8 наурыз - әділдік күні!

 О, 8 наурыз! Не деген керемет мереке едің! Әттең, жігіттер 365 күннің ең асылы - 8 наурызға да өз өкпелерін айтты. Уайымдамаңдар жігіттер, бұл күн де өтер бастарыңнан... Ал сүйіктілеріне Конституция сыйлап, еркектер мен әйелдер теңдігі туралы ишара істеудің қажеті жоқ. Әлемді тербетіп те, билеп те отырған әйелдер екені бәріне мәлім. 8 наурыздың тойлануы - осыған дәлел. "Молчать женщина, твой день 8 марта!" сынды сөздерді жыл бойы еститін біз, 8 наурыз таяғанда, әлбетте тыныш отырмаймыз.


 

 

Демалыс ұнатпайтын жігіттер

 Демек, біздің арқамызда алынған демалыс демалыс емес пе? Келісеміз, бір күн жүгіріп, біздің көңілімізді аулайсыздар. Алайда қалған демалыста біздің қолымызбен жасалған мерекелік салаттарды теледидар алдында жатып алып жейсіздер ғой. Бізге рахмет айтудың орнына, не бүлік шығарып отырсыздар? Ал 8 наурызға демалып, 7 мамырға жұмыс істеуіміздің себебін ойладыңыздар ма? Әлем елдерінің көбісі қабылдаған бұл мейрамды ұлан-ғасыр той қылып атайды. Осы жерден-ақ әйелдердің үстемдігі көрінбейді ме? 

 

 8 наурызда пешке жақындаймыз деп ойламаңыздар!

Болашақта біз де ақ жаулықты ана атанған соң, балалар мен немерелерімізге көрінген мейрамға тәтті бәліштер істеп жүреміз. Сол кезде жарымыз атанып, қасымызда болып қалсаңыз, сол бәліштің бір тілімін татып қаларсыздар. Ал қазірше, шыдаңдар! 8 наурызда пештің қасында тұрамыз деп те ойламаңыздар! Анаңыз бойдақ кезінде әкеңізге 8 наурызға тамақ әзірлеп отырды деп ойлайсыздар ма?! Қайдам, сол сірә, керісінше болар...

 

Тағдыр таңдауы

Көрдіңіздер ме, тағдырдың өзі (және де григориан күнтізбесі) арулар қауымын бірінші орынға қойып тұр! Сол ата-бабаларымыздың "қыздың жолы - жіңішке" дегенін естулеріңіз бар ма?

 

 

Енді не сыйлайық?

Қыздарға қанша сыйлық тартуға болады: сырға-моншақ, гүл, кітап, киім-кешек, косметика... Тек таңдау ғана қалды! Тіпті дүкенге кірсеңіз болды, сатушы өзі-ақ таңдап береді. Ал сіздерге не сыйласа болады? Гүл ме? Галстук не дені дұрыс жеңілгек пе? Ондайды кие алмайсыздар да ғой! Онда қымбат сыйлыққа ақша құртып, не пайда? Барахолканың галстугы - көңіл білдірудің белгісі ғана болмақ.

 

 

Ерекшеленіңіз!

Жақсы сыйлық сәттіліктің кепілі емес. Сыйлықты тарту өнері туралы естіп пе едіңіздер? Тізелеп тұрып, әдемі сөздермен ұйқасып берілген сый - міне нағыз арман. Не сыйлаймын? сынды сұрақтарға баяғыда жауап жазылған. Қызыңыз ерекше жан болса, заманауи сыйлық тартып көріңіз. Сондай-ақ, гүлдер! Қолыңызға әсем гүл шоғын ұстап келмесеңіздер, көзге де көрінудің қажеті шамалы! Бастысы қымбат сыйлық пен 101 роза емес (негізі мынау жақсы ой!), сүйіктіңізге мерекелік көңіл күй сыйлап, ерекшеленіңіз!

 

 

Майдай ериміз... 

Қыздардың еркелігіне бір күн шыдай алмай қалғандарыңыз ба? Ішімізден кез келген сыйлыққа мәз боламыз. Бірақ, сіздерді мінсіз сыйлақ тартушы деген атаққа жеткізу мақсатымен бәріне баруға дайынбыз! Бәрін рет-ретімен, дұрыс, мінсіз жасауға тырысыңыздар. Романтикалық кешкі ас немесе өз қолыңызбен жасалынған сыйлық жасасаңыз, еріп кетуге дайын боламыз.  

 

Хе, романтиктер!

Сабырлық, жігіттер! Романтикалық ойлар базарда сатылмаса да, ғаламтор беттерінде толып жатыр. Ізденіп, өзіңізге тән емес, ерекше сыйлық істеп көріңіз. Өлең айтасыз ба, билейсіз бе, әйтеуір сүйіктіңізге мейрам жасаңыз. Жылына бір күн құрбандыққа баруға болмайды ма? 

P.S. 8 наурыз - әйелдер қауымының ерекшелігі мен қайталанбастығын көрсететін, әлемге әйел затының әсемдігі мен ақылдығын паш ететін, қыздардың тәуелсіз бастамасы мен еркектер алдындағы әлдеқайда үстемдігін көрсететін күн. Батыл да тәуелсіз Клара Цеткин мен Роза Люксембург осы мерекені ойлап таппаса да, Қазақстан өзі-ақ осындай күнді дәстүрге енгізер еді. 

Сурет: upr.1september.ru