Толымбек Әбдірайым балалар жазушысы, 1955 жылы 12 қыркүйекте Семей облысының Аякөз қаласында туған. 2006 жылдан бастап ҚР Мәденит және ақпарат министрлігіне қарасты Жас өркен жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астанадағы өкілетті өкілі. Алғашқы әңгімелері мен очерктері 1970 жылдан бастап газет-журналдарда жарияланып келеді. 1988 жылы Елегізу атты әңгімесі Арман қанатында жинағына енген. Бірнеше Құрмет грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталған. Еркешора, Балауса, Мақтаншақ сары сағат т.б балаларға арналған кітаптары жарық көрген. *** Жазда көрші аудандағы нағашы ағасының үйіне барған Сәдібекті үй іші құшақ жая қарсы алды. Оның төртінші сыныпқа бестік бағамен көшкенін біліп, тіпті қуанды. Шаруа қожалығында агроном болып істейтін нағашысының үйін көрген кішкентай жиені таң қалды! Бойлары аспанмен таласқан ағаштар қандай көп! Бейне саябақ! Құр талдар емес, жеміс-жидек ағаштары мен рет-ретімен отырғызылған көкөніс қатары қандай көркем! Бұлардың ауласы ондай емес. Кәртөптен басқа ештеңе өспейді. Мынадай әдемі талдардың бірде-біреуі жоқ. Күн ыстық. Өзенге шомылып келген балалар сусын ішіп, шөлдерін басқан соң, ауладағы ағаштардың көлеңкесіне кеп отырды. Саясы салқын! Сәлден соң ағаш басындағы жапырақтар сыбдырлап жел соқты. Жан жадыратар самал жел. Ой, қандай тамаша! деп қуанды мейман бала. Оған неге таңданасың? деді өзімен тетелес нағашы ағасының ұлы Темірлан. Желді айтам... Қатты ыстықтап едім... Мәуелі ағаштардың көлеңкесі ғой салқын әкелген. Оның рас. Сендерде ондай емес пе? Жеміс ағаштары жоқ па? Мәселе сонда ғой... Біздің үйдің маңайы жалаңаш, бір тал ағаш жоқ. Екпейсіңдер ме? Әлде су жоқ па? Борылы өзені таяқ тастам жерде, үйдің қасында құдық та бар. Ағаш өсіруге болады. Құр тал емес, жеміс-жидек ағашын отырғызған ләзім. Айтқаның жөн! Қай кезде еккен дұрыс. Дұрысы көктемде отырғызыңдар. Күнде қарап, суғарып тұрсаңдар болғаны. Жеміс ағашы аялап күткенді қалайды. Көшетті қайдан аламын? Кетерде бір-екі тал алма, шие, қарақат, қызылқат ағаштарын ала кет. Қурап қалмай ма? Қурамайды, сенің көкең Нива машинасымен келеді ғой. Балапан көшет ағаштарын тамырымен қазып, қапқа салып жақсылап байлаймыз. Аздап үстіне су құямыз. Ауыл арасы үш-төрт сағаттық жер ғой, дәнеңе етпес. Бара сала бірден отырғызыңдар. Бәлкім қар жауып, қыс түскенше ілігіп кетер. Рахмет! - деді Сәдібек қуанып. Ағаш отырғызу үлкен сауап, дейді атам. Үйге оралған Сәдібек ертеңіне өзімен әкелген жеміс-жидек көшеттерін аулаға апарып отырғызды. Темірланның айтуы бойынша топыраққа қойдың көңін қосты. Күнде кешке таман суғарып, қарап, маңайынан ұзамайтын болды. Ол бұл ісін ерекше сүйіспеншілікпен орындады. Арасында күбірлеп, жеміс-жидек көшеттерімен сөйлесіп қояды. Қарашада жауған қарға дейін Сәдібек отырғызған көшеттер кәдімгідей көктеп, іліккендей болды. Ал ақ ұлпа тобықтан аса жауғанда алма, шие, қарақат, қызылқат, таңқурай ағаштары түбін қармен жауып тастады. Сәдібек көктемді тықырши күтті. Қыста ғаламтордан өзі отырғызған жеміс-жидек ағаштарын қалай бағып-қағуды, күтуді оқып сауатын ашты. Бақшамен айналысу жатқан бір ғылым екен. Әр ағашқа жеке-жеке дәптер арнады. Сөйтіп, қар кетіп, күн жылынысымен көшеттерін баптауға құмбыл кірісті. Ұқыптылық, өз ісіне ыжлаһаттылықпен қарау нәтижесін берді. Сәкеңнің жеміс-жидектері көктеді. Бойлары да аз-аздан биіктей бастады. Көз қуаныш. Үлкен істі үндемей тындырар болар, деген мақалды бір жерден оқыған Сәдібектің мейманасы тасыды. Мақтануға болмайды. Уақыт көрсетер. *** Арада бірнеше жыл өтті. Сәдібек отырғызған ағаштар жеміс бере бастады. Шілде айында қызарып құлпынай шығады. Одан соң қарақат, қызылқат, таңқурай піседі. Алма ағашы ғана жеміс бермей тұр. Оның да бірер жылдан соң қызыл алмасын жейтін кез келер. Сәдібектің ата-анасы мен кішкентай іні-қарындастары дән риза. Олар да ағаларының қасында көмектесіп, мұрындары пысылдап жеміс жинап жүргені. Тергенінен жегендері көп. Ыстық суға дұрыстап жуып барып жеңдер, - деп қояды Сәдібек бар болғаны. Ахмет ағаның жайқалған бақшасын көрген көрші-қолаң мен ауыл адамдары бұлардан көшет сұрап алатын болған. Қайдан алдыңдар деген кісіге құдды келісіп алғандай: Сәдібектің саябағынан, дейді бір ауыздан.