- Негізгі бет
- Проза
- Түнгі әңгіме...
Түнгі әңгіме
(Аяулы бауырым Ыбырайдың қарындасы Шәкураға арнаймын)
Адамның кейде темекінің түтініне тұншығып отырып, темекінің иісінің өзін күнә, жиіркенішті сезетін кезі де болады екен-ау.
Бірінші темекі тұтанды…
Биылғы Текес жағасы былтырғыдан да жұтаң, жүдеу сезілді. Менің пойызда отырып аңсағаным бұл еместей, бала кезден таныс орта тым жат. Арнасы да бұрынғыға қарағанда ары аунаған Текес өзенінің аяғы буылып тастаған.
Ағаммен бірге телевизор қазанын орнатуға екінші бір қыстаққа тартқанбыз. Көздеулі жерге де жеттік. Қақпаны бізге ағаммен қарайлас әдемі әпке ашты. Өзімше жымиып бас изедім, бұл менің амандасқаным, бұл менің жатсынып ұялғаным еді.
Жұмыс арасында әпкеміз бір-екі рет шығып, біздің ісімізді таңсық көріп, келіп қайтты. Мен ағамның жанарының оның жанарымен қайта-қайта түйісіп, күрсіне бергенін сезіп қалып тұрдым.
- Сөйлесеңізші деймін. (Қалжыңдаса беретінбіз)
- ?!
- Бірдеңені әкел деп сылтауратсаңыз да…
- Ол сөйлей алмайды.
- ?!
- ?!
Темекі әлде қашан сөнген екен…
Мен сол күні, мен сол түні аспанға ұзақ-ұзақ телмірдім. Соншалық көркем, соншалық сұлу және сондай үнсіз. Мен бірінші рет үнсіздіктен сұлулықты сезіндім. Ауылдың аспанының мұндай сырын сезінген болсам, мен Текесті емес, аспанды аңсағандай екем.
Мен сол күні, мен сол түні далада түнедім…
Аллам маған бұл түні керемет, ғажап үн сыйласа деп тіледім.
Түн ортасында бір әдемі үн естідім, әрине, өз үнім емес, ән… ән… махаббат… сезім… Мен бұл үннің әпкемнің үні екеніне шек келтірмедім, шексіз иландым…
…ұйықтап кеткенімде Ай маған үнсіз басын изеген еді.
Темекімнің тұқылын күмәндәна мыжи салдым.
… Екінші темекім тұтанды…
Демалыс кезінде үйдің әлдебір ісіне көмектескенімде кереметтей сергіп қалушы едім, бүгін де солай, сиырларды Текеске қарай суға айдадым, кең қыстақты тең екіге бөліп тастайтын жолға дейін апарсаң, олар өздері барып, қораға өздері қайтып келеді. Олар ақылды ғой.
Енді үйге қайтайын дегенімде, бала кезден бірге өскен досыма кездесе қалдым, аман-сәлем, аз әңгіме айтыстық, бірақ, мүлдем жат. Тоғысар бір нүкте жоқ. Мен құлази бастадым. Айналамдағы әдемі де ретті кесек үйлер де, досым да, бәрі-бәрі де жанарымнан сөніп кетті… Тек анау бізге нағашы болып келетін, жалғыз бас кемпірдің аласа да, қораш там үйі жақын, жылы сезілді.
Темекімді терек бір сордым…
Мен кішкене кезімде осы қыстақ тегіс топырақ үй еді, онда қай бір үйге ағаш атпен шапқылап жетсең қызу ықыласпен өз құшағына тарта жөнелетін, үй иесі атаңды бір сыбап алып еркелететін де, шешелеріміз бір үзім нанын, әйтпесе, қалтасындағы бір тойдан алған кәмпитінен бір талын ұстататын, қаншалықты тоқ болсаң да, құрғақ нанды былш-былш шайнап, ағаш атпен құйындатып, екінші бір үйдің еркелерін ойынға іздеп шаба жөнелесің. Егер бірнеше шешелеріміз бірігіп қант қайната қалса, ол біз үшін той болатын.
Ал қазір, көршілердің арасында әрбір үйде келіскен темір дарбазалар, олар сұғанақ иттерден, жұлымыр сиырлардан қорғап қалмастан, адамдар арасындағы сыйластық пен жақындықтың қақпасы.
Темекіден тағы бір сордым.
Мен күйдірілген кірпіштен зеріккен едім. Ана нән қаланың тас еденінен, зәулім ғимараттан, мынау көркем де ретті керпіш үйлерден…
Алла күнәлілерді тозақта күйдіреді дейді адамдар.
Адамдар топырақ.
Топырақ күйіп жатыр…
Мен жалғыз басты кемпірдің үйіне қарай тарттым. Онда барлығы да бар шығар, ол кісіге ондағы барлығы да жұтаң шығар, бірақ…
Менің темекім тағы сөнді, үшінші темекім тұтанды…
Апамның әңгімесі: Айда бір кемпір болады, ол әрбір айға тігіліп қараған адамдардың кірпігін санайды, кімнің кірпігі саналып болса, оның ғұмырының нүктесі қойылады.
Ағам той қылған…
Мен әпкемді іздеп бардым, біз әңгімелестік, ол жанарымен сөйлей алады екен. Құдды жұлдыздар секілді…
- Әпке, тек Періштелер ғана сөйлемейді, ә?
- Мен Періште емеспін…
Көктен кемпірдің үрейлі де қырылды үні жетіп жатыр. Он… Он бір… Он екі…
- Әпке, ағам той қылды.
- …
- Сіз не тілер едіңіз?
- Ештеңе, ештеңе де емес.
Ол Айға тік қарай алады. Мен де бірінші рет қорықпастан айға тігіліп қарадым. Жиырма бір… Жиырма екі… Жиырма үш…
Мен әпкемді бір-ақ рет көргем, қалғанын түсімде көрдім.
Бүгін түн, көктемнің тұнық түнінде, қала төбесінен ұшып бара жатқан, қатар-қатар құстарды көрдім. Олар алжасқан шығар…
Мен тағы да Айды көрдім. Ол жақтан бір кемпірдің үрейлі де ғырылды үні жетіп жатыр. Елу жеті… Елу сегіз… Елу тоғыз…
Мен Айға тік қарадым.
Айналам темекінің түтіні.
АҒАҢ
Авторы: Қамет Нұрбазарұлы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: woman.ru
M. Auelkhan