Бұл оқиға – өткен мен бүгіннің сабақтастығы туралы.
Сиэтл. Анна Кэллоуэй есімді әйелге хат келеді. Хатта 70 жыл бұрын Бора-Бора аралында болған қайғылы оқиға жазылған. Хаттың мәнін түсінгісі келген Аннаның немересі сол кездегі жағдайдың жай-жапсарын айтып беруді сұрайды. Сол сәтте өткенге оралып, 1942 жылдың тамыз айынан басталған шытырманға толы жайтты айтып береді.
Герард Гофри есімді ақсүйекке ұзатылмақ болған Анна құрбысымен бірге соғыс жайлаған аралға барады. Сол үшін тойды бір жылға кейінге қалдырады. Құрбысы Киттимен бірге Бора-Бора аралына келіп, медбике қызметінде жұмыс жасап жүреді. Жаңа орта, жаңа өмір, соғыстан қайтқан жауынгер, қайтпаған жауынгер. Олардың алдыңғысының жарақатын таңу, соңғысының мүрдесін тану – бұл екеуі үшін қиын еді.
Бір күні жұмыстың ауыртпалығынан шаршаған Анна жалықтырған ойдан қашпақ болып, жағалау жаққа бет алады. Адам қарасы көрінбейтін нудың ішімен жүріп келе жатып, бір ізге көзі түседі. Кімнің ізі екенін болжаған оның санасы түрлі қияли суреттерге боялды. Мүмкін, бұл – адам жегіш немесе аралдың жабайы адамдарының ізі, «мүмкін, елестер мені адастырайын деді» деген жауабы жоқ сұрақтар мазалады. Бір сәтте сырт еткен дыбысты құлағы шалды. Бақса, өзінің сарбазы Уэстри екен...
Екеуі әңгімелесіп келе жатып, бір үйшікті көреді. Екеуі бұл үйдің иесін білгісі кеп, үйдің ішін тінтіп көрді. Апатқа ұшыраған теңізші ғана осындай жағдайға баруы мүмкін. Кітапқа толы қорап, шам, үстел, тәттілер салынған банка және кереует қана көзге түседі. Тартпа ішінен табылған бір-ақ тиыннан «теңізшінің» кедей екенін білді. Кенет Анна кереует астынан сурет тауып алады. Суретте теңіз, жағалау, ну орман және осы үйшік бейнеленген екен...
Бұл оқиғадан кейін арада біршама уақыт өтеді. Бір күні Анна арал ішін аралап жүріп, жылап отырған бір қызды көреді. Оған көмектеспек болған Анна «үйсіз жүрген болар» деген оймен Уэстри екеуі тапқан үйшікке алып барады. Жол-жөнекей келе жатып, оның осы арал тұрғыны екенін біледі. Үйшікке жақындай бергенде, қыз кірмей қояды. Себебін «Бұл үйді қарғыс жайлаған, бір кірген адамның сордан көзі ашылмайды» деп түсіндіреді ол. Сордың бәрі осы сәттен-ақ басталып кетеді...
Махаббат пен шытырман оқиғаларға толы бұл роман – америкалық жазушы Сара Джионың «Тұзды жел» («Соленый ветер») атты туындысы. «TheNewYorkTimes» басылымының рейтінгісі бойынша әлемдік бестселлер деп танылған бұл романнан мөлдір махаббат, амал достық және адал достықты көре аласыздар.