Ол он жасқа келген жылы әкесі өмірден озды. Шешесі мен екі інісіне қарайласу оның арқасына жүктелді. Отбасындағы жоқшылық оны оқудан қол үзуге мәжбүр етті. Ол кірпіш зауытына барып, жалдамалы жұмыс істеп, тиын-тебенмен үйін асырады. Осылайша жастық шағын өткерген оны 46 жасқа келген шағында Еуропадағы ең әйгілі 4 университет өз студенттеріне лекция оқуға шақырды. Оның саяси сахнадағы беделі күн сайын артып, демократтар партиясының жетекшісіне айналды. Ол адамдар назарында зор құрметке ие болды.
Бірде журналист одан осыншама жеңіске қалай жеткенінің құпиясын сұрады, ол: «Құлшына қызмет ету, міне – осындай оңай» деп жауап берді. Тілші сонда да қоймай: «Қалжыңдамаңыз!» деп күліп жіберді.
Ол әлгі репортердан: «Ендеше сіз айтыңызшы, сол табысымның себебі неде екен?» деп қайталай сұрақ тастады.
Журналист іркіліп барып: «Естуімізше, сіз әрбір әрпіне дейін қателеспей 10 мың досыңыздың атын айта алады екенсіз» деді.
«Жоқ, қателесесің!» деп ол дереу жауап қайырды: «Мен кем дегенде өзімнің айналамдағы 50 мың адамның атын қателеспей айта аламын» деді.
Бұл адам – Джим Ферри еді. Ол әрбір танысқан жаңа достарының атын демде көкейіне қондырып алумен қатар, оның отбасындағы, қызметіндегі, әр түрлі деңгейдегі қарым-қатынас жасайтын адамдарының барлығының аттарын жаттап, біліп алады екен. Екінші рет кездескендегі сәлем үстінде ол сізді таң қалдырмай қоймайды. Әйел, бала-шағаңыздан тартып бүкіл таныс-білістеріңізге дейін сұрап, 40 жыл бірге жүрген ескі дос сияқты сырласып кете барады. Мұндай төзімділік оның адамдар арасындағы құрметін, даңқын асырған болатын.
Оймақтай ой
Басқалардың құрметіне бөленгің келсе, оларды құрметте. Бұл адам жөншілігінің ең қарапайым түрі. Өмір мен қызметіңде басқалардың қарсы алуына ие болғың келсе, сенің де оларға деген ыстық ықыласыңның зор екенін ұғындыр, сезіндір, назар аударт, әсіресе, саяси сахнада мұның әсері өте үлкен.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nicpic.com