Советбек Дәния. Отаным, саған айтамын

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Советбек Дәнияның шығармасын ұсынамыз.

Советбек Дәния Жәнібекқызы 1998 жылы 12 тамызда Жамбыл облысында дүниеге келген. Алматы қаласы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің 3 курс студенті.

***

Мына бір қызықты оқиғаны тілге тиек еткім келіп отыр, Отанымызды Корей халқына таныстыру мақсатында шағын презентация жасаған болатынмын. Презентацияда еліміздің ұлттық тағамдары, киім-кешегі, аспаптарымыз бен қатар ғажап табиғатымыз туралы қамтылған болатын. Конференцияда жиналған ұлттар біздің қазақ халқының мәдениетіне тамсана қарады. Ең бір қызығы, сондағы екі кәріс досым біздің елге саяхаттап барып, өз көздерімен сондай тамаша табиғатты көргілері келіп, менімен бірге Қазақстанға жол тартты. Табиғаты тамаша, жер шоқтығы атанған Көкшетаудың ең бір әсем, жанға шипалы өңірі Бурабайға екі кәріс досымды алып жолға шықтық. Кенеттен олар көлікті тоқтатуымызды сұрады, мен ішімнен бірнәрсе көңілдерінен шықпай қалды ма деп уайымдасам, керісінше олар мынадай тегіс кең даланы бірінші рет көріп таңқалып жатыр екен. Расымен, біздің қазақтың даласын көріп таңғалып жатты, ал біз керісінше теңіз немесе кемелерді көріп таңғалып жатамыз ғой, әдетте. Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9 орын алатын болсақ, ал Корея 109-шы орынды алады екен, ол жақта жер көлемі тар және айналасы теңіз болып келеді. Ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған жерімізді, кәріс достарым таңғалып, мақтап жатқан кезде, еріксіз көзіме жас алдым. Ең қызығы, кешке қарай күн батқан кездегі көріністі көріп, таңғалды. Сеулдегі тұрғындар күннің батқан көрінісін зәулім ғимараттардың салдарынан онша байқай алмайды, сондықтан бұл көрініс те олар үшін таңданыс тудырған болатын. Өзге елде жоқ өзгеше жаратылыс, Отаныммен осылай мақтанамын.

“Отаным, саған айтамын,
Адамгершілік жайында.
Салмайын сары уайымға,
Адамдығымнан айырма!
Сен үшін, Отан, сертім сол —
Неден де болса тайынбан!
Бөрі де, Отан, сен үшін!
Мәуелеп тұрған жемісім,
Еселеп жатқан жеңісім —
Бәрі де, Отан, сен үшін!
Біреуге берсең жең ұшын,
Беремін мен де жең ұшын.
Бермесең өзің келісім,
Бермеймін мен де келісім!
Кіндігім мәңгі байланған,
Киелі менің өрісім!”, – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, бәсекеге қабілетті, кеудесінде отанға деген махаббаты жалындап тұрған жастарымыз барда, еліміздің іргесі кейін емес, көркейе түсуі кәміл.