12 жыл бойы жиналған 12 ақыл

12 жыл бойы жиналған 12 ақыл

Махаббаттың ғазалын жырлаған талай ақын бар. Талай жас сол өлеңнен өзін көре алды. Бұл мәселеде әркімнің-ақ айтары бар. Ал Марк Черновтың махаббат пен қарым-қатынас жайлы тұжырымы солардың ішіндегі ең бір маңыздысы десек артық емес шығар. Ол қыз бен жігіттің қарым-қатынасын айтудан бұрын, өз басындағы жағдаяттарды тізбелей отырып, жастарды дұрыс шешім жасауға шақырады. 12 жыл бойында қалыптасқан 12 ақылы ұсынылған оның жазбасы шетелдік басылымдарда ең көп оқылған әрі ең көп талқыланғандықтан, біз де оның пайымдарын қазақ тіліне аударып бергенді жөн санадық.

***

12 жыл бұрын мен 18 жаста едім. Ол кезде мен колледж табалдырығын аттағанмын. Сол уақыттан бері менде көптеген дос, таныс, жақын адамдар болды. Менің өткерген күндерімнің елесі ретінде өтті де кетті. Бірақ уақыт өте келе өзімнің шын махаббатымды таптым – Энжел. Мен қарым-қатынасты ұғып, тәжірибе жинаған соң ғана оны кездестірдім. Қарым-қатынас жайлы пікірлер көп болса да, соның ішінде талқылауға келмейтін 12 шындықтың барын ұқтым. Осы кеңестерім сіздерді махаббаттың азабынан құтқарады деген оймен бөліскім келді.

1. Сен бірінші кезекте өзіңді жақсы көруің керек. – Әлдекіммен ұзақ уақытқа жақсы қарым-қатынас құрғың келсе, сен өзің үшін қалай жақсы дос болатыныңды анықта. Мұнда мәселе сенің өзіңді жақсы көруің мен сені жақсы көретін адамның сезімін ұғуға келіп тіреледі. Сені дәл өзіңдей, өзіңнің биігіңнен бағалай білетін адамды кездестіруің маңызды.

2. Не берсең, соны аласың. – 12 жыл өткен соң сенің қандай киім кигенің, қандай көлік мінгенің, тіпті сенің фамилияңның кім екенін ешкім де есінде сақтап жүрмейді. Бірақ олар 12 жыл бұрын сен арқылы не сезінгенін, олар үшін қандай естелік қалдырғаныңды есіне алатын болады. Сен өзгелерге әсер еткің келсе, уақыт пен назар аударуың, көмектесуің, қолдау білдіруің маңызды.

3. Көпшіліктің сен туралы ойы маңызды емес. – Сырт көз не дейді деген пікір үшін уайымдаудың еш қажеті жоқ. Олар тіпті сен туралы ойламауы да мүмкін. Сенің өміріңді жақсы ететін олар емес, өзің. Әрбір өмір белесінен өткенде өзіңнің жүрегіңді ғана тыңда. Өзіңнің кім екеніңді танып, білген кезде өзіңді өте жайлы сезіне бастайсың. Әрине, бұл өзгелерге ұнай қоюы екіталай. Бірақ бұл саған еш әсерін тигізбеуі керек.

4. Достар мен отбасың сені әркез қолдай бермейді, бірақ сен қандай жағдай болмасын, өз мақсатыңа берік бол. – Өз интуицияңа сен. Бұл дегенің өзіңді жайлы сезіну үшін жасалған іс-әрекет. Өзгелер үшін бұл іс-әрекетің дұрыс көрінбеуі де мүмкін. Ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екенін уақыт көрсетеді. Сондықтан, өз шындығыңмен өмір сүріп, өзгелердің ойына тәуелді болма. Сені ұнатпайтын адамдар сенің жалған өмірде өмір сүргеніңді қалайды.

5. Өмір адам сияқты тез өзгермейді. – Көпшілік үшін бір қырыңнан ғана танылсаң да, өзгеруің мүмкін екенін біл. Осы орайда сағынған адамың жайлы емес, сол кезде сезінген әсерің мен сезіміңді сағынғаның жөн.

6. Кейбір адамдар сенің өміріңде емес, жүрегіңде қалады. – Сені тастап кеткен адамды жібергің келмесе, олар сені тастап кеткенін, сенсіз өмір сүргісі келгенін есіңе ал. Кейде адамдар өткенге қарағанда қазіргісі мен келешегін бағалай білуі керек. Адамды қимаған сәтте жүрегің ауырады, бірақ мүмкін емес нәрсені ойлау одан бетер ауырта түседі. Және сол адам сені тастап кеткен жерде тұрақтап қалмай, алға қарай жүре білуің керек.

7. Сен сияқты әркімнің де ой-сезімі бар. – Біреу сенің өміріңнен кеткен сәт – сені шын жақсы көре білетін адамның табылуына мүмкіндік беретін сәт. Махаббат үшін қиналғаныңа өзгелерден ұялмауың керек. Бастысы – сабырлы болу, ал тағдырың кездестіретін адам сені бақытты етеді.

8. Махаббаттың еш кінәсі жоқ. – Қарым-қатынастарың дұрыс болмай қалса, махаббатты кінәлаудың қажеті жоқ. Бұл махаббат емес, бір сәттік ұнату, көз салу, көңіл жарастыру, бірақ махаббат емес.

9. Кешіру – қашан да дұрыс шешім. – Әрбір адам өкпесін ішіне сақтауы мүмкін, бірақ кешіру тек мықты адамның ғана қолынан келеді. Біреуді кешіргеніңде сен сан түрлі ауыртпалықтан бірінші кезекте өзіңді құтқарасың. Бірақ кешіру сол адаммен қайтадан жақсы қарым-қатынас құрғың келетініңнің белгісі емес. Сол ауыртпалыққа өмір бойы шыдап өтетініңмен келісу.

10. Махаббат қабылдауды, шындықты, мақсатқа ұмтылуды қажет етеді. – Махаббат – таңдап алған адамыңның кім болатынын ойлағанда емес, дәл қазір қандай болса, сол қасиеттерімен қабылдау кезінде туады. Қандай қиындық болмасын, қол ұстасып бірге өте алатын жағдайға жеткенде ғана оның аты махаббат. Есіңде болсын, махаббат деп бірге өлім құшқан Ромео мен Джульеттаның ортасындағы сезімді емес, бірге қартая білген ата мен әженің ортасындағы сезімді айтамыз.

11. Сенің кім болатының ортаңа байланысты. – Тағдыр тек саған кімді жолықтыратынын шешсе, өзің сол жолыққан адамның қайсысын жаныңа жақын ұстайтыныңды және кімнен алыстайтыныңды шешесің. Сені жақсы көретін, құрметіңді асыратын адамдармен достас. Құрметтемейтін адаммен араласпа.

12. Алыс та жақын адамдар – сенің өміріңе жақсылық әкелетіндер. – Сенің достарың, жақын адамдарың мінсіз болмауы да мүмкін. Бірақ олар дәл сен үшін мінсіз болуы керек. Есіңде болсын, әрбір қарым-қатынастың өз қиындығы болады. Бірақ сол қиындық үшін кімнен қашып кеткің келмесе – сол сенің жақының.

Аударған: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com

А. Құлтай