1951 жылдың 1952 жылға қараған қысы айрықша қарлы болды. Күндіз де, түнде де жауған қар көз жетер жерді түгел басып қалған. Тау да қар, дала да қар... Ал аспанда тіпті қардан өзге ештеңе жоқ дерсің... Әйтеуір, кейде жібектей түтіліп, кейде жапалақтаған қардың бәрі де сол жақтан түсіп жатыр ғой... Ауылдардың жатағандау тамдарының өзі жауған қармен бірдей болып қалғанда, азаннан кешке дейін қар күреп, ана үй мен мына үйдің арасына жол салудың өзі кәдімгідей бейнет еді. Бұғалтерлер дайындайтын курсты облыс орталығынан таяуда ғана бітіріп келген Сағымбайдың үйі осыдан екі жыл бұрын халық көптеу тұратын өзеннің бас жағынан жаңа мектеп салынғанда, босап қалған ескі мектептің шеткі бөлмесіне орналасты да, ұзын дәліздегі қаңғыр-күңгір көп үйден бөлініп теріс беттен есік шығарып алған-ды. Шешесі, әйелі, інісі – төртеуіне әуелгіде бұрын класс бөлмесі болған үй әңкиген үлкен, әрі суық көрінді де, жазда әрқайсысы әр бұрышта шашырай жатып, қыста бәрі де темір пеш орналасқан бұрышқа сығылысатын. Төсеген алашалары тылтыйып, өздері жататын бұрышты әзер жапты да, бір кебеже, бір сандықтары бұлардан қарадай үркіп, екінші бұрышта қалып қойды. «Оқып, шаршап келдің ғой, біраз демал. Әзірге босай қоятын орын көрмей отырмын» деп, басқарма Исабай көңілін басып тастаған соң-ақ Сағымбай үйінің төрінде күзден бастап жатып алған. Ауылда қолдан қолға тимей жүрген екі-ақ кітап бар. Бірі – «Мың бір түн», екіншісі – «Батый». «Мың бір түнді» екі рет, «Батыйды» бір рет оқып шығып, енді не істерін білмей іші пысып, аш қарнын алақанымен сипап жатып бір жолы іштей «Немістермен соғыстың да ерте бітіп қалғанын қарасайшы. Тым болмаса «Қай қала алыныпты?» «Гитлер жеңе ме, әлде Сталин жеңе ме?» деп елеңдесіп отыратын» – дегені бар. Онымен де қоймай, бір топ іші пысқандардың ортасында отырып: «Жұрттың қара қағазын таситын почталық қызметтің де бұйырмай қалғанын қарасайшы» дегені тағы бар. Сонда мұның сөзіне үйіне қара қағаз келмегендер күлді де, үйіне қара қағаз келгендер күле алған жоқ. Сұқ саусақтарымен астарындағы алашаның бетін сызғылап, төмен қараған күйі отырып қалды. Күнде таңертең Нұрлыбай інісі оқуға кетеді. Шешесі ертеңгі шайдан соң-ақ қолына ұршығы мен бір шүйке жүнін ұстап көршілеріне барады. Үйде оңаша қалған келіншек пен жігіттің әңгімесі біткен бе, тәйірі. Оның үстіне қосылғандарына жыл толмаған болса... Сағымбай әңгіме айтса – Әкүл таң, Әкүл айтса, Сағымбай таң. Дастарханға жүгері қуырып салып, қайта-қайта шай ішетін әдеттері бар. Ондайда Әкүлдің құйған қара шайы бал татып тұрғандай дерсің. Бұл ауылда бидайдың ұнынан пісірген нанның өзі ілуде-біреудікінде... Кәмпит те күнде көретін нәрсе емес. Қайсыбіреулердің кәмпит орнына құрт тістеп отыратын әдеттері бар. Ұзақ оқудан кейін қатты сағынып келгенінің әсері ме, бұларға таңертеңнен кешке дейін бірінің бетіне бірі қарап отыру да таң болмай қалған. Дегенмен екеуі қашанғы өбісе берсін, Сағымбайдың кейде ермек үшін келіншегін жоқ жерден ашуландыратын да әдеті бар. Ашуландырарда айтатыны – «Сенен бұрын Көлтоғанның бір қызымен әуейі болғанмын. Сен болмағанда соны алайын деп жүр едім. Серттесіп те қойып едік» дейді. «Сол қызыңа неге үйлене бермедің?» деудің орнына Әкүл жылап қалады. Мінезі ұяң. Күйеуінің әзіліне әзілмен жауап беруге де айласы жетпейді. Соны біліп Сағымбайда жас келіншекке мәтіби болып алған. Көлтоғандағы әуейі болған қызының әңгімесі ескіріп, Әкүлді тағы бір жылатып алғысы келген кезде «Түркістанда да бір қызым бар еді, менен екіқабат болып қалған» дейді. Бұл жолы Әкүл көбірек жылайды. Сағымбайдың Әкүлді қайта-қайта жылатуды қызық көретіні... кешкісін құрақ көрпешенің үстінде құшақтасып жатып, татуласулары қызық... Тәтті... Ертеңіне інісі оқуға, шешесі көршілерге қыдырып кеткенде Сағымбай зарлап сөйлеп, құрақ көрпешеге рахмет айтып жатады. «Сен болмасаң Әкүл екеуміз татуласа алмай тарасып кетер ме едік... Сен болмасаң аққудай Әкүлімнен айрылып, арманда қалар ма едім» деп... Әкүл сылқылдап ұзақ күледі. Күлгені қандай! Күліп әрі ұялып отырып, бір-екі ауыз бірдеңе дегені қандай! Құдайым-ау жас адамдардың сезім құштарлығына дауа бар ма, сірә... Сосын екеуі бірін бірі жаңадан көргендей, ал кеп құшақтасады... ал кеп сүйіседі... Екеуі үйленерде шешесі тіккен құрақ көрпеше, обалы не керек, бұларға күндіз де қызметін аямады... Қар қалың түскен соң-ақ Сағымбай қолына күрек алып, қар күреуге кірісіп кеткен-ді. Түске шейін күреді. Кешке шейін күреді. Сонда бітсейші... Оң жақтағы көршіге дейін жүз қадам... Сол жақтағы көршіге дейін жүз қадам... Мал қораға дейін елу қадам. Отын қораға дейін елу қадам. Там жанынан жаңа там соққандай қар дегенің тау болып үйілді де қалды. «Ұзынмын» деп жүрген батырдың өзі дәл қазір тау аралап келе жатқан ергежейлідей ғана. Келіншегі бір жүгіріп келіп «Тер қатып қалар» деп үстіне күпәйке жауып кеткен... Екінші келіп «Шай қойып жатырмын» деп жұбатты. «Шай қойып жатырмын» деп мақтанғаны бұл аралықта енесі Омар қайнысының үйіне барып, төрт-бес кілә бидай сұрап әкелген. Бидайды Әкүлмен екеуі еденге төгіп жіберіп, тазалап, қол диірменге салып дығырлатып отырып тартты да, ұн екі табаға жететіндей болғанда, енесі қамыр ашытып, Әкүл шай қойды. Содан Сағымбай да қар күреуден шаршап, жалыққан кезде Әкүл тағы да жүгіріп келіп «Бидай нанды табадан шығардым... шай да қайнады» – деді-ау. Бұл сөз «Етті қазаннан түсірдім, ағаш табақта буы бұрқырап тұр» дегенмен бірдей. Сағымбай енді күрегін иығына салып, үйге қарай жүрді. Бұлар шай ішіп жатқанда мектептен Нұрлыбай да келді. Кітап-дәптерлері салынған шүберек қалтаны иығынан алмастан, дастарханның шетіне келіп жайғасқан. Аяғындағы етігін де шешер ме еді, шешпес пе еді, шешесі: – Алдымен етігіңді шешсеңші, – деп тастамағанда. Сонда Нұрлыбай етігін шешіп жатып та, көздері таба нанды тесіп тұрды-ау. Дастархан шетіне жайғаса беріп, алғашқы айтқан сөзі де: – Бидай нанды қайдан әкелдіңдер-ей? – болды. – Қайдан әкелуші едік? Өзіміз қолдан көмдік те, – деді шешесі. Бидай қайдан келді. Ұн қайдан шықты – Нұрлыбайдың онымен шаруасы жоқ. Таба нанның жартысын опырып алып: – Неге күнде бидай нан көмбейсіңдер? – деді осы сөзімен өзгелердің бәрін айыптағандай қабағын түйе қарап: – Жүгері нан... жүгері нан... Менің жүгері нанды жегім келмейді. Сағымбай мен Әкүл үндеген жоқ. Жауапты тағы да шешесі берді: – Шырағым, жүгері нанды да табылып тұрса жерсің... Енді дастархан басына үнсіздік орнады. Бірақ қарап отырған ешқайсысы жоқ. Бірі нан жеп, бірі шай ішіп отыр. Әлгінде опырып алған жарты таба наннан Нұрлыбай дастарханға қыйқым да қайырған жоқ. Түгел өзі жеді. Қалған жарты таба нанның да көбісін Сағымбай жеді. Ене мен келін бір жапырағын ғана өзара бөліп, ауыз тиген болды. – Кешке де бидай нан көмесіңдер ме? Жартысын таңертең мектепке ала кететін – деген Нұрлыбайдың сөзіне де ешкім жауап қатқан жоқ. Сағымбай түс ауа тағы да қар күреуге шығып, отын қораға қарай жол салды. Шешесі шай ішіп отырып: – Омбылап барып, омбылап қайтып сұрағанда бидайды бергеніне де рахмет. Балаларым бір тойды... Күнде-күнде бізге кім бидай бере берер дейсің, одан да отын қора мен мал қораның жолын аш... – деген. Әлгінде жеген бидай нанның күшімен біраз қимылдаған. Денесі терши бастаған кезде үйден Әкүл шығып «Тер қатып қалып жүрер» тағы да иығына күпәйке жауып, екінші күрекпен ол да қар күреген болды. Жұмысы өнімсіздеу болғанымен әдемі келіншегінің осылай жанында жүргенін Сағымбай жек көрген жоқ. Ауылда өздері сияқты жаңа үйленгендер де, үйлене алмай сораңдап, жер-көкке сыймай жүрген жігіттер де бар еді. Солардың үйлене алмағандары қар күрей жүріп, анадайдан мойындарын созып, бұларға қарады. Әрине қызықты. Бәлкім қызғанды. Осының өзі не тұрады. Ісі өнбесе де, әдемі көйлек киіп, әдемі орамал тартқан әдемі келіншегі қызыл пүлішпен тысталған жылы әрі ықшам елтірі күртешесімен ана тұстан, мына тұстан көз сұғын қадағандарды қызықтырып, жанында әлі де жүре бергенін қалап-ақ еді, кенет келіншегінің өз-өзінен «іш-ш-шай!» дегені. Деді де қолындағы күрегін қалың қарға қадай беріп, жүгіре басып үйге кіріп кетті. Үйге қарай жүгіре басқанының өзі қандай сүйкімді еді. Дауыстап «іш-ш-шай» деуі де, үйге қарай жүгіре басқаны да бір есептен күйеуіне еркелегені сияқты-тын. Оны Сағымбай түсінді. Түсініп тұрып ішінен: «Осындай келіншекті түнегүні ішім пысқанда Көлтоғандағы қызымды бір, Түркістандағы қызымды бір айтып, жылатқаным-ай» деп өкінді. «Осындай келіншегін де дені сау адам жылатар ма? Өкпелетер ме?» деп бірауық өзіне-өзі ұрысқан болды. Отын қораның жолын ашып болып, енді мал қораға қатынайтын жолдың қарын күрей бастаған кезде күпәйкесінің бір жеңін сұғынып, екінші жеңін жолай сұғынып, аяғына гөрпілдеген саптама етік киіп, үйден Нұрлыбай шықты. Өзі ашулы. Бұрқылдап, бірдеңе деп күңкілдеп жүр. Бірақ онысын ешкім де түсінбейді. Оның осылай жұрт түсінбейтіндей етіп бұрқылдайтыны да бар. Шамасы шешесі, әлде Әкүл «Сен де ағаңа көмектессейші» деп айтқан. Әншейінде жұмыс істе десең, аяқ астынан басы әлде іші ауырып, болмағанда ұстап отырған кітабының кез келген бетін ашып, оқи қоятын қияңқы ғой. Әкүлден қалған күректі ұстай беріп: – Сабақ оқиын десең, бір-р, – деді бұл жолы Сағымбайға әдейі естірте күңкілдеп... Сағымбай үндеген жоқ. Сосын саптама етігін әзер көтеріп, қарды ебедейсіз кешіп жүріп, ол да қар күрей бастады. Күреп жүр деген аты ғана. Қарды бір оң жағына, бір сол жағына шашып жүр. Әттең қолындағы күрегін лақтырып жіберуге ағасынан бата алмайды. Нұрлыбай қар күреп жүріп те жайына қалмады. Есігінің алдын күреп жатқан құрдасы Мүтәліпті тілін шығарып мазақтаған болып, анау бірдеңе айтып мұны келемеждеген еді: – Ертең мектепке бара жатқанда көресің көресіні, – деді. Ана бала жым болды. Осы кезде қар кешіп, алпа-салпа болған Мүтәліптің иті тұсынан өте қалып еді, қолындағы күрегімен белінен бір салғанда, ит қыңсылап қаша жөнелді. Одан соң да қарап тұрмай бір кезде шалбарының бауын шешіп үюлі қардың бетіне сиді. Сигені де қызық. Шаптырып тұрып бір жазу жазды, онысы да оңған сөз емес. Сосын жазуды оқып тұрып, өз-өзінен жырқылдап күлді. Күлген күйі әлгі қардағы жазуды күрегімен сипап жіберіп қайта өшірді. Зілдей саптама етігімен екі шақырым жердегі мектепке барып, қайтып келген соң пеш түбінде етпеттеп жатып сабақ оқыған, сосын қар күреген бала әбден сілесі қатып шаршап, кешкісін ерте ұйықтап қалған. Жетілік шамның түбінде«Мың бір түннің» қайсыбір тұстарын аралап қана оқып отырған Сағымбай бір сәт кітабын жаба беріп: – Апа, осы балаң мектепке барса – мектеп у-шу, асық ойнаса – асық у-шу, мал қайырса – мал у-шу, ержеткенде қалай болар екен өзі? – дей беріп еді, кемпір қиналмастан: – Қатын алған соң басылатын шығар, – дегені. – Ойпырмай, апа, осы балаңның жыны бір қатынмен басыла қойса қанеки, – деп еді, шешесі бұл сөзіне де абыржымады. – Бір қатынға жыны басылмаса, екі қатын алар да... Күйеуінің өтірік қиыстырған Көлтоғанның қызы мен Түркістанның қызы есіне түсті ме, кемпір екі қатын алуды айтқан кезде Әкүл қызарақтап қалды. Әкүл қызарақтаған соң Сағымбайдың да үні өшті. Қар күреу біткен соң Сағымбайдың қолы босады. Оқиын десе оңған кітап жоқ. Қар қалың түскелі ауданмен де байланыс үзілген. Газеттер келмейді. Күзде ғана Ресейдің бір облысынан келген рацияның тілін білетін жалғыз Пәзілбек қана. Оның өзі әлгі темірдің бұрандасын жарты сағат бұрап «Эрфви кратка-а... Эрфви кратка-а... один, два, три, четыре, пять... пять, четыре, три, два, один... Эрфви кратка-а» деп қайта-қайта әлпештегенде аудан орталығынан көп қырыл-дырылдың арасынан: – Бұл кім әй? – деген дауыс әзер естіліпті. – Тау қыраны! – депті сонда Пәзілбек колхоздың паролін айтқан болып. – Әй, «Тау қыраны», тірімісіңдер? – депті әлгі дауыс. – Тіріміз! – депті Пәзілбек сонда ерекше қуанышпен. – Бәріміз де тіріміз... жолдас... – дей бергенде рация үзіліп қалып, «Эрфви краткасын...» қанша қайталаса да, қайтып іске қосылмай-ақ қойыпты. «Ол кімнің дауысы екен, сонда...» дегендерге Пәзілбек өз абыройын біраз көтеріп тастау үшін, әлде далбасалап... «Райкөмнің бірінші хатшысының дауысы... секілді» депті. Өзі райкөмнің бірінші хатшысын өмірінде көрмеген жанға да ауылдағылар кәміл сеніп «Біздің Саханың Пәзілбегі ауданның бірінші хатшысының өзімен-ақ сөйлескен екен сабаз... «Тірімісіңдер-әй» депті ғой. Жаны ашыған басшының сөзі осындай-ақ болмай ма?» деп бір-біріне айтып, дуылдатып әкетіпті. Сол дуыл енді басылсайшы. Өзеннің бас жағындағы ауылдарда да осы әңгіме... өзеннің аяқ жағындағы ауылдарда да осы әңгіме... Колхоздың кеңсесінде де... Мектеп пен дүкенде де осы әңгіме... Ағаділ ұстаға арба жасатуға барғандар да осы әңгімені есітіпті. Естіпті емес-ау, өздері осы әңгімені айтып-айтып ұстаханадан ауыздары көпіріп шығыпты. Шығайын деп те шықпаған секілді. «Көп сөйлеп маған жұмыс істетпедіңдер» деп Ағаділ ұста бәрін қуып шығыпты-мыс... Белгісіз адамның «тірімісіңдер-әй!» деген жалғыз ауыз сөзі тау арасында қар астында қалған «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоздың үлкен-кішісін бір серпілтіп тастады. Осы сөзге екі-үш адам қосылған жерде мақтанатындар табылыпты. Табылғаны ғой, осы сөзді жуған болып, Пейіздің дүкенінде екеуара бір бөтелкеден арақ алып ішіп, қылжалақтап мас болып қалғандар да болыпты. Сонда «мас болғандар өзара нендей әңгіме айтты екен» дерсіздер-ау». Арманда қалмағаныңызды қалап айта салайық. Бірінші мас бірінші хатшының гүжілдеген даусымен айтыпты: - Әй, «Тау қырандары», тірімісіңдер? – деп, сонда екінші мас аяғын әзер басып, өзін құлап кетуден әзер сақтап қалтаңдап тұрып, Пәзілбектің шіңкілдеген дауысымен: – Тіріміз! – депті қуанып. Сосын екі мас қосылып, қол соғыпты да, соңынан құшақтасып сүйісіпті. «Тірмісіңдер-әй» деген сөзге Сағымбай мақтанған да, малданған да жоқ. Және Пәзілбек ағасымен шынымен бірінші хатшының өзі сөйлескеніне күмәнді-тін. Күмән қылатыны – Пәзілбектің рация хабарын тыңдап отырған да ауданның бір Пәзілбегі екенін ол шамалады. Қайткен күнде де 1952 жылдың желтоқсанының үшінші онкүндігінде бұл ауылдың ең үлкен жаңалығы – қар астында жатып-ақ рациямен ауданмен байланысқаны ғана болды. Мәскеуде не болып жатыр, Алматыда не болып жатыр, ешкім ештеңе білмейді. Орыс жаңа жылын бұл ауыл өмірі тойлаған емес. Мектеп пен колхоз кеңсесінде ғана «Ертең жаңа жыл екен» деген қаңғыр-гүңгір әңгіме болса болған шығар. Мектептің қабырға газетіне бір суретші баланың елканың суретін салғаны анық. Бірақ анық не үшін салғанын ол баланың өзі де айтып беруі екіталай. Өйткені, бұл ауылда үлкеннің де кішінің де ойында «бұл орыстардың ғана тойы» деген ұғым. Құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан күні бойы жатып Сағымбай кейде «Ойпырмай, мынадай ішпыстылықтан қалай құтылсам екен, ә?... Не істесем екен ә?» деп қиялдайтыны бар. Көлтоғандағы өзімен әуейі болған қыз бен Түркістандағы өзінен екіқабат болып қалған қызды айтып, соңғы аптада келіншегін екі жылатты ма, әлде үш жылатты ма, анығы есінде жоқ. Әйтеуір сықсыңдап жылап отырып-ақ келіншегінің шай құйып бергені, сықсыңдап жүріп-ақ отын қорадан күйеуі бұтаған отынды құшақтап әкеліп, үй жылыту үшін от жаққаны есінде. Бәрінде де екеуі түнде татуласып, ертесіне келіншегі ештеңе болмағандай жайрандап кеткен. Ол әңгіме енді ескіріп барады. Қайталай беру өзіне де қызықсыз. Ал «ішпыстылықтан қалай құтыламын» деген қиял басынан шығар емес. Құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан жатқан сайын ойлағысы келмесе де ішпыстылық жайы ойына өз-өзінен орала кетеді. Істерге іс, айтуға сөз іздеп шерменде болған адам да ақыры мұрат-мақсатына жетеді екен-ау. Өзеннің басқа иінінде тұратын Сейілбек, Рәш деген құрдастары бар-тын. Соларға әртүрлі хат ұйымдастыруды ойлады да, құрақ көрпешенің үстінде әрі-бері аунап жатып, әлгі хаттарынан бірдеңе шығатынына анық көзі жеткен кезде барып, қолына қалам, қағаз алды. Қолы да жазуды сондай сағынып қалған екен, ақ қағаздың бетінде қаламды ой, қақшаңдатты-ау. Әуелгі хатты өзі сияқтанып жұмыс таппай сенделіп жүрген құрдасы Сейілбекке жазбақ болды. Хатты көрші «Бірлік» колхозының басқармасы, өздерінің туысы Тасболат Жанпейісовтың атынан жазды. «Қалқам Сейілбек! «Бірлік» колхозының қой фермасының бастығы қызметі босап еді. Осы жұмысқа өзіңді лайық көріп отырмын. Қолың тисе, келіп жолыға аласың ба? Он күнге дейін ғана сақтауға мұршам бар. Аудан басшылары «мынадай қыста мал фермасын бір күнде басшысыз қоюға болмайды» деп мазамды кетіріп жүр. Оның үстіне жергілікті жерде де«ферманы басқаруға мен ылайықпын» дейтіндер жетіп жатыр. Алдыма күніге екі-үшеуі келіп кетеді. Өзіңді күтемін. «Бірлік» колхозының басқармасы Тасболат Жанпейісов. 1952 жылдың 29-шы желтоқсаны». Сағымбай хат соңына «басқарманың қолы да осыдан аспас» деп қайқайтып Жанпейісов болып қол да қойды. Қайтып оқып көріп еді, қатып тұрғандай көрінді. Іштей «Сейілбек осындай хатқа сенбей отырса, Сағымбай атым өшсін» деп өзін-өзі жұбатып отырды да тағы да «Сенбеуі мүмкін емес» деп өзін-өзі жұбатты. Өйткені, өткен жазда бұл бұғалтерлер әзірлейтін курсқа аттанарда екеуінің Пейіздің дүкенінен екі бөтелке арақ алып, өзен жағасында оңаша бөскендері бар. Сонда Сейілбек «Айналайын Сағымбай-ау, мал санауды білемін. Өлген малды тірі малдан айыра аламын. Және оларды көп ұзатпай есептен шығарып тастауды да білемін. Ал ауырған малды емдейтін Павлов деген орыс бар. Әрқайсысына түйекештен төрт түйе алып берсең қойшылар қыста да, жазда да өзі көше береді. Қойшыларға қора мен кепе салатын жұмысшылар бар. Олар қыста жұмысшы болса, жазда шөпші. «Шөп жетілді, кірісіңдер» десең болды, әр малқораның басына екі көдеден шөпті үйіп тастайды. Ал енді маған «фермабастық бола алмайсың» деп айтып көрші... Бір жараулы айғырға мініп алып кейде қойшыларды аралап, кейде кеңсе жағалап жүруді білмейді ме екенмін» деп бар арманын жайып салған. «Шіркін жылқы фермасын берсе, жылдағы соғымың менің мойнымда болар еді-ау» дей беріп «Әй, құрдасым, қой фермасының бастығы да сені аштан өлтірмес» деп, жырқылдап күліп те алған. Солай күліп тұрып, қырлы стаканмен тартып жіберіп еді-ау сабазың. Екі бөтелке арақ бітер кезде келешекте бірі фермабастық, екіншісі колхоздың бас бұғалтері болуға келісіп тараспап па еді... Тіпті, серттескендей, екеуі құшақтасып сүйісті-ау... Әлде сүйіскен жоқ па еді... Ия соңғы жағы бұлдырлау бірдеңелер еді. Әйтеуір төбелесіп тараспағандары анық. Сағымбайдың сүйісу мәселесіне күмән келтіргені... екеуінің де мас күйінде тарасуларынан да емес-ті. Бұл ауылда еркек пен еркектің сүйісуі бола бермейтін жай. Ең бастысы екеуі екі саланы басқаруға уәделескендері ақиқат... Демек, Сейілбектің «фермабастық боласың ба?» деген сөз естілсе болды-ақ, құстай ұшары анық. Және туыс болғандықтан Тасболаттың мына шақыруынан секем алмайды. Сенеді. Әзірге Сағымбайға керегі де осы ғана еді. Екінші хат жазуға тиіс адамы – Рәш болатын. Ол осыдан екі жыл бұрын Қазалы техникумын бітіріп келіп, малдәрігердің көмекшісі қызметін атқарып жүрген момын жігіт еді. Соңғы айларда ауырып, төсек тартып жатқанын естіп, бір рет көңілін сұрап қайтқаны да бар. Аурулығын есіне алып, хат жазудан айнығысы келіп, біраз отырды да «Құрдасыммен ауруынан айыққан соң ойнаймын» деп күтіп отыратын қазақ бола ма?» кенет өз-өзінен еліріп, алдында жатқан қалам-қағазға ентелей түскені. Қолының қандай да болса жазуды сағынғаны сондай, әлгіндегі Сейілбектің атына жазылған хатты місе тұтар емес. Тағы да бірдеңелерді жазғысы келіп саусақтары өз-өзінен жыбырлап тұр. Не керек, Сағымбай Рәштің атына жазылатын хатты да бастап кетті. Рәштің Қазалыда бір баламен қалған нақсүйері болып жазып отырғандықтан Рәштің келіншегі Бейбіт түгілі, ересек адамдарда сеніп қалатындай, аман-саулықтың өзін өте салмақты бастады да, сосын барып ғашықтық мақамға көшті. «...Рәш-ау, өзіңді, баяғы бақытты күндерімізді ұмыта алар емеспін. Қазалының шетіндегі шығыс жағы әктеліп, батыс жағы әктелмеген аласа тамда екеуміз қанша күнді, қанша түнді бірге өткіздік. Құдайым-ау, түнімен отырушы едік-ау. Қанша рет сол себепті сабағыңа да кешігіп қалғансың. Ал енді сенің қазіргі тәртібіңе келейін. «Ай сайын соғып тұрамын. Жолаушылар пойызына міне алмасам, жүк пойызына жармасамын, сөйтіп Жаңақорған мен Қазалының арасын жол қыламын» деген уәдең қайда? «Аман болсам қаракөлден ішік тіккізіп беремін» деген сөзің қай жерде қалды? Дегенмен мен сенен әлі күдер үзген жоқпын. Үмітімді үзер жөнім де жоқ. Өзіңнен туған Ғаламат деген бала қазір бір жарым жаста. Ол бала туралы да анда-санда ойлап қоятын шығарсың? Қазір ол қаз-қаз жүре бастады. Былдырлап бірдеңе дейтіні де бар. «Сенің әкең қайда?» десем «Оу-у-у-у» деп шығыс жақты нұсқайды. Сосын орындыққа жармасып шығып, сенің қабырғада ілулі тұрған суретіңді көрсетеді. Жақында жылқышы ағам жарты жылқының етін әкеліп тастады. Жолаушылар пойызымен-ақ жарқырап келіп, бір жеті мауқымды басып, жатып-демалып кетпейсің бе? Ғаламатпен екеуміз есіміз шығып қуанып қалайық. Осылай етер деп ендігі жерде өзімді-өзім жұбатып отырған да жайым бар. Ғаламат екеуміз күтеміз. Хош. Ынтық ықыласпен!» дей беріп Сағымбай енді жас келіншекке тәуір ат іздеді. Өзіне салса ең тәуір ат Әкүл сияқты. Бірақ бұлай жазса бар еңбегі зая кетеді ғой. Бірауық ойланып, «Сәлима» дей салуға қаламын оңтайлай берді де, қайта айныды. Сосын қолындағы шошаңдап тұрған қаламын ақ қағазға тірей беріп «Гүлайна» деп жазды. «Келіншектің атының осылай әдемі болмағы Рәштің Бейбітінің қызғанышын лаулатпаққа керек» деп шешті іштей. Сосын құрақ көрпешенің үстінде шалқасынан жатып «Сөзі де, аты да нағыз сылқым келіншектің өзі болып шыққан жоқ па!?» деп масаттанды. Екі хатты екі конвертке салып, желімдеді. Екеуіне де осы ауылдың адресі, құрдастарының аты-жөндері жазылар жерде Сағымбай кенет ойланып, оң қолындағы қаламын сол қолына ауыстырды. Әрине мұның жазуын құрдастары аңдамаған күнде, ауылда жазбай танитындар бар. Солар тұрып: «Ой мұны жазған өзіміздің Сағымбай екен ғой» деуі әбден мүмкін. Сол қолымен жазылған адресі мүлдем басқаша шықты. Тіпті, Рәшқа арнап жазған хат шынымен әйел заты жазғандай болды ма-ау, немене... Мына ісіне масаттанғаны сонша, Сағымбай тағы да құрақ көрпешенің үстіне аунай кетіп, қарқылдап күлді. Осы кезде пешке салатын отын көтеріп, есіктен кіре берген Әкүл, сыңғыраған әдемі дауысымен: – Саған не болды? – деп еді, Сағымбай ойланбастан: – Жай нәрсе... Ана Көлтоғандағы алмай кеткен қызымның бір айтқан сөзі есіме түсе қойып... – деді. Әкүлдің үні өшті. Тіпті, түрі бұзылып та кетті. Бірақ бұрынғыша аяқ астынан сықсыңдап жылай алған жоқ. Есесіне Сағымбай тағы да қарқылдап күлді. Еркек деген осы... Келіншекті алып алған соң не десе де, не істесе де еркі... Ал Әкүлді аларда бетегеден биік, жусаннан аласа болып осы Сағымбай Әкүлдің ауылына қанша рет барды... Әкүлдің «Райымды беремін» деген жалғыз ауыз сөзіне зар болып, үйіне тура соға алмай, Әкүлді бір көруге де ынтық болып, жақын жеңгелерінің аузын бағып, жағынып, жарамсақтанғаны ай... Қалай келін етіп, босағасынан аттатты, көңілі тынды. Енді, міне, күніге үш жылатып, үш жұбатып отырғаны... Әкүл де ашуын сол арқылы басқандай, пештегі лаулаған шоққа әкелген ағаштарын салып жатты... салып жатты. Ертеңіне таңғы шайды ішіп бола бергенде Сағымбай келіншегіне: – Мен колхоз кеңсесіне барамын, – деді, салмақтана сөйлеп. Әкүл «мұны неге айттың?» деген жоқ. Орнынан лып етіп көтеріліп, кебеженің ішінен шоқпен қыздыратын өтекті шығарды. Киім ілгіштен Сағымбайдың жаңа көйлек, костюм-шалбарын, пальтосын алды. Шалбары мен көйлегін үтіктеп, костюмі мен пальтосын шөткелеп, күйеуінің үстіне кигізгенде Сағымбай жай бұғалтер емес, бас бұғалтерлікке де лайық жігіт болып шыға келгені... Өзі де сымбатты жігіт еді. Қар күреп, келіншегіне отын бұтап, қор болып-ақ жүр екен, жаңа киімдерімен жасарып, жасанып кетті. Әкүл пальтосының ішкі өңіріне әтір септі. Газетке орап, алдын-ала әзірлеп қойған екі хатты ішкі қалтасына салған бойда, сыртқа шыға бергенде ертеңгі аяз бетті қарып-ақ тұр екен. Сағымбай етігімен қарды қарш-қарш басып, үйден ұзап шыққанша келіншегі көйлекшең күйі селтиіп, соңынан қарап тұрды-тұрды да, екі қолын кеудесіне айқастыра қатты басқан күйі «іш-ш-шай!» дей беріп, жүгіре басып үйіне кірді. Су жаңа киініп шыққаны мұндай абырой болар ма? Кеңсеге кірер жерде атынан енді түсіп жатқан басқармамен ұшырасып қалғаны. Исабай алдынан шығып, қос қолын ала жүгірген сымбатты жас жігітке көз қырын елеусіздеу тастаған болып тұрып: – Шырағым, қар ерігенше шыдашы, – деді. – Қар ерте еріп кетсе қайтемін, көке? Сирек күлетін ауыр мінезді Исабаймырс етті. – Кішкентай колхоздың шашылып жатқан қызметі де жоқ. Сен біреудің орнын алу үшін, ол біреудің орнын алуы керек. «Түсінемін ғой көке» дегендей Сағымбай төменшіктеп қалды. Төменшіктемеске амалы да жоқ еді. Ол білетін Исабай кез келгеннің алдында осылай сырын да аша бермейтін жан. Исабай кеңседегі бөлмесіне бұрылған кезде, Сағымбай бас бұғалтер Әбішке кірген. Ақкөңіл Әбіш: – Інім-ау, менің орныма сен лайықсың ғой, – деп аңқылдап қарсы алды. Сосын екеуі суық бөлмені күлкілерімен жылытып отырғанда Әбішті басқарма шақыртты да, Сағымбай осы кезде Әбіштің столында жатқан мөрді қолына ала беріп, қойнынан конверттерді шығарып екеуінің етегіне бір-бірден басып-басып жіберді. Мөр ізі көмескілеу түсті. Сағымбайға керегі де мөрдің осылай көмескі түсуі еді. Өйткені, мөрі жоқ хатқа бұл ауылдың сауатсыздары сенбейді. Қай жақтың мөрі деп үңіліп жатқан да ешқайсысы жоқ. Әбішпен асығыс қоштасып, енді почтаға кірсе, Сарыбай көкесі ауданнан бір айдан бері әзер жеткен газеттерді олай, бұлай бөліп, әлекке түсіп жатыр екен.Сағымбай бұл кісімен де емен-жарқын амандасып тұрып, көзімен мөрін іздеген. Сарыбай көкесі бүкшеңдеп жатқан кезде, Сағымбай биылғы қардың көптігін, әлі де жауатынын әңгімелеп тұрып, конверттерінің етегіне почтаның мөрін бір-бірден басып жіберді де, енді таратылуға тиіс хаттардың арасына тығып жіберді. Сосын кішілік білдіріп, көкесіне көмектескен болып, Ескі мектептегілерге тиесілі бір буда газетті қолтығына қысып сыртқа шықты. Пальтосының омырауынан әтір исі бұрқырап Сағымбай ауылына қайтты. Өзеннің ана бет, мына бетін мекендеген Ескі кеңседен де, Герой (Сапарбай) ауылынан да сыртта қыбырлап жүрген ешкімді байқамады. Бірақ үйлердің мұржаларынан көтерілген түтіндер жүндей түтіліп, биікке көтеріліп жатыр. «Әкүл әтір сеуіп, шөткілеп кигізген пальтомды ешкімнің көрмеуін-ай» деп ойлады ішінен. Осы ойы өзін көңілдендіріп те жіберді.., бірақ басқарма мен бас бұғалтер көрді ғой. Олар мұның жаңа киіміне мән берді. Мұрындары бар ғой, әтір исін сезінген де болар. Сол екеуінен басқасының дәл қазір маған қажеті қанша? Ең бастысы – хаттар жіберілді. Сағымбай енді көңілденіп қана қоймай, төбе етегіндегі оқушы балалардың мектепке қатынайтын жалғызаяқ жолымен келе жатып, өз-өзінен күлді де. Төменде қарлы аңғарға иіріліп түскен қара жіптей болып Ақүйік ағып жатыр. Жағалауындағы қабыршықтанып қатқан мұздар аязды күннің сәулесімен жақұттай жалтырап, жарқырап көрінді. Және сол түстің кісі қарағанда қызарып, қызғылттанып, көгілдірленіп, сарғыштанып мың түрлі болып құбылып, жас жігіттің жанарын әдейі арбағысы келгендей құлпырғаны-ай! Аяз әлі күшінде. Жігіттің екі бетін қарып келе жатыр. Бірақ ертемен жүгері талқан мен шай ішіп алған жас жігіт ауыл арасының көкбет аязынан жасқансын ба, тәйірі. Етігімен қарды қарш-қарш басып сол көкбет аязыңның өзіне айбат көрсетіп келе жатты. Күйеуі қызметке бүгін тұрардай көрінгендігінен шығар, Әкүл күйеуін тағы да көйлекшең күйде сырттан күтіп алды. Сосын жаурағанын білдірмей, күлген болып: – Басқарма қайнаға не деді? – деді. – Басқарма қайнағаң қар ерігенше келіншегіңнің жанында жата тұр, – деді. Әкүл сыңғырап күлді. Келіншектің осы әдемі күлкісі күйеуін бір сәт бақытты етіп жібергендей еді. Екеуі осылай күліп тұрғанда көкбет аяз да қауқарсыз секілді. Аязды күні шиқылдап ашылатын сыртқы есіктен үйлеріне екеуі де күліп кірді. Хат Сейілбектің қолына кешкі апақ-сапақтың кезінде тиді. Атына су беріп, алдына шөп салып, үйіне енді кіре берерде «почта шал беріп кетті» деп шешесі Фатиманың ұстата салғаны. «Қаңғырып жүрген бұл неғылған хат?» деп Сейілбек әуелі конвертке шошып қараған. Сонан соң балалар үйіндегі інісі есіне түсіп, саптама етігін босағаға шешіп, төрге шықты. Үйде жөнді жарық та жоқ еді. Бір мас болғанда шынысын сындырып, шамдарына қағаз қалпақ кигізіп отырған. Дегенмен сол ақ қалпақ шамға төніп келіп отырғанда хаттың «Бірлік» колхозының басқармасынан келгенін білді. Және басқа колхоздың басқармасынан хат алғанына бір сәт таңданды да, конвертті асығыс ашамын деп отырып ішіндегі хатты қоса жыртып алғанын да аңдамай, жыртылған жерді қолымен түзетіп отырып, болмашы жарықпен «Қалқам Сейілбек! Колхоздың қой фермасының бастығы қызметі босап еді. Осы жұмысқа өзіңді лайық көріп отырмын» деген жерге дейін ежелеп әзер оқыса болар ма? Басына қағаз қалпақ кигізген мына шамнан көрген қорлығы-ай... «Осындай маңызды хат алып отырғанымда, жарығың сығырайып... Ой әкеңді... Осы дүниеден шамсыз өтсем де... деп шамын бір теуіп жібергісі келіп отырды да, өзін-өзі тоқтатты. Әттең, ішінде жарты бөтелке арақ болмады. Егер ол болғанда... шамның керәсіні бір жаққа шашылып, сарғайып кеткен қалпағы екінші жаққа шашылып-ақ қалатын жері еді... Ол саптама етігін асығыс киіп, жартысы жыртылған хатты қолына ұстаған күйі көршісі Жұмабек шалдың үйіне қарай ұмтылған. Жұмабектің үйінде жарқыраған ондық шам. Сейілбек шамға жақындап келіп, бір тізерлей отырып хатты асықпай оқыды. – Немене рәйкөмнен келген хат па? Шұқшиып оқыдың ғой, – деді Жұмабек мысқыл араластыра сөйлеп. – «Бірліктің» басқармасынан келген хат екен. – Е, «Бірліктің» басқармасы не депті? – Мал фермасының бастығы қызметі босаған екен. Соған мені қолай көріп... – Немене божбандардан фермабастық болар жігіт табылмай қалып па? – Кім білсін... Сейілбек енді қайтадан босағадағы саптама етігіне қарай ұмтылды. Хатта айтылған мәселе өте маңызды болғандықтан ол бірден жолға дайындалуды ойлаған. – Фермабастық болып кетсең шапағатың тиер ме екен, отырып ет жеп кетсейші, – деді Жұмабек шал да көздерін сығырайта қарап отырып, мысқылдай сөйлеп. Сейілбек аялдамады. Өйткені, қазанда қайнап жатқан бірдеңе болған күнде, оның анық ет емес екенін Сейілбек сезді. Үйіне қайтып кірген бойда келіншегі Адашқа: – Су жылыт... жуынамын. Таңертең жолға шығамын. Сандықтан ақ көйлек-дамбалымды шығар, – деді. – Көк көйлек-дамбалың да жуылып, дайын тұр ғой, – деп Адаш жуас уәж айтқан болып еді, Сейілбек бұқа мойнын жалт бұрып қарап: – Фермабастыққа ақ көйлек-дамбал жарасатын шығар, – деп сөзді біржола кесіп тастағаны. Дауысы күндегі күйеуінің дауысы емес. Аюдай гүжілдеп тұр. – Мақпай қайнағаның (Сақпай фермабастықты айтқаны) орнына ма? – деп еді, Сейілбек шарт кетті. – «30 жылдықтың» фермабастығы болмасам болмай ма? «Бірлікке» фермабастық болсам ше? Әлде, ол жаққа көшкің жоқ па? «30 жылдығыңды» енді желкемнің шұқыры көрсін! Осы кезге дейін үндемей, ақ қалпақ киген шамның жарығымен жүн түтіп отырған шешесі Фатима осы сәтте ғана дыбысын шығарып: – Е, құтты болсын! Божбандардың арасына көшсек несі бар... Оған қуанудың орнына ашуланғаны несі... – деді ернін бір сылп еткізіп. Әрі қарай әңгіме үзілді. Адаш зыр жүгіріп, сырттан шелекпен қар тасып, қазанды толтырды. Мұнысы түн ішінде өзенді қашықсынғаны. Баласы үй ішіне жуынатын болған соң Фатима жүні мен ұршығын көтеріп, Жұмабектікіне кетті. Бозала таңнан жолға шыққан Сейілбек күн шығып, дүние ай-жай болған шақта Ақтайдың диірменіне жетіп те қалған. Жолының өнген себебі – диірменге қатынаған арбалы, аттылылардан сүрлеу түскен екен. Жол қиындығы содан әрі басталды. Ақтайдың диірменінен әрі қарай жортқан тышқан ізі болсайшы. Астындағы аты сауырынан келген қалың қарды кешті де отырды. Жануар бағулы әрі жарамды еді, қозы көш жерге дейін сыр бермеді. Әйтеуір қарсыз ғой деп өзенді кешіп жүрген кезі де болған. Бірақ тасты, ойлы-қырлы өзен іші жүріске қолай болмаған соң, әрі атының табанына таяуда ғана қақтырған тағасының да түсіп қалуынан сақтанып, Сейілбек қарагерін қайтадан қалың қарға салды. Жануар Ержігіттің диірменіне алпа-салпа болып жетті-ау. Қырғызалыға күйеу болған соң, Ержігіт даудырап-ақ қарсы алды. Екі қолын қоса ұсынып амандасты. Қонағына шай қойып, атының алдына шөп салды. Жөн сұрады. – Тасболат ағам шақырған екен, мал фермасы бастығының орны босады деп... – Ойпырмай, қырғызалылар жер-көкті басқармасаңдар болмай ма? Атқа отыруға жарайтын божбандар да баршылық сияқты еді ғой, – деді Ержігіт біржағынан әзілге бұрған болып. Оның «қырғызалылар жер-көкті басқармасаңдар болмай ма?» дегеніне Сейілбек қоқырайып қалды. Сол жер-көкті басқарушылардың бірі – өзі болғалы тұрғанына масаттанғанын да жасырмай, ырсың-ырсың күлген болды. Шайдан соң Сейілбек біраз тынығып, шөп жеп әлденіп алған атына қайта мініп, жолға шықты. Бір жақсысы, «Бірлікпен» аралықта да диірменге қатынағандардың арқасында жап-жақсы сүрлеу түскен екен. Аты қиналмады. Жұлқына тартып, үзбей жүргенде, күн ұясына енді бата бергенде Сейілбекті «Бірліктегі» басқарманың кеңсесіне жеткізді-ау. – Басқарма әлгінде үйіне қайтқан деп алдынан жұпыны киінген, бурыл сақалды кеңсенің қарауылы шықты. Сейілбек ат үстінде аңтарылып қалды. Басқарманың үйіне жетіп баруға бірден тәуекел етпеді. Өзге бір түсетін үйі өзіне ішетін көже тауып бергенімен, астындағы атының алдына салатын шөбі болуы екіталай қоңторғайлау отбасы еді. Ол ат үстінде бір сәт ойланып отырды да, «Неде болса түбі туыс кісі ғой, әрі хат жазып, шақыртып отырған өзі» деп тәуекелге бел буып, басқарманыкіне қарай ат басын бұрды. Басқарма әлі саптама етік, гәлипе шалбар, шолақ тонымен, түлкі тымағын қоқырайта киіп, есігінің алдында тұр екен. Шамасы, үйіне жеткен беті де осы болар. – Оу, таудың қазағы, қайдан жүрсің? – деп Тасболат басқарма мұны көңілді қарсы алды. Сейілбек ішінен бұған да шүкіршілік етті. – Иә, төрлет батыр. Мынадай қыста... мынадай қарда жол жүріп келе жатқан сені батыр демеске де болмас. Сейілбек атын байлап келген соң, екеуі тізіліп үйге кірді. Әйелі де жылы шырай беріп амандасты. Сейілбек саптама етігін босағаға шешіп, төрге шықты. Молдасоқынып отырды. Тасболат та шешініп келіп, мұның жанына жайғасты. – Ал жол болсын? – Әлей болсын... Өзіңіз бір хат жазып шақыртқан екенсіз. Содан жеткенім осы... – деді Сейілбек фермабастық болып алған жандай, басқармадан ыға сөйлеп. – Қайдағы хат? Сейілбек ішкі қалтасынан бүктеулі хатты шығарды. Тасболат хаттың бүктеуін жазып, мұның түнде жыртып алған жерін қолымен түзетіп отырып оқыды. Сосын мырс етіп күлді. – Інім-ау, бұл хатты саған кім жазып жүр? – Қайдан білейін... Өзіңіз ғой... – деді Сейілбек күмілжіп. Әлі де хатты басқарманың өзі жазғандығынан күдерін үзгісі келмей. – Мен саған мұндай хатты қайдан жазамын, інім-ау? Сардар деген мал фермасының бастығы аман-есен жұмысын атқарып жүрсе... Тіпті, сол қызмет ойда-жоқта босай қалған күнде, сені шақыртсам, божбандар мені таспен ұрып қумай ма... «Өз ауылымыздан фермабастыққа лайық кісі таппадың ба?» – деп... Әңгіме осымен үзілді. Бірақ басқарма көкесі Сейілбектің дәл осы келісіне аса ренжімеген де сияқты. Есік жаққа бұрылып: – Ау, әйел қазан көтер, – деді екпіндей сөйлеп. Мына қайның түу-у сонаудан келіп отыр, ағайындарымыздың сәлемін алып. – Ет асылып жатыр. Самаурын қайнап тұр. Қайным ол жақта да бізді мақтап жүреді екен, – деді әйелі де көңілдене сөйлеп. – Е, бәсе-е... – деді Тасболат та енді көңілі біржола бірленгендей. Ет піскенше екеуі ақ бауырсақпен шай ішті. Әңгімеден де ауыздары босаған жоқ. Тасболат ананы-мынаны сұрайды, Сейілбек жауап береді. Әрине, фермабастық қызметі болмайтынға бет бұрған соң-ақ Сейілбек басылып қалған. Дегенмен, қазан көтеріп, алдына ақ бауырсақпен дастархан жайған туысқандық көңіл де оны тым жерге қаратқан жоқ. Басқарма көкесімен тең отырып, қырлы стаканмен арақтан екі тартып жібергеннен кейін, фермабастықтардан кемдігі де болмай қалды. Қарқынмен сөйледі. Лекітіп күлді. Өзін көңілді, әрі еркін ұстауы бір есептен «Тым болмаса, фермабастыққа лайық екенімді байқатып кетейін» деген арам ойының да әсерінен болса керек. Ертелеп шығып, ауылына қайтып келе жатқан Сейілбек өзінің мықтап алданғанын білді. Бірақ тап кім алдағанын біле алмай ғана дал болды. «Менімен осынша ойнап, қалжыңдасатындай кім бар?» – дегенді ойлап, өзеннің бас жағында тұратын бірер жігітті есіне алды. Олардың реті келмейтін секілді. Аяқ жақтағы ауылдарды да ой сүзгісінен өткізді. Таба алмады. Осылай ойнаса жарасар қайнылары таудың арғы бетінде. Мынадай қалың қарда олардың Ынтымақтағы Сейілбекке хат жіберердей мұршалары жоқ. Және мұнымен әзілдеспек түгілі, арқардың құлжасындай анадайдан одырая қарап тұрған қолапайсыз біреулер. Сейілбек енді құрдастарын бөлек сұрыптады. Бас жақта тұратын құрдастары... Олар тіпті қалжыңнан қашықтау жігіттер. Аяқ жақтағы ауылдардан... Рәш анау төсек тартып, ауырып жатыр. Сау болған күнде де оның біреумен дәл осылай ойнай қоятын әдеті жоқ. Қалтай... Сағымбай... Сағымбайды есіне ала беріп, Сейілбек іркіліп қалды. «Айтпақшы, ол оқуын бітіріп, үйінде жатыр екен-ау» деп бір қойды. Сосын оның жұмысқа орналаса алмай, үйінде зерігіп жатқанын да ескерді. Мынадай хатты жазу әрине, оның қолынан келеді. Келгенде қандай! Кешегі соғыс кезінде мектепте оқып жүріп-ақ талай келіншектің әскердегі күйеулеріне хат жазып беретін. Сонда жаз кезінде жанында бидай орып, пішен баулап жүретін Сейілбек сияқты маубастарға «Хат жазып бергенім үшін ана келіншек белінен құшақтатты, мына келіншек бетінен сүйгізді» деп мақтанушы еді-ау. Осылай ойлай беріп, Сейілбек қойнынан хатты шығарды. Хаттың алғашқы жолдарын оқи бере-ақ есіне әлдене сап ете қалғандай меңірейді де қалды. «Мынау Сағымбайдың қолы ғой. Мектепте бір класта оқыды. Тіпті, бір партада отырды. Осылай маржандай етіп, сұлу жазатын. Одан өзге балалардың бірде-бірі бұлай жаза алған емес. Курста оқып жүрген кезде де ол дәл осы жазуымен Сейілбекке хат жолдаған жоқ па еді? «...Сенің фермабастық, мен бас бұғалтер болатын күніміз де жақындап қалған шығар», – деп... – О, аузыңды ұрайын, суайт... Сайқымазақ! – деді бір кезде Сейілбек хаттағы жазулардан әлі де көзін алмай отырып. «Сол ғой... Со-ол! Бәсе дұшпан алыстан келмесе керек-ті...». Осылай ойлаған бойда ол атын тебінді. Дәл қазіргі ашуымен Ескі мектептегі ауылға жетіп барғысы келді. Атынан түспестен қамшысының тобылғы сабымен Сағымбайдың терезесін ұрып, сыртқа шығарып алып, қамшымен арқасына... құйрығына шықпыртса жараса ма, әлде қалың қарға аунатып, сол құйрықты саптама етігімен тепкені дұрыс па? Қапелімде жанында ақыл қосар да ешкім жоқ... Әлгі екі тәсілдің қайсысы оңтайлы екенін анықтай алмай айдалада келе жатып алақтап сасқаны-ай! Ойпырмай ашудың да қысқаны-ай... Өзін жұрт алдында әжуа қылатын осындай айла тапқан Сағымбайға бір ашуланса... осы хаттағы жазуларға абайлап қарамаған, дұрыстап ойланбаған өзінің аңғалдығына екі ашуланды. Сосын бірауық соғысқа қатынаспай-ақ раный болып, ақ қалпақ киіп отырған үйіндегі жетілік шамға да жыны келді... «Қалың қарға жығып салып, менің құйрығыма тепкілейтін адам болсашы... Шіркін-ай, аяғымдағы саптама етігімді өзіне шешіп-ақ берер едім... күш алып тепкілеуі үшін осыны киші деп...». Ол осылай да ойлады, өзіне-өзі кіжініп отырып. «Мына әңгіме ертең-ақ бүкіл Ынтымақ ауылына... өз ауылымызды да қойшы... «Бірлік» колхозына... одан әрі көрші колхоздарға да тарайды-ау. Бір ауылға қыз берген, бір ауылдан қыз алған... Әйтеуір, өзін білетіндер, өзін білмесе де ауылын білетіндер, ой жырқылдайтын болды-ау. Бір-екі қыс өтіп, әңгіме ескіргенше ауылдан шықпай жататын болдым-ау, масқара-ай!». Бұл жолы Ержігіттікіне түскен жоқ. Өйткені кешелі-бүгін басынан өткеріп келе жатқан оқиғаны естісе, Ержігіттің өзеннің екі бетіндегі жартастарды жаңғыртып, қарқылдап күлетіні анық еді. Өзі ғана күліп қоймай, диірменге күндіз-түні тынбай қатынап жатқандарға қанша жырларын кім білсін. Астындағы қарагерді алпа-салпа терлетіп, Ақтайдың диірменіне де жеткен. Бірақ бұл үйге де түспеді. Неде болса өз үйіне жетіп, атының басын бір-ақ тартпаққа бекінген ол кешке дейін нәр татпай, қарнының ашқанын да, аттың шаршауын да елең-құлаң етпеді. Тасболаттың әйелі таңертең таба нан мен бір кесек етті газетке орап: – Қайным, қойныңа тығып ал, жолда қарның ашады ғой, – дегенде намыс қылып алмап еді, бір жағынан фермабастық болмасам да, фермабастықтыққа лайықтылығымды біліп қалсын» деген далбаса оймен. Енді сол қияңқылығына өкінгендей болды. Алдымен Ескі мектепке соғып, Сағымбайдың үйінің терезесін қамшысының сабымен қағып, сыртқа шығарып алмақ болған ашуын да кейінге қалдырды. Ол әрекетін де, ана ауыл, мына ауылдағы іші пысып жатқан үлкен-кішілерге бір жыл, екі жыл күлкі болатынын да анық сезді де «Неде болса әуелі ашуымды басып алайыншы» деген сабырлы ақылға тоқтаған. Кешкі алакөгімде мал қорасының жанында атынан түсе бергені сол еді, Жұмабек те іргелес мал қорасында сиырларына шөп салып, күйбеңдеп жүр екен. Бұрылып қарап тұрып: – Тентектен тез хабар деген... Барғаныңнан келгенің жылдам болды ғой. Фермабастық болатын дүкіметтеріңді ұмытып кетіпсің бе, шырағым? – дегені. Сейілбек үндемеді. Дәл осы сөзді қатары, әлде өзінен сәл кіші біреу айтса, қолындағы қамшысымен патырлатып сабап тастауы да кәдік еді... Әттең, жасы үлкен. Оның үстіне ауылға сыйлы кісі. Үндемеген күйі атын жетелеп, қораға кіргізіп, белдеу ағашқа байлады да, аяздап жатқан қарды қарш-қарш басып, үйіне қарай жүрді. Бойындағы ашу да сол қарш-қарш еткен қар секілді. Әттең, сыртқа шығаруға себеп жоқ. Шама да жоқ. Өзі дел-сал болып екі күнгі жүрістен әбден-ақ шаршаған. «Шіркін, тап қазір бір бөтелке арақ болса ғой» деп ойлады ішінен. «Екі бөтелкесі табылып жатса, тіпті қанеки...». Бірақ бұл ойы да фермабастық болудан гөрі орындалуы қиындау бөстекі арман еді... Рәштің атына жазылған хат екі күн жол жүрді. «Жолдан мен бере кетейін» деп пошташыдан алып, қалтасына салған Мұса деген кісі жол-жөнекей бір үйден жүгері нанмен шай ішіп, екі үйден айран қатқан көже ішіп, арада бір қонып алғанда, қалтасында жүрген хат әлденеше бүктелді, умаждалды. Тіпті, бір үйде сол хат Мұсаның қалтасынан түсіп те қалып, «Сізден қалған болуы керек» деп соңынан әлгі үйдің баласы қуып-жетіп берген кезі де болған. Дегенмен, хат ақыры жетер жеріне жетті-ау. «Мұса жәкем беріп жіберіп еді» деп ертеңгілік қоңқақ мұрын қара бала хатты әкеліп, қазанға су жылытып жатқан Рәштің келіншегі Бейбіттің қолына ұстатқанда, Рәш төрде төсекте жатқан-ды. Бірде мал доғдырға, бірде адам доғдырға көрінгенде, әуелі сарып деген кесел деп еді, кейіннен безгектің бір түрі екен деп шешті. Олардың берген дәрілері де шипа болмай-ақ қойғаны. Доғдыр деп аттарын дардай етіп жүргендері де, ауыл фельдшері, Қазалы техникумын тәмамдаған мал дәрігері дәрежесіндегі біреулер-тін. Аудандық ауруханаға кетпек болып, түйініп, киініп отырғанда мынадай қар жауып кетіп, жол қатынасының үзіліп қалғаны. Қанша айдан бері ауру бағып, шаршап жүрген Бейбіт әуелі хатқа аса мән бергісі де келмей, умаждай ұстаған. Пешке толтырып отын салып, ол отыны гүрілдеп жанған кезде қолдан істелген ағаш орындыққа отыра беріп, қолындағы хаты есіне түсіп, үңіліп қарағаны. – Ұйбай-ау, мына хат саған әйелден келіпті ғой, – деді Бейбіт «Гүлайна» деген жазуды аңдаған кезде ернін бір сылп еткізіп. Тағы да Қазалыдан жазыпты, – деді таңданып. Өзін ауру меңдеп, қарадай ентігіп жатқан Рәштің бұл сөздердің ешқайсысына да мән берер халі жоқ-тын. Бейбіт хаттың аман-саулықпен басталған тұстарын сабырмен-ақ оқыған, тіпті ғашықтықтың от-жалынына оранған сөйлемдерге де шыдап баққан. «Өзіңнен туған Ғаламат деген бала қазір біржарым жаста» деген жерде шыдай алмады. – Әй, сенің Қазалыда әйелің, одан туған Ғаламат деген балаң бар екен ғой, – деді төсекте бетін іргеге беріп, ыңқылдап жатқан күйеуіне. Рәш үндеген жоқ. Бірақ жүзін әйеліне қарай бұрды. – Сол әйеліңе «қаракөлден ішік тіккізіп беремін» депсің ғой. – Қайдағы әйел? Қайдағы бала? – деді Рәш ентігіп. – Е, мына хатты оқы. Шынымен ұмытып қалсаң, есіңе түсер. Келіншегі лақтырып тастаған хат Рәштің көрпесінің үстіне түсті. Бірақ Рәш хатты ұстаған жоқ. – Мен қарық болыппын да, сол әйелің қаракөл ішік кие алмай қалыпты ғой.Ойбай-ау, сен Жаңақорғанның ауруханасын қайтесің? Қазалыға тарт! Шығыс жағы әктеліп, батыс жағы әктелмеген тамға үш түнесең, жазылмаған нең қалады? Рәш енді ашуланды. – Ішігің не сенің? – Оны келген хаттан оқы. – Әктелмеген тамың қайдағы там? – Қазалыдағы келіншегің ғой бәрін айтып отырған. Рәш жан-жағын қармана бергенде, қолына іліккені дәріден босаған бір бөтелке еді. Енді соны келіншегіне сермей берейін деп, кеудесін көтере бергенде, басы жастыққа сылқ құлағаны... Сағымбай бұл әңгімелерді көп ұзамай-ақ есітті. Ана ауылдың да, мына ауылдың да айтып жүргендері өзі жазған хаттардың әлегі екенін біліп, әсіресе Сейілбектің әуре-сарсаң сапарына қыбы қанған. Үйінде жалғыз өзі отырып, жынды адамдай кеңкілдеп күлген. Бірақ өзінің кесірінен Рәш құрдасының өлім аузынан қалғанына қысылды. Айтушылар сол оқиғаны баяндаған тұста қызарақтап отырды. Өкінді де. Арада әлденеше күн өткенде Ескі кеңсе ауылында тұратын Темірбек деген ақсақал дүние салды да, қырғызалылардың бас жақ пен аяқ жақтағы үлкен-кішілері түгел сонда жиналды. Ескі мектептегілер де бір қауым ел болып, көңіл айтуға барған кезде, көрісуге қатар тұрғандардың ішінде Сейілбек те бар екен. Сағымбай да өзгелер қатарлы Сейілбекпен құшақтаса бергенде, Сейілбек келісаптың басындай жұдырығымен мұның ішіне екі түйгені. – Көрге мына шалмен қоса түсірейін бе, аузыңды... Аюдай денелі Сейілбек, бітімі нәзік Сағымбайды көрге түсірмесе де жерге сұлатып салардай қайраты бар-ды. Соны білетін Сағымбай жуаси сөйлеп: – Шалмен бірге жатқаннан мен қор болмаспын, бірақ өзіңмен дұшпандай ойнап, достай табысып, құшақтасып тұратын құрдасыңнан айрылып, аспанға қарап ұлып қаласың ғой. Сонда шын сорлайтын сен боласың-ау. «Сағымбайым керек болып жатыр... Ауыл арасына хат жазатын да ешкім қалмаған екен...» деп көрді қайта қаздырып, шалдан оңбай таяқ жейсің ғой. Осыны бір ойладың ба? – деді толқып әрі күліп сөйлеп. «Денелі жандардың жүрегі жылы болады» деген сөз тап рас екен-ау. Сейілбек өкіріп жылап жібергені. Сосын Сағымбайды қайта құшақтады. Былайғы жұрт ойлады «Сейілбек Темірбек шалдың өліміне жылап тұр екен» деп... Құрдасының неге жылап тұрғанын Сағымбай ғана іштей білді. Білгендіктен өзі де көзіне жас алып кемсеңдеп қалды. Бірақ сөйтіп тұрып-ақ болмысындағы азды-көпті жағымсыздығына бағып... «Сейілбек екеуміз қосылып осынша жылағанда Темірбек атамыздың да риза болмайтын не жөні бар» деп ойлады. Ауданның таулы өлкесіне қалың қар түскелі бері аудандық партия комитетінің екі рет бюросы болып өткен. Бірінші бюрода малдың қысқы қамы жайлы мәселе қаралғанда «қалың қардың жауатынын алдын-ала біліп, бар малын сыр бойына түсіріп, аман сақтап отырғаны үшін «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоздың басқармасы Исабай Үсенбаевқа алғыс айтылды да, екінші бюрода аудан халқының әлеуметтік жағдайы қаралып, «Жарығы жоқ, радиосы жоқ, рациясы істен шығып, Совет өкіметінен бөлек өмір кешіп, басқарған колхозының әлеуметтік тұрғыдан артта қалып отырғаны үшін» деп Исабай Үсенбаевқа қатаң сөгіс жарияланды. Сын айтушылардың соңын ала сөйлеген Исабай аудандағы бірнеше колхозды, мекеме, мектептерді өз ауылдастарының басқарып отырғанын арқаланып: – Жолдас бірінші хатшы, біздің колхоз қанша артта қалса да, колхоздарға басқарма іздесеңіздер бізден аласыздар. Мектептерге директор іздесеңіздер, мекемелерге басшы іздесеңіздер бізден табасыздар. Осы отырғандардың ішінде фермабастықтарды да бізден іздеп, мазамызды алып жүрген жолдастар бар. Әділіне келсеңіздер біздің колхозға, аудан шаруашылықтарына, мектептер мен мекемелерге сапалы, басшы кадрлар әзірлеп бергені үшін тағы бір үлкен алғыс тиесілі еді, соны қимадыңыздар. Осыған өкпелімін. Өзгесі дұрыс. Кемшіліктерімізді мойындаймыз, – дегенде бюро мүшелері жарыла күліпті. Бір шетте отырған «Бірлік» колхозының басқармасы Тасболат Жанпейісов жуырда ғана өзіне келіп кеткен Сейілбек Бұхарбаевты есіне түсіріп, күлкісін тия алмаған соң, өзгелерден қысылғанынан дәлізге шығып кетіпті. Бюроны басқарып отырған аудандық атқару комитетінің төрағасы Зұлпықар Мұсаханов та іс үстінде қатал болып көрінгенімен заты ақкөңіл кісі еді, ол да еріксіз мырс-мырс күліп, бюро тарқай бергенде Исабай Үсенбаевтың арқасынан қағыпты. – Осы уәжіңіз үшін де бір алғыс сізге тиесілі! – деп. Бұл Жаңақорған аудандық партия комитетінің соғыстан кейінгі тарихындағы соңы күлкімен біткен бірінші бюросы екен...
adebiportal.kz