Трумен Капотенің атақты "Тиффанидегі таңғы ас" повесінің соңғы өзгерістер енгізілген түпнұсқасы Sotheby's бәссаудасына қойылады. Онда автор бас кейіпкерді алдымен Конни Густафсон деп атап, кейін өзіміз білетін Холли Голайтлиге өзгерткен. Одри Хепберн сомдаған сүйкімді арудың алғашқы есімі өзге болғаны осы күнге дейін беймәлім болып келді.
Бәссауда үйінің кітаптар бойынша сарапшысы Габриэль Хитон повесть кейіпкерінің Холли Голайтли аталуы комедиялық шығармаға сән беріп тұрғанын айтады. Яғни, автор тарапынан ұтымды түзету болған. Оның ойынша, сонау Техастан Нью-Йоркке күйеу іздеп келген қыздың есімі Конни Густафсон күйінде қалғанында шығарма жеңіл атмосферасын жоғалтып, тым реалистік қалыпқа енетін еді. Оның үстіне, ағылшын тілінде Holly Golightly жанама мағынаға ие. Мұндағы holly есімі holy сөзімен бірдей дыбысталып "пәк", "періште" деген мағынаға келсе, ал Golightly дегенді go lightly, яғни, "жолы болғыш" деп аударса болады.
Капоте шығарма мәтініне стилистикалық, тіпті, пунктуациялық та өзгерістер енгізген екен.
Повест жалпы саны 93 парақтан тұрады. Осыған дейін ол жеке архивте сақталып келген. Суперлоттың бастапқы құны £120-180 мың деп бекітілген. Сауда 28 шілде күні өтеді.