Ғалымдардың айтуынша, кітап оқу – рухани жетілуге ғана емес, тән саулығына да керемет пайдалы екендігін дәледеніп отыр. Медицина ілімінде үлкен мидың жұмысы бүкіл дене организмдеріне тікелей әсер етеді делінген. Сол үшін де биология саласында «үздіксіз қозғалыстағы клетка жасарып отырады дейтін» көзқарас бар.
Жақында ғалымдар кітап оқу, сурет, музыка, жазушылық секілді ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдардың жүйке-жүйесінің басқа адамдардан әлдеқайда тез дамитынын және қартайған кезде де жүйке-жүйенің шаршауы, әлсіреуі және үлкен мидың қартаюы болмайтынын дәлелдеді.
Қан тамырдың, өкпе, жүрек және басқа да ағзалардың сау денелі болуы үшін дене әрекеті маңызды орында тұратыны белгілі. Бірақ, барлық дене мүшесіне әсер ететін үлкен миды жаттықтырудың ең тамаша тәсілі кітап оқу. Кітап оқу – жүйке жүйесін шынықтыру, дене-бітімді күшейту, әртүрлі аурулардың алдын алуда тамаша маңызға ие.
Адамның ішкі құрылысында кезігетін барлық аурулар психологиямен тікелей байланысты. Көңіл-күйдің түсіңкі болуы, үлкен мидың шаршауы қатарлылар әртүрлі аурулардың басты себепкері. Сол үшін де жақсы кітап – рухани азық. Сау денелі болудың табылмас дәрісі.
Кітап оқудың тағы бір ерекшелігі – ұзақ өмір сүрудің кепілі екен. Жапония медицинасы осылай қорытынды шығарып отыр. Олардың айтуынша, ең ұзақ өмір сүретіндер – философтар, одан кейінгісі ғалымдар мен көркемөнершілер екен. Олар «кітап оқу – үлкен миды үздіксіз қозғалысқа салады. Кітап оқып болған соң да оның адамға сыйлайтын әсері дене шынықтырудан кейінгі массаж секілді адамды рухани қалыпқа түсіріп отырады» дейді.
Автор: Алшын МАТАЙ
Сурет: polyova.com