- Негізгі бет
- Психология
- Отбасыда қалыптастыру керек...
Отбасыда қалыптастыру керек 10 құндылық
Қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу үшін Massaget.kz тілшісі отбасылық психолог Аяулым Өмірғалиқызымен сұхбаттасып, әр отбасыда болуы керек құндылықтар жайлы білді. Құндылықтар - бұл біз отбасын құрайтын іргетас. Отбасылық құндылықтар көзқарастары әртүрлі болса да, отбасы мүшелерін біріктіре алады, бірге әрекет етуге және жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға көмектеседі.
Егер отбасылық құндылықтар болмаса, ерлі-зайыптылар арасында келіспеушілік туындаса, оларды біріктіретін ештеңе қалмайды. Содан соң ерлі-зайыптылар бірге өмір сүрудің мәнін көрмейді. Құндылықтар біріктіруші және мотивация беруші фактор ретінде бола алады. Сондықтан отбасы құрған кезде ерлі-зайыптылар құндылықтар жайлы сөйлесіп, оларды бекітіп, қабылдап, болашақта соларға сәйкес әрекет етуі, шешім қабылдауы керек.
Психологтың айтуынша, отбасыда мына құндылықтар болғаны жақсы:
1. Отбасы құндылығы
Отбасыда барлығы бір-бірін кез келген жағдайда қолдайды. Егер қиындықтар немесе жағымсыз сыртқы жағдайлар туындаса, олар жақын адамдарының жағында болады. Бұл сенімділікті қалыптастырады және туғандармен үйлесімді қарым-қатынас құруға көмектеседі. Отбасы құндылығының арқасында кез келген қиындық оңай өткеріледі, себебі әркім жақындарының қолдауын сезеді.
2. Жауапкершілік құндылығы
Бұл өз әрекетіне жауап беру қабілеті. Жағдайды кінәламай, оны өзгерту үшін әрекет ету. Ерлі-зайыптылар да кімнің кінәлі екенін іздемейді, оның орнына бірге проблеманың қолайлы шешімін табуға тырысады. Біздің өміріміз үшін жауапкершілік өзімізде.
3. Достық құндылығы
Адамдар - әлеуметтік жандар. Олардың бақытты болуына қарым-қатынас қатты әсер етеді. Егер ерлі-зайыптылар достықты базалық құндылық ретінде қабылдаса, олар оны балаларына сіңдіреді және айналадағыларға ізгі ниетпен қарауға тырысады. Достық өмір тиімділігін арттырады. Сондай-ақ ол отбасыдағы үйлесімді атмосфераны сақтауға көмектеседі.
4. Жақындарға сенім құндылығы
Біз өмірде қиындықтарға жиі жолығамыз. Бірақ отбасыда бір-біріне деген сенімділік болса, қорқыныш кетіп, өз күшіне сенімділік пайда болады. Әйелі күйеуіне бір істі бастағысы келетінін айтып, жоспарымен бөліссе, серігі "Қолыңнан келеді! Бастап көр, мен саған сенемін!" дегені оған күш сыйлайды. Табысқа жетудің кілті - өз балаларына, серігіне сену. Кез келген жағдайда қателесуден қорықпаңыз. Қателіктерден өмірлік тәжірибе аласыз.
5. Білім құндылығы
Кез келген адам өзін дамытуды тоқтатпауға тырысу керек. Егер отбасыда білім құндылығы қабылданса, білімге кететін шығын ешқандай дау туғызбайды. Өзін-өзі дамытуда оның ортасы үлкен рөл атқарады. Адамның жанында үлгі алатын адамдар болғаны жақсы. Бұл жерде білім құндылығы достық құндылығымен қатар жүреді десе де болады. Қаншалықты көп адаммен араласасыз, соншалықты көп нәрсе үйренесіз, білесіз.
6. Денсаулық құндылығы
Денсаулықты қалыпқа келтірудің қажеті жоқ: оны сақтау маңызды. Денсаулықтың алдын алу үшін оған қаражат пен уақыт бөлуге тырысыңыз. Денсаулық құндылығы орнатылған отбасыда ерлі-зайыптылар өздерінің және балаларының күн тәртібіне және тамақтану режиміне аса мән береді. Сондай-ақ, мұндай отбасыда аурудың алдын алу, физикалық белсенділікке уақыт бөлу қалыпты нәрсеге айналады.
7. Спорт құндылығы
Физикалық жүктеме денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан баланы кішкентай кезінен спортқа баулыған жөн. Алайда бала үшін ата-ана әрқашан үлгі. Сондықтан оны балаға іспен көрсетуге тырысыңыз. Егер бала кезден жүзу, гимнастика және басқа да спорт түрлерімен айналысса, ол адамда нақты зат алмасу қалыптасады, ол сирек ауыратын болады және өзін белсенді сезінеді. Отбасы спортты базалық құндылық ретінде қабылдаса, ерлі-зайыпты жаттығуға қаражат пен уақыт бөледі және оған әркім түсіністікпен қарайды.
8. Шығармашылық құндылық
Шығармашылықтың адам денсаулығына, психикасына пайдасы зор. Сондықтан отбасыда шығармашылыққа да уақыт бөлу маңызды.
9. Ақша құндылығы
Егер ерлі-зайыптылар өздерінің материалдық жағдайын жақсартқысы келсе және оның көмегімен мақсаттарына жеткісі келсе, олар қаржылық сауаттылықты арттыруды, шығындарды жоспарлауды үйренуді қолға алуы керек. Ақшаны дұрыс жұмсау, ақша жинау әдетін баланың бойына сіңіру де маңызды.
10. Ұлттық құндылық
Ұрпаққа еліміздің ұлттық құндылықтарын санасына сіңіру маңызды. Қазақ тілін, тарихын, рухани-мәдениетіне тәрбиелей отырып, күнделікті өмірде қолдануға баулуға болады. Ұлттық құндылықтарға ертегілер, мақал-мәтелдер, батырлар жыры, әдет-ғұрпы, салт-санасы, мәдениеті, тағамдары және ұлттық ойындары жатады. Ұлттық құндылықтарды заманға қарай дамытып отыруға болады.
А. Жапатова