«Осы күні жігіттерге сенуге болмайды» деген сөздерді көптеген қыздардан естуге болады. Әрине, осы күні жеңілтек қарым-қатынастар, адами қасиеттердің құнсыздануы, заманауи тағылымдардың әлсіреуі қалыпты жағдайға айналып барады. Ал бұдан, әрине, тағдырлар бүлініп, көңіл қалушылық, болашаққа сенімсіздік туады. Дегенмен, әр қыз шынайылық пен сенімділікке негізделген қарым-қатынас құрып, сүйгенінің жалғызы болуды армандайды. Және барлық еркек көзге шөп салады деген тұжырымнан айығу үшін не істеу керек?
Сенімді жігіттер қайда?
Сіздің жаныңызда. Нанымсыз естілсе де, әрбір жігіт сенімді бола алады. Және қорытындысында бәрі қыздың өз қолында. «Қалайша?» дейсіз ғой.
Бәрі сіздің таңдауыңызға байланысты
Мүлде адамдарды таңдай алмайтын қыздар болады. Бұл адам талғамайды дегенді білдірмейді, жай ғана...
асығадыТезірек сүйгенімен бірге болуды қалайды. Оларға жалғыз болудан гөрі, біреумен жүрген артық. Көптеген қыздардың басында «ертерек тұрмыс құру керек» деген стереотип қалыптасып, күле қараған жігіттің артынан кете баруға даяр тұрады. Осындай әбігерліктің арасында ол жігіттің не деп, не қойғанына аса назар аудармайды. Алайда таңдаған жігітіңіздің ойында отбасылық құндылықтардан гөрі өз қызығушылығы жоғары болуы мүмкін. Бәрін уақыт өте келе аңғару керек.
жасқаншақтанадыКөбіне өзіне сенімсіз қыздар адам таңдауда да қателесіп жатады. Оларды ешкім кездесуге шақырмаған соң, сырт келбетіне жасқаншақтанып, өзіне сенімсіз болған соң өз қалаулысына қояр талабы төмендейді.
Әрине, өз-өзіңді бір мезеттен жақсы көріп, бағалап кете алмайсың. Кейбір қыздар табиғатынан ұяң болып келеді. Және ертегілердегі ханзаданы армандап, алдына келген жігітке сондай қасиеттерді күштеп таңа бастайды. Бұл да бір қателік.
ғашықтықтан басы айналып қаладыКейбір қыздар жігітті жүрген қызынан тартып алып, кейде тіпті үйленген жігітті ажырастырып алып жатады. Және бұның бәрін махаббатпен түсіндіріп, өзін ақтап алғысы келеді. Бірақ ақиқат айдан анық қой, біреуді аяусыз тастап кеткен адам, ертең сені де қапыда қалдырмасына кім кепіл? Көзсіз сезімге бой алдырып, ең басты факторларды көрмей қалмаңыз.
Сенім – шынайы махаббаттың белгісі
Екінші адам сіз үшін қымбат болғанда, оны ренжітіп алудан, тіпті көзіне шөп салғаныңызды білмей қалатындай жағдай болса да, өтірік айтуға батылыңыз бармайды. Бұл махаббат пен сенімнің ең жоғарғы белесі.
Шынайы дос ретінде, адамгершілігін қадірлеп, құрметтеген уақытта, оны басқаға айырбастау да ойға келмейді. Өйткені, бұл тек өзгені емес, өзіңді алдау.
Қалай дегенмен де, адалдық пен сенімділікке негізделген қарым-қатынас құру әр адамның өз қолында. Адам өзіне сенімділігін арттыра бастағанда, айналасында да сенімді адамдар пайда бола бастайтыны хақ.
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина