Көбіміз өмірден түңілген шақта, әлдебіреулерден көңіліміз қалып, түрлі қарым-қатынастардан шаршаған шақта жалғыз қалғымыз келеді. "Адам өзінің кім екендігін жалғыз қалғанда ғана айқын сезе алады" дейді Артур Шопенгауэр. Ендеше біз бүгін осы жазбамыз арқылы жалғыздыққа жаны құмар жандадың не үшін жалғыздықты қалайтыны туралы ой өрбітпекпіз.
Адамдардан жалыққанда. Қоғамнан, жақындарынан көңілі қалған адамның оңаша қалып, жалғыз болғанды қалайтыны белгілі жайт. Мұндайда адам әлдекіммен арласып, әңгімелесуге зауқы соқпайды. Өзі жалғыз қалғанда көңілі тыншып, миы да тынышталады деп ойлайды. Жалғыздықпен дос болып, тыныштықтан жаны рахат табатын жандарды түсінуге болады.
Қатты ренжігенде. Біреуге өкпелі болғанда немесе қандай да бір ащы шындықты білгенде ой жинақтап, болған жағдайды саралап алу үшін де жалғыз қалғанды қалайды. Мұндайда оларға жалғыздықтың пайдасы зор.
Жылағысы келгенде. Көптің көзінше жанарына жас алып, көзінің жасын сығып алуға қорқатындар оңашада жалғыз қалып өксіп-өксіп жылап алғанды дұрыс көреді. Жалғыз қалғанда оған "жылама" деп ешкім де тоқтау салмайды. Сол секілді жұбатып кеп, жасын сүртпейді.
Шығармашылық үшін. Шығармашылыққа жаны жақын адамдар үшін де аз уақыт болса да жалғыз қалудың маңызы зор. Жалғыз қалып оңаша ой өрбітеді, шабытын шақырып шығармасының шыңына шығады.
Өзін-өзі түсіну үшін. Өзінің бағытын айқындап, дұрыс-бұрысын бағдарлап алу үшін де адамдарға жалғыз қалудың пайдасы көп. Өзін-өзі түсініп, қандай да бір шешім шығару үшін олар жалғыздықты таңдайды.
Тек, әрине, жалғыздықтың ғұмыры ұзақ болмағаны жақсы. Өзі жалғыз қалғанның жаны жалғызсырамасын. Жаны жалғыз қалғанның шер тарқатар сыңары болсын дегіміз келеді.
Сурет: Фархат Токтаров
Ұқсас жазба:
Жалғыздық туралы оймақтай ойлар