ІPhone үшін аянбағандар...

ІPhone үшін аянбағандар...

Соңғы үлгідегі жаңа технологияның жанынан табылғанын бәрі де қалайды. Тезірек қол жеткізуге ұмтылады. Ал ол жолда қандай болса да қадамдарға баруға дайын жандар да кездеседі. Бүгін сіздермен ІPhone үшін адам сенгісіз қадамдарға барған жандардың оқиғаларын бөлісеміз.

Көлді құрғатпақ болған


Жақында ғана Германияның Кельн қаласында қызықты оқиға орын алды. Достарымен балық аулап жүрген жас жеткіншек ІPhone телефонын көлге түсіріп алған. Ал көлден телефонын алудың жолын қарастырған бала әртүрлі амалдарды жасаған. Бірақ, нәтиже шықпаған. Ақыры соңында ойына көлді құрғату келіпті. Ұзын екі сорғыш арқылы жақын маңда орналасқан жанармай құю бекетінің дәретханасына суды сорғы арқылы тартқан. Ал дәретхана болса орталық кәріз жүйесіне қосылмаған екен. Нәтижесінде су тасып, жанармай бекетінің алды үлкен шалшыққа айналған. Мұны байқаған қызметкерлер полиция шақырған. Ал жас жеткіншек болса, оларға ІPhone-да кеткен телефон нөмірлерінің, әуендердің, суреттер мен видеолардың маңызды екенін айтып шағыныпты.  

Жылдам теру үшін ота жасатқан

Американың Денвер қаласының Томас Мартел есімді тұрғыны ІPhone телефонында әріптерді дұрыс тере алмайтынына өкініп, қолының саусақтарына пластикалық ота жасатыпты. Өйткені, достарына хабарлама жібергенде кешігіп, әрі қате жазудан ұялған көрінеді. Отадан кейін оның саусақтары қыз баласының саусақтарындай нәзік болғанына қарап, достары тағы да қалжыңға айналдырыпты. Томас болса, әлеуметтік желілерде жылдам жауап жазатынын алға тартып өзін жұбатып жүргенге ұқсайды.

ІPhone үшін дүние салған


Қытайда жаңадан сатып алған ІPhone телефонын дәретханаға түсіріп алған әйел күйеуіне алып беруін талап етіп құлақ етін жейді. Шыдамаған күйеуі дәретхана тереңіне түскен. Ауа жетпей қиналған оны құтқаруға анасы ұмтылған. Бірақ, анасының да халі көп уақыт өтпей мәлім болған. Соңында айыпты болған әйелдің өзі түскен. Мұны байқап қалған көршілері арқан тастап құтқарғанымен, ІPhone-ын түсірген әйелдің күйеуі мен енесі ес жимай дүние салған.

Отбасы сәбилерін сатқан

Тағы бір оқиға да Қытай жерінде орын алған. Бұл ел тұрғындарының көбіне Apple өнімдері қолжетімді болып келе бермейді. Шанхайдағы жұмыссыз отбасы интернет бетінде сәбилерін сататындықтарын жариялайды. Бірақ, сәби әлі дүниеге келмеген екен. Кейіннен әйелі босанғаннан кейін отбасы сәбилерін сатып жіберген. Алған ақшаларына жаңа ІPhone телефонын алыпты. Ал өздерінің мұндай қадамға баруын үшінші сәбиді асырай алмайтындықтарымен түсіндіріпті.

Телефон сындыру байқауы

Украинада да ІPhone телефонымен байланысты қызықты оқиға орын алған. Ең ерекше тәсілмен телефондарын сындырған адамдарға жаңа iPhone 4 беруге уәде етілген байқау жарияланады. Халық алдына шыққан 10 қатысушы телефондарын әр түрлі тәсілмен сындыруға бел буған. Бірі гантелмен, бірі велосипедпен, автокөлік доңғалағымен, қолмен өз телефондарын жарамсыз еткен. Ал жеңімпаз атанған қатысушы болса арнайы эскаватор мініп келіп, соның шөміші (ковш) арқылы телефонын тас-талқан етіпті.

Ия, айта берсең бұдан да сорақыларын кездестіруге болады. Бірақ, соңғы үлгідегі технологияға қолым жетпеді деп, немесе болмашыға қапаланып қате қадамдарға бару нағыз ақымақтық екенін ұмытпағанымыз абзал. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: iphoneincanada.ca, furfur.me

О. Сансызбай