгерту үшін оны өсектеген.
Манипуляторлар өсектердің көмегімен шынымен де ойлағанына жетеді. Себебі өсектің астына қалған көпшілік адам өзі жайлы жағымсыз пікірлерді өзгерту үшін өзінің әрекеттерін өзгертуге тырысады. Сондай-ақ қайтадан өсектің астына қалмас үшін де өзгергісі келеді.
3. Басқаларды сақтандыру үшін
Қоғамда өсек айту әдетін жақтырмаса да, оның артында жақсы ниет тұруы мүмкін. АҚШ-тағы социология профессоры Робб Уиллердің зерттеуі бойынша, өсек айналадағыларды оларға зиян келтіруі мүмкін адамдардан қорғау әдісі болуы мүмкін. Мысалы, жаңа достың жылмақай және манипуляцияға бейім екендігін ескертеді.
4. Өзін жақсы сезіну үшін
2017 жылы «Психоэндокринология» америкалық журналында жарияланған зерттеу өсектің окситоцин гормонының деңгейіне әсер ететінін көрсетті. Ол жағымды эмоцияларға жауап береді. Тәжірибеге студенттер тобы қатысты. Оларға курстас студент жайлы өсек айтуға себеп берді және басқа курстас қыздың зақымдалғаны және оған қолдау керегі жайлы әңгіме айтуды ұсынды. Ғалымдар екінші тақырыпқа қарағанда өсекті талқылау кезінде зерттеуге қатысушыларда окситоцин көбірек бөлінгенін анықтады. Осы нәтижелерге негізделе келе, ғалымдар өсек айтқанда адам өзін жақсырақ сезінетінін және күйзелістік жағдайларды жылдамырақ жеңетінін болжады.
Өсек айту әдетінен қалай арылуға болады?
Жақсы ниетпен өсек айтқан болсаңыз да, қоғамда бұл әдетті дұрыс қабылдамай қалу мүмкін екенін ұмытпаңыз. Сіздің бұл әдетіңізді байқаған адам сізге сенуден қалады немесе сізбен жақындасуға қорқатын болады. Себебі ол оның да артынан кейін солай өсек айтатын болады деп ойлайды.
Сіз де өсектің астында қалсаңыз, өзіңізді қалай сезінетініңізді ойлаңыз
Таныс адамыңыздың биографиясынан басқаға бір нәрсе айтпас бұрын оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Өзіңіз жайлы сіз айтайын деп тұрған нәрсені естісеңіз, сізге ұнар ма еді? Көпшілік адам өзі жайлы біреудің өсек айтқанын естісе, өздерін жабырқаңқы сезінеді. Олар ол адамға деген сенімін жоғалтып, онымен сөйлеспей қояды. Ал кейбіреулер, тіпті, өш алады: ол адам туралы да жағымсыз өсек таратады.
Жағымды және жағымсыз өсекті айыра білу керек. Мысалы, егер танысыңызға мотивация беру үшін немесе жай онымен мақтану үшін құрбыңыздың жеткен жетістігін айтсаңыз, ода тұрған ештеңе жоқ. Бұл жағдайда құрбыңыздың өзі жасырмайтын ақпаратпен қана бөлісу маңызды.
Ал жағымсыз тақырыптарға келгенде ұстамды болған жөн. Ол сіз өсектеген адамның да, сіздің де беделіңізді түсіріп жіберуі мүмкін.
Сөздерді дұрыс таңдаңыз
Сіз әңгімелесіп отқан адам сенімді және құпия сақтай білетін болса да, біреу туралы бірдеңе айтарда сөздерді дұрыс таңдай білу маңызды. Бұл сіздің абыройыңыз бен өзіңізге деген құрметті сақтауға көмектеседі. Сіз айтып отырған адам сіздің ашуыңызға қатты тисе де, оны сынға алмаңыз немесе ол туралы дөрекі нәрселер айтпай-ақ қойыңыз. Оның орнына бейтарап сөздер қолданыңыз. Бір жақсы ереже бар: адамға бетіне айта алмайтын нәрсені оның сыртынан айтудың қажеті жоқ.
Неліктен дәл сол адам туралы айтқыңыз келгенін ойлаңыз
Біреуді өсектегіңіз келген кезде неліктен талқылауға сол адамды таңдағаныңызды ойлаңыз. Өсектен арылу үшін осы проблеманы анықтап алуыңыз керек. Адамдар не үшін басқалар жайлы айтатынына мысалдар келтіріңіз: көре алмаушылық, шешілмеген жанжал немесе реніш, басқаның есебінен өзін-өзі бағалауын арттыру үшін, іш пысқандық және т.б.
Әрине, өсектеудің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Алайда өсектеуді доғарғыңыз келсе, сол проблемалардың шешімін іздеуге тырысу керек. Мысалы, ол адамға ренжігендіктен, оны өсектегіңіз келсе, кешіріңіз. Өз-өзіңізбен жұмыс жасаңыз.
Өсек айтатын адамдармен араласпауға тырысыңыз
Мұндай әңгімелерге еріп кетпес үшін өсекті бастайтын адамдардан алшақ бола түсу керек. Ол адаммен мүлдем араласпаңыз немесе тақырыпты өзгертіп отырыңыз. Сондай-ақ өсекке араласқыңыз келмейтінін ашық айтуға болады. Осындай шектеу қойып тастасаңыз, әңгімелесуші тақырыпты бірден өзгертеді немесе біреудің құпиясын басқа адамға айтуға барады.
Өсек айтуға себеп іздемеңіз
Кей адамдар біреу туралы басқаға өсек айту үшін әдейі себеп іздейді. Мысалы, әлеуметтік желідегі оның достарының парақшаларын зерттейді немесе ол телефонмен сөйлесіп отқанда жеке әңгімесін тыңдайды. Оның орнына өз мақсаттарыңыз бен қалауларыңызға мән беріңіз. Басқалардың өмірін бақылауға уақыт құртпаңыз.
Күнделік жазыңыз
Жеке күнделік — өз эмоцияларыңызды шығаруға көмектесетін және бәрін құпияда сақтайтын зат. Бөліскіңіз келетін өсекті және оларға қатынасыңызды күнделікке жазыңыз. Оған қоса, мұндай тәжірибе сіздің өсекке тартылуыңыздың астарында жатқан проблемаларға анализ жасауға көмектеседі.