Ұларбек Дәлейұлы - ең бірінші кезекте ақын. Оның жыраулар поэзиясынан бастау алған, шығыс шайырларынан тамыр тартқан, түркілік сарынмен, дүние таныммен астасқан өршіл де ойлы өлеңдері жүрек түкпіріндегі сезім пернелерін дәл басары анық. Ол - бөлек әңгіме. Ақынның соңғы кездері прозаға да қалам тартып жүргенін байқап жүрміз. Бүгін сіздердің назарларыңызға сиясы кеппеген "Жасыл мұнара" атты әңгімесін ұсынамыз.
"Жасыл мұнара" - балалық шақтың бір картинасы. Кейіпкердің балалық шағы, көрген қиыншылығы, әкесінің ауыр науқасы, бәрі де көңіл толқытар сезімге жетелейді. Тірідей жетімдіктен жапа шеккен жас баланың "көкбөрінің жүрегінен ауыз тиген" қайсарлығы, бейтаныс адамның көмегімен өлім аузынан аман қалуы, әкесінің аман келгендегі көңіл қуанышы, кейіннен "оқу өтіп кеткен қияли балаға" айналуы, бәрі де нанымды суреттеледі. Кейде Оралханша "неге біз осы?" деп қоғамның керенаулығына күйіне, өмір ағымына өкпе арта түрлі ой қорытады. Кейіпкердің балалық шағының "жасыл мұнарасына" бірге сапар шегейік, оқырман!
Жасыл мұнара
Ол мен туып-өскен таудың күншығыс жағында оқшау жартаста тамыр тартып, сан мың саусақ сияқты кішкентай жапырақтары күн нұрымен шағылысып, адамдар әлеміне қарап маңғаз ой кешіп тұрғандай әсер беретін. Тұңғыш рет бес жасымда нағашы апайыммен бірге отын алуға барғанда көргем. Оның қасына барғанымда балағында оралып жатқан жыланды да көрдім. Ол жылдары біздің тауды жап-жасыл аршаралар жауып тұратын. Қою күлгін бүрімен аналармыз шашын жуатын. Киіз үй жұртынан да үлкен, ұйыса өскен көк аршаны паналап, талай қасқыр күшіктейтін...
Ол жылдары есі енді кірген бала едім ғой, адамдар балтаны тек қураған ағаштарды шабуға ғана пайдаланады деп ойлайтынмын. Қора алдында тау болып үйіліп жататын қарағай түбірлерінің мұнда келу барысы еш ойландырып көрмепті. Себебі, мен бала болсам да ересек адамдардың бойындағы нараулықты, самарқаулық пен ой жадағайлығын жұқтырып алған едім. Әманда, ғасырлар бойы бір қалпынан айнымай, қозғалмай, өзгермей келе жатқан алып жартастың жарық сыналарына өзінің нәзік тамырларын жіберіп, көкжиекке бой созған осы балапан ағаштың нақты атауын да білмейтінмін. Әлі де білмеймін.
Ол менің мұңлы балалық шағымның тірі куәсіндей-тұғын hәм жастық шағыма жетпей тұрып-ақ жоғалтып алған жаралы махаббатымның өлер сәттегі дүниеге соңғы қараған жанары сияқты тұп-тұнық болатын.
Оны тура қасынан анық көрген екінші сәтім – әкем ауыратын жылдың қара күзінде болды. Толғағы ауыр келген қартаң әйелді босандырып қайтқан жолында, күзгі сылбыраң жауында миы шыққан тайғақ асуда арба аударылып, ауыр жараланған әкемді кешқұрым біреулер үйге жеткізіп салған еді.
Сол жылдың жиырма бесінші қазаны менің жадымда суық қарлы боранымен, қайғылы қорқынышымен қалып қойды. Көршілеріміз, жақындарымыз қауырт жиналды. Қыстағымыздағы бізге туыс әрі ең діндар саналатын төрт қария түні бойы шырақ жағып, хал үстінде жатқан әкемді күзетіп шықты.
Үйіміздің сол жағындағы тау етегіне, қапталға кең шідерлеп қоя берген жалғыз атымыз ұстатпай, мені түске дейін әуреге салды. Бірде текіректеп қарлы бұрқасынға тура қарсы шабады да, бірде тауға қарай қиыстап барып, қоян бұлтаққа салады. Жартастың ұшар басында, ақтүтек аспанды жамылып, тыныштық күзетшісіндей жалғыз ағаш маған бейжай қарап тұрды...
Ертесі анам екеуміз үйімізге жақын тоғаннан мұз ойып алып келіп, арбадан түсіріп жатыр едік, ішінде әкемді күзетіп шыққан екі қария бар, бірнеше адам үйінді қарды төңіректеп күбірлесіп тұр екен. Кей сөздерін құлағым шалып қалды.
«...Бүгін түннен, не ертеңнен әрі бара алмайды. Жүзі көгере бастапты».
«Киіз үй тігіп, мал союдың дайындығын жасай беріңдер. Сөртідегі жалғыз қарындасына хабар бармай қалмасын».
«Сен үйектің астына салатын ағаштарды дайында...»
Көз алдым қарауытып кетті. Әдіра қалғыр өмірде бар үміт қаран қалғалы тұр, міне!
Жүгіріп үйді айналып кеттім де қораға кіріп алып, дода болып жыладым. «...Сен үйектің астына салатын ағаштарды дайында...». Осы бір сұмпайы сөз құлағымда жаңғырып тұрып алды. Оны айтқан анау шалды қазір-ақ барып, балталап тастағым келді.
Дегенмен, анамның екінші ағасы батыл шешім қабылдады. «Өлсе жолда өлер, өлмесе жеткіземіз!», – деп шорт кесті де ауданнан әкелген ұзын жабық машинаға әкемді еппен жатқызып, аңтарылған қалың дәрменсіз туыстарымыздың арасынан әкемнің ағасын, немере інісін және анамды таңдап алды да Үрімжіге суыт аттанып кетті.
«Қоштасып қалсын» деген болса керек, кетер алдында мен, інім, екі қарындасым төртеуімізді қол-аяғы жансыз жатқан әкеміздің қасына алып келді. Мен көз жасымды тия алмадым, ана үшеуі тым кішкентай болғандықтан ештеңені де сезбей, әкемнің бас жағында бос жатқан кетік кесені төңкеріп ойнап кетті...
Содан бастап біздің басымызға тірліктің ақырзаманы орнады. Ол кезде өркениеттен тым шалғай орналасқан шағын қыстағымызда телефон дегеннен ауыз ашудың керегі жоқ-ты. Үрімжіден келер жеделхаттарға телміреміз. Мардымды сөздер жазылмаса да әйтеуір әкеміздің тірі екенін сезіп жүрдім. Бізге қарайласуға келген екі туысқан апайымызды ауылдың торуылдаған, ұрыншақ жігіттері кей түндері маза бермейтін. Мұндайда жастығымның астына ағаш сапты дәу пышақты жастап ұйықтап жүрдім. Үлкен ағам аудан орталығында, екінші ағам ауыл орталығындағы мектептің 8 классында оқитын. Оларды аптасына бір көретінмін. Тым құрыса қасымызда анамыз да жоқ, тірідей жетімдік азабы арқамызға аяздан бетер батты.
Арада екі айға жуық уақыт өтті. Көрші қыстақтағы диірменнен ұн алып кештетіп қайтқан жолымда, жүрегімді жаулаған уайыммен, дәрменсіз қиялдармен ойым онға бөлініп отырып, «Сайтан асуы» аталатын Күректі жотасына қарай адасып кетіппі.. Соғыс жылдары асудың арғы бетіндегі тар шатқалға қамап алып, мыңдаған қытай әскерін жайпап салған қазақ сарбаздарының ерлігі туралы қариялардан үнемі еститінбіз. Жазықты-жазықсыз болып төгілген соншама көп қанның қарызы, өлер алдындағы адамдардың қиналысты жанталасы түндерде шуылдап, ары-бері өткен жолаушыларды қуалайды екен дейтін де аңыз тарайтын. Жазда арбадан, қыста шанадан әбден қажыған, аштықтан бұралған, саудыраған сүйегіне ғана сүйенген қыршаңқы торы атымның алдындағы айыр сүрлеудің қайсысы үйге апаратынымен шаруасы болмаса керек.
Әппақ тұманнан бұлдырай көрінген бозамық айдың сұлбасына қарап адасып кеткенімді өзім де сезіп келе жатырмын. Енді кері қайтуым қиындау. Себебі, жалғыз аяқ шана жолдан сәл шығып кетсең қасат қарға көміліп, малтығып қаларың сөзсіз. Бір кезде алдымнан қарсы кезіккен еңгезердей атты кісі қалың қарға түсіп, жол беріп өткізіп жіберді де ұзай бере қайтадан шауып жетіп келді. Ат үстінде тұрып:
– Әй, бала! Қайдан келесің, қайда барасың? Кімнің баласысың? – деп гүр етті.
Ауыл арасында тонаушы, ұрылар жоғын білетінмін. Он бір жаста болсам да мынау сүреңсіз өмір ол кезде маған бәрібір болып кеткен еді. Жөткірініп алдым да:
– Көктеректегі дәрігер Дәлейдің үшінші ұлымын. «Кәсіп-3» ауылына диірменге барып, үйге қайтып барам, – дедім әлсіз үнмен. Тып-тымық түнде өз дауысым өзіме ап-анық естілді. «Қиын қылса, ат-шанамды тартып алып, айдалаға тастап кетер. Аязды түндерде ойнақ салып құтырып жүретін тау бөрілері жеп кетер. Менің жоқтығым тек, қарындастарыма ғана қиын болмаса мына әлемнің менімен жұмысы не?..» деген суық сөз миымнан бас көтерді.
Әлгі дәу адам атынан домалай түсіп, мені келіп бассалды.
– Құлыным-ай! Адасып барасың ғой. Өлесің ғой мынау аязда... артқа қарай жүруің керек. Көктерек қайда, сен қайда? –, ішікке оранып, бүрісіп отырған менің аяқтарымнан ұстап, қорбаңдап бір құшақтап алды.
– Сенің әкең болмағанда менің жалғыз ұлым да аман қалмас еді... жүр, үйіңе жеткізіп тастаймын, – деп аязда ширап алқынып тұрған атын жетелеп әкеліп шанамның алдыңғы дәртесіне қосарлап жекті де екі шылбырды қаусыра ұстап, иықтан жауған омбы қардан шанамды кері айналдырып, артқы бағытқа қайта түсіріп, атына мініп алдыма түсті. Шұбатылған бишіктің қарға сүйретіле сырылдап шыққан біркелкі үніне, шаңытқан тыныш түннің берекесін кетіре шықырлаған шана дауысына елітіп ойға шомып келемін. Сәлден соң қыстақтың қарайған сұлбасы көрініп, қарлыға үрген иттердің дауысы естіле бастады. Үйге бұрылар айрық жолға жеткенде ат басын тартып, сәл кідірді де «Ау, балақай! Үйіңе де жеттің. Мен де аялдамайын. Сау бол», – деп айқайлап, қасат жолды сықырлатып желе жөнелді.
Қараңғы түнде, тұманды иен жолда кездескен, «Сайтан асуына» жеткізбей үйіме бағытымды дұрыстап алып келген бұл бейтаныс адамның кім екені маған сол бойы жұмбақ күйінде қалды.
Үйге жетіп шанадан домалай түстім. Суықтан қарысып қалған тұла бойымнан жан шығып кеткендей зорға қимылдаймын. Сәкі шетіне іліне бере апайыма бір шелек қар алдырып, үсіп кеткен башпайларымды жуып отыр едім, кенет есік ашылып, бір құшақ буды ерте, сары ішігінің өңірі жер сызған анам кіріп келді.
О, Жаратқан ием! анамыз келді! Бізді тірідей жетімсіреткен, қаһарлы қыстың, жоқшылықтың, ауылдың желіккен жігіттерінің қорлығынан құтқаратын саялы тауымыз келді!
Елу сегіз күн бойы алыста жүрген анам көзіме басқа адам сияқты болып көрінді. Пеш түбінде айқасып ұйықтап жатқан бауырларымды кезек аймалап, мені құшып жылап жіберді. Әкеміздің аман екенін, оның да кешікпей келетінін естіп, барлық қыспақтан құтылғандай арқам кеңіп сала берді.
Бірнеше күннен кейін Кептерсай жаққа жайлымға шыққан бір топ ешкімізге қасқыр шапты. Төртеуін өлтіріп, үшеуін тамақтап кеткен екен. Аман қалғандарын айдап үйге әкелдік. Анамның ақылы бойынша қасқыр жаралаған көкмойын ешкінің тамағына мал сүйегін өртеп, ыстықтай күлін бастым. Бірақ, ол да ем болмады. Ертесі қора ішінде өліп жатқан жемтігін сүйреп, алысқа апарып тастадым. Мал атаулыны тісі тиіп кетсе өмірден бәз кешіретін бұл жыртқыштың кезінде біздің анамыз болғаны жайлы ертеректе әжем бір әңгімелеп берген-тін. Бұл әфсанаға қатты сенген мен, бишара ешкінің аспанға шаншылып ашық қалған көздеріне, қытымыр желден діріл қаққан, қан жұққан қылышқтарына қарап күрсініп қойдым.
Біздің шағын қыстақ адамдары қасқырды ұнатпағанымен, ерліктің пірі тұтатын. Атын атамай, «ит-құс» деп тергейтін. Сол «ит-құстардың» Жігербай асуы арқылы бізге өтетін бірден бір жолы –жалғыз ағаш өскен жартас баурайында еді. Шың басында жападан жалғыз өскен осынау бір түп ағаш ауыл адамдары үшін де, мен үшін де тым жұмбақ сырдың иесіндей сезілетін. Ауылда көнеден қалған «қасқырдың жүрегін жеген жігіт батыр болады» дейтінн ұғым бар еді. Жас жігіттердің бәрі арлан бөріге еліктеп өмір сүретін. Жәлел атам аулаған көкжалдың жүрегінен мен де ауыз тигем.
Қасқырлар өтетін киелі соқпақта, қыстақтың қаңғыбас төбеттерінің аяғы жете бермейтін, таза жерге тамыр жайған бұл ағаш менің балалық өмірімнің мұнарасындай қасиетті еді...
Ақпан айы туа әкем емханадан шығып, үйге келді. Бірақ, бұрынғы отыз сегіз жастағы алып денелі, қолдары шоқпардай айбарлы ауыл дәрігері емес, кемтар әке болып оралды. Оң қол, оң аяғынан жартылай жан кеткен, отырып-тұруының өзі мұңға айналған оның ұсқынсыз кеспірін көргенде, анау бір шалдың «...Сен үйектің астына салатын ағаштарды дайында...» деген ауыр сөзін естіген сәттен бетер күйініп жыладым. Мейірленсе шілде күнінен де жайдары, қаһарланса жалғыз ағаш қасындағы бөрісоқпақпен кенет жетіп келіп, қанға бөктіретін қасқырлар сияқты зәремізді ұшыратын әкенің ғажайып иісі пеш маңын жаулап алды. Мүлде жат шаһардан қол сумкасына ілесе келген, аздаған дәрі иісі бәрібір оны жеңе алмайтын еді. Жиналған адамдар ішінен көршіміз Рахым мұғалім де күрсіне жас төкті.
Ол шақта, біздің қыстақ балалары үшін әкеден биік, әкеден қымбат, әкеден қорқынышты ештеңе болмайтын. Барлық бала әкелрінің мейірлі сәтін де, оспадар мінезін де мақтаншыпен айтатын.
Дегенмен, моладай сүреңсіз, көрдей үрейлі сезілетін шағын отбасымызда үлкен көңілділік орнады. Туысқан апайыма қырындап, түнделетіп терезе қаға беретін Болат та келмейді енді. Алтын діңгегі құлауға шақ тұрған шаңырағамыздың сөне бастаған ошағын әлсіз деміммен қайта үрлеп, су тасып, қыстақ көшесін жағалай отын сұрап, сабақтан қала беретін менің сумкамдағы оқулықтарымды ұрлайтын анау оңбаған балалар да енді қайтып маған жолай алмайды.
Ең бастысы, дәрігер жетіспейтін біздің таулы қыстақта әкем жығылған қара күзден бері ауруы асқынып, төсек тартып жатып қалған Нәзилла-қыздың науқасының беті енді бері қарайды. Оны әкем емдеп, сауықтырып, қатарымызға қайта қосады. Бірге сабақ оқимыз. Көктем шыға тоған жағалап, күзден қалған жалбыз тамырын тереміз. Тауға шығып ойнаймыз, жартастың ұшар басында өсіп тұрған жалғыз ағашқа ертіп барам оны. Жазда ол жермен қасқырлар жүрмейді. Ал, балағына оралып жататын жыланды тас лақтырып, қуып жіберемін.
Диірменнен қайтарда мен адасқан түні басымнан көшкен ақ тұман сияқты жылдар бір-бірлеп өте берді. Кітап оқуға деген ынтам бойымдағы барлық құмарлық атаулының бәрінен асып түсті де анам үшін де, ауылдастарым үшін де «оқу соққан қияли балаға» айнала бастадым. Қаңғыбас бұзауларымды іздеуден қашып, сексенінші жылдары кездейсоқ аударылып қалған Жюль Верннің «Сырлы аралы» мен «Су астындағы сексен мың шақырымдық сапар» кітаптарын үйдің шатырына жасырынып алып оқитынды шығардым.
Мектеп бақшасындағы бір шоғыр талдың түбі біздің қызықты жиналыстар жасайтын жеріміз болатын. Оқыған кітаптарымнан ең қызықты деген оқиғаларды демалыс арасында балаларға тамсана баяндайтынмын. Көк шалғында қарсы алдыма етпеттей жатып, бастан ақыр назар аудармай тыңдайтын, ең бір қорқынышты, аянышты жеріне келгенде қос жанары мөлтілдей қалатын Нәзилланың періште ұсқыны қазір де көз алдымда. махаббат, ғашықтық турасындағы хикаяларға келгенде одан ұялғанымнан үнемі қысқартып, басқаша жеткізетінмін. Ол кезде біздің қыстақ тұрғындары үшін махаббат әңгімесі – көбінесе жабық тақырып болатын...
Маусым айының ортасына қарай, қыстағымызды айнала кең жайылған, дәмі тіл үйіретін сырғалары саудырай тізіліп тұратын бұршақ атызын тапап өтетін өзге балалардағы сияқты көңілділік менде бола бермейтін. Егін атаулы орылып, таулы далаға жаңбырлатып жеткен жыртық шекпенді күз, жұқа ақ тұман орап жататын тау, түрлі науқас адамдарға толып кететін әкемнің шағын емханасы, моржаларынан түтіні будақтаған сұрғылт үйлер, бәрі, бәрі менің құйттай жанымды беймазалыққа, өзгеше сағынышқа бөлейтін.
Әкем ауырғанда түні бойы шырақ жағып күзетіп, дұға оқып шыққан төрт қарияның үшеуін бір-бірлеп жер қойынына тапсырдық. Олардың жаназасына қатынасқан әкем жерлеу салты біткен соң үйге күйініп келетін. Аршыған жаңғақтай жиырылып, сола бастаған жансыз оң қолын уқалап, үнсіз ойға батып отыратын...
Бәрінен де маған батқаны – ауруы асқынып, емдеу шегінен асып кеткен Нәзилла да ақпанның бозамық түнін шулатып, әкесі мен анасын қасіретке батырып, о дүниелік болды. Сол шақта өзге барар жерім болмағандықтан осынау қыстақтан ат кекілін кесісіп кете алмағанмын. Жыл сайын қайталап, ешкілерімізді қырып кете беретін қасқырларды да, жыл сайын аяғымды үсіріп өте шығатын аязды да қимайтынмын. Бірақ, осында өмір сүргім де келмейтін.
Біздің бұл таулы қыстағымызда талай баланы ерте есейткен хикаялар көп туылатын. Өйткені, Көктерек қыстағы қым-қиғаш оқиғалар мекені болатын. Онда тірлік кешетін адамдардың көбісі оқымағанымен көне салтты мықты ұстанатын. Өмірдегі ең әшекейлі заттың ар-намыс екенін, ең көркем һәм ең қимас нәрсенің өзінің өмірі екенін жақсы түсінетін. Мысалы, жалғыз өскен ағашты кеспейтін, тау жылғаларынан ұсақ тамшылары жіпси терлеген бұлақ нобайын көрсе күрек алып келіп, кеңейтіп көзін ашатын. Бір-бірін өлтіру, әйел затына зорлық-қорлық жасау сияқты сұмдықтар мұнда мүлде жат саналатын. Оны мен жетінші классқа көшетін жылы оқыған, Михаил Шолохов жазған Гремячий Лог хуторындағы казактар ғана жасайды деп ойлайтынмын. Мен кереметтей қадір тұтатын сол даңқты жазушының тілі отанымда шексіз үстемдік құрады деген ой болмапты, бірақ...
Көктем шыға киіз үйлерін тігерде босағасын сары арша түтінімен аластайтын, күл төккен жерді аяқпен басуға, ошақ басындағы отынды тебуге қатал шектеу қоятын ауылдастарымның салтында Көк Тәңіріне табынатын арғы дәуірлерден қалған сарқындар да көп болатын. Қуаңшылықтан, жоқшылықтан тым жұпыны тірлік кешетін ауылдастарымды сондай сүйетінмін.
Мен орта мектептің 10 классынан оқудан қуылатын жылы көктемде –түнімен шырақ жағып, әкемді күзетіп шыққан төртінші қария да бақиға аттанды. Жүрегі нұрлы, жаны мәрт аяулы қартты ауыл болып күңіреніп жер қойынына тапсырды. Көктеректің қасиетті ақсақалдары мен әжелері сиреген сайын әкемнің шағын емханасында сәбилер іңгәлап, жарық дүние қақпасын қағып жатты. Менің сүйікті тауларынмың әр тасын жаңғыртып, сыңсу айтып қаншама қыздар ұзатылды; туып өскен даласының бір уыс топырағын бешбетінің оң жақ қалтасына түйіп алып, қаншама келін Көктеректің шаңдақ көшесін думанға бөледі; Қанша жігіт көкпарда мертікті, қаншама бозбала қызқуарға шығып, қалжыңбас жеңгелерінен қамшы жеді?!.
Өмір сол дағдысынан жаңылған жоқ.
Есейген соң тым алыс қалаларға сапар шектік. Оқу бітіріп, отау көтердік. Анадан-мынадан құрастырған жасанды өмірімізді былай қарасаң бәрі дұрыс сияқты сезіледі.
Дегенмен, осы күнге дейінгі шолақ атты жүрісімізді сол тау бөктеріне жерленген аруақтар да, жамырай киіз үй тігіп, жаз шуағын жұтатын Бәйже қонысы да кешірер. Алайда, біз ұзақ уақыт қалғып кеттік, бәрін ұмыттық. Жанымызға жақпай қалған істерді біреуден, не өмірден көретін, сәтіздіктер мен өз тәуекеліміз жетпей қалған жерлерде Құдайды кіналайтын әдет тауып алдық. Өлімнен қорқатын, әйелдерді түсінбейтін, иесіз далаға сапарларға шығудан, далаға, молаға түнеуден тіксінетін болдық. Біреулер қасқырларды жамандап жатса араша түсе алмайтын, жаңа жыл кешінде сақалы сапсиған сайтан бейнелі шалға тағызым ететін, өз балаларымызға қояндардың ерлігі туралы ертегі көрсететін азғындыққа беталдық. Аналарымзды алжығанша жұмысқа жегіп, одан әрі қарттар үйіне жеткізіп салатын опасыздықты үйрендік, әлдебір ақ жағалылар жиналған жерде санасын батыс діні шырмаған көгілдір әйелдердің «екі күйеуге тиеміз» дейтін уәжін еститін болдық...
Көктеректің әр бір қыратында, Бәйжеге өрлейтін қара жолдың бойында құдықшы Елағамның рухы ұшып жүр. Қара бүйі қаптап кететін Жігербай жолының күнбатыс жағында марқұм әжелеріміздің елесі әлі тезек теріп, ұршық иіріп, құрт қайнатуда. Олар батсықа күн сала қарап, біздің жолымызды қарауылдаудан әлі күнге дейін бір тынған емес.
Құлазыған иесіз құдықтан қайтар жолда Нұрдыбек марқұмның менің жиен әпекем Нұргүлге айта алмай кеткен жүрек сөзі де бидай атызының үстінде әлі қалқып жүр. Нұрқаби қуыстан арша жұлып қайтқан Миғыраждың көкке ұшып кеткен жаны да бізді ұмытқан жоқ.
Ал, біз оларды ұмыт қалдырдық... Өнбейтін бір күйбеңдерге байланып, өзімізді аспаннан осы бойымызбен түсе салғандай сезінетін өктемдікке жеттік. Тіпті, атқа мінуді де, сәбилерімізді жылқы терлігіне орап, тобылғыдан ойыншық оюды да ұмыттық...
Ақпан түнін адам айтқысыз қасіретті дауысқа байлаған, менің бүкіл ғұмырымды не өшпейтін, не айықпайтын қанық сары түсті сағынышқа бояған, әрі қарай ілгері жүре беруге, өмір сүруге жебейтін Нәзилла-қыздың тосын ғұмыры бүкіл ғаламға таң шапағы сияқты тарап кеткендей қайда жүрсем де алдымнан шығады. Бәлкім, мені соңғы сапарға аттандырып салуға жөңкілген қаралы керуеннің ізін баса маһшар күніне дейін еріп барар...
Уақыт осылай өте берер. Желтоқсан туа біздің қыстақты шулатып, жалғыз ағаш өскен жартас баурайынан өтетін қасқырлар да ертегіге айналар. Олар жүрген бөрісоқпақ біртіндеп көмескіленіп, соңғы кездері қаптап кеткен кезбелердің табанына тапталар. Жаз шыға жасыл түске бөленетін осы бір жалғыз ағаш та қартаяр. Өткен сәттерді елжірей еске алған бұл жазбам да бір жерде шаң басып қалар.
Сол қарт ағаш бұтағына ақтық байлауға келген дәрігердің шөберелері менің осында өткен қым-қуыт балалық шағым жайлы көңілсіздене еске алар. Қасқырлар жайлы аңызды ұмытып кеткен олар Күректі асуын мекендеген сайтандар жайлы, одан қорқып жүрегі жарылып өлген кезбе етікшінің жынданған әйелі туралы естелік жазар...
Тіпті, уақыттың ауызынан түсіп қана қалған, жылдар өте келе іздері сарғыш тартар осынау шалғай қыстақ тұрғындарының елеске айналған қоңырқай сұблалары жалғыз ағашқа – жасыл мұнараға жапырлай қонар...
2013 жылы 8 қазан.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: aikyn.kz