- Негізгі бет
- Психология
- Job interview: Жұмыс...
Job interview: Жұмыс беруші сұрағына қалай жауап беруге болады?
Студенттік өмір аяқталып, енді төрт жыл алған білімді іске асыратын уақыт келді. Бірақ, жұмыс іздеуден гөрі, орналасудың қиын екенін кім білген?! Түйіндемеңізді қабылдап, сұхбат кезеңіне шақырса, демек сіз бір белесті бағындырдыңыз. Барлығы сіздің сұхбаттасу кезеңінде өзіңізді көрсете алуыңызбен, сұрақтарға жауап беруіңізбен айқын болады.
1. Үміткер портреті:
Бұл сұрақты қоя отырып, жұмыс беруші сіздің қаншалықты лайықты маман екеніңізді білуге тырысады. Мұны текке жібермей, сіз өзіңіздің жақсы жақтарыңызды, ұтымды тұстарыңызды және маман ретінде жеткен жетістіктеріңізді айтуға тиіссіз. Ешқашан өзге біреумен өзіңізді салыстырмаңыз. Бар болғаны не себепті лайықты екеніңізді көрсетіңіз және сендіріңіз.
2. Бұрынғы басшылықпен қарым-қатынас:
Бұл сұрақ әдетте жеке басқа өту ретінде қарастырылып, жиі қойылмайды. Дегенмен, кей компания үшін қызметкердің дау тудырмайтыны және өзін кез келген уақытта салмақты ұстай алуы маңызды рөл атқарады. Бұл сұраққа жауап беру барысында бұрынғы жұмыс орныңыз, әріптестеріңіз бен бастығыңызды сөгуден абай болыңыз. Егер қиындықтар болған болса, ондай сәтте қалай шешімін таптыңыз соны да назардан тыс қалдырмағаныңыз жөн.
3. Үзіліс:
Кейде белгілі бір уақыт аралығында тұрақты жұмыс болмай сенделіп қаламыз. Сұхбат кезінде жұмыс беруші сізден дәл осы уақыт аралығында не істегеніңізді сұрап, қызығушылық танытуы әбден мүмкін. Бұл арқылы сіздің жұмысқа қаншалықты ынтамен келгеніңізді білуге тырысады. Мұндай жағдайда тек шындықты айтыңыз. Ал, бұл сұрақтардан қашу үшін:
— Бір салада бір жылдан артық жұмыс істесеңіз, түйіндемеңізде айды емес жылды көрсетіңіз. Мысалы, "2015 тамыз - 2017 қараша аралығы" демей, жай ғана "2015-2017 жыл" деп қысқаша жазғаныңыз абзал.
— Үзіліс алған аралықта қандай жұмыспен айналысқаныңызды көрсетіңіз: толық мерзімді ерікті қызметі, фрилансер немесе бір жоба жетекшісі.
4. Компания туралы ақпарат:
Түйіндеме тапсырмастан бұрын, компания туралы зерттегеніңіз жөн. Бұл сұрақты HR-менеджер сіздің жұмысқа қаншалықты қызығушылықпен келгеніңізді, шын ниетіңізді білу үшін қояды. Сіз сұхбатқа бармас бұрын, компания қашан құрылды, қандай өнімдер өндіреді, қанша қызметкер бар әрі компанияның құндылығы мен миссиясы жайында толыққанды зерттеу жүргізіңіз. Көбіне ақпаратты компанияның арнайы парақшасы мен сайтынан таба аласыз.
5. Биография:
Бұл сұрақ арқылы жұмыс беруші сіздің қоғамға қаншалықты тез сіңе алатыныңыз, адамдармен тіл табысуыңыз және қандай дағдыларға ие екеніңіз секілді маңызды дүниелерді анықтауға тырысады. Жауап берерде "қазіргі сәт — өткен шақ — болашақ" формуласын ұстаныңыз. Қазіргі сәтте өзіңізді қалай бағалайсыз, өткен шақта немен айналыстыңыз, өмірден қандай сабақ алдыңыз және болашақтан нені күтесіз: бұл сұрақтарға жауап берсеңіз өзіңіздің жан жақты ашуға мүмкіндігіңіз болатыны сөзсіз.
6. Кәсіби жоспар:
Бұл сұрақ қойылған кезде абдырап қалмаңыз. Сұрақ арқылы сіздің жеке өміріңіздегі жоспарыңыз емес, кәсіби маман ретінде болашақта нені қалайтыныңызды білуге тырысады. Осылаша, сіздің жоспарыңыз компанияның жоспарына қаншалықты сай келетіндігін анықтауға тырысады. Сондықтан, жалақының жоғары болғандығын және басшылық қызметті қалайтындығыңызды жасырудың қажеті жоқ.
7. Жиі жұмыс орнын ауыстырсаңыз…
Осы уақытқа дейін бір орында тұрақты жұмыс істемесе, HR-менеджер оны үміткердің тұрақсыздығы мен жауапкершіліксіздігі деп таниды. Егер осы уақытқа дейін жұмыстан сіздің еркініңізден тыс қателік немесе шешім бойынша шығарса, оны түйіндемеңізде көрсетіңіз.
8. Неге дәл осы компанияны таңдадыңыз?
Бұл сұрақ арқылы сіздің қызығушылығыңыздың қаншалықты жоғары екенін аңғаруға тырысады. Сіздің тәжірибеңіз, дағдыларыңыз және жеке қабілетіңіз компанияның ұстанымымен қаншалықты сәйкес келетіндігін дәлелдеңіз. Егер мазалаған сұрақтар болса қорықпай, сұхбат соңында қойыңыз.
9. Сәтсіздіктер:
Мұндай сұрақтарды жұмыс беруші сіздің сәтсіздіктермен қалай күресетіңізді анықтау мақсатында қояды. Қандай қателіктер жібердіңіз және одан қандай сабақ алдыңыз еш жасырмай айтыңыз.
Жұмыс берушіге өзіңізді жақсы жағыңыздан көрсетіңіз. Бірақ, жақсы жақ дегеніміз тек өз-өзін мақтау емес екенін естен шығармаңыз. Кейде өзіңіздің қателіктеріңізді де, сәтсіз шешімдерді де жасырмаңыз. Сонда ғана сізге сенім артады.
Т. Есқали