О, дариға-ай, аспан астында ананың жер бетін басып жүргенін сезінуден асқан бақыт бар ма? Күн нұры, таң самалы, гүл иісі... Осының бәрі сені тапқан анаңның құдіретінен жаралған рахат екен-ғой. Тіршіліктің бар қызығы ананың саған дымы қалмай діңкесі құрып, елжіреп қараған көз шарасына сыйып, көз шарасында ғана тұрады екен-ау. Жер үстінен анаң кетті дегенше осынау жарық дүниеге деген жан жылылығыңның жарымы қараң қалды десейші!?
Ана! Сені қолымен жасап, саған жарық көрсетіп, бір рет кешер ғұмыр берген құдіреті күшті Құдай ғой ана. Тоғыз ай құрсақта көтерді. Сен анаңның мүсінін, нұрын алдың ба, қайттің? Жоқ, жоқ, анаңның ең сұлу шағы – сол сені көтеріп жүрген кезі. Солай емес пе?
Жер үстінде аяғы ауыр әйелдің дене бітімінен артық қандай сұлулық бар? Анадан туған адам ананың бұл сұлулығын тебіреніп білмес пе? Тоғыз күн толғатып жүрді. Сен анаңды азапқа салдың ба, қайттің? Әрине сен анаңды өлімнің шегіне апарып қойдың, сен анаға жасар ғұмыр бойы рахымың оның осы тұсына тартқан азабының бір минутына тұрар ма? Жоқ, олай болса, сен анаңа мәңгі бақи қарыздарсың, ана сені жылдар бойы, түн ұйқысын төрт бөліп бесікте тербетті. Қаз тұрғызып, қасына ертті... Сен өзіңе өзің күл, өз қолың өз аузыңа жетсін, адам бол, ұядан ұш, жөніңде жүр бәрібір ана көзі сенде, ана тілегі сенің үстіңде, сенің құрбаның болуға әрқашан даяр… Сөйткен анаға сен не көрсеттің, көп ренжіткен жоқпысың? Әй айналайын анажан-ай, бәрін кешіреді-ау, және сен қандай тентектік жасасаң, біржола ұмыта кешіреді-ау ол!.. Саған қараған көзінде әрқашан күдік емес, тап-таза үміт тұрады. Сол үмітті – ана үмітін қайтып ақтадың? Немен ақтадың?! Анажан, айналайын атыңнан!
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: aitaber.kz