- Негізгі бет
- Психология
- Абьюзерлер мен тирандар:...
Абьюзерлер мен тирандар: Қыз жолдасын әкесінің қарым-қатынасына қарай таңдайтыны рас па?
Ер мен әйелдің қарым-қатынасы қандай болуы керек екенін біз бала кезімізде ата-анамыздан көріп үйренеміз. Әкесі мен қызы арасындағы қарым-қатынас оның өзі туралы және оның өміріндегі ер адамның рөлі туралы ұстанымын қалыптастыратын фундамент саналады.
Әке – қыз өміріндегі алғашқы ер адам образы
Қыз баланың өзі және қасиеттері туралы ойы әкесінің оған жасаған қатынасы арқылы қалыптасады. Біз бәріміз әлеуметтік жаратылыстармыз және біз өзімізді қоғам арқылы ғана жүзеге асырамыз. Біз кім екенімізді қоршаған ортаның біз туралы айтқан сөздері арқылы, іс-әрекетіміздің салдары арқылы түсінеміз. Әлеуметтік әлем біз өз көрінісімізді көретін айна іспетті. Сезімтал, жанашыр әкелердің қыздарының болашақта өзін-өзі бағалауы жоғары және тұйық ата-анамен өскендерге қарағанда нық болады. Алғашқылары қамқорлық жасайтын, қорғайтын және бағалайтын адаммен қарым-қатынас орнатуға бейім. Екіншілері бейсаналы түрде қатал еркектерді таңдайды, өйткені әкесіне қамқорлық көрмеген қыз, ондай адамға күдікпен қарайды немесе өзін ондайға лайықсыз санайды.
Дэвид Бекхэм қызы Харпер Севенмен
Бредли Купер қызы Леямен
Белла Хадид әкесі Мохаммед Хадидпен
Әке қызының болашағы жарқын болуы жолында не істей алады?
Әкесінің махаббаты арқылы өздерінің сұлулығы мен нәзіктігін тануға мүмкіндік алған қыздар ересек жаста өздерінің шекаралары туралы түсінігі бар тұлғаларға айналады және қарым-қатынаста бақытты болады. Олар саналы түрде: «Сіз маған бұлай жасамаңыз» деп айта алады. Әкесімен қарым-қатынасының арқасында қыз ерлермен қарым-қатынастың қалай құрылатыны туралы түсінікті дамытады және болашақта сол принципке сай таңдау жасайды.
Әке қызына оның сұлулығын, сүйкімділігін, қайталанбастығын айтып, оның жетістіктеріне сүйсініп, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда оны қолдап, қорғап, қамқорлық танытса, бұл қасиеттер әйелдің болмысында қалыптасады. Қыз өзінің кім екенін және жақсылыққа лайық екенін түсінеді. Бұл қағида оның дүниеге көзқарасында бекітілген. Мұндай әйел ешқашан өмірін абьюзер не тиранмен байланыстырмайды: жандүниесінде қалыптасқан әке бейнесі бұған жол бермейді.
А. Оралқызы