- Негізгі бет
- Психология
- Адам өміріндегі маңызды...
Адам өміріндегі маңызды 3 ресурс
Қолда бар ресурстардың саны емес, оларды қолдану мүмкіндігі әлдеқайда маңызды. Адам өмірінде ең маңызды 3 ресурс бар.
1. Ақша
Ақша маңыздылығы жағынан үшінші орынға ілігеді. Өйткені, ол – сарқылмайтын әрі қайта орнына келетін адам қажеттілігі.
Арамызда ақшаның тапшылығын сезінетін адамдар бар. Айта бермесе де, бай болуды, көп ақша табуды армандайтындар саны жеткілікті. Бірақ, сізге ұсынғалы отырған 3 ресурстың ішінде ақшаға қол жеткізу оңай екенін ескергейсіз. Тек оған қол жеткізудің қарапайым ережесін есте ұстасаңыз болды: сыры – еңбек.
2. Күш
Екінші орынға күшті қойдық. Себебі, әлсіз адамның қолынан көп нәрсе келмейді. Сондықтан, тілек айтқанымызда басты орынға денсаулықты қоямыз. Дені сау адамның күші мен мүмкіндігі әлдеқайда басым болады.
Күш – жетістік бастауы. Бастысы оны қалай қолдануды білсеңіз жеткілікті. Мысалы, сіз компьютер ойынын ойнап отырсыз. Қарсыласыңыздың қару-жарығы, өмір деңгейі мен күші сіздікімен бірдей. Бірақ, соңында біреу жеңіледі, ал енді бір жеңеді. Неге? Жеңген ойыншының артықшылығы ол өз ресурстарын орынды қолданып біледі. Өмірде де солай: күшіңізді тиімді жұмсаңыз. Пайдасыз нәрсеге күшіңіз бен жүйкеңіді құртпаңыз.
Жастық шақта адам өзінің күшінің сарқылмайтынына сенеді. Дегенмен, 30-35 жасқа келгенінде шексіздік деп жүргені уақытша екенін ұғады. Өйткені, бұрынғыша таң атқанша қыдыру, кейін күні бойы жұмыс істеу қолынан келмейді. Ал, есейген сайын «күш» тек азая береді.
3. Уақыт
Ақшаға тынбай еңбек ету арқылы қол жеткізсеңіз, күшті уақытылы демалу арқылы қайта қалпына келтіруге болады. Ал, уақытты қайтару мүмкін емес. Сондықтан, уақыт – адам өміріндегі ең маңызды ресурс. Секундтар тілі алға жылжыған сайын уақытымыз азайып келе жатқанын да ұғу керек.
Орта жасқа келгенде адамдар уақыттары текке кеткенін ұғып, бармақ тістеп қалып жатады. Кейбір нәрсеге үлгермейміз: не уақыт, не күш жетпейді.
Ғаламтор беттерінде осы 3 ресурстың жетіспеушілігін түсіндіретін түрлі иллюстрациялар жарияланды:
Жастық шақ: күш – мол, уақыт – көп, ақша жоқ.
Орта буын: күш – көп, ақша бар, уақыт аз.
Қарттық шақ: күш сарқылған, уақыт (өзіңе көңіл бөлетін) пен ақша ғана бар.
Осы үш ресурсты дұрыс басқара алсаңыз, көптеген жетістікке жетуге болады. Бұл – өмір заңдылығы.
Т. Есқали