Адалдық па, ақымақтық па?

Сіз дүкенде өзіңізге сөмке іздеп жүрсіз және іші 100 долларлық купюраға толған сөмкеге тап болдыңыз немесе жаңа үйіңіздесіз делік және ақшаға лық толы қоқыс қапшығын тауып алдыңыз. Не істер едіңіз? Несиеңізден құтылар ма едіңіз әлде жаңа көлік сатып алар ма едіңіз?

Ал біз айтқалы отырған адамдар өмірлерінде осындай жағдайға тап болған және қолдарында мыңдаған долларды ұстап тұрғанымен мүлдем басқа шешім қабылдаған екен.

10. Белгісіз қалған үйсіз әйел

Калгариялық (Канада) 62 жастағы үйсіз әйел ішінде 10 000 доллардан аса ақшасы бар сөмке тауып алған. Ақшаны тауып алған уақытта жергілікті баспаналардың бірінде тұрып жатқанына қарамастан, ол оны иесіне қайтарып беруді шешкен. «Ақшаны өзімен қалдыру ойымда да болған жоқ. Ол менің ақшам емес қой», - депті ол.

Осы оқиға әйелге деген аяушылық тудырып, оның оқиғасы бүкіл Канада бойынша газеттерге жарияланды. Көптеген адамдар әйелге қаржылай көмек көрсетпек болыпты, бірақ әйел бас тартқан. Себебі: баспанасыз болғаны үшін қатты ұялған және сондықтан болар, есімін жария қылмауды сұрапты. Дегенмен сөмке иесі 500 доллар көлемінде әйелдің атына сенім қорын ашқан және қайырымдылықтан түскен басқа ақшаны қосқанда әйелдің жеке пәтерге көшуіне мүмкіндік болған.

9. Волмарт (Walmart) қызметкері

Федерал Уэй қаласында Волмарт қызметкері Бисмарк Менса супермаркет автотұрағында қалып қойған арбаларды жинап жүрген кезінде 20 000 доллары бар конвертті тауып алыпты. Бисмарк саспай, супермаркетте сауда-саттық жасауға келген әйелдің көлігіне жүгіріп келіп, сөмкесінен құлап қалған бір конверт ақшаны қайтарып беріпті. Бисмарктің игі ісіне өте риза болған әйел оған сыйақы бермек болған бірақ жас жігіт одан бас тартқан екен. Қазіргі таңда Бисмарк Волмартта сағатына тоғыз доллар жалақы алады-мыс. 

8. Адал әже

75 жастағы Билли Вотс Крэкер Бэррел мейрамханасының әжетханасына кіргенде, есік ілмегіне ілулі тұрған сөмкені көреді. Сөмкенің ішіне көз жүгіртсе, екі әйелдің фотосуреті мен 97 000 доллар ақша жатқанын байқайды. Сөмкені қойнына құшақтаған әже бірден мейрамхана қызметкерлеріне өзінің қандай жағдайға тап болғанын түсіндіріп, оларға байланыс телефондарын қалдырып, сөмкені өзімен бірге алып кетіпті.

Көп ұзамай Биллиге бір әйел қоңырау шалып, сөмкені жоғалтып алғанын айтқан. Сөмкені иесіне қайтару үшін Вотс сол мейрамханаға қайта оралады және әйелге сөмкені қайтарған кезде сөмке иесі бәрінен бұрын фотосуреттің жоғалып кетпегеніне қатты қуанған. Сөйтсе ол жақында көз жұмған қызының жалғыз ғана фотосуреті екен. Әженің адалдығына қатты разы болған әйел Вотске 1000 доллар ұсынады, бірақ Билли ақшаны алудан бас тартқан екен.

7.  Үйдің жаңа иесі


Джош Феррин өз жанұясына бірінші үйін сатып алғаннан соң өзінің жаңа үйіне көшпестен бір күн бұрын соғып кетпек болады. Үйдің гаражын қарап жүргенде шатыр есігінде салбырап тұрған бір кесек матаға көзі түседі. Есікті ашып, шатырға мінеді. Сөйтіп шатырдан Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған оқ-дәрі сөмкесі тәрізді сегіз металл қорап тауып алған. Сөйтсе әр қораптың іші толған ақша болып шыққан.

Бірден үрейленген Феррин жарына қоңырау шалып, ақшаны санай бастаған. Нәтижесінде шамамен 45 мың долларды құраған. Феррин үйдің алдыңғы иесі Арнольд Бангертер жуырда көз жұмып, үйді балаларына қалдырып кеткенін есіне түсіріп, марқұмның ақшасын балаларына қайтарып беруді шешкен.

6. Такси жүргізушісі


Лас-Вегаста өмір сүретін 42 жастағы такси жүргізушісі Адам Волдемарим күндердің бірінде ауысым алдында көлігін тазалап жатып, көліктің артқы орнынан ноутбукке арналған қара қапшық тауып алады. Оны ашып қараса ішінде 221 510 доллар ақша жатыр екен. Алдыңғы күні жұмыс істеген жүргізушіден көлікте ештеңе ұмытқан жоқ па деп сұрағанда, әріптесі жоқ деп жауап берген. Нәтижесінде ол қомақты соманы өзі жұмыс істеген такси компаниясының күзетіне тапсырыпты.

Шамамен бір сағаттан соң Эфиопиядан келген эмигрантқа базаға оралу керектігі хабарланады. Жұмыс орнына келгенде, жергілікті казинода аталған ақшаны ұтып алған адам өзінің алғысын айтып, Волдемаримнің адамгершілігі үшін 2000 доллар ақша берген.

5. Қарызға белшесінен батқан дизайнер

Лонг-Биг қаласының тұрғыны Илай Эстрада үйлену тойына керек қаражат пен ландшафт дизайнымен айналысатын бизнесінің қандай да бір табыс әкелмей жатқанын айтпағанның өзінде қарызға белшесінен батқан. Сондықтан, лық толы бір қап ақша (санағанда 144 000 доллар екен) тауып алған кезде, барлық проблемасының бір мезетте шешілетінін ойлаған.

«Бұл басыма келген бірінші ой. Бірақ ақша өзіңдікі емес және олай болмаса да бір нәрсеге кінәлі екеніңді сезесің», - депті Эстрада.

Ақырында ол ақшаны оқиға орнына келген полицияға тапсырған. Ал ақшаны «Brinks» логистикалық компаниясы жүк көлігінің қаруланған жүргізушілері жоғалтқан болып шыққан және оны жұмысына кетіп бара жатқан Эстрада тауып алған.

Кейінірек «Brinks» компаниясы ақшаны қайтарғаны үшін Илайға 2 000 доллар көлемінде сыйақы беріпті.

4. Кинотеатр қызметкері

«Делай ноги» мультфильмінің премьерасынан кейін кресло араларын сыпырып жүрген 19 жастағы Кристофер Монтгомери ішінде 24 000 доллар жатқан сөмке тауып алыпты. Сөмке ішіндегі ақшаны ешкім көрмей тұрғанда қалтасына тығудың орнына, ол оны бірден өзінің менеджеріне апарып беріпті. Ал менеджер сөмке өзінің заңды иесіне қайтарылғанын бақылаған.

Ақша шағын бизнес иесі Розмари Лимончеллиге тиесілі болып шыққан. Жоғалтып алған сөмкесін тауып алғанына қатты қуанған Розмари Монтгомериге ақшалай сый жасамақ болған, бірақ Монтгомери одан бас тартыпты.

3. Жұмыссыз мұғалима

Техас штаты, Колледж-Стейшен қалашығында өмір сүретін Кэндис Скотт көлігімен жол жүріп бара жатып, жол жиегінде жатқан сөмкені көреді. Алғашында сөмкені қолданылған жаялық деп ойлап қалған Скотт табылған заттың не екенін көру үшін тоқтайды. Сөйтсе сөмке толған ақша екен, дәлірек айтсақ 20 000 доллар.

Жол-жөнекей Чейз банк логотипін көріп, ақшаны жергілікті банк бөлімшесіне апаруды шешеді және оны кассирге тапсырған екен. Өз кезегінде банк қызметкері әйелдің адалдығына риза болып, 500 доллар көлемінде сый картасын табыстаған.

Скотт: «Кассир менің әлемдегі ең адал адам екенімді айтты, ал мен – немесе ең ақымақ адаммын деп жауап бердім».

2. Даяшы

Дженнифер Шоу Джорджия штатының Саванна қаласында орналасқан «Mercer’s» мейрамханасында даяшы болып жұмыс істейді екен. Жұмыс күндерінің бірінде үстелде отырған бір топ ер азаматтың мейрамханадан шығып кеткеннен соң ол ішіне 5 000 доллар салынған конверт тауып алыпты. Даяшы қыз ойланбастан иесіне қайтарып берген. Конверт иесінің риза болғаны соншалық, Дженниферге алғысын айтып, 100 доллар көлемінде сыйақы беріп кетіпті.

«Басында мен не істерімді білмей қалдым. Конверттің ішінде жатқан ақшаны көріп, қорыққаннан тізелерім қалтырап кетті», - дейді ол.

1. Он жастағы бала

Канзас-Ситиде тұратын он жастағы Трайлер Шафер әке-шешесімен Канзас-Сити әуежайының Хилтон қонақ үйінде болғанда ақша тауып алыпты.

Баланың әкесі Коди Шафер ұлының жанына келсе, жәшікте ұқыпты салынған 10 000 доллар ақша жатыр екен. Есірткі саудагерлері немесе осы секілді басқа біреулердің ақшасы болуы мүмкін деп күдіктенген Шафер қонақ үйдің қауіпсіздік қызметіне апарып беріпті. Ал қауіпсіздік қызметі оны полиция қызметкерлеріне тапсырыпты. Ақшаны сол күйі ешкім іздеп келмеген және Миссури штатының заңына сәйкес, егер жеті ай ішінде ешкім ақшаны алуға келмесе, он жастағы Тайлер оны өзіне қалдыра алады. Алайда оның әкесі бұл ақшадан арылуға еш қарсы болмапты. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: vk.com