- Негізгі бет
- Психология
- Адам қалай өз-өзін...
Адам қалай өз-өзін алдайтынын көрсететін психологиялық тәжірибелер
Психологтар кей жағдайда сыртқы факторлардың әсерінен біз өз көзқарасымызды оңай өзгерте салатынымызды айтады. Әңгімелесуші әрекетіндегі немесе қоршаған ортадағы кішкентай детальдің өзі адамды шатастырып жібере алады. Мұны дәлелдейтін бірнеше тәжірибені ұсынамыз.
Carlsberg компаниясы өткізген тәжірибе: "Сыртқы келбет — алдамшы"
2011 жылы сыра өндіруші Carlsberg компаниясы жарнамалық роликке ресми емес әлеуметтік тәжірибе жасады. Бұл тәжірибеде олар біздің қалай тез алданып қалатынымызды көрсеткісі келді.
Зерттеушілер сынақ алаңы ретінде Брюссель кинотеатрын қолданды. Фильм көретін залға түрлері суық 150 байкерді отырғызды. Кино сеансына келген жұпқа залдың қақ ортасынан екі орын алып қойды. Компания бұл арқылы адамдардың кино көруге қалатынын немесе қорқып кетіп қалатынын білгісі келді.
Тәжірибеге әртүрлі жұп қатысты. Кейбіреулері түрлері суық компаниямен бірге қалудан қорқып, кетіп қалса, басқалары қалуды шешеді. Батылдық танытып, залда қалған жұпты байкерлер қол шапалақтап, күліп қарсы алды. Олар бір қарағанда суық көрінгенімен, шын мәнінде ондай болып шықпады. Carlsberg компаниясының бұл жарнамалық ролигі YouTube желісінде 22 миллион көрілім жинады.
Бұл тәжірибеден адамның сыртқы келбетіне қарап жасайтын тұжырымымыз барлық уақытта бірдей дұрыс бола бермейтінін көруге болады.
Соломон Аштың тәжірибесі: "Жұрттан бөлінгенше, келісе салған жақсы"
Көпшілік бір адаммен оңай пікірталаса алады да, ал бір топ адамға қарсы тұру әдетте қиынға соғады. Соломон Аш біздің пікіріміз жағдайға және әңгімелесушіге сәйкес қалай өзгеретінін көрсету үшін тәжірибе жүргізді.
Тәжірибеге қатысушыларға бірнеше пішіні бар тақта дайындап қойды: түрлі ұзындықтағы сызықтар, түрлі түсті пирамидалар және басқа да пішіндер. Негізінде бөлмеде тәжірибеге қатысушы тек біреу, ал оны қоршаған басқа адамдар актерлар болатын. Тәжірибе ережесі бойынша сол актерлар сұраққа бірінші жауап беріп, соңғы сөзді қатысушыға қалдыру керек.
Бір қызығы, көпшілік негізгі тәжірибеге қатысушының ойымен сәйкес келмейтін пікірді айтса да, қатысушы олардың айтқанын қайталады. Қатысушылардың тек 35%-ы өзінің жеке ойын білдіріп, соның себебінен өздерін біртүрлі сезініп отқанын айтқан.
Бұл тәжірибеден біз қоғамның қысымынан және ыңғайсыз жағдайға қалғымыз келмегендіктен өз-өзімізді алдап, ойымызды айтпайтынымызды көруге болады.
Тәжірибе: "Маған қара!"
Норман Триплетт жарысқа қатысатын велосипедшілерді зерттеген. Психолог өз зерттеуі арқылы велосипедшілердің нәтижесіне трибунада отқан жанкүйерлер әрекетінің әсерін білгісі келген. Зерттеу нәтижесі бойынша, спортшылар оларға айналасындағылар қарап отқанда жақсы нәтиже көрсеткен. Ал трибунада бейжай адамдар отырып, олардың дауыстары да естілмеген кезде спортшылардың нәтижесі нашарлау болған.
Осыған ұқсас тәжірибелерді Робейрт Зайонц те жүргізген. Ол — белсендіру тоериясының негізін қалаушы: басқалар қарап отса, жұмыс істеп отқан адамның әрекеті өзгеріп кетеді. Алайда мұндай әсер болуы үшін бақылаушы жұмыс істеп жатқан адамның ісінен хабардар (мысалы, сол істің білікті маманы) болуы керек. Алайда адам ақыл-ой еңбегімен айналысып отқанда, мысалы, сабақ оқып отса немесе күрделі есепті шешіп отса, жылғыз өзі қалған пайдалы. Ал физикалық белсенділік кезінде қасында тәжірибелі біреудің болуы оның жұмысына жағымды әсер етеді.
Тәжірибе: "Өнім қаншалықты аз болса, соншалықты бағалы"
Тапшы өнім қолжетімдіге қарағанда тартымдырақ көрінеді. 1975 жылы психология профессоры Стивен Уорчел екі жүз студентке зерттеу жүргізеді. Ол тәжірибеге қатысушыларды екі топқа бөледі. Бірінші топтағы студенттерге бетіне дейін печеньемен толтырылған құты, ал екінші топтағыларға бірнеше түйір печеньесі бар құты береді. Негізгі екі құтыдағы печеньелер бірдей. Нәтижесінде, бірнеше печенье алған адамдар көп печенье алғандарға қарағанда оның сапасын жоғары деп бағалаған. Бұл тәжірибе көп рет қайталанса да, нәтижесі өзгермеген.
Бұл тәжірибеден біз шынымен де қолжетімсіз тауарды бағалы санайтынымызды байқауға болады. Маркетологтар болса, бұл тәсілді белсенді қолданады.
А. Жапатова