Төлен Әбдік. Бір күндік ашу(әңгіме) #1

Төлен Әбдік. Бір күндік ашу(әңгіме) #1

Қайсыбiрде ойлап отырсаң, адам өмiрiнде бiр-ақ рет оңбай қатты ашуланатын тәрiздi. Өйткенi, өмiр бойғы қуаныштар мен ренiштердiң iшiнде қайткенде де бiреуiнiң шоқтығы биiк болып қалатыны анық қой.

Совхоз құрылысына машинамен су тасып жүрген Ордабек бұдан бұрын талай ыстық-суықты басынан өткерсе де, бүгiнгi ашуын осындай бiр-ақ рет болатын оқиға деп ұққан едi. Бүкiл көңiлiн жанашыр аяныш сезiмi мен өшпендiлiк сезiмi қатар билеп, iштей бiр күйзелiске енген.

Нәрестедей уылжыған аңқау, үндемейтiн Айгүлдi мәңгiлiк сәбидей көретiн. Баланың өсуi деген мүлде көзге көрiнбейтiн дүние ғой. Әйтпесе, онжылдықты былтыр бiтiрген, қазiр кiтапханада iстейтiн Айгүлдi тап Ордабектiң пiкiрiндегi Айгүлмен теңестiруге ешкiмнiң келiспейтiнi сөзсiз. Шынында, ол соқтауылдай қыз. Бiрақ мұны айтқан адамды Ордабек барынша ұятсыз, ардан безген бiреу деп бiлер едi. Ордабек қарындасымен көп сөйлеспейтiн.

Өмiрiнде жақсы көретiнiн айтып, еркелетiп көрген жан емес. Алайда, өзi үндемеген сайын, қарындасын iштей аялай түсетiн.

Ал бүгiн төбесiнен жай түскендей:

– Жұмысқа келген студенттердiң бiреуi Айгүлге сөз салып жүр екен, – деген хабарды естiгенде табиғатында жоқ бiр долылықпен түтiгiп, тiптi жыларман халге келдi «Бұл масқара ғой! Кiшкентай баланы...» дедi әрi ойлауға батылы жетпей. Осыны ол шүпiлдеген құдықтан кеңiрдек секiлдi жуан шлангамен су сорғызып тұрып та, рөлде отырып та, құрылыс iргесiндегi үлкен астауға су құйып тұрып та басынан екi елi шығара алмады. Адамдар мұнша арсыз болады деп ешқашан да ойламаған-ды. «Оның ойында не бар әлi? Түк жоқ... бала... Соған сөз айту деген...». «Сөз айту» деген тұсқа келгенде Ордабек өз ойынан өзi ұялып, қызарып кеттi, iле-шала ол қып-қызыл ашуға айналды. Шланганы көтерiп алып, машинаның белiнен асыра бар күшiмен лақтырып жiбердi.

Күн шыжып тұр едi. Көлеңке ұзара бастаған кез. Кеудесiне дейiн жалаңаштанған майысқақ жас жiгiт жотасы жылтырап, көлбей қойылған тақтай бойымен шелектеп лай тасып барады. Балшық араластырып тұрған толық әйел кетпенiн құрғақ жерге сұлата салып, көлеңкедегi шелектiң ернеуiнен тiзерлей отырып су iштi. Түрегелiп, шолақ қамзолының астарымен аузын сүрттi де, қайтып келiп, кетпенiн алды.

– Әй, Ордабек, – дедi айғайлап, – астау толды, кiдiре тұр ендi.

Ордабек машинасының көлеңкесiне отырып, қалтасынан папирос алды. Ыстықтан жiпсiген маңдайын жеңiмен ыса салды да, кiржиiп, жұмыс iстеп жатқандарға қарады.

Шылымын тұтатып, бiр жамбастап, қолымен жер тiрей отырды, кiшкенеден соң көкпектiң ескi түбiрiн жұлып тастап, сол орынға шынтақтап қисая кеттi. Тұла бойын құрыстатқан бiр жын әлi тарқар емес. «Сендердi ме, – дедi кенет ызадан сұп-сұр болып. – Көрсетермiн мен сендерге, тұра тұр!» Қолдары қалтырап, қазiр төбелесетiндей, басын көтерiп алды.

Кiрпiш үйдiң тасасынан шыға келген жуан қарын диспетчер:

– Ордабек-ай, – дедi қырылдай сөйлеп. – Менi үшiншi фермаға апарып келесiң бе?

Ордабек үндеген жоқ.

– Жоқ, кешке қарай, саған қазiр апар деп тұрғам жоқ қой.

Ордабек бұған да жауап қайтармады.

– Ей, тiлiң байланып қалды ма, кiмге айтып тұрмын? – дедi ендi ол кейiп.

Ордабек басын шайқады.

– Уақытым жоқ, – дедi диспетчер кетiп қалғаннан кейiн.

Алдындағы селдiр шағырдың бiр талын сындырып, өзi де байқамастан, аузына салып тiстелей бастады да, ащы дәмiн сезiнiп, лақтырып тастады. Жарты сағаттан кейiн самарқау орнынан тұрды. Шаң-шаң болған шалбарын екi қолымен кезек-кезек қағып, маңдайына түскен кепкасын шалқайта нығыздап киiп, рөлге отырды. Бұрын да көп сөйлемейтiн Ордабек кешке дейiн осылай ешкiмге бiр ауыз тiл қатқан жоқ.

Кешкiлiк жұмыстан шығысымен, түнделетiп совхоз орталығындағы үйiне келдi.

Жалғасы

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: massaget.kz

M. Auelkhan