Фин жазушысы Франс Эмиль Силланпяя (Frans Eemil Sillanpää) 16 қыркүйек күні Хямеенкюрё қаласындағы қарапайым шаруа жанұясында өмірге келген. Франс бала кезінен оқуға бейім болғандықтан мектепті аяқтағасын, 1908 жылы Хельсинкидегі жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін мемлекеттік степендия жеңіп алады. Ол дәрігер болуды армандап, аталған оқу орнында биологияны игере бастайды.
Оқып жүріп қаладағы зиялы қауым өкілдерімен жақыннан араласа бастайды. Жанұялық мәселелерге байланысты университетті тәмамдай алмаса да, биологиядан алған біліміне байланысты адамның мінез-құлқы оның биологиялық жағынан келіп шыққан деген қорытындыға келеді.
Университет қабырғасында жүріп Франс Стринберг, Метерлинк, Гамсун сынды жазушылардың шығармаларын сүйіп оқиды. Студент кезінде-ақ жазған шығармалары республикалық газет-журналдарда басылып, біршама танымалдылыққа жетеді.
1913 жылы университетпен қоштасып үйіне келіп, біржола шығармашылықпен айналысуға бел байлайды. 1916 жылы оның алғашқы романы "Күн және өмір" ("Elämä ja aurinko") деген атпен жарияланады. Тырнақалды туындысы оқырмандар мен сыншылар тарапынан жылы қабылданады.
1919 жылы жарыққа шыққан "Әділ кедейшілік" ("Hurskas kurjuus") романы арқылы жазушы Фин еліндегі азаматтық соғысты баяндап, кең көлемде атақ-абырой мен жетістікке жетеді. Автор осы романы арқылы "қызылдар" мен "ақтар" арасындағы соғысты бейтарап суреттеп, екеуінің де халықты аяусыз қырғанын баяндайды. "Қызылдар" мен "ақтардың" бетпердесін ашып берген роман Фин елінің дағдарыстан шығар алдындағы алғашқы қадамы деп саналады. Бұл шығарма фин халқының жүректегі жарасына ем ретінде дәріптеледі. Сондықтан 1920 жылы жазушыға мемлекет тарапынан "мәңгілік" степендия тағайындалады.
1920-30 жылдар аралығында жазушы "Hiltu ja Ragnar" (1923), "Enkelten suojatit" (1923 ж), "Omistani ja omilleni" (1924 ж), "Maan tasalta" (1924 ж), "Töllinmäki", (1925 ж), "Rippi", (1928 ж), "Kiitos hetkistä, Herra"… (1930 ж) сынды шығармалар жазып Фин елінде ғана емес бүкіл әлемге танымал жазушыға айналады.
1939 жылы жазушы Швед академиктері "Фин шаруаларының өмірін және олардың әдет-ғұрыптары мен табиғатпен байланысын шебер суреттегені үшін" әдебиет саласы бойынша "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты Франсқа "Нобель" сыйлығы салтанатты түрде тапсырылмайды. Тек, сол жылдың желтоқсан айында медаль мен дипломды алады.
Жазушы 1930 жылдарда-ақ өзінің шығармашылық отының сөніп бара жатқанын сезіп, бар күшімен жазуға тырысады соңғы жылдардағы жетістіктер, "Нобель" сыйлығының берілуі де оны күйзеліс пен шығармашылық дағдарыстан құтқарып қала алмады. Соғыс және өмірлік жарының қайтыс болуы 1939 жылы оны жан күйзелісіне ұшыратып, нәтижесінде 1940-43 жылдар аралығында психологиялық емханада жатып емделуіне мәжбүр етеді.
Өмірінің соңғы жылдарында ол Финнің ұлттық батырына айналып радиодаға жиі сұқбаттар беріп тұрады. Фин халқы оны "Патриарх" кейін "Баба" деп атап кетеді. Франс Силланпяя 1964 жылы 76 жасына қараған шағында өмірден өткен.