Мен əжемнің тəрбиесінде өстім. Əжем маған үнемі ақыл айтудан шаршамайтын: "Қыз секілді артыңды жинап жүр. Қыз бала бұтын жауып жүреді. Қыз бала дарылдап сөйлей ме екен?! Қыз бала қарқылдап күле ме екен?! Төсекті дұрыс салуды қашан үйренесің? Үйді дұрыстап жууды қашан үйренесің?"
...Қысқасы, "қызға қырық үйден тыйым" деп өсірді. Үш ұлдың ішінде "еркекшора" болып кетеді деп қорықты ма, əйтеуір, талабы, тəрбиесі қатал болды. Қазір сол əжеме рақмет айтамын. Бізді жаман болсын деп ұрысып, тыймайтынын сол кезде түсінбейтік едік.
Қыз баланың қалыптасатын кезі: қылтиып бойы көтеріліп, қылығы шыға бастайтын жеткіншек жасы ғой. Маған (ол заманда маған ғана емес, жалпы қыздарда) ешқашан етеккірдің не екенін, қыз бен жігіттің арасында не болатынын, алғашқы махаббат туралы айтып, түсіндірген емес. Ол – жабық тақырып, ұят нəрсе саналатын. Ал мені "ол мəселе" он бір жасымда мазалады. "Қалай бұл? Не болып жатыр?" деп түкке түсінбеймін? Іштей "Мен, сірə, өлетін шығармын" деп қоямын. Сол кезде жасым он бірде еді. Не болып жатқанын білмеймін... Бір кезде анам шақырып алып:
- Саған етеккір келді ме? – деді ақырын ғана шаруасынан бас алмай жатып.
- Мен енді өлем бе?! – Анам күліп жіберді. Қамырын əрі қарай илей беріп:
- Өлмейсің. Бұл қыздардың бəрінде болады, - деді. Там-тұмдап жеткен ақпарат – осы ғана. Мектепке жеткенше асықтым. Ертесіне қыздардан ақырын баспалап сұраймын. Ешкімде жоқ (бəріне кейін, 15-16 жастарында келді). Маған ғана ерте, менде ғана солай... Ұят! Өзімді жазықсыз жазықты сезінемін. Қыздардың бəріне айтып қойдым, енді елдің құлақтанып алғанына қатты қысыламын. Сол кезде "ол жағдай" өмірдегі ең маңызды, шешімі жоқ мəселе болып көрінетін маған. Ал соның бəрі ақпараттың аздығынан, есеюге дайын болмағаннан екен.
Қазір заман өзгерді, бəрі ашық, "қажетті ақпараттың" бəрі интернетте өріп жүр. Тəрбие де, таным да өзгерген. Көп аналар жасөспірім қыздарымен "бұл тақырыпта" еркін сөйлеседі деген ойдамын. Ал араларыңызда "11 жасар Лəйлə" сияқты қыздар болса, сіздерге айтарым – бұл табиғи процесс, дені сау барлық қыз-келіншектерде болады. Мұны есеюге дайындық деп біліңіз. Сіз білуіңіз керек ақпараттар:
– Қыздардың көбісінде алғашқы етеккір 12-13 жасында келеді. Дегенмен де, кейбір қыздарда 8 жаста да, 10 жаста да бола береді, басқаларында 14-15 жаста болуы мүмкін. Егер қыз бала 16 жасқа толып, етеккірі әлі келмеген болса, оған бұл туралы анасымен немесе әпкесімен сөйлескен дұрыс.
– Етеккірдің қалыпты ұзақтығы – 3 күннен 7 күнге дейін. Егер олай болмаса, дәрігерге жүгінгеніңіз абзал.
– Етеккірдің алғашқы күндерінде іштің төменгі бөлігінің ауырсынуы байқалуы мүмкін. Алайда бұл ауру емес, ол жатыр бұлшық еттерінің жиырылуының нәтижесі болып табылады. Қатты ауырсыну кезінде мектеп дәрігеріне немесе гинекологқа көрінген жөн.
– Етеккір уақытында жеке тазалыққа ден қойыңыз. Гигиеналық төсемелерді уақытылы ауыстырып отырыңыз жəне төсеме таңдағанда мұқият болыңыз. Өйткені, дұрыс таңдалмаған төсемелер бедеулікке, түрлі ауруларға душар етуі мүмкін.
Құрметті сіңілім! Сіздің де басыңыздан осындай "ерекше жағдай" өтуі мүмкін. Дайын болыңыз. Əпке-сіңлілеріңізбен, құрбыларыңызбен, анаңызбен ашық сөйлесуге ұялмаңыз. Қажетті ақпаратты білгеннің ұяттығы жоқ.