- Негізгі бет
- Проза
- Шырғалаң (хикаят)...
Шырғалаң (хикаят)
Жазушы, "Өлгендер қайтып келеді", "Мұз үстіндегі қызғалдақ" кітаптарының авторы Айзат Рақыштың әлі сиясы кеппеген "Шырғалаң" хикаятын оқырмандар назарына ұсынамыз.
***
Шырғалаң (хикаят)
Алматының шет жағы болған соң ба, бұл маңда ығы-жығы жүргіншілер жоқ екен.Қас қылғанда, бағдаршамнан жалғыз өтуіме тура келіп тұр. Оның қай көзі жанып, қай көзі өшкенін анық көре алмай, көзімді ашып-жұмып сәл тұрдым. Кенет бір ит келіп, көшенің шетіне құйрығын басты. Кәдімгі адамға ұқсап, қарсы беттегі бағдаршамды бағдарлап отыр.Ол орнынан көтерілгенде, мен де итке сеніп, көшені кесіп өтуге ыңғайландым. Итекең иттік жасамапты, ол бүлкектеп желе жөнелгенде, кқлік біткен тоқтады. Демек, қауіпсіздігімінің кепілі жасыл көздің жанғаны ғой. Көшенің келесі қапталына өттім де, көзіммен әлгі итті іздедім. Ол желе жортып ұзап бара жатыр екен. Көзі өткір итке қызығып кеттім. Бүркіттің көзі бірнеше шақырым жердегі ноқатты айнытпай көреді екен. Ондай қыран жанар бұйырмай-ақ қойсын.Тым болмаса мына қаңғыған иттің көзіндей алысты аңдай алатын жанарым болсашы.
Өз-өзімнен ұнжырғам түсіп, үйге келдім.Үй деген аты ғана. Құрқылтайдың ұясындай құжыра. Тынысы тар бір бөлме. Бөлмелес серігім Сәуле айна алдында күйгелектеніп жүр. Иығына ілген лыпаларының бірі де ұнар емес.
-Сәуле, қайда жиналдың?-дедім көңілсіз үнмен.
-Өмірдің қызығын көруге, әрине. Мына қапырық бөлмеде жастық шағымды өткізгім келмейді,-деп ол бет-аузын сылай бастады.
-Көңіліңнің төрінен орын алар серіңді жолықтырдың ба?-Сәуленің жасанған қылықтарына қарап отырып, оның ұсақ-түйекке бола сонша күйіп-піскеніне күлкім келді.
-Сері ме, пері ме, білмеймін, әйтеуір кешкі асқа шақырды ғой. Не де болса барайын.Сені ертіп алайын десем, ондай думанды жерді ұнатпайсың. Миың шайқалды деп пе едің?
-Мені ертіп алуға арлансаң, өзіңе тең құрбы табылар, Сәуле!-Көтеріле бастаған көңіл құсымның қанаты қайта қырқылғандай болды. Туфлиінің темір өкшесімен жүрегіме қорлық-қазық қағып бара жатқандай ол кетті. Қалың ойдың шырмауында мен қалдым.Өзім еске алуға жүрексінетін сол қорқынышты күн көз алдыма көлбеңдей қалды.
...Қарашаның кеші еді. Әдеттегідей жұмыстан шыққанмын. Оқушыларыма көшені кесіп өтерде өте абай болуды ескерттім де, үйіме апаратын жолға түстім. Зымырандай жүйткіген көліктердің саябырсуын күтіп, шетте аял қылдым. Көшенің бұл тұсында жаяу жүргінші жолағы жоқ. Ол антұрған жолақ көшенің тек жарты шақырымдай жүріп, зорға жетер тұсында ғана орнатылған. Сондықтан да «нар тәуекел» деп, өтуге қамдандым. Бағыма қарай, сол қапталдан келген жеңіл көлік жылдамдығын азайтып, өтуіме мүмкіндік берді.Асығып оң жағыма жалтақтадым. Жұлдыздай ағып келе жатқан мәшинені анық байқадым. Өтер-өтпесімді білмей, екіойлы болып қанша тұрғаным белгісіз, әлгі аққан жұлдыз маған жете бере, жылдамдығын сәл тежегендей болды. Осы сәтте тездете басып, соңғы қадамды аттай беріп едім, тажал күркіреп келіп, қағып өтті. Менің соңғы сезгенім-өзімнің жерден жойқын екпінмен көтерілгенім. Одан ары мен үшін беймәлім бір әлем басталып кетті. Қайта жерге қонбадым. Аппақ нұрға толы шексіз-шетсіз әлемде бір маужыраған күй жанымды ұйытып барады. Тірлікте ұйықтап жатып та әлденеге алаңдайтын пенде басым мына сұлу әлемнің жанымды маужыратқан тыныштығына сіңіп бара жатқандаймын. Тәнімнен ажырап қалғандаймын, бірақ оны қажетсінген де жоқпын. Тіршілікте әлденеге таласып, тартысып жүріп, ешқашан дәл мынадай мамыражай сәтті сезінбеген жазған басым аппақ кеңістікте қанатсыз-ақ ұшып бара жаттым.
Мен есімді ауруханада жидым. Дәрігердің айтқандары мені қиялымда да ұшпастай етіп құлдилатып жіберді.
-Аяғыңыз күл болып сынған, сүйектің орнына темір салдық,-деді ол жайбарақат дауыспен, «Сынған аяғым жүруге жарар ма екен?» деп көзімді жыпылықтата беріп едім.
-Ауыр соққыдан көз тамырларыңыз қысылған. Миыңыздың сыртқы қабаты езілген,-деді. Мына сөзден соң құлағым тұнып кетті.
-Құлағыңыздың дабыл жарғағы жарылған,-шипагерімнен жаныма сүйеніш болар сүйінші хабар ести алмай тістене бердім.
-Оң жақ азу тісіңіз қатты соққыдан сорайып кеткен. Барлық тісіңіз сәл қисайған. Ұзақ уақыт емделуіңізге тура келеді,-деді де жылыстап кетіп қалды. Менің өмір үшін күресім сол күннен басталған еді. Ауылдан анам келіп, аурумен дара айқасымды жеңілдеткендей болды.
Ауырпалық әкелген ауыр күннің елесіне елегізіп отырғанымда, қалта телефоным без етті. Шұқшиып едім, әріптесім Ләззат екен.
-Айым,-деді ол алқынып, -Жеңгем қуып жатыр. Ағамда үн жоқ. Шіріген орамжапыраққа тойып алған салпаңқұлақтай жер шұқып отыр.
-Бір-екі күнге де мұрсат бермеді ме?-Ақ көңіл құрбыма жаным аши қалды. Көмектесерге қайран жоқ.
-Жеңгем жау екен. «Тура қазір кет!»- деп долданып жатыр. Буыншақ-түйіншектерімді қолтықтап, саған барсам деп отырмын. Сосын Жетім бұрыш жағалап көрермін.-Менің жауабымды да күтпеген Ләззат алғысын айта жөнелді.
Ләззатқа құшақ жаярға қауқар жоқ, «кел» демеске лаж да жоқ. Әйткенмен көңілімде уайым бар.Үй иесі қожайын әйелдің қабағы түйілсе, ебін тауып жадыратармын. Сәуле «Ләззаттты суқаным сүймейді,»-деп шатақ шығарса не істемекпін? Шіркін, өз үйім болса ғой! Алматының төрінде болмаса да, бір алыс шетінде құстың ұясындай ғана төрт қабырға бұйырсашы! Онда ағасынан пана таппай, жеңгесінен жәбір көрген Ләззаттай әріптестерімді тегін-ақ тұрғызып алар едім-ау. Көңіл дарқан, қол шолақ.
Қақпа сыртынан Ләззаттың даусын естіп, атып шықтым. Ол амандық-саулық сұрауға үлгертпей, жау жеңгесінің хикаясын баяндай жөнелді.
-Білесің бе? «Қойныңдағы қатын дұшпан» деп қазақ атам біліп айтқан екен.
-Есептер әлемінің есті аруы, мына мақалың кімге қатысты?-Сөйлей жүріп оның бір сөмкесін көтеріп едім, ішіне тас толтырып алғандай зіл-батпан екен.
-Жеңгеме қатысты айтқаным ғой. Андағы ауыр сөмкені маған бер, өзің көзің ауырып жүргенде, ауыр көтеруге болмас.
-Бүгін бәрі менің көзімнің кінәратын басты тақырыпқа айналдырыпты. Менің қамымды жейтіндер көбейген-ау, шамасы?-Менің салқын шыққан даусымнан Ләззат жік-жапар бола қалды.
-Жо-жо-жоқ, ғаламтордан оқығаным бар еді. «Көзіне нұқсан келген науқастарға ауыр зат көтеру зиян,»- деп жазылғаны бар-тын. Көңіліңе алмашы!
-Бүгін бір итке қызықтым, Ләззат!
-Қойшы, ит өмірді онсыз да сүріп жүрміз ғой көрінгеннің босағасында телміріп,-деді ол буыншақтарын өзі арқалап, бөлмеге кіріп келе жатып.
-Қызыққаным, ол бағдаршамның көздері қалай құбылып тұрғанын анық көріп отырды. Ал мен оның соңынан еруге ғана жарадым.
-Жә, мұңайма. Алла сүйген құлын сынайды.
-Онда Жаратушымыз мені шектен тыс жақсы көретін болды ғой,-деп мырс еттім де, шай қамдауға кірістім. Есік жаққа жалтақтаумен жүрмін. Дударбас қожайын келсе, әптер-тәптерімізді шығарары анық. Ішкі қорқынышымды екеуара әңгімемен сейілткім келді.
-Ләззат, сенің балалық дәуреніңнің қалай дөңгелеп өткенін білмеймін. Ал, мен кішкентай күнімнен мұғалім болуды армандайтынмын.Тіпті бала кезімдегі сүйікті ойыным «мұғалім-оқушы» болатын.Онда да мен үнемі мұғалім болып «қатайып» тұратынмын, көршілердің балалары оқушы ретінде ғана көрінетін.
-Е, балаң арманың алдамаған екен ғой. Енді, міне, мұғалімсің.
- Мұғалім болғаныма бір жыл толмай жатып, көпірген көп қағаздың көлеңкесінде қалдым. О, қу қағаз, мені, шығармашылықпен айналысуды жаны сүйетін жас ұстазды, қашан жайыма қалдырасың?-Әндете айтқан бұл сөзіме құрбым күле қарады.
-Сен қағазды жайына қалдырмасаң, ол ешқашан сені тыныш қоймас.Бірақ сен осы саны көп, мәні жоқ қағазды адыра қалдырсаң, «топас мұғалім» атанасың!-Өзіме қарағанда бір итжейдені бұрынырақ тоздырған әріптесімнің бұл сөзіне кәдімгідей тіксініп қалдым.
-Түу, сен үш жыл емес, жүз жыл ұстаздық еткендей несіне еліріп кеттің? «Еңбексіз тапқан мал дәулет болмас» деген. Еңбек ету керек, сонда «топас» деп сені ешкім түртпектемейтін болады!-Бұл сөзіме көнер Ләззат көрінбеді.
-Сен студенттік арманыңнан арыла алмаған сабаздың өзісің-ау, ә! Оқушылардың алдында биязы жымиып, ұлағат сөзін айтамын деп әсте ойлама. Оған сенің уақытың болмайды. Үш жылдың ішінде менің соған анық көзім жеткен. Мына түкке тұрғысыз қағаздарды толтырып қойсаң, «ұлағатты ұстаз» атанып, тасың өрге домалай бермек.-Құрбымның бұл сөзіне намысым келді. Төрт тағандап жерге жабысқан үстелді жұдырықпен қойып қалдым.
Ау, білім сапасы ше? Оны қайтіп айдалаға тастаймыз?
-Білім сапасын талақ еткен биліктің өзі. Ал, мұғалімнің қолынан келері- тек пәрменді орындау ғана,-деп бір сөмкесінен оқушылардың дәптерлерін алып шықты. Жаным сүймейтін әлдебір есептерді көрсетіп, сөзін дәлелдемек болар деп зәре-құтым қашып кетті.Сосын жау жеңгесінен жеңіліп, қаша ұрыс салған құрбымды алдарқатпақ ниетте сөз байладым.
-Сенің сөздеріңді тыңдасам, ақырзаман келіп қалғандай көрінеді. Қара аспанды төндіре бермей, шайыңды іш.
-«Ақырзаманның баласы аласа туады, әке-шешесімен жағаласа туады» деген сөзді естуің бар ма?-Өзі математик бола тұра, қазақы сөз саптауға шебер Ләззатқа сүйсіне қарадым. Ол «ақырзаман философиясының деректерін» алдыма жайып салды.
-Онда сол естігеніңді оқушылардың шынайы ортасына кіргенде көзіңмен көресің.
-Олай деме,-деп дауласып бақтым бір жылға жетер-жетпес тәжірибем болса да,- бала деген- болашақ, бала- біздің кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан оны Ы. Алтынсариннің «Жеміс ағаштары» әңгімесінде айтылғандай, «түзу бұтақ» етіп тәрбиелеуіміз керек.
-Қазіргі оқушыларда мұғалімнің екі аяғын бір етікке тығып, ағаш атқа мінгізіп жіберетіндей а құқығы бар. Ал, « мұғалімнің құқығы»- бәріне иіліп тұру.-Ләззат аға-жеңгесіне ғана емес, күллі әлемге ренжулі тәрізді.
-Ләззат, мен саған Мұқағали ағамыздың бір өлеңін оқып берейін. Мүмкін, жеңіс пен жеңілістен тұратын мынау өмірге деген өкпе-налаң жойылар.-Үстелдің астында қатталған кітапты алып, көзіме жақын ұстап, оқи бастадым.
Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы,
Мына өмір шыдамдыны ұнатады..
-Неге сонша жақын ұстайсың? Көзің мен ойлағаннан да нашар көре ме?-Ол өлеңге емес, кітапты бетіме жаба жаздап оқыған менің кейпімнен өмірге құлшынысы қайтып оралғандай. Оның аузынан шыққан өзім үшін ең сұрқия сөз маған қарғыс үніндей болып жаңғырығып жетті. Жан арпалысымды ішіме бүгіп қалдым.
Көзім көреді! Тіпті басқалардың көрмегенін мен көремін!Өзгелердің жанарына жетпеген шындықты мен көремін!Басқалар байыбына бара алмаған бақытты мен бағалаймын! Сондықтан да өмірді өзгеше көзбен көре аламын, көргенімді шындықпен өре аламын.Тек көзімнің алыстан көру қабілеті нашар. Осы кемістігімді нашарлар бетіме басар!Сен сияқты алыстан арбай алмасам да, жақыннан аңдай аламын!
Темір тажал жолымды кескелі бері ішкі күйімді сырт көзден жасыруды үйренгенмін. Өмір өзі сыр сақтауға үйретті. Ләззаттың бір ауыз сөзі көңілімдегі сыйластық жібін дірілдетсе де, шай құйып отырған қолым еш дірілдемеді.
-Айым!-деген қожайынның даусы естілді есіктің сыртынан. Міне, нағыз дірілдейтін шақ туды. Буынымды әрең билеп, алдынан шықтым. Оның сұрланған жүзін көріп, тіл-ауыздан қалдым. Иіліп-бүгіліп тағзым етуге таядым.
-Бөтен қыз келіпті ғой. Кім рұқсат етті?-деді ол тіптен қатуланып.
-Ы-ы, кі-і-ім дейсіз бе?
-Бөтен біреуді менің үйіме кіргізуге қалай дәтің жетті?
-Негізі, дәтім жетпеген еді, бірақ...
-Апай, мен бүгінге ғана қонатын жер іздеп келдім. Аға-жеңгем...-Үйден имене шыққан Ләззаттың сөзін қожайын аяқтатпады.
-Туыстарыңа сыймағанда, құрбыларыңа сыямын деп келдің бе? Ха-ха-ха!
-Сыйғанда қандай, апай! Тек сіздің патша көңіліңіз сыйдырса болғаны,-деп табан астында маған тіл бітті. Дуадақтай аяғын дік-дік басқан қожайын өзін патша сезініп, кең пейілділік таныта қалды.
-Жарайды. Тек пәтерақысын көтеремін. –Сұрша әйелдің аузынан жұмақ жыр естігендей, алғысымызды жаудырып үйге кірдік. Ләззат осында тұратынына кәдімгідей қуанып отыр. Ендігі қауіп Сәуледе. Бірақ ол қауіптен де аман-есен құтылдық. Сәулеге пері жігіті азаматтық некеде тұруға ұсыныс жасапты. Сәуле жазған келісе кетіпті. Енді құжыра тек Ләззат екеуміздің иелігімізде қалды. Көңілді күпті еткен бір жайт-қожайын бөлмедегі жалдаушы саны өзгермесе де, жалдау ақысын қымбаттатқан қалпынан танбады. Амалсыз жалаңаш төрт қабырғаны қымбат бағаға жалдап тұра бастадық. Барар жер, басар тауымыз жоқ. Қайда барсақ та, Қорқыттың көрі. Сәуле заттарын жиыстырып, «азаматтық неке» деген арсыздың ісін бастауға қамданғанда, қызын ұзатқан анадай көңілім жұбанбай, әлденеге құлази берді...
***
Алматы көктемнің қызығына кенелген шақ. Жанталас халде жүріп, қыстан сидиып жалаңаш шыққан бұталардың қашан жапырақ жамылғанын, көктемнің тұмарындай көк шөптің қашан қылтиғанын байқаамай да қалыппын. Уақыт әдеттен тыс зымырап кеткендей. Күндер кібіртіктемей, аптаны толтырады. Апталар алқынып, айды асырады. Жүйткіген көштің ортасында бағытынан жаңылып, жалғыз қалған бейбақтай бір күйден арыла алар емеспін. Жоқ!Тоқтату керек, тыю керек мұндай беймаза ойларды! Бір дәрігерім айтып еді: «Адамның санасы сау болу керек. Ауыр ойлар ағзадағы сырқатты күшейтетін бірден-бір қоздырғыштар.»Жаңа көктемде жасанған табиғатқа қарап, ойымды түзейін, салымды суға кетіріп, запыран шектірген құса ойларымды күзейін. Өз-өзіме іштей дем беріп, жұмысыма келдім. Балалардың ортасында күйбең, күйкентай тірлікті ұмытқандай боламын. Сабақты түсіндіріп болған соң, оқушыларыма сауал тастадым.
-Тақырып бойынша сұрақтарың бар ма?-дедім ерекше мәнерлі дауыспен.
-Апай, шашыңыз өзі бұйра ма, әлде күнде бұйралап келесіз бе?-деді бір оқушым ғылыми жаңалық ашқандай саңқ етіп. Жігерлі үні маған ұнап қалды. Бұл жігерді құр жасытпай, өсер жеріне бастау керек.
-Апай, менің сұрағым бар,-деді және бір тәмпіш танау.
-Айта ғой,-дедім бипазданып.
-Айтыңызшы, сіз осы жұмысқа пара беріп кірдіңіз бе, әлде өз күшіңізбен орналастыңыз ба?
-Пара беретін жемқор емеспін, білімім терең, ешкімнен кем, қор емеспін,-дедім өлеңдедіип.
-Айттым ғой, біздің апай пара бермейтін адал адам деп. Менің сөзім шынға шықты,-деп сыбыр етті көршісі тәмпіш танауға.
Қарай гөр бұларды! Пара, жемқорлық жайлы әлден біледі. Күнде жаңалықтардан «Пәленше парамен ұсталды» деп аттандап жатса, қайдан білмесін?
Сабағымды тәмамдап, мұғалімдер бөлмесіне кірдім. Өзім көп бас сұқпайтын бұл бөлмеде мұғалімдер билікке назын, келмеген жазын бір-біріне айтады. Бірақ өрекпіп сыртқа шығара бермейді. Қалта телефоныма хабарлама келіп түскенге үңіле қалып едім, өзім үшін жанымды ауыртатын тақырыпқа түрткі болдым.
-Мәссаған, телефоныңның жазуы неше сонша ірі? Көзің көрмей ме?-Қасымда отырған әріптесім сумаң қағып, мені соқырлар санатына қосып үлгерді. Мен тіл қатпадым. Сөмкемнен құлақ тығынын алдым да, жаныма тыныштық сыйлар ән тыңдауға кірістім.
...Аққу сындымын бүгінде айдыны қырау,
Қайда апарып көмемін қайғыны мынау?
Өңіме қарай бір кезек шаппайсың неге?
Түсімде жиі көретін сәйгүлігім-ау?!-деп ән өксіп барып аяқталды. Арман-сәйгүлігімнің жалына бір күні мықтап жармасармын. Сылтып бассам да, алыстағыны аңдамасам да, арманымды адыра қалдырмаспын. Осы ойдан біртүрлі қайраттанып, келесі әнді қоспай сәл отырдым. Кенет мұғалімдердің сыбыр-күбір әңгімесін құлағым шалып қалды. Әңгімелерінің төркіні мен тәріздімін. Құлақ тығынын алмаған күйі ән әуенін баяулатып қойып, көзімді жұмып, сөз тыңдауға көштім.
-Биыл жас мұғалімдерді жұмысқа көптеп алды ғой. Келер жылы сағатқа таласып қалмасақ болды,-деп оқу жылының соңында Сәуле болашағына қауіптеніп отыр.
-Мына Айым деген мұғалім қыз газет-журналға әңгіме жазатын шежіреші дейді. Өзі сенің жаныңда тұрады екен ғой. Рас па?-деп «тың жаңалықтарды жинап жүретін» Әсел сөзді басқа арнаға бұрды.
- Шежіреші болса, мектепке бекер келді. Мұнда келгендердің шабыты тұсауланып, қиял құсы торға түсіп қалады,-деп тағы бірі мені мүсіркеп қойды.
-Қыздар, сендерге өмірдің бір ащы ақиқатын айтайын. Шамама қарамай, несиені тым көп алып қойыппын. Банктер де қызық Берер кезде «жаным» дейді. «Бермеймін» деп безермейді, «ала ғой» деп арбайды. Сосын төлетер шақта шырғалаңға түсіреді. Жалдамалы пәтерімді жалғыз өзім төлей алмаған соң, Айымды жаныма алғанмын. Өзін айға қарап алас ұрған албасты дерсің!«Еще» көзі көрмейді өзінің!-Сәуле менде жеті атасының кегі кеткендей өршелене сөйлеп отыр.-Қазір басқа пәтерге ауысып, тыныштық таптым әйтеуір.
-Қазір қу соқырлардан емес, көр соқырлардан қорқатын заман,-деді сұңғыла әріптесім.
-Байқұс-ай, қалған көзін одыраңдаған оқушылар құртпаса игі еді,-деп тағы аяныш білдірді бағанағы мұғалім. Ең жек көретінім-өзгелердің өзіме аяныш білдіруі. Ұйықтап қалмағанымды, жай кірпік айқастырып отырғанымды білдірмекке ыңғайландым да қойдым. Ары қарай не айтпақ екен?
-Оған неге жандарың аши қалды? Емешектерің езіле берсе, тездетіп «Жас мұғалімдерді қорғау ұйымын» құрып алмайсыңдар ма?-деп Сәуле шарт ете қалды.
-Жас мұғалім түгіл отыз жыл ұстаз болғандардың өзін қорғайтын адам ауадай қажет. Біздің сөзімізді биік мінбелерден сөйлеп, сойылымызды оңынан соғатын құдіретті жан болса, шіркін!-деп сұңғыла әріптесім бір күрсінді. Дәл осы кезде көзімді кең ашып, бойымды түзеп тұра келдім. Құлақ бауын алып тастап, олардың сөзін естімеген раймен жайбарақата қалып таныттым.
-«Ел болашағы» деген ауыр аманатты арқалап алған айналайын әріптестерім, қызу әңгімелеріңіздің тақырыбы да ел жайлы болар?
-Ел жайлы емес, сен жайлы толғап отырғанбыз. Сенің шығармашылыққа аса әуес екеніңді тіліме тиек еткен едім.-Сәуленің мына сөзінен періште күй аңқып тұр. Қуын қара өзінің!
-«Шығармашылық-ұстаздың өшпес қыры, оның жан әлемінің бір сыры. Шығармашылықпен айналыспайтын ұстаз тоқтау суға айналады,»- деп қай ғұлама айтып еді, Сәуле?-деп мен оны бастырмалата жөнелдім.
- Мен сол данышпандардыың аузын аңдып жүр ғой деймісің? Оның үстіне олар не демеді?-Сәуле мен күткендей-ақ қаша жауап берді. Өзі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болғанмен, көркем сөзге тым шорқақ. Осындай мұғалімдерге таңым бар. Өз бойындағы бейімін білмей, мұғалімдікке әлдеқалай «адасып» күнкөріс қамы үшін ғана келгендер.
-Жас кезде бәріміз де жазғанбыз. Қалам ұстағанды қасиет көретінбіз. Кейін бәрі қағазбастылықтың астында қалды. Сен де солай тоқтап қалмағайсың!-Әріптестерімнің ішінен мені қолдаушылар да табылды.
-Менің ойымша, Айым ондай тоқырауға ұшырай қоймас.Себебі ол жай ғана ай нұрынан шабыт алып, түнде қаламын жүрдектетеді. Яғни, біздің Айекең-күндіз ұстаз, түнде жазушы!-Сәуленің бұл сөзінен кекесін астарын аңғармай қала алмадым.
-Ондай өнерің болса, «мұғалімдер беделден жұрдай болып, қашанғы жүре бермек?» деген тақырыпты қозғап, газетке мақала жазшы. Осы мектептегі 199 мұғалімнің 190-ы қол қоймаса да, тоғызы қол қойып берері сөзсіз.-Сұңғыла ұстаз тым салмақты сөйледі. Билікке базынасын айта алатын жолбарыс жүрек ұстаздармен істес болу мен үшін үлкен құрмет. Енді, сол жоқ-жітіктеріңізді санамалап көрейік. Мен түртіп алып, мақала дайындап, газетке ұсынайын. Онсыз да редактор ағамыз «Оқу жылының соңында ұстаздардың толғақты мәселелері хақында сөз қозға,»- деп тапсырып еді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» деген осы да. Мұғалімдер алқа-қотан отырып, сөз қозғай бастағанда, жанарым қырағы болмаса да, Сәуленің қу түлкідей сып етіп шыға жөнелгенін байқап қалдым. Ал әріптестерімнің жоғы бітер емес.«Жеті жоққа» бірнеше нөлді жалғасаң да, біздің жоғымыз таусылмас.
1-жоқ: Мұғалімде бедел жоқ. Кімнің алдында болса да, иіліп тұрғанымыз. «Педагог мәртебесі туралы Заң» қабылданғанда, ақ түйенің қарны жарылғандай бір қуанып едік. Бекер екен. Баяғы жартас сол жартас болып қала бердік.
2-жоқ: Мұғалімде кепілдендірілген болашақ жоқ.Қартайғанда зейнетақымыз қарық қылмай, арық шыға ма деп қорқамыз.
3-жоқ: Мұғалімде бала оқытатын уақыт жоқ.Бұл-ұлт қасіреті. Бар уақытымыз қағаз түгендеуге кетеді.
4-жоқ: Мұғалімдерде дене еңбегі жоқ. Қағаздан бас айналып, компьютерге байланып, көз майымыз таусылып барады.
5-жоқ: Мұғалімдерді тексеріп келетін комиссияларда шек жоқ. Бәрі тексергеніне ақы сұрап, қалтамызды қағып бітті.
«Жеті жоқты» жолда қалдырып, «зар заманның әнін» әуелетіп отырғанда, бөлмеге Ләззат кірді.
-Сіздер мына жақта ұстаздардың жоғын жоқтап жатыр деп естіп, жүгіріп келдім. Менде «күйеу жоқ» деп жазыңыздаршы.Отыздан ассам да, күйеуім қайда жүргені белгісіз, әлі жоқ.-деп әпенді әріптесім елді күлкіге қарық қылды.Ләззатты табалаушылар да табыла кетті.
-Біздің жоғымызды өкімет бар етем десе, жарылқай алады. Ал, сенің «күйеу жоқ» дегенің қай сасқаның? Менің қайныммен таныспай, танауыңды көкке шүйіріп едің ғой?-деп бірі құрбымды ашық әжуалады. Оған тосылған Ләззат жоқ.
-Сіздің қырықтың бесеуіне келіп, қырқылжың тартқан қайныңызды қайтейін? Сақалымен ойнайын ба, әлде жастық шағын есіне салайын ба? Маған өзім сияқты отыздан бір-екі ай ғана асқан,, желкілдеп тұрған жас, бірақ бас жігіт керек. Айым, ұстаздардың мұңын мұңдауға мықтап кіріскен екенсің. Менің айтқанымды жаз.
Жазып алдым. Параққа емес-ау, жүрегіме жазып алдым. Зайырлы елдің еркін азаматы бола тұра, ой-пікірімді өткір жазып, газетке жариялауға қорқайын ба?
Мұғалімдер. бір ауыздан мақаламды дайындап әкелсем, бәрі қол қойып, мәселелерді растап беретіндерін айтып, жөн-жөндеріне кетті.Біреуі шығып бара жатып, «қаламың мұқалмасын» деді. Қаламымды қолыма алып, оны бірінші рет көріп тұрғандай шұқшия қарадым. Серігім-қаламым, «жаз» дегенде, жаза алмасаң, саған сын. Тұнып тұрған мәселелерді тереңнен толғай алмасам, маған сын. Ендеше, не тұрыс? Мақалама «Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?» деп ат қойсам, келісемісің, қаламым? Айдар тақтым, ал көркем ой мен маржан сөздің тоғысар сәті түн болмақ.
Қым-қуыт тірлікпен жүріп кешті батырдым. Ләззаттың әзірлеген кешкі асына тойып алып, түннің патшалық құрар тылсым сәтін күттім. Аманатқа қиянат жасамай, мақаланы ертеңге әзір етейін.Менің шабытымды шақырып, өзімнің аттасым- түн падишасы Ай нұрын маған тікелей төгіп тұр.Бұл нұрдан жаныма ғажайып әсер құйылып, арқалы ақындай қағазға төне түстім. Ойымды Ләззаттың шиқылдаған күлкісі үзіп жіберді.
-Айка, сен қызықсың. Аймен аттас қанша қыз бар. Ай солардың бәріне кезек-кезек барып, сәулесін төгіп жүрмеген шығар. Қалай деуші еді халқымыз? «Ай ортақ, күн ортақ» деуші ме еді, қалай, қияли әріптесім?
-Әдемі әріптесім, әрленіп, айна алдында көп отырып, халық даналығынан қашықтап барасың. Рухани дағдарыстың салмағы қаржы дағдарысымен салыстырғанда әлдеқайда басым болмақ.-мен де есемді жібермей, серігімід сөзбен шымшып алдым.
-Айка, бетіңді боямай, шашыңды түземей, бойыңды сыламай,жұрт көзіне шықшы. Жігіттер сені көзіне ілер ме екен?«Жаны бай» деп жабысқан жігіт болса, айтайын, ол не ақымақ, не ауру,-деп салды ол.
Еһ, шіркін, сен айтқан сол «аурудың» бірі маған кез болса ғой!
«Ауру» мен мендей ай албастысы араласса, ғажап болар еді ғой. Осы қыздар кімнің көзіне түспек болып, әп-әдемі қасын бір сызық етеді екен? Шашын түзеймін деп күзейді. «Бойымды сылаймын» деп, аяғын ауыртса да, биік өкше туфли киеді. Менің аяғым сынғалы бері биік өкшелі аяқ киімнен мақұрым болған түрім мынау. Ал олар сөйтіп өздерінің табиғи сұлулығынан ажырап қалады. Бұрын Сәулемен осылай пікір жарыстырғанымда, ол мені «отсталый» дейтін.Маған ХХІ ғасырда емес, 14-15 ғасырда өмір сүру керек екен-мыс. Ал мен Сәуленің дәл ХХІ ғасырда өмір сүріп жүргеніне қуанатынмын. Әйтпесе оны Абылай хан көрсе, мына албастыдай түрі үшін, қылтиған келте көйлегі үшін ат құйрығына байлап өлтірер еді. Ой ағынын тежеп, ақ қағазға мұғалімдердің жоғын санамалап жаза бастадым. Иә, қай жоқты жырлаудың реті еді? Иә, мұғалімнің құқығын кім қорғайды?
«Мұғалімдердің құқығын кім қррғайды?» деп әнге салып жүргенде өзіме араша болар жан таппай қалдым. Мақала шыққан соң, мектеп директорының қаһарына ұшырадым. Кабинетінен ұзап шықпайтын мол денелі басшымның алдында басым салбырап, мойнымнан су кетіп ұзақ тұрдым.
- «Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?» деген мақала жазып жүрген пысықай сен бе? Аудандық білім бөлімінің басшысы мені сендей санасызды жұмысқа алғаным үшін жерден алып, жерге салды! Мұғалімдердің мәселесімен айналысатындай сен соншама кімсің?-деп ызбар шашты басшым. Иә, мен кіммін? Осы сұрақты өзіме жиі қоямын.Мен-ашықауыз аңқаудың ең соңғы түрімін. Мұғалімдердің желіктіргеніне желпініп, мақала жаздым. Артық айтпай, кем соқпай, шындықты қаздым. Жеме-жемге келгенде, олардың біреуі де қол қоймады. «Мақалам жетімсіреп, қоқыс жәшігінде жатпасын» деп редакторға апарып едім, ол кісі жарқыратып жариялап жіберді. Енді бұл газет директордың бас ауруына, менің жан сауға сұрар дертіме айналды.
-Сен соншама кімсің?«Ақша жинайды» деп жазыпсың. Сені жұмысқа аларда мен пара сұрадым ба?-деп креслоға кептелген денеден шіңкілдеген ащы үн шықты.
-Жоқ, сұрамадыңыз. Менің пара берер шамам да, ынтам да жоқ болатын.-Ағымнан жарылып, бас шайқап, күзгі жапырақтай қалтырап мен тұрмын.
-Мен әрбір үш мұғалімнің екеуін парамен алсам, біреуін біліміне қарап бағалап, қызметке қабылдаймын.Сен сол біреудің бірегейі едің. Маған ақшаны көйлек әперу үшін жинамайсыңдар. Қызыл жалын болып жеткен комиссияның бетін қайтару үшін жинадыңдар. Параны жинаған- сендер, комиссияға ұсынған-мен.-Басшымның мына сөзіне қайран қалдым. Мәссаған! Сонда бәріміз сыбайлас жемқор болғанымыз ба?
-Әлбетте, солай,-деді директор ойымды оқып қойғандай.- Сен тым жассың. Мына өмір жолы Нұр-Сұлтанның орталық көшелеріндей теп-тегіс, құпия кілтін тез ұстата салады деп ойлайсың ба? Қателесесің!
-Мен өмірге Адам болып келіп, Адам болып кеткім келеді,-дедім мұрын астынан міңгірлеп.Жауап орнына кекесін күлкі естідім. Күлкінің соңы жауапқа ұштасты.
-Адам деген сөздің анықтамасы қазір мүлде өзгерген. Адам-қысқарған сөз. А-алдап-арбайтын. Д-дегбіріңді қашыратын. А-амалсыз көндіретін. М-мейлінше құбылмалы жан!-Директордың мына «ғылыми тосын жаңалығына» бірден дауласа кеттім. Өлерімді білмей молаға жүгіретін қасиетімді бір қойсамшы!
-Мен бұл айтылғандарға келіспеймін. Мүлде олай емес. А-ары таза, Д-дана, а-алдап-арбамайтын, м-мейірімді жан!-Өз анықтамамды асығып-үсігіп аайтып болғанымда, тағы да шабуылда қалдым.
-Сен амалсыз көнесің. Шыдайсың алдау-арбауға. Қаларсың қырық шырмауда! Бүгіннен бастап не жазсаң да, не турасында қаламыңды сүйкектетсең де, менен,мына менен рұқсат сұрайсың!-деп басын қақшитты ол.Сөз бостандығы қайда сонда? Ой еркіндігіне шідер салмақ па? Мұнысы менің конституциялық құқыма қайшы емес пе? Өз ойыммен өзім арпалысып тұрғанымда, директор қолымен есікді нұсқады. Шық дегені ғой. Аузымнан сөзім, қойнымнан бөзім түсіп, кең коридорға шықтым. Ауа жетер емес. Жұмыста қалдырғанына қуансам да, екеуара диалогтан жауымнан жансауға сұрардай халде тұрмын. Сылтып басып, сынық жүзбен коридорды бойлап келе жатырмын.Шындықты жазамын деп жазалы бола жаздадым.
Ей, Шындық, ащы деп естуші едім ылғи сені! Бүгін соның парқын білдім енді. Сен тым-тым удайсың! Айтшы, сен неге сондайсың? Тәтті өтірікті өрге бастырып, өзің төмен құлдилайсың!Бағаңды бәрі білсін дейсің бе? Өтіріктің жалынына әбден күйсің дейсің бе? Әлде өзіңді ащы еткен өтірікті сүйсін дейсің бе? Шырқыраған жас жаным өтірікті қалай сүйсін? Сүйе алмаймын өтірікті! Жылтыр сөйлеп, арзан күліп, өтірікті пір тұтып өткім келмейді өмірден! Жылмаңдаған жылпостықпен көшкім келмейді маған сенген көңілден! Бағалап сол көңілді, құнын біліп өмірдің, мен сенімен бірге болдым, Шындығым!Қанша жарық күндер нәсіп етсе Құдайым, мен сенімен бауырлас, егізбін ұдайы!Шырқырай берме, Нәресте-шындық,түгенделер күн туар сенің ұпайың!
Түйдектелген ой нөсерін қалта телефонымның шылдыры бұзды.О, Шындық, мендей бауырыңа қуанып хабар беріп тұрмысың? Әлде өтіріктен жәбір көріп, көмек сұрап, безек қағып жүрмісің? Алло!-дедім тұтқаны алып.
-Айым қарындасым, амансың ба? Бұл Жанат ағаң ғой,-деді ар жақтағы қоңыр үн. Ұстаз тұтатын жазушы ағамның мейірімді үні көңілімнен қопарыла көшкен көктем көшін қайтарғандай болды. Шындық үшін ширыққан шағымда телефон шалып, Ардың үніндей болып естіліп тұр даусыңыз.
-Иә, қарындасым, даусыңнан-ақ байқап тұрмын мән-жайды. «Шындықгүлдің шырылы» атты әңгімеңдегі кейіпкердің өзің екенін мына ағаң о баста болжаған. Жаңылмаппын. Шындықгүлім сен екенсің!-деп сүйсінді аға үні.
-Шегірткедей құр шырылдап, берекесіздік байқатсам, несіне Шындықгүл атанамын?
-Мына кәрі тарлан өмір маған сабырлы болуды үйреткен. Саған да сол сабырлылықты серік етіп ал дегім келеді. Сабыр болса серігің, Шындық алар еншісін. Солай, Шындықгүлім! Сенің «Шындықгүлдің шырылы» деген сатиралық әңгімең жарыққа шықты.-Әрбір жазғаным жарыққа шықса, төбем көкке екі елі ғана жетпей қалатын мен мәре-сәре бола қалдым.
-Ағажан, манадан бері сүйінші сұрамай неге бөгелдіңіз?-дедім даусым саңқылдап.
-«Сүйінші» десем, «қалауыңызды алыңыз» дейтін дархан көңіл қарындасым. Менің ағалық қалауым-өтірік салқынын тигізсе, сабырың мен шыдамыңды қашырып алма!-Аға ақылын көңіл дәптерімнің қымбат парағына жазып алдым. Қалауыңыз болсын, қадірлі аға!Өтірік қанша өңмеңдесе де өмірде, шындыққа шаң жуытпай, сабырмен қорғап бағамын!
Ел алдында серт бермесем де, ар алдында ант етіп, ақиқатпен ауылдас болып қала бергенімді көңілім тоқ санап, сыныбыма қарай құстай ұштым.Сылтып басатынымды да ұмытып, қанат біткендей лезде жетіп бардым. Оқушыларға қамкөңіл сәтімнен сыр алдырмай, күлімдеп кіруім керек. Бұл-ұстазық ұстанымымның алтын қазығы.
-Сәлеметсіңдер ме, менің алтын шәкірттерім!-деп сынып бөлмесіне ене бердім. Табалдырықтан аттай бере, жүздері бал-бұл жанған шәкірттерімнің құшағында қалдым.
***
Шындықтың шырағын жағуға аппақ арымның алдында ант еткен бұл сәтімде өтірік өңмеңдеп келіп, басшының есігін қақты. Мен сияқты именбей, батыл кірді.Сәуле басекесінің басын уақалап, балтырын сипауға да әзір еді. Онда да арнасынан асқан сыйластығы үшін емес, күнкөріс қамы ғана болатын. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сәуле басекесін арнайы құттықтауды өзінің «адамдық парызы» деп білді. Тақсырына алғысын жаудырды. Дарқан көңіл басекесінің арқаңызда банктердің сенімді клиенті атанғанын айтып ағынна жарылды. «Жұмыс істейді» деген тілдей анықтаманы апарса, қай банк болса да бетінен қақпайтынын баяндап басын иді.
-Рахмет,-деді директор креслосында сәл қозғалып.- Бағаңды біліп, алдыңда қосшың иілгенге не жетсін!
-Сіз- осы ұжымның Президентісіз.Сізді алтынмен аптап, күміспен күптесем де, көңілім көншімейді.-Сәуле әдеттен тыс қалбалақтап, сөмкесінен алтын алқа алып шықты.
-Айтпақшы, бұл алтынды да несиеге алдың ба? Олай болса, көп рахмет,-деп директор өгіздің мойнындай жуан мойнын тоса берді.
-Жоқ, басеке. Біздегі Бағила бар емес пе?-Сәуле өз шындығын түсіндіруді әріден бастады.
-Ол «AVON», «Mary kay» сатпаушы ма еді? -деп таңданды бастық.
-Косметика сатып, табысқа кенелмеген соң, алытн сатып байиын деген шығар.Бағиладан «үш бөліп берем» деп алтын алқа алдым. Алтын да болса, гауһардай көріп қабыл алыңыз!-Сәуле таққан алтын алқа жуан мойынға аса жараспай, қонымсыз көрінді. Бастық «Е, үш бөліп бермек түгіл төрт бөліп берсең де, менің нем кетті?» дегендей ернін жыбырлатып, алқаны сипай берді.
-Бірдеңе дедіңіз бе, басеке?-Сәуле бастығының аузынан ерекше лебіз күткендей қалпы бар.
-«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деймін,-деді бастығы үмітін ақтамай.
-Түгел демекші, өткен жолы тікендей қадалар тексеру күтіп, пара жинағанымызда, Айым ар-ождан деп сандырақтап, бермей қасарысып отырып алды. Қалғаны түгел жинап берді.-Сәуле қапысын тауып, ақыры өзінің «жасап алған жауы» жайлы айтқанына іштей қуанып тұр.
-Сол Айым тіпті шектен шығып барады. Қүрықтап ұстаймын деп едім, шу асаудың өзі екен, ырқыма көнер емес.Аузын ашса, «заң бойынша» деп заһарын төгеді. Қит етсе,«құқық» деп қыт-қыттайды. Ақыры айлам таусылды.-Бастық ауыр күрсінді. Сәуле аң-таң. Өз көңілінде жалғанды жалпағынан басуға ғана жаралған басекесі қайдағы бір Айымға сөзі өтпей, пұшайман болып отыр.
-Сіздей талайды көрген тарланды таусылтатындай Айым кім екен сонша? Көзі де көрмейді, құлағы да дұрыс естімейді. Бар білгені-қағазға шимай-шатпырақ салу. Онысынан не пайда? Алып жатқан қаламақысы да шамалы.-Сәуле басекесінің басын ауыртқан Айым жайлы көп білетінін аңғартып, бәрін жайып салды.
-Бірге тұрып, сыралғы болып алғансың-ау, шамасы. «Үйренген жау атыспаққа жақсы.» Маған Айымның барлық журналдарын тексеріп, анықтамасын жазып алып кел. Анықтамаға мен қол қоя салармын. Менің атымнан жаза бер. Сөйтп бір кілтипанын тауып, «кет» дейін. Немесе ұрымтал тұсын тауып, уысымда ұстайтын болам.-Алтын алқаға қабағы ашыла қоймаған директор Сәуленің соңғы сөзінен жадырап сала берді. Сәуле «қолынан келсе, қонышынан баспақ болып», Айым сабақ беретін барлық сыныптардың журналдарын жинап алып, тырнақ астынан кір іздеп, шолтыраңдаған шолақ тілімен анықтама жазғансыды. Соңына қадап-қадап өрескел қателерді жөндеу турасында қатал ұсыныстар жазды.
Жұмыс күнінің соңына қарай директор тағы шақыртты. Бір күнде екі рет жүзін көру тіптен ауыр екен. Бірақ бұл жолы аса жасқанбай, әлімше кеудемді көтере кірдім.Алғаш келгендей саса қоймадым.
-Күлпәш Қарбызқызы, мені шақыртыпсыз ғой,-дедім кіре сала . Аузымды ашуым мұң екен, қарша бораған жекірудің астында қалдым.
-Сен әуелі менің аты-жөнімді дұрыстап айтып үйрен. Күлпәш емеспін, Кульпашпын, Қарбызқызы емес, Карбузовнамын. «Құжат бойынша айт» десем, қате қақсайсың. Әрине, сен сияқты сауатсызға менің аты-жөнімді дұрыс айту бақыты қайдан бұйырсын?!-Шат-шәлекейі шығып шала бүлінген әйелге таңдана қарадым. Сонда құжатта айтуға ерсі ат жазылып кетсе, өмір-бақи соны еш арланбай-ақ бойтұмарына айналдыра ма? Оның жанында өзімнің атым, тегім кәдімгідей қазақша. «Кульпашқа» қайран қалып тұрып, сөзімді сабақтадым.
-Шөптің басы қимылдағанын көріп тұрмын, бірақ желдің қайдан соққанын білмей тұрмын.Сабақ үстінен барлық журналдарымды жинатып әкетіп, алай-түлей анықтама жаздырыпсыз.
-Мен-осы мекеменің бірінші басшысымын.Қашан, қайда отырып тексерсем де, құқығым бар. «Оказывается», сенің көзің көрмейді екен ғой. Денсаулық жағдайыңның еңбекке жарамсыз екенін менен неге жасырдың?-«Ақыры тығырыққа тіредім-ау» дегендей ол маған ашық айызы қана қарады. Менің қасіретімнен ләззат алғандай бір күй. Жаным бебеу қақты. Жаным ышқынып, жүрегім жыласа да, беті майдан жылтыраған, креслосын шың басындағы хан тағынан артық көрген мына әйелге ол үнім жетпеді.
-Біріншіден.:мен ештеңе жасырған жоқпын. Медкомиссиядан толық өттім. Санитарлық кітапшамда «еңбекке жарамды» деп жазылып тұр. Екіншіден: көзім көреді.-Алқынып сөзімнің соңы өксікке араласып кетті. Оған қыңқ еткен басекем болмады. Жанымды езіп, жүрегімді тілімдеуін жалғастыра берді.
-Көзің көрмегендіктен, журналдарды кір толтырасың. Жазуың шайтан жүгіріп өткендей өте түсініксіз.Сенің өзің осындай лас жазсаң, оқушыдан «көркем жаз» деп қалай талап етесің? Көзің көрмей, дұрыс үйретпей қойып, халықтың баласының надандық торына шырмалғанына жол бермеймін!-Соңғы сөзін «тауып айттым» дегендей креслодағаы ауыр дене сәл шайқалды.
-Жоқ, мен көремін. Міне, сіздің мойныңыздағы алтын алқаны көріп тұрмын.Оның сыйластықтан емес, бағыныштылықтан берілгенін көріп тұрмын.Сіздің бетіңізге күліп тұратын сол көптің сыртыңыздан саусақ шошайтқанын да көірп жүрмін. Ал, сіз ондай оспадардықты көре алмайсыз. Сіздің де адал досыңыздың жоғын көріп тұрмын. Сіз көрмейсіз.Сол қаумалаған көп тобырды «досым» деп танып, қателесесіз.Мен бізді тексеруге келген талай тегеурінді комиссиялардың түгі сыртына шыққан жүздері «теңге» деген бір сөзді естігенде, жадырап сала беретінін көріп жүрмін. «Білгім келеді» дейтін саналы оқушыны көріп келем. «Оқығым келмейді. Кейін үздік асттестатты сатып ала саламын,»-дейтін санасы парақорлықпен уланған шәкіртті де көріп жүрмін.Көрудің бұл басы ғана екенін мен білемін. Пенделік ғұмырым аяқталып, жанарым жұмылғанша көре берем, көре берем!-Шерлі ойымды төкпелеп,түйдектетіп барып әрең тоқтадым. Мына қызықты қара! Мен тіке шабуылға көшкен соң ба, басшымның жүзіндегі манағы ызғар сейіліп, салмақты күй орнапты.
-Сәл сабыр ет, Айым!-деді ол маған қарсы алдындағы орындықты нұсқап. Отырсам, үнім өшіп қалатындай немесе жүрегіме түйіп қойған шемен нөсері төгіліп кетердей мен дүмімді баспадым. Қазықтай қақшиып, қарсы алдында тұрдым да қойдым.Темір салған аяғым сыздап әкетіп бара жатса да, сыр бермедім.
-Сіздің дидарыңыздан жазғы кештің самалындай жақсылықтың әлсіз лебін көремін. Жағымпаз қорқаулар қолтығыңызға су бүркіп, көзіңізді көр етіпті. Адалды арамнан, досты дұшпаннан ажыратудан қалыпсыз.-Өзім де күтпеген бір батылдық пайда болып, тәкаппар бастығыма қалай ақыл айтып кеткенімді аңғармай қалдым.Салқын жауап естілді.
-Сенің дос емес екеніңді анық білемін.-Сонда бұл кісі мені қай кезде өзіне жау санап үлгерген? Бір секундта миыма миллионнан да артық ойлар келіп, ой құрсауында қалдым. Сонда да айтарымнан жаңылмадым.
-Мүлде олай емес. Шын ғашық қанша сүйіп тұрса да, «сүйем» деп айтпайды. Менің достығым да сондай.
-Достығының түрін!
-Мен көріп тұрмын, сіздің сол иығыңызда шайтан отыр. Тыныш отырмай, сізге менің айтқандарымды теріс тәржімалап отыр.
-Сол иығымда? Шайтан ба? Саған көрініп тұр ма?
-Сіздің көру қабілетіңіздің нашарлағаны сондай, өз иығыңызға кімнің ұя салғанын көруден ада болыпсыз. Әне, шайтан шектен шығып, оң иығыңыздағы періштеңізді шапалақпен ұрып құлатты. Енді сізге тіптен қиын болатын болды.-Астарлап сөйлеп, аңысын аңдуға көштім. Бастығым да оңай-оспақ адам емес екен.Ақиқатын айтып салды.
-Жайлы креслода кербезденіп отырған мен неден қиналады екенмін? Сәуле сені «есі ауысқан албасты» деп еді, дұрыс айтыпты. Манадан бері сандырақтап мазамды алдың. Мен сені жұмыстан шығармаймын. Мені мақтап газетке жаз.
-Сонда сіз мені келісімге келуге шақырып отырсыз ба? Сізді аспандатып, газетке жазуым керек екен ғой? Жетпегені сарай ақыны болу еді!
-Білесің бе, сарай ақындарының аттары тез өлгенмен, өздері ұзақ жасайды. Мансаптан олар да бір қарпып қалады,-деп алдандырды ол мені кәмпитке қызықтырған жас балаша. Басымды шайқадым.Ақиқатқа берген антымды қалай ғана бұзбақпын?!
-Шық!-деп басекем ащы дауыспен шаңқ етті. Сылтып басып, көзім қарауытып, құлағым шыңылдап шыға бердім. Коридорды бойлап келе жатырмын. Шынымды айтсам, қабырғаны жағалап, әлтек-тәлтек басып, қарманып келемін. Санамды сұққылаған бір сұрақты жауабымен жұптастыра алмай, ақылымнан адаса жаздап тұрмын. Неге осы менің жолым ауыр? Мені шындықтың рухымен суарған кім? Көлік бір қақты. Өзгелердің жанымды жаралаған суық сөздері аздай, жұмысымды жайсыздықтар жайлап алды.Сол сәт құлағыма Қарбызқызының «еңбекке жарамсызсың. Жұмыстан кет!» деген айғайы келді. Айғайдың соңын айғай қуалап, құлағым жаңғырығып кетті.
-Жарамсызсың!
-Жарамайсың еш кәдеге!
-Дәуренің өткен!
-Кет! Кет!
Құлағымды басып, мына сұмдық жаңғырықтан арылғым келді. Ашық күні нөсердің астында қалдым. Ызғары сүйектен өтті. Көктемде ақпанның боранында қалдым. Суығы жүректен өтті. Көңілімнің гүлдерін үсік шалды. Бүрлей алмай арманда кетті.
Ал,Сәуленің жөні белгілі болды! Телехикаялардағы жағымсыз кейіпкерлерді кәдімгідей қолдап, жаны кіріп отырғанда,таң қалушы едім. Себебі белгілі болды. Сәуле! Сен сәуле емес,әуресің!Менің жүрегімнен шыққан жанайғайымды естіп қойған ба, Сәуле қарсы алдымда тұр. Әлде расында да көзім... Жо-жоқ! Өзім айтуға қорқатын сол бір сөзді ойлауға да жүрексінемін. Көзімді ашып-жұмсам да, Сәуле кетер емес. Демек, көзім алдамапты. Жүзіне мысқыл күлкі, табалау, айызы қану тәріді небір сүйкімсіз сезімдерді жинап алған ол жымысқылына а езу тартты.
-Сен менің басыма әуре болумен келесің.Сенің мақтаулы атың аталса, менің мазам қашады.
-Ай мен Сәуле-өзара егіз ұғымдар. Бірақ неге сенің менімен жұлдызың қарсы?-Оның дұшпандығының себебін білмекке күш салдым.
-Үш жылдан бері осы мектепте мұғалім болсам да, сен сияқты беделге ие болған емеспін. Ұжымдағылар сені сыйлайды. Біреуі бірдеңе білмей қалса, «Айымнан сұрайық, бір білсе сол білер» деп қанымды әбден қарайтты.-Оның әр сөзінен маған деген жек көрушіліктің ызғары есіп тұрды. Мен әлі де ештеңенің байыбына бара алар емеспін.-Ақсаңдап кетіп бара жатсаң, бір мұғалім сенің сыртыңнан «жақсы ат аяғынан қалады деген осы ғой,»-деп даңқыңды асырып тұр. Қалай ішім күймесін? Көзің көрмей, журналға шұқшиып, толтыра алмай отырғаныңда, оқушыларың үпір-шүпір болып, жандары ашып, қасыңнан кетер емсе. Осының бәрін көріп жүріп, қалай сені жек көрмейін? Мына мектептен, тіпті менің өмірімнен қашан кетесің?-Оның әр сөзінен у тамып, ашық айқасқа көшкен. Бірақ бұл шабуылдың түпкі мәнісін толық түсіне алмай мен әлі далмын.
-Мен кетсем, керегең кеңінен керілер ме еді? «Өмірімнен кет» деуің тіптен орынсыз!-Байсалды үн қатқан мені елеген Сәуле жоқ.
-Сені біздің ұжым мақтауға дайын тұрады. Бастықтың алдында қаншалықты жексұрын етіп көрсетуге тырыссам да, ол да сенің білімді екеніңді мойындайды. Қарапайым мұғалімдер үшін беделің тіптен артық. Менің жанымның төзбейтіні де осы!
-Кеудеңе қызғаныштың күншіл иті қыңсылап келіп, қоныс тепкен екен ғой! Бұл көре алмаушылығың өзіңді құртпаса игі еді!-Салмақты сарынымды сақтауға тырыссам да, жүрегі қарайған қыздың сөздері жан жарамды тырнап өтті.
-Маған жаның ашымай, алдымен маңдайыңдағы қос жараңды жөнге келтір! Әрине, егер жөнге келуге көнсе! Ха-ха-ха!-Өзгенің жан дертінен бақыт табатындай соншалықты сұрқия халге қалай түстің, Сәуле? Әлде мен білмеген шынайы болмысың осы ма?Мен саған жан түкпірімдегі сырларымды ақтарып келдім. Құрбы тұттым. Ал, сен сол сырларымды өзіме қарсы бағыттап, жанымды жұлқылап, дал-дұл еттің! -Неге,Сәуле? Неге біз болар елдің баласы боып, бір-бірімізді батыр демейміз?
-Батыр Айка, қару-жарағыңды, «то есть» қаламыңды таста да, дәрігерге бар. Емдел, батыр! Мен болсам, басекемнің бабын табамын. Кейін реті келсе, креслосына жайғасармын. Ал, сенің не боларың белгілі ғой!-Ол тағы құзғын күлкісіне басты.
-Қазіргі медицина бәрін жеңеді! Бірақ сенің жүрегіңдегі қара дақты жұлып алып тастауға қауқарсыз. Өкініштісі де сол! Мен жанарымды жазып берер, жан дауасын тауып берер дәрігер іздеймін! Дәрігер! Тасқа айналсын демесең жанарым, жаса тездеп дәрігерлік амалын!
Жаныма береке таптырмас тәжікеден тайқып шығып, шығар есікке ұмтылдым.Басыма түскен бар шырғалаңның шешімі осы есіктің ар жағында тұрғандай-ақ атыла шықтым. Сылтып басуға ғана жарайтын аяғыма күш салып, тістеніп келе жатырмын. «Сабыр!» деді ішкі даусым салқынқандылыққа шақырып. «Сабыр болсын серігім» деумен жүріп кімде есем кетпеді?»-өз жүрегімнен өзім пана сұрағандай мұң шаға бастадым. «Ешкімде хақың кетпеді. Тауың да шағылмады. Сәл сабыр ет!»-Жүрек үні тым байсалды. Күйзелістің күңіреу қақпанына түсуге аз қалған мен зорға ес жидым.
-Айым! Айым! Саған не болды!-Қолымнан жұлқылаған әлдекімге назарым енді ауды. Ләззат екен. Көзі шарасынан шыға, маған үрейленіп қарайды. Он екі мүшесі сау бұған не жорық?
-Бағанадан бері бір нүктеге қарап тесіліп тұрсың. Ернің жыбырлап бірдеңе айтқан боласың. Не болды саған, құрбым-ау?-Оның жанашыр үні өмірдің өз үніндей естіліп, іштей қайраттанып кеттім.
-Шырғалаң тағдырымның шырмауынан опырыла құлауға шақ қалған бір сәтім еді. Ол сұмырай сәт те өтті. Күрес рухы қайта оралды!
-Қайта оралуыңмен, жеңімпаз сарбаз!-Ләззат ақ жарқын күліп келіп, мені құшағына тартты. Апырау, бұл өмірде болмаған әпкем бе? Яки бір ананың сүтін тел емген сыңарым ба?Жан жылуы әлгіндегі суық сезімдерді біржолата ығыстырып әкетті. Үйге де жеттік алып-ұшып. Ләззат үлкендігін көрсетіп, кешкі ас дайындығын өз мойнына алды.Ал мен ауылдағы анаммен сөйлесіп, мәре-сәре болдым. Алыс Алматыдағы қызының халін күніне бір мәрте біліп тұратын анам әңгімені менің денсаулығым турасынан бастады. Мен бақытты перзенттің кейпіне еніп, даусым саңқылдай жөнелдім. Ақсаңдауымның азайғанын, жақын күндері екі аяғымды тең басып жүре алатынымды айтып, анамды бір қуанттым. Бірақ көз мәселесіне мүлде соқтықпадым. Сорайған тісімнен әлдеқашан құтылғанымды, орнына темір тіс салдырғанымды баян қылып, шешемнің көңілін және демдедім. Екеуміз де көз тақырыбынан айналып өттік.
-Палау дайын, Айым. Анашыңа менен сәлем айт та асқа отыр.-Ләззат туғанымнан бетер жылы қабақпен қарайды. Бәлкім, мені мүсіркеп жүрген болар? Осы секемді ойдан көңілім салқын тартып сала берді. Анаммен әңгімені тәмамдап, дастарханға жайғастым.
-Ләззат,-дедім сыр алдырмас биязы дауыспен,-сенің осындай жанашыр екеніңді білмеппін.
-Айым, мен бүгін психологиялық шеберлік сабағына қатыстым. Содан түйгенім-біз бір-бірімізге жылы сөз айтуға сараң екенбіз. Әрі саған сол көзбен қараған кезім жоқ қой.-Әпенді құрбымның өзіндік шешімдеріне күліп жібердім. Көңілі таза Ләззаттан күдіктенгеніме өз-өзімнен қуыстанып қалдым.Күдік дегеннің өзі тез қоюланатын қара бұлт тәрізді.
-Айка, Алматыда жаңадан көз аурулары клиникасы ашылыпты. Жаңалықтан құлағым шалып қалды. Небір ғаламаттар жасайды деседі. Барып көрсек қайтеді?
-Үмітсіз шайтан ғана. Үлбіреген үмітімнің соңынан ере беруге мен дайынмын!
Өлеусіреген үміт оты Ләззаттың мына жаңалығынна соң маздай жөнелді. Шіркін, көзімдегі тұман сейілсе! Бұрынғыдай алыстағыны айнытпай көріп, жақындағыны жаңылмай танып жүрсем! Сол күндерім өмірімнің ең бақытты шақтары екен. Тек бағасын кеш білдім.
Ертеңіне екеуміз қол ұстасып арман болған клиникаға жетіп бардық. Жұмыстан өтірік айтып сұранып алдық. Кейде өтірік айтудың да пайдасы тиеді екен. Мен өмірде жоқ ағамның қайтыс болғанын айтып, бір күнге бастықтың өзінен қиыла өтіндім. Ол жоқ қазаға көңіл айтпаса да, мені жұмыстан босатты. Ләззаттың аяқ астынан тісі қақсамасы бар ма? Осылайша екеуміз де жұмыстан бір күнге сытылып шықтық. Клиникада анау айтқандай көп адам жоқ. Соған қарағанда көпшіліктің көзі ауырмайтын сияқты. Иә, ауырмасын. Ешкім ауырмасын. Әлденеше талдау жасатып, көз дәрігерінің кабинетіне қайта кірген бетім еді. Дәрігер қағаздарға шұқшиып, мені елер түрі көрінбейді. Бейнебір қағазбен сырласып отырғандай. Шипагердің мына бей-жай отырысынан менің құтым қаша бастады. Сәлден соң ол қағаздан басын көтеріп, маған көңілсіз көз тастады. Лапылдаған үміт шырағым шалқып барып тоқтады.
-Иә, дәрігер ханым! Қос щырағымды лаулатар күш қолыңызда болар?-дедім жақсылық хабар естуге ынтығып.
-Ауру әбден дендеп алған екен. Ауыр соққыдан көз тамырлары қысылып, семе бастаған. Менің қолымнан келер қайран жоқ.
-Бар айтарыңыз осы ма? Қазіргі медицина нендей ғажаптарды жасап жатыр! Таз болып қалса, шаш өсіріп береді. «Жынысын ауыстырам» деп желіксе, ұялмай онысын да ауыстырып береді. Алайда менің көзіме келгенде, бұл медицина неге әлсіздік танытады?
-Сізге тіпті бала көтеруге болмайды. Сәбиіңіздің соқыр болып туу қаупі бар.
- Сонда не істеуге болады? Өмір сүруге де болмайтын болар?
-Бір жолы бар: жұмысты, өзіңіз айтқан жазуды тастап, мүгедектіктің екінші тобына шығып, жәрдемақы алуға әбден болады. Оған мен де көмектесе аламын.
-Мүгедектік? Көмек бересіз бе?-Бұрынғы бқрынғы ма, ақ халаттының мына сөзінен соң ішім алай-дүлей болып кетті.
-Иә, кеңесім сол. Мүгедектікке берілетін жәрдемақымен өмір сүруге болмаса да, күн көруге жарап қалар.
-Сөйтіп мені өлім жазасына кеспексіз ғой? Гиппократқа ант беріп пе едіңіз?-Маңайымдағы адамдардан естіп жүрген кекетпе, әжуа сөздерім айналайындай болып қалды. Өмірімде тұңғыш рет «мүгедексің» деген сөзді естіп, орнымнан қарғып тұрдым.
-Ант та бергенмін, су да ішкенмін.-Нағима жайбарақат қағаздарын реттеуге кірісті.
-Сол Гиппократ айтпап па еді, «біз-үшеуміз» деп!-Менің даусыма өксік араласты.
-Жоқ, бұл жерде біз екеуміз ғана ғой.-Дертімнің дауасын іздеп келген абзал жаным сөзімнің астарын ұға алмады.
-Біз үшеуміз: сіз-дәрігер, мен-науқас, ол-сырқат. Гиппократ науқасына айтыпты: «Егер сіз аурудың жағына шығып кетсеңіз, мен дәрігер ретінде жеңілемін. Егер сіз менің, дәрігердің жағына шықсаңыз, онда екеулеп сырқатты жеңеміз.»Ал, сіз, дәрігер, неге мені, науқасты сол сырқаттың аяғына жығып бере салдыңыз? Неге?-Жасты көзіммен оған жалбарына қарадым.
-Мен саған дәрігерлік ақыл-кеңесімді беріп отырмын. Бірақ сенің оған құлақ асар түрің жоқ.-Әйелдің жүзіндегі салқын рай тіптен суынып барады.
-Жазуды таста дегенің-жалғанның жарығын сөндір дегенің. Жұмысты таста дегенің-күрестен қол үз дегенің. Сол мектепте жүріп, мен өсіп едім. Күресудің не екенін де сол мектеп үйреткен.-Булыға жылап құжаттарымды сөмкеме салдым.
-Күреспек түгіл саған қатты қимылдауға болмайды. Екі килограмнан артық салмақ көтеруге болмайды. Қатты ашулануға болмайды, көз тамырларыңның жарылып келуі мүмкін.-Тыйым сөздерді үйіп-төккен дәрігердің сөзін бөліп жібердім.
-Болмайды! Болмайды! Не деген ғаламат тыйым сөздер! «Саған бәрі болады» дейтін мейірімді дәрігер табамын. Шипагерімді тауып, кеудемде әлсіз қоздаған қалған үміт шоғын лаулатамын!Қайдасың, құтқарушы-шипагерім?!Мына ауру еңсемді езіп барады! Аурумен арпалысқан жас жаным шарқ ұрып, дүниені кезіп барады! Қой, бөлмеме қайтайын. Мұқағали ақынның жанға жылу берер өлеңдерін қайталап оқып, құлауға шақ қалған рухымның уықтарын жинайын!
Дәрігердің бөлмесінен көзім боталап шыққан мені Ләззат баурына қатты қысып құшақтады. Сөйтіп тұрып өзін кінәлады.
-Менмін осы жайттың бәріне жалғыз жазықты. Бұл клиникаға сені ертіп келіп, бекер үміттендірдім.
-Жоқ, Ләззат! Олай деме! Сенің ақ ниетің маған аян ғой. Дәрігердің суық сөздері менің өмір үшін бастаған күресімді аяқсыз қалдыра алмайды!
-Иә, күресеміз. Бұл жолда мен сенімен біргемін, Айым!
Күрес жолына бірге түскен құрбым екеумізге мыстан-тағдыр қандай тосын сый дайындағанын біз білген де жоқпыз. Шынайы шипагер іздеуден шаршамадық. Ғаламторға үңіліп, ел ішіндегі мықты деген көз аурулары клиникаларына хабар салдым. Барлық құжаттарымды Ләззат көшірмесін жасап, сақадай сай етіп қойған. Әлгі ауруханаларым не хатыма жауап бермейді, не «өзіңіз келіңіз» дегеннен аспайды. Осылайша жортуылмен жүріп жазғы демалысқа шықтық. Алматы маусымның тамашасымен тамылжып тұр. Ару қалада қыдырыстап, табиғат сұлулығына көз қуантатын менде хал жоқ. Есіл-дертім көзімнің ауруынан арылтар дәрігер табу. Менің бұл мақсатыма Ләззат та шындап кіріскен. Қалта телефонымызға үңіле-үңіле қуаты да бітті. Қуат көзіне қоса бергенімізде, жарық жалп етіп өшті де қалды. Сыртқа шықтық. Дуадақ қожайын тұр кеудесі көк тіреп.
-Жарықты мен өшірдім. Бұдан былай осылай болады. Жарыққа төленер ақы қымбаттады.
-Апай, біз пәтерақысын уақытында төлеп отырмыз ғой,-деп жыланға арбалған балапандай шыр-шыр еттік.
-Берген аз-маз ақшаларың не болады? Жарықты күнде кешкі алтыдан таңғы сегізге дейін өшіріп отырамын. Ұнамаса көшіп кетіңдер.-Дударбас паң кейіпте мамырлай басып үйіне кіріп кетті.
-Таңды күтуден басқа амал жоқ.-Ләззатқа еріп, бөлмеге қайта кірдім.
-Осындай жұмыртқадан жүн қырыққан сараңдарға құдай үйді де, жерді де бере салған,-дедім «хан артынан жұдырықтың» кебімен қожайынның сыртынан сөйлеп.
-Қайтесің ашуланып. Құдай бұл жазғанға дүние-мүлік берсе де, кең пейіл бермепті.-Ләззат мені сабыр аулына бастап әкелді. Қара көлеңке бөлмеде не істейміз?Таптым! Жыршылықпен айналысамыз. Мен жатқа білетін өлең, поэмаларды айтамын, ал құрбым тек тыңдаса болғаны. Бұл ойымды Ләззатқа айтып едім, ол қуана қостай жөнелді. Көне қазақ аулына бір-ақ тартып тұрдық. Тек алаулап жанған от пен алқа-қотан отырған ауыл адамдары ғана жетіспей қалды. Мен-ортада сайрағана жалғыз бұлбұл жыршымын. Алдымен Мұқағали ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасвнан бастадым. Өзім бірер рет оқып, жаттап алған сүйікті дастаным тіптен ұмытылар емес. Ара-тұра сәл тыныстап тоқтағаным болмаса, еш кідірген жоқпын. Ләззат таңдай қаға тыңдаудан жалықпады. Аққуларға оқ атылған тұста кәдімгідей кино көріп отырғандай сескеніп, «апырау, аққуларға оқ тиді ме?» деп оқиғаның бел ортасында өзі жүргендей-ақ уайымдады. Ананың есінен адасқан тұсын жырлағанымда байқұс-айлады да отырды. Поэманы аяқтай бергенімде, құрбым қол шапалақтап қошемет білдірді. Шапалақ ұрылып, қиқулатса делебем қозып кететін мен «тағы бір поэма білемін» дедім қызынып.
-Мәссаған, Айка! Сені бүгін тіпті жаңа қырыңнан таныдым. Сенің бойыңда жыршылық өнері де бар екен. Бұл екінің біріне беріле бермейтін, қазір көпке таңсық көне өнер түрі ғой. Қасиет қонған қызсың ғой,-деп құрбым мені мақтады-ай келіп.
-Мен арнайы жаттамаймын. Көркем туындыны оқығанда қатты ұнаса, өзі-ақ жатталып қалады.
-Міне, құдай саған ғаламат талант беріпті. Жаратушыңа ренжитін жөнің жоқ екен.-Ләззат әлі алғашқы әсерінен арыла алмай отыр.
-Иә, шүкір. Осылай жаратқанына да тәуба.
-Жыр-қоржыныңда тағы қандай туынды бар?
-Мұхтар Шахановтың «Отырар сазы» поэмасын жатқа айтайын,-дедім көне ауылдың киелі тіршілігінен қол үзгім келмей.
-Ал, баста ендеше!-Ләззат жүгініп отыра кетті.
Ал мен мәнерлеп, актерлік шеберлігіме басып, поэманы жатқа судырата жөнелдім. Ләззат кино көргендей-ақ елтіп, соңына дейін тапжылмай отырып тыңдады. Бір жұтым су ішіп, тамағымды жібіткен маған құрбым тағы қолқа салды.
-Тағы да жатқа дастан білесің бе?-Оның бұл түріне мен күліп жібердім.
-Қожайын жарықты күнде өшіреді ғой. Ал мен бар білерімді бір күнде тауысссам, ертең көне ауылға сапар шеге алмай қаламыз Осымен тоқтайын,-деп әзілге жыға бас тарттым.
-Дұрыс айтасың. Егер дударбас үнемі жарықты осы уақытта өшіріп отырса, саған том-том кітаптарды жатқа айтуға тура келеді. Ал күзде сабақ басталғанда қайтеміз?
-Ой, құрбым-ау, оған дейін басқа пәтерге көшіп кетпейміз бе?
-Ол жақта да жарықты өшіріп, отты үнемдеп жағатын жалмауыз кезікше се?
-Түу,Ләззат, күн жаумай су болмашы. Тым әріні уайымдап қайтесің?-Жыршылықпен жүріп түннің етегі қымқырылғанын байқамай қалыппыз. Жастыққа бас қойсақ та, Ләззат таңдай қағып қояр емес.
-Айка, саған рахмет. Сенің өнеріңнің арқасында ықылым замандағы нағыз қазақ аулына барып қайтқандай болдым. Қандай ғажап өмір сүрген ата-бабамыз?! От басында жиналып, ән айтқан, жыр оқыған. Қыз-жігіттер де солай жүріп танысқан шығар.
-Қыздар мен жігіттер танысатын керемет ұлттық ойын болған. Ақсүйек ойнаған болып жүріп талай ғашықтар танысып, табысқан болар.
-Шіркін-ай, қазір ақсүйек ойнасақ қой!-Ләззаттың бар ынтасымен армандағанына күліп жібердім.
-Қазір де ақсүйек ойнайды ғой. Бірақ тек онлайн ғана.-Менің қағытпама Ләззат салмақты жауап қайырды.
-Біздің қасіретіміз де осында. Шеттен келген сол антұрған айнаға жабыстық та қалдық.Тіл-ауыздан, тірідей араласудан қалдық. «Пәденше мың виртуал досым бар» деп маақтану қазір сәнге айналған. Шындап келгенде, бір досы да жоқ болып шығады.
-Әдебиет, тарихты қойып, қоғамтануға ойысып барамыз. Ұйықтайық.-Ләззатты ұйқы патшалығына шақырсам да, оның айтқанары көңілімнен кетпей тұрып алды.Әпенді құрбымның сөзінің жаны бар.
Кеш жатқан соң, ертеңіне ерте тұра алмадық. Әрі ерте тұрғанда тындыратын іс те, шақыратын ырыс та жоқ. Ләззат сыртқа шығып кетіп, безек қағып оралды.
-Айым, тез тұршы. Далада Сәуле тұр. Бір иығы жалаңаш көйлек киіп алыпты. Дударбаспен құшақтасып көрісті.
-Азаматтық некесі жемісін бермеп пе? Мұнда не жоғалтты?-Ұйқыдан маза кетіп, тұруға ыңғайландым. Сол сәтте есік қақпай-ақ, Сәуле кіріп келді. Әбден жасанған. Дұшпанкөз киімдерін киіп алған. Мұнысы доқ көрсету екенін бірден сездім. Қысқа амандықтан соң ол өзі мақтана жөнелді.
-Мына бөлмеде бұрын қалай тұрғанмын? Таңым бар. Қазір көпқабатты үйде тұрамын. Өте жайлы.
-Сенің мұнда неге келгеніңе менің таңым бар. Тұратын мекеніңді емес, жігітіңнің жайын айтсаңшы одан да. Үйленетін ойы бар ма?
-Менің марқұм әжем құсап сөйледің ғой. Бір жылдай тұрып барып үйленерміз. Не асығыстық?-Сәуле мұрнын шүйіріп, ескі орындықтан тұра бере үсті-басын қақты.
-Көл аңсаған аққуым, шөлге тап болып жүрме бір күні. Азаматтық неке дегеннен абай бол.-Жайған дастарханымыздан дәм де татпаған Сәуле тәкаппарсып сәл тұрды.
-Маған ақыл айтатындай данышпансыңдар ма, әлде көріпкелсіңдер ме? Екеуіңе қарасам күлкім келеді, апама жездесм сай болыпты.
-Сәуле, саған қарасам жылағым келеді. Ұшпалы бақ құшқаныңа сонша мәзсің. Жігітіңе сәлем айт. Үлкен ұстаз айтты де, сені сүйсе үйленсін, сұймесе жіберсін.
-Екі қияли бірігіп, мені сықақтайын дедіңдер ме? Сендер мына аядай бөлмеде бақа құсап бақылдап жатқанда, мен биіктегі пәтеріме барамын. Салқын суға шомылып демімді аламын. Іштерің күйіп барады ғой. Шоқ-шоқ.!
-Әй, Сәуле, мұнда келгіштеуің жаман. Түбі келер жерің осы там болып жүрмесін.-Ләззат дауды доғарғысы келіп, бөлмені жинауға кірісті.Сәуле білінер-білінбес қолының ұшын бұлғады да, ырғатыла басып шығып кетті.
-Басекемнің сүйіктісін түлен түрткен екен. Кім біледі, мүмкін бағы жанайын деп тұрған шығар. Менің бір жақын сіңлім азаматтық некеде екі жыл тұрып, ақыры сол жігітке тұрмысқа шықты. Қазір балалы-шағалы. Тіпті кісі қызығатындай бақытты.-Ләззат өз-өзімен дауласып жүр. Бір сөзіне бір сөзі қарсы.
-Бақыт та, қайғы да көшпелі бұлт тәрізді. Көшер де кетер, іштегі жалын түбіме жетер.-дедім Сәулені көріп, көз хикаям есіме түсіп.
-Айеке, не деп кеттің? Сенің әңгімелеріңнен пессимистік сарын аңғармаушы едім. Бұл айтқаның болашақ трагедияның бастауы ма, қалай өзі?
-Жоқ, бұл айтқандарым өмірдің мені қан жылатқан парақтарының улы сөзі, теперіш көрсетер, тәлкек қылар тағдырымның өзі.-Сәл ашулансам құтырған иттің көзіндей долырып шыға келетін көзімді алақаныммен бастым.
-Түу, сай-сүйегім сырқырып кетті ғой. Не деген зарлы сөздер! Бірақ саған не болды?-Ләззат шаруасын тастай сала, жаныма отыра кетті.
-Одан да не болмады десеңші?-Мен көзімді алақаныммен басқан күйі әлі отырмын.
-Не болмады? Білімің телегей-теңіз. Көркің де көз тоярлықтай. Талантың да санаған адамға түгесіле бермес.Елдің алып-қашпа сөзінен шаршадың ба? Мықты қыз деп жүрсем сені.-Күтпеген жерден Сәуле қайта кірді.
-Дәретханаға барып едім. Қол жуайын деп кірдім. Бір жас, бір кәрі екі мұғалім қыз бір-бірімен мұңдасып отыр. Ха-ха-ха! Ал, мен жігітіме барайын, соның жанында бақыт жұлдызын санайын!-Өз сөзіне өзі күлкіге кенелген Сәулені жауапсыз қалдырғым келмеді.
-Артыңа қарама!Тастай батып, судай сің! Сол жігітіңе шындап қолың жетпесе, Сәуле атыңа сын!-Ол күлмең қағып, шыға берді.
-Жыланның басына ақ құйып шығарып салмаушы ма еді?Үйде сүт бар ма? Мына кобраны шығарып жіберейін.-Ләззат орнынан тұруға ыңғайланғанда, Сәуле сықылықтап күліп, қақпадан шығып үлгерді.
-Қазақта «ақты төкпе» деген тыйым сөз бар.-Ләззат ашуланып, шынымен сүтті төгіп жүрер деп тоқтау салдым.
-Осы сені түсінбеймін.Сәуле сені сыртыңнан да, көзіңше де келемеждейді, өсекке таңады, бастықпен араларыңа от жағады. Соның бәріне неге шыдайсың?-Бір кесе сүтті орнына қойған Ләззат маған аңыра қарады.
-Арға қарсы арсыз жеңеді.-Мен жауапты қысқа қайырдым.
-Шіркін, сенің жай сөйлегеніңнің өзі бір романның үзіндісіндей әсер етеді маған.-Құрбым кешегі жыршылық кештің әсерін әлі ұмытпағандай.
-Сәуле кетті,-дедім күрсініп. Ләззат бұл сөзімді неге жорырын білмей әуре.
-Сен Сәуледей зымыстанның кеткеніне қапаланып отырсың ба? Әлде мен алжасайын дедім бе? Отыздың біреуіне әлі толмаған едім, неғып ерте естен танайын дедім? Экологиядан ба?
-Бір құдай атқан күні менің қос шырағым да дәл осылай байқатпай кетіп қалса? Қараңғы түнекте тұншығып қала берем бе? Шынымен сондай тозаққа көнем бе?-Менің нендей сәулені меңзегенімді Ләззат енді түсініп, бәйек бола қалды.
- Мә, су іш. Сәуленің қарасын батырғанына қуан.-Ләззат бір тостақ су ұсынды. Су емес, у берші. «Уды у қайтарады» деген. Іштегі уымды сол у қайтарсын.
-Сен қаптаған түрік телехикаяларындағы басты рөлдегі қыздардың сөзін жаттап алғанбысың? Оларды жігіті тастап кеткенде дәл осылай кемсеңдейтін. Сен несіне жыламсырап отырсың?-Ләззат мені су беріп жұбата алмасын біліп, енді ашық ұрса бастады. Өзіне әпкенің бейнесі жарасып-ақ тұр.Менің қуақылығымды шынға балап, не істерін білмей абдырап-ақ отыр. Әй, Қожанасыр құрбым-ай!
-Адал досым жоқ ағынан жарылып сыр ақтарар.Қамқор әпкем де жоқ мейірлі көзбен бір қарар. Інім де жоқ тынысым боп табылар.Сүйіктім де жоқ әрдайым жанымнан табылар. «Крышам» да жоқ небір дауылдан қорғап қалар!-Құрбымның тіпті есі шығып кетті. Бұл беймаза күйдің қалай, қашан басталғанынан да шатасып қалды.
-«Жеті жоқтың» жаңашыл түрін санап отырсың ба? Саған «крыша» не керек? Өткен жолы келген комиссияның мүшесі сенің сабағыңа кіріп, таңдайын қағып шықты емес пе?Сырыңды ақтарар мен бармын. Әпке болуға да жараймын. Сүйііктің болашақта жолыға жатар.-Ләззат менің жоқтарымның күл-паршасын шығарды.Менің күткенім де осы еді ғой. Бір Ләззаттың өзі мен үшін бірнеше адамға татитынын есту еді ғой қалауым.
-Тоқтай тұршы, мен саған өзім шығарған бір шумақ өлеңімді жатқа айтып берейін. Жүректен шыққан соң ба, жүрегімде жатталып қалыпты.-«Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген осы екен. Құлағым да, көзім де құрбымда.
- Жазғы түскен сағымдай,
Менің бала шағымдай,
Бетіме жымиып қарайсың,
Көзімнің ағы мен қарасындай!
-Пай-пай,махаббат лирикасы ма? Не деген төгілген жыр жолдары! Неткен сырлы сезім!-Құрбымның алдында өзім сомдаған зарлы бейнемнен лезде арылып, күлкіге қарық болдым да қалдым.
-Шынымен ұнаттың ба? Онда жалғасын жазайын.-Ләззат мені күлдіргеніне риза болып, «айламды асырдым» дегендей масаттана қарады.
-Сенің балалық шағыңды есіңе түсіріп, бетіңе жымиып қараған кім бодды екен?-Құрбымды «жүрегінен шыққан сөзінен» ұстап алдым.
-Ол жымиғанда, шынайы күлімсіреді деп сезімім бүр жара бастаған болатын. Кейін оның үйлі-баранды екенін кездейсоқ естіп, аяғымды тарттым. Бірақ өзі пәк сезім иесіндей сұлу жымиятын.-Ләззаттың мені мәз еткен тақпағында ащы шындық барын енді білдім. Қайтесің? Нағыз махаббатың алда.Бұл сөзіме Ләззат жұбана қоймады.
-Алда деген қашан ол? Қырыққа келіп, әрім тайғанда ма? Әлде елуге келіп, егделенгенде ме?
-Мен көріпкел не бақсы емеспін ғой. Қайдан білейін.-Қалта телефоныма үңіле бердім.
-Бақсы демекші, Алматыда бір керемет емші бар екен. Осы жақында жергілікті телеарнадан көрсетті. Өзі жол ашады екен. Жазбайтын ауруы жоқ деседі.-Соңғы жаңалықтардың легі Ләззатта екен ғой. Құлағымды түре қалдым.-
Халық емшісі екен.Телефон нөмірлерін жазып алғанмын. Барып жолымды аштырмасам.
-Жолың ашылып, Жібек жолына түсіп, Еуропаға кетіп қап жүрме!-Қожанасыр қылықты құрбымның тылсым дүниелерге сонша иланатынына таңданып қалдым.
-Сен де көзіңді көрсет. Мүмкін шипасы тиіп қалар.-Ол әлгі бақсыға менің де сенуімді қалайтындай Бірақ мен оқыған-тоқыған дәрігер жаза алмаған көзімді бір емші түшкіріп жаза салады деп ойламаймын.
-Сан ойлама. Сен емшіге сенсең, тілегің орындалады. Қазір мен телефон шаламын емшіге, жолымды ашып берсін деп.-Ләззат қойын дәптеріне жазып алған нөмірді телефонына тере бастады.Қоңырау шалып та үлгерді. Ар жақтан ер адамның даусы гүж етті.
-Қайырлы күн, емші мырза! Сізді теледидардан көріп, хабарласып тұрмын. Өмірден баз кешкен миллиондарға сүйеу болған Жанарыс мырза, жол аштырғым келеді.-Ләззат емшімен күнде сөйлесіп жүргендей. Оның мына тым салмақты түрін көріп күлкіге булықтым да қалдым. Бақсы көкесі құрбымның жасын сұрады. Жасын білмесе, жол аша алмай ма, о несі екен? Жолды ашатын болды, тайған бақты да қайта қондыратын құдіреті бар екен. Бір күдіктенгенім-«жалғыз келме. Қасыңа адам ерте кел» дегені. Желілік маркетингпен айналысатындар сөйтуші еді. «Соңыңнан кісі жина, жиналысқа жалғыз келме» деп құдайдың зарын қылатын. Мына бақсы да солардың ізімен жүре ме, қалай өзі?! Телефоннан естіген мына сөзден күдігім тіптен қоюланды. Бақсының бір сеансы, яғни, бір түшкіргені он екі мың теңге екен. Профессордың ставкасына жетейін деп қалыпты ғой. Аңғал құрбым титтей де күдіктенбестен, емшінің қабылдауына өзімен бірге мені де жаздырып қойды. Мені «сырқат» деді.
Сырқат емес, айықпас ауру, мүмкіндігі шектеулі мүгедек десе дұрыс болады, әрі әдемі естіледі.
Телефондағы әңгіме қабылдау уақыты мен мекенжайды нақтылаумен аяқталды.Тылсым дүниелерге аса сенбесем де, соқыр үмітім тағы да бас көтерді. Нар тәуекел! Тәуекел етіп жүзген қайығымыз жеткізер бізді жағаға!
Шырғалаңнан алып шығар аппақ нұрды тапқандай болып, жүрегім өз-өзінен қуанышқа толып, кешті батырдық. Дударбас қожайын айтқанын істеп, жарықты сөндірді. Бірақ кешегідей көне қазақ аулына саяхаттай алмадық. Әркім өз ойының тұманында адасып жүріп, тезірек ұйықтауға тырыстық.
-А, Құдай, денсаулық пен отбасылық бақыт нәсіп ете гөр!-дді Ләззат есінеп-құсынап. Ынта-шынтасымен жалбарына шыққан даусы маған күлкілі сетілді.
-Өзің кішігірім молда екенсің ғой,-деп қағыттым құрбымды.
-Сен де тілек тіле. Шын ниетіңмен тілесең, Құдай тілегіңді қабыл етеді дейд.-Ләззат тосыннан тақуадай уағыз айта жөнелді.
-Шын ниетіммен-ақ бас ұрып жүрмін ғой. Әзірге тілегінмід берген жоқ. Аяғымның ақсаңдағаны басылғаны болмаса, қос шырағымда жақсы өзгеріс жоқ.-Жан құрбыма жүрек түкпіріндегі қасіретімді төге күрсіне сөйледім.
-Бірден бере салмайды ғой. Сабырмен күту керек. Халқымыздың өзі «Сабыр түбі-сары алтын» деген ғой.-Әй, жанашыр құрбым-ай! Мені жұбатудан, дем беруден бір шаршамайсың-ау!
-Тездетіп ұйқыға шомайық.Тәтті қиял аулына қонайық.-Ләззаттың ұйқастырып айтқан мына сөзінен соң көз ілмеске шара қалмады.
Ұйқы-дұшпан болсын бізге жәрдемші! Тәтті елестер, жақындап бір келсеңші!Ертеңгі күннен сүйінші хабар күткен есіл жүрегім мен өрекпіген көңілім таңғажайып түсіме бастай жөнелді. Басын ақ қар жапқан, етегін жасыл желек қымтаған бір таудың іші екен деймін. Мұншалықты сүлу табиғатты бұрын неге көрмегенмін?! Көктен түн перизаты Ай сәулесін төгіп, күллі әлемді аппақ нұрмен көміп тастаған. Жұлдызы самсаған барқыт көк те қол созым жерде тұрғандай. Ақша бұлттар жер бауырлай мамырлап қалған.Шығыстан ескен жылы жел жүрегімде ойнаған бақыт әуеніне үн қосып тұрғандай. Қасымда қиялда ғана кездестіретін серінің өзі. Кең иықты, жанары от шашқан, келбетті жігіт маған қарап жымияды. Көзіне махаббат шуағы ұялаған.Ол тіл қатса, күллі жер беті сүйіспеншілік пен мейірімнің нотасын ойнап тұрғандай, ерекше күй әуезі естіледі.
-Тағдырымның тартуы Айым сұлу, бар ойым-сені бақытты қылу!-Серім қолын созды. Алақаны мұншалықты ыстық болар ма?
-Бақыттымын, бақыттымын! «Шын махаббат жоқ мынау өмірде» деп аһ ұрған кештерім махаббатым маздаған мейрам күндерге айналды!-Сырбазымның иығына басымды қойып, оның жүрек соғысын тыңдадым. «А-йым! А-йым!» деген ырғақты айнытпай-ақ естідім.
-Сенің сұлу жанарың бақыттан жайнаса, мендегі жүрек қорғасындай балқиды! Ер көңілім тек шаттықтан шалқиды!-Төрем тұңғиық жанарын менің көзіме тіктеді. Осы тұрысында-ақ бар ойымды оқып тұр.
-Жанарыс деген жайсаң жан жанарыма нұр құйды. Енді алысты қырағы көзіммен қырандай барлай аламын, кең дүниені қос шырағыммен жіті шарлай аламын!-Шақырымдағы айқын аңдауға жарап қалған өткір жанарыммен мен оған сыр жолдап, қуанышымды бөлісе, шат-шадыман күйге енд3м.
-Менің жүрегімдегі мәңгілік махаббатты аңдай аламысың, Айымым?-Ғашығым жанарымнан байқаған шындығын менің өз аузымнан естуге құмартты.
-Анық аңдап тұрмын, жүрегіңде менің есімім жазылған екен.Шынайы махаббатың маған арналып, шарасынан төгілердей толықсып тұр!-Сүйіктімнің жүрегіндегі сезім сырын айны-қатесіз жырлап бердім.
-Жайнаған жанарыңнан айналдым! «Мен» деп ескен сезіміңнің самалынан айналдым!-Мені айналып-толғанған тектім ыстық ернімен маңдайымнан өпті. Құдды бір бұрынғының серілеріндей дерсің! Күтпеген жерден жібектей аппақ нұр сейіліп, сұлу көріністің құты қаша бастады.
-Сырбазым, түнгі аспанның түндігі түрілейін деген бе? Жұлдыздардың жамырағаны «қоштасыңдар» дегені ме? Секем алып, сескеніп, суық тартып бара жатыр денем де!-Асылыма келіп, құшағына тығылдым. Бірақ ол маған назар аудармай, алыс қырға көз тікті.
-Ботакөзім, қарашы ана қырға, қара киінген бір топ адамдар келе жатыр топтанып, айтуға әлденені оқталып! Сықпыттары тым сүйкімсіз, келбеттері көріксіз!-Ол меңзеген қырға көз салып едім, расында да сейілген ақ нұрдан асып, бір топ қара киімділер келе жатыр екен.Денем тоңазып сала берді.
-Дұшпандарым ол менің, ту сыртымнан пышақ ұрғанды ұнататын, күліп тұрып бетіме, сиқырланып сыртымнан, жәдігөйлікпен жылататын!-Серімді қолынан тартып, таудың ұшар басына қарай кетуге талпындым. Ол тұрған орнынан міз бақпады.
-Жақсы болсаң сен өзің, жауың неге көп болсын?!-Қырдан бері жақындаған әлгі топтан көз алмаған қамқорым бірден суық райға ауысты.
-Жақсылардың артынан сөз ермей ме? Сол жаман жақсыға күншілдік етпей ме?-деп мен шыр ете қалдым.
-Тыңдайын сен айтқан сол жамандарды! Мәлім болар сосын не амалдарым!-Сүйгенім тәкаппар пішінмен маған көз қиығымен қарады да, әлгі топтанғандарға қарай беттеді.
-Дұшпан сөзін тыңдама! Қарашы менің көзіме, бар шындық оның өзінде!-Келбетті жігіт жолын бөгемек болған мені оп-оңай бір шетке ысыра салды. Жалт бұрылып, қара киінген топқа қарадым. Апырмау, мынау Сәуле емес пе? Қасындағы дәрігер Нағима ма? Түйенің жарты етіндей болып қара киіммен тұмшаланған анау бір кесек пошым бастығым емес пе?
-Ей, албасты Айым, мына жігітке көзіңнің көрмейтінін айттың ба?-Сәуле өңмеңдеп келіп, сері жігіт екеуміздің ортамызға киіп кетті.
-Сен-екінші топтағы мүгедексің! Соны растайтын анықтама алып келдім. Мінекей!-Түсі сұрланған дәрігер маған әлдебір құжатты ұсынды.
-Жоқ!-Менің жан айғайымнан Нағима ұсынған қара қағазды жел ұшырып әкетті.
-Сен-соқырсың, өмір сүруді білмейтін бетпақсың! Мен түсінбейтін шимай-шатпақсың!-Бастығым да тістеніп, ғайбат сөзден нөсер жаудырды. Сүйегімнен өткен ызғарлы сөзден қалшылдап тоңып тұрмын.
-Жоқ, жаным, біріне де сенбе, айдауына көнбе!-Пәк сезімдерімнің патшасы-сүйіктіме жан ұшыра, жәрдем сұрай ұмтылдым.
-Анықтама алып келіп, растап тұрса ауруыңды, мүмкін емес саған сеніп, қасыңда қалуым!-Ол мені ожарлықпен кеудемнен итеріп жіберіп, өзі Сәулеге қарай ойысты.
-Қайтесің ол жазғышты?!-Сәуле тіпті оған сүйеніп тұрғандай көрінді маған бір сәт.
-Айым-мүмкіндігі шектеулі мүгедек жан.-Нағима жемтікке төнген құзғындай қарқ етті.
-Айым-соқыр!Онымен тағдырын байлаған сенің өмірің болар бір күн опыр-топыр!-Басекем де одан қалыспады.
-Бұл диуанамен бірге болам дегенің- шырмауық мәселеге малтықтым дегенің.-Сәуле сиқырси сөйлеп, жігітіме жақындап барады.
-Сәуле, ғашығым маған мені мәңгі сүюге серт берген. Мені өз өміріндей көреді.-Қара киімді зұлым ниеттілердің мысы басты ма, айғайым тіл ұшында қалып қойды.
-Менің жігітім де маған солай деген, «бақытымыздың байлауы-азаматтық неке» деген. Ақыры өзі бір күнде сөзін жұтып маған берген, аулына барып үйленіп қайтқан!-Сәуле жанбаған бақ жұлдызына мені айыптап, сырбазымның мойнына асылардай болып тұр.
-Ер жігіттің екі сөйлегені-жай ғана айтқанынан айнып қалғаны!-Мына сөзді кімнен естіп тұрмын?! Бақыт түнім күңіреу сәтке айналып бара жатты.
-Сен маған «сүйем» деп серт еткенде, тылсым түн кірпік ілмей күтіп тұрған. Жүйрік жел ішін тартып, қарап тұрған. Талмау көктен жұлдыздар тыңдап тұрған! Солардың бәріне жалған айтқаның ба?-Зар илеп келіп, оны құшақтамақ боддым. Жұбаныш болар бір сөз күттім.Ол тасқа айналғандай мелшиген де қалған.
-Міне, жігітім, қиялидың халі осы. Сендей сымбатты серіге ғажап қыз табылады.-Сәуле жігітмнің о жақ, бұ жағына шығып, түлкідей бұраңдады. -Тапқандаймын мен сол «ғажапты». Ұмытамын «Айым» деген азапты!-Жігіт мені тапап өтіп, Сәулеге құшақ жая ұмтылды.
-Жо-о-оқ!-Шырқыраған даусымнан тау жаңғырықты.Оған қара ниеттілердің шақылдаған, бақылдаған күлкілері қосылды.Мен өз даусымның екпінінен көтерілген құйынға тұншығып, таудан төмен қарай құлап бара жаттым. Алқынып жатып, зорға ояндым. Қара терге түсіппін. Уһ, бұл неткен шытырман түс? Тым болмаса түсімде ұмытсам ғой сырқат халімді. Тым құрыса қиялым қуантса етті жанымды!
-Жайсыз түс көрдің бе? Мән бермей-ақ қой! «Түс-түлкінің боғы» дейді үлкендер.-Менің даусымнан оянған Ләззат әдетінше мені жұбатарға сөз тапты.
-Түлкінің боғы дұшпанның оғы болып тиіп жүрмесін!-Түсімнің әсерінен айыға алмай, әоі-сәрі болып отырмын.
-Не көрсең де, жори көрме жаманға! Жақсы нышан деп білгейсің әманда!-Түсімде не сұмдықты көргенімді де сұрамаған жанарышым жақсылыққа жорып та үлгерді.
-Жанашырым болғаны қандай жақсы жанымда! Осы емші сенің жолыңды ашып, менің шипамды тапса, ақсарбас айтам Аллама!
Жаңа күннен жақсылық сұрап, қос құрбы қолтықтасып, емшінің мекенжайына жетіп те келдік. Келушілер тым көп екен. Жанарыстың атағын асырып, оның өлімді жеңген хикаяларын майын тамыза баяндаушылар одан да көп екен.
-Ракпен ауырып, бәлністен шығарып тастаған адамды Жанарыс емші жазып шығарған,-деп аттандады солардың бірі.
-Атамыз өмірі пұшпағы қанамағанүш жүз сексен сегіз әйелге ана болу бақытын Құдайдан сұрап алып берген құдіретті жан,-деді тағы біреуі тепсініп. «Сонша баланың әкесі атаның өзі болып жүрмесін? Бірақ бір еркектен көп бала туа ма?»-деп сыбыр етті Ләззат. Езу тарттым да қойдым.
-Миы ісіген бір міскінді ата өмірге қайтарды. Міне, ол бейбақ мына кісі,-деп барқыраған бір жарнамашы ортаға шашы сұйылған, көзінің оты сөнген бір әйелді алып шықты. Ол бейшарада үн жоқ. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, топ ішіне сіңіп кетті.Бәлкім, миы ісіген адамның түрі осындай отсыз болатын шығар?!
-Атадан бата алған кәрі қыздар үш күн өтпей байға тиіп, үш ұлдан тауып тастағандары да ақиқат,-деп топты жарды және бірі. «Міне, ол мына ару!» деп кейін мені осылай ел-жұртқа көрсетіп тұрса ғой, шіркін!»-деп Ләззат мына сөзден соң сабырынан айрылды. «Қашан кіремізбен» жүріп, кеш батуға таянғанда, атаның жүзін әрең көрдік. Ата сақалы аузына түсе қоймаған, тіпіт сақал-мұрттан мүлде ада, джинсы шалбар мен шимай-шимай жазуы бар жейде киген кәдімгі адам. Әулие, емші деген мұнтаздай ақ киінбеуші ме еді? Әлде ХХІ ғасырдың емшілері де «модный» болып кеткен бе?
-Маған бала тумайтын қатындар көп келеді. Екеуіңнің жөндерің бөлек екен,-деді емшіміз салған жерден.
-Әйел парызы-ана болу,-деп мен күңк еттім оның дөрекі сөзін жақтырмай.
-Күйеуге шықсам тездетіп, перзент сүйсем егіздетіп-сол менің арманым.-Ләззаттың көңілінде еш алаң жоқ, шарт жүгініп, емшінің қарсы алдында қасқайып отыр.
-Мен-Қыдыр атаның сүйікті баласымын. Мен-тірі аруақпын. Алдымен Құдай, сосын Жанарыс деп біліңдер.-Емші орнынан атып тұрып, ұрандата сөйлеп, көзге көрінбес шеңбердің ішінде тұрғандай шырқ үйірілді.
-Білдік те, сендік. Енді жолымды ашып берсеңіз.-Ләззат тездетіп негізгі іске көшуге құмартып отыр.
-Иә, бақсылардың бақсысы, емшілердің жақсысы, сіздің нұр жүзіңізді көру бізге қиынға соқты. Көмекшілеріңіз сіз туралы аңыздар айтып, қиссалар қозғап, бізді ұзақ бөгеді. Он екі мыңды, әлбетте, солар санап алды. Шыдадық, бірақ түскі астан құр қалдық.-Дегбірім қашып, бұдан ары созуға төзімімнің жоқтығын айтуға ыңғайланып едім. Ләззат сөзімді үзіп жіберді.
-Ашыққаным түк емес. Менің дертім бұл емес. Жалғыз жүріп жаһанда, дара тұрып қаһарға, шаршады қыз жүрегі. Сыңарым болып бір сері, ашылсын бағым бір енді!-Ләззат ежелгі қазақ аулынан келген айтыскер қыздай төкпелетіп өтіп, Жанарысқа басын иді.
-Күйеуіңе тиесің, балаңды да сүйесің. Кел бері, түшкірейін. –Қос қолын қызға қарай созған емші қимылсыз тқрып қалды. Ләззат ептеп басып, оған жақындады. Ол қапсыра құшақтап, өне-бойын сипалай бастады.Көпе-көрінеу арсыздыққа қалай шыдарымды білмей, тістеніп мен отырмын. Ақырын күтіп отырмын.
-Қытығым келіп кетті. Осылай түшкіруші ме едіңіз?-Ләззат қарны теңкиген емшінің құшағынан сытылып шығудың амалын ойластырып тұр.
-Мен сенің бойыңдағы жаман қасиеттерді жұлып алып жатырмын. Қозғалма! Бүгін жолың ашылады, серің келіп қасыңа, жалғыздығыңды қашырады! Суф-суф!-Ләззатты шыр айналдырған бақсы оның жолын өмірде қайтып жабылмастай етіп ашқан тәрізді. Қыдыр атаның сүйікті баласы Ләззаттың сүйіктісі болайын деді ме, не боп кетті өзі?
-Ей, пақыр,-деді кенет емші маған ақырып,- сен жай отырмай, көзіңді жұмып, тілек тіле ішіңнен! Тілегенің қабыл болсын десең, көзіңді тарс жұм! Мүлде ашпа! Иықтағы сөмкеңді жерге таста!-Пәрменді дауыс жеңді ме, әлде әлсіз үмітім иландырды ма, сөмкемді ту сыртыма қарай серпіп тастай салдым. Сәлден соң оған сумақы қолдың кіріп, азын-аулақ ақшамды қағып алатынын тіпті сезген де жоқпын. Сөмкемдегі сөлкебайларды сылдырлатпай-ақ қағып алған емшінің жарнамасын жұртқа жайған тақиялы төртпақ екен.
-Жол аштыру қиын болады екен ғой. Иістерге кірпияз едім. Емшінің иіссуынан мұрным бітіп барады.-Ләззат әлі де Жанарыстың құшағында бұлқынып тұр.
-Шыда, отты қыз. Діңкемді құрттың,қыз,-деген Жанарыстың демікпе ұстағандай ентігіп шыққан даусынан тарс жұмған көзім ашылып кете жаздады. Алайда тілек қымбат, кірпігімді қайта айқастырдым.
-Осылай жол аша ма?-Бұл-Ләззаттың даусы.
-Әр түн сайын сені қара дию құшағына алған екен. Содан жігіт біткен сенен безген екен.-Бұл-ырсылдаған емшінің ұні. Жол ашамын деп, шаршап қалған ба өзі?
-Маған жігіт қарамайды деп ойламаңыз. Менің жігітпен танысатын артық уақытым бола бермейді. Бұл-басты себеп.-Безек қаққан Ләззат емшіге жолының неге жабылып қалғанын өзі түсінідіріп тұр.
-Далбасалама! Құдай айтты бұл сөзді!-Емші жекіріп қалды.
-Құдай да дөрекі сөйлейді екен ғой! Мен Құдайға «Сіз» деп сызылып, майысып тілек тілеп жүрсем!-Ләззаттың даусы жылауға таяды.
-Өшір үніңді! Жұм көзіңді! Тілек ет бар жаныңмен! Бұл-Құдай сөзі!-Жанарыстың осы сөзінен соң Ләззаттың даусын естімедім. Тілек етуге көшкен сыңайлы.
-Қашан шыққың келеді күйеуге?Үш күннен кейін бе, жеті тәуліктен соң ба, әлде бір айдан аса мерзім өтсін бе?-Бұл-ентігі басылған Жанарыстың даусы.
-Бұл өзі ҰБТ сұрақтары сияқты сананы сансыратқан сауалдар болды ғой. Жақсылықтың жылдам жайғасқанын кім қаламасын? «А» нұсқасы, «то есть» үш күннен соң деген жауапты таңдаймын.-Әй, әпенді құрбым-ай!
-Мен жолыңдағы бар кедергілерді сыпырып алып тастадым, содан қара терге түстім. Үш күннен осң бір азаматқа жолығып, жанұя құрып кетесің!-Емші даурыға сөйлеп, еліре айғай салды.
-Уһ, емшінің құшағынан босап, қапастан шыққандай болдым ғой тіпті. Айтқаныңыз келсін!-Саңқылдаған құрбымның үнінен қуаныш лебін байқадым.
-Бата берейін мен саған, жолыңды ашып мен бағам! Батам ақылы, ақысы-бір мың ғана.-Емшінің мына сөзінен соң көзім қайта ашылып кете жаздады. «Тілегім қабыл болмай қала ма?» деген үрейден жанарым қайта жұмылды.Ақылы бата шын ниет емес. Ақша жүрген жерде жол ашылмайды.
-Тәйт, қазір құрыстырып тастаймын,-деп бақсы менің ойымды оқып қойғандай тыйып тастады. Таңданып қалдым. Расымен де құдіретті күш иесі ме, әлде дәніккен алаяқтар тобы ма?Түсінсем бұйырмасын.- Одан да көзіңді шарт жұмып, құрбың үшін де жалбарын!-Ләззат үшін тілек етпей қайтейін. Қайта ерін жыбырлата бастадым: «А, Құдай, рақымыңды төкші мендей пендеңе! Көзімдегі дерттен құтылайыншы! Құтқаршы мені мына сырқаттан! Ләззат бақытын тапсыншы! А, Құдай! А, Құдай!» «А, Құдайлап» отырсам да, Ләззаттың сөлкебайын санап бергенін естіп қалдым.
-Иә, ақша-арам. Сол үшін мен оны қолыммен ұстамаймын. Қалтама сал дегенім де сондықтан. Жай қолыңды, ашып жолыңды, бата берем мен саған!
Ешқашан бағың таймасын!
Дұшпаның теріс айналсын,
Үш күннен соң бір жігіт,
Өзіңе келіп байлансын! Әумин!-Батасы бір әжуа сияқты.
-Әумин!-Құрбымның қуана бет сипағанын көрмесем де, сезіп отырмын. Мұндай батаның түр-түрін мен-ақ айтып беруші едім ғой. Айырмашылығы-менің батам тегін.
-Әй, пенде, түрегел, көзіңді аш.-Емші тағы да не ойлағанымды біліп қойғандай барқ етті.- Біліп тұрмын деміңнен, науқас жансың деміккен!-
-Демікпеге шалдыққан жоқпын. Көзім ауырады. Дәрігерлер емін таппай, суық сөзден бір аспай, жас жаным әбден торықты.-Өзіме «демікпе» деп диагноз қойған бақсының тура алдына жетіп бардым. Әрине, көзімді ашып бардым.Жақыннан қарағанда түрі тіпті сиықсыз екен.Түгі шыққан қып-қызыл беті майдан жарылардай. Ала кзінің асты білеуленіп, адамға ішіп-жеп қарайды.
-Мен дәрігер емеспін. Байқап көрейін. Кітапты көп оқысаң, көзің ине шаншып алғандай суырып ауырады.-Тамырымды ұстаған емшінің ына сөзіне қайран қалдым. Расымен де солай ғой.
-Ашуланып айбат шексең, өзгелерден ғайбат көрсең, күйіп шыға келер бұл көзің!-Тағы да іштей таңдай қақтым. Тура айтып тұр ғйо. Бағанадан бері бекер күдіктенгенім-ай. Ұят болды.
-Қыдыр атаның сүйікті баласы! Емі бар ма көзімнің?-Ұялған тек тұрмастың керімен дауыстап жібердім.- Жаны жоқ қой дәрігер сөзінің?
-Дәрігерің «көп дәрі іш, жазыларсың сонда, тағы іш» деді ме?-Жағымды жауап ести қоймадым.
-Жоқ. Дәрігер маған «мүгедексің. Ақысыз-ақ сені тірілер тізімінен сызып берем» деген еді.-Қыдыр атаның баласына мұң шағамын деп, жылап жіберуге шақ қалдым.
-Құдай сақтасын! Сенің көзің осыдан үйіңе барған соң шырадай жанады. Күйеуге тиіп, үшемнің анасы боласың. Өкіметтен тегін үй аласың.
Көзіңді бір сипайын-дертің қашсын.Шашыңнан сипайын-шаттығың тассын.-Емшінің бас айналдырған сөзінің соңы сұйылып, шашымды сипаумен тынды.
-Шаттығым шашымда өріліп тұр ма екен?-Сөзімді елеген емші болмады.
-Көзіңнен екі сипайын-ауруың қайтып келмесін. Көкірегіңді бір сипайын-қуаныш, бақыт кернесін!-Кеудеме таяған қолын қағып жібердім. Дертім қашса, бағым тасса, одан басқа не тілек қалды?Көкірек сипату міндет емес шығар.
-Тірі адамға бәрі арман. Мен сенің барлық армандарыңның орындалуы үшін, суретімді төс қалтаңа салып берейін. Осы сурет төсіңде тұрғанда, жақсылық жаныңнан бір елі қламай еріп жүрмек. Бұл сурет те ақылы. Бес –ақ мың теңге. Мына орамалды басыңа сал, бағыңды пенде лер шашып тастамасын. Ол да ақылы-екі-ақ мың теңге.-Емшінің сеансы бітер емес.
-Қайда тап болдым? Базарға ма, әлде жалған бақсыға ма? Аузын ашса ақша дейді, жылы сөзбен жұбатып, көңілді сүйеп қояды кейде.-Көзімді кең ашып, қарсы алдымда қарны төңкерілген еркекке тесіле қарадым.
-Бағыңның жанында 4-5 мың теңге сөз болып па, тәйірі? Ақшаны қолыма берме, қалтама сал. Ақша деген арамды қолыма ұстап көрмеген Құдайдың пәк баласымын ғой мен.-Шалбарының қалтасын икемдеп, қырындап тұра қалған бақсыға түңіле қарадым. Сонда да өлуді білмейтін үмітім аузымнан басқа сөз шығарды.
-Ләззат, мүлгімей менің сөмкемді қарашы.Тиын болса, санашы!-деп дауыстадым құрбыма.
-Сөмкең бос. Нөлге нөлді қос, бәрібір нөл шығады.-Математик әріптесімнің айтқанына сене алар емеспін.Мүмкін емес, сөмкемнің түбінде болу керек пәтерақыға деп сары майдай сақтаған сыбаға.
-Сенбесең өзің қара. Жоғыңды өзің сана.-Ләззат лажсыздық кейпін танытып, екі қолын жайды.
Расымен сөмкемде ештеңе жоқ.
-Онда бөлмеден шығыңдар. Сурет те жоқ саған, қайтып келме, ей, пақыр, маған. Ақшасыз қабылдамаймын, ақысыз қол қимылдатпаймын.-Емші қаһарлана айғайлап, маған есікті нұсқады.
-Рахмет, сізге, тірі аруақ!-Ләззат шыға бере иіліп, қошемет көрсетті.
«Рахмет сізге,ұры аруақ!»Бұл сөзімді тек далаға шыққан соң ғана айта алдым.Құрбым шыр-пыр бола қалды.
-Қой, дертіңді қайта байлап бермесін.-Кәдімгідей иланып қалған түрі бар. Алаяқтар апанына өз аяғымызбен келген неткен аңқау едік!Аңқау емес,неткен қараңғы едік! Оқығанның наданы екенбіз!
-Үйіңе кіре бергенде, құрыстырам дейді. Онда үйге бармай, сыртта жүрейік. Бәлкім, бақсы атаның кәрі қайтар.-Ләззат әлі де емшінің шынайылығына шәк келтірер емес.
-Менде онсыз да үй жоқ. Бақсы маған «үйіңе кіре бергенде бүкір етем» деді. Ал, мен пәтер жалдап тұрамын. Демек, бақсы атамыз қаһарын төгу үшін көп жылдар күте тұрады. Мен үйлі болғанға дейін қай заман?-Құрбымды қолтықтап, аялдамағаа қарай асыға жүрдім.
-Менің сөмкемнің сыртқы қалтасында автобусқа деп қойған тиындарым бар еді. Көрінбейді ғой өздері.-Сөмкесіне мұқият үңілсе де, жолақысына деген тиынын таба алмады.Сенің де көзің нашарлайын деген бе? Бақсының үйі ту сыртыңда. Тағы барып ем ал, ақылы батасына қарық бол!Жағдаййдың мәнісін енді түсінген Ләззаттың жүзі қабарып кетті.«Жолым ашылды» деп алаулаған көңілі су сепкендей басылды.
-Қайдан білейін, бата беріп, жарылқаймын деген соң, бар ойым тұрмыс құру болып, құшағында иіссу мен тердің исіне тұншықтым. Бірақ бата деп берген бір ауыз сөзі шын шықсыншы!-Құрбымның салы суға кеткен түрін көріп, бір жағы жаным ашып, бір жағы оңбай алданған, үмітімізді жел ұшырған екеумізге де күлкім келді. Өзімізге де обал жоқ. Ақшамыздан айрылып, құр қол қалдық сымпиып. Бұл бір сабақ болды біздерге. Енді алаяқтарға алданбаймыз, құр қиял аралына еш қонбаймыз.
-Бәріне мен кінәлімін, мен!-Ләззат аузы қисайып жылауға айналды.
-Сені кінәламаймын. Жолың ашылып, тұрмыс құрсам дедің. Менің жазылғанымды қаладың.Мені тіпті проза шеберіне баладың. Көмектескің келді, ақыры күлкіге кенелдім. Жанарыстың әрбір сөзі елестесе, күлкім келе береді.-Көшенің шетіне тоқтап тұрып, «құдайдың ұрысына» ішегім түйілгенше күліп алдым.
Сол сені құшағына алса, жолың ашылып жүре береді екен. Ал, бала көтере алмайтын әйелдер барса, әрекетсіз жібермесі анық.Жанарыс емдік амал деп айласын асырады.Бір күні тұтылады. Арам ақшасы желге ұшып, сыртқа қарай сытылады.
-Айым, сен бақсыға шашыңнан сипатып, өзің де бақсы болып кеткенбісің?-Ләззат көзін сүртіп, опа-далабын ретке келтірді.
-Онымен ұзақ құшақтасқан сен ғой. Сен бақсы болмай қалай аман тұрсың?-Тағы да күлкімді еркіне жібердім.
Сол жерде бақсы-құрбымның бір ақыл айтпасы бар ма?Астанаға барсам, діңкелеткен дертімнің дауасына тап болады екенмін. Нұр-Сұлтанда адам жанынан басқасының бәрі бар деседі.Арман қалада армандардың орындалмауы мүмкін емес. Иә, арман-сәйгүлік, Астанаға шабайын, мына шырғалаңнан құтқарар шипагерімді іздеп табайын!
-Бақсының батасын саған берейін, айырмасы-ақысыз. Тек аздап түзету енгіземін.
Ешқашан бағың таймасын,
Дұшпаның теріс айналсын,
Үш күннен соң бір дәрігер,
Ауруыңның тапсын айласын! Әумин!-Ләззаттың батасына кәдімгідей жаным кіріп қалды. Телефонға шұқшиып, елордадағы таяуда ашылған көз аурулары клиникаларын сүзіп шықтым. Жарнамасы, рейтингі жер жарған бір клиникаға таңдау салдым. Тағы да нар тәуекелге бел будым. Әрі Ләззаттың «түпнұсқа» батасынан соң, тілегімнің орындалу ықтималдығы жоғары болмақ.. Ендеше, не тұрыс, Астанаға сапар шегейін. Арман қала, қарсы ал мені, дертіне дауа іздеген бір қызыңды!
***
Тесік қалтамен ұзап шыға алмасым анық қой. Тағы да тәуекел деп, он сегізімде анам сыйлаған алтынымды ламбардқа өткіздім. Көңілімді бір демдеп, тәтті қиялдың тербетуінде елордаға жетіп те қалдым. Бұл жолы Ләззатты ертпедім. Бағымды өзім сынамақпын. Бұл жақта қасқалдақтың қаны да бар екен, бірақ тым қымбат. Алматының қымбатшылығына жылап көрістім. Қуықтай құжыра бұл жерден де табылды. Өзім ғаламтордан іздеп тапқан клиникаға келдім. Ғылымға белгісіз жаратылысты қызықтағандай, дәрігер ханым мені ұзақ тексерді. Ара-тұра бұл жағдайға қалай түскенімді де сұрап қояды. Өзі бір биязы жан екен. Көңілімнің құсын шарықтатып, ән салғым келді. Жақсылықтан тым дәмелімін.
-Сіздің клиникаңыз жайында ғаламтордан оқыдым. «Көздің көру қабілетін қалпына келтіреміз» деп жарнамаларыңыз жарқырап тұр екен. Сол бір ауыз сөз мені магниттей тартып, Нұр-Сұдтанға алып келді.-Ашаң жүзді дәрігеріме неге оны таңдағанымның мәнісін түсіндіріп отырмын.
-Ол жарнаманың сізге қатысы жоқ,-деді ол аяқ астынан. Мына сөзден соң жалаңаш аяғыммен от басып алғандай ыршып түстім. Қалайша? Соншама ақылы тексерістің қорытындысы теріс шыққаны ма?
-Сізге ең алдымен психологқа көріну керек. Сіз өзіңіздің мүгедектік халіңізді мойындамай, алысқа шапқыңыз келетін сияқты.-Дәрігердің мына сөзі мені өлім құшағына лақтырып-ақ жібергендей еді.
-Жоқ, психолог та, психиатр да қажет емес. Менің тәнім сырқат болғанменен, жаным сау. Алысқа шауып, Америка асайын деп отырған жоқпын.-Атып тұрдым. Буынымды ұстай алмай, қайта сылқ отыра кеттім.
-Сіздің көзіңіздің жүйкесі 90 пайызға өлген, қызметін тоқтатқан. Медицинада мойындалғандай, көз жүйкесін қалпына келтіру мүмкін емес. Сізге айтарым-жұмысты тастап, мүгедектікке берілер жәрдемақыға өмір сүріңіз. Зағиптар қоғамына мүше болып, бәлкім, сол жерден өз теңіңізді тауып қаларсыз. Жазушы болсаңыз, мүгедектер мәселесін көтеріңіз. Түрлі мерекелік шаралар өткізіп...-Өлім үкімін оқыған соттың даусындай тым ызбарлы үн қлағымды тесіп өтіп, миымды қуырып барады.
-Жоқ!-дедім алқынып,- «Сенген тоқтым сен болсаң, күйсегеніңе болайын.»Алматының дәрігері мені өлім жазасына кесіп еді, сіз мені тірідей көрге тықтыңыз!
-Несіне ренжисіз? Мен шындықты айттым.-Ол салқын ғана жауап қайырды.Әкесі өлгенді де астарлап естіртетін қазақ емеспіз бе? Өмір нұрын себер жылы сөзге неге сараңсыздар, дәрігерлер? Сырқатты жылы сөзбен емдеуге болады ғой.
-Барды баяндадым.Ақиқатты айтудан аянбадым.-Дәрігер де ділмар екен, сөзден есесін жібермеді.Баяндадыңыз, суық сөзбен сумаң қақтыңыз.
Аянбадыңыз, жан жарамды жұлып бақтыңыз! Енді кімнен сауға сұраймын?!Өмір сұрап, кімнің аяғына құлаймын?! Кімге шағынып, көздің жасын бұлаймын?! Жоқ, жыламаймын! «Мүгедек» деген атты малданып, жәрдемақыға берілер бес-он тиынға жан бағып, әркімге бір мұң шағып, қор болмаймын мен! Көрмегенім дәрігер, естімегенім дәрігерлік кеңес болсын! Жанымды жаһаннамға аттандыра жаздаған бөлмеден булыға атып шықтым. Соңымнан дәрігердің: «Қайда кеттіңіз? Мына түріңізбен қайда барасыз?» деген даусына бұрылмадым. Мөлдіреген көзім бар, жалын атқан сөзім бар. Сылқым Есіл өзеніне шағым айтар халім бар! Өмірімдегі көмек сұрап барған ең соңғы «ақ халатты абзал жан» болып, менің өмір тарихымда атыңыз қара әріптермен жазылып қалды.Қош!
Буырқанып, басыла алмай, шамырқанып, шырғалаңның шешімін таппай, сұлу Есіл жағасына мен жеттім. Түпсіз терең ауыр ойлардың тұңғиығына түсіп кеттім. Анау көк аспан, дөңгелене жүзген жарық күн, тіпті ауа да мен үшін емес екен. Үнсіз жылжыған Есілге запыран жасымды төге бердім.
О, Есіл, сенің жағаңа келіп, қаншама мұңлық мұң нөсерін төкті екен? Қанша жан бақыт қайығында тербеліп, шаттық шуағына бөкті екен?Төрешісі өзің ғана! Бәріне үнсіз куә болып, сылқым сусып жатқаның! Көріп тұрмын, анау шетте қыз бен жігіт оңаша сыр ақтарып, сыбыр қағып, мәз-мейрам. Анау шетте қармақ салып, балық ұстап, бармағын бүгіп, олжасын санап, балықшы шал мәз-мейрам. Анау шетте көріп тұрған жоқпын, тек естіп тұрмын, суға шомылған, балалық шақтың қызығына тоймаған балалар мәз-мейрам. Анау шетте көріп тұрмын, қос көгершін құрқыл қағып, махаббаттан ортақ тіл тауып мәз-мейрам. Анау шетте арманымның ақ кемесінің нышанындай болып, жарыса жүйткіп қос ақ қайық мәз-мейрам!Тек сол мейрамның ішінде маған орын жоқтай!
Ей, жүйрік жел, сырласым ең, бұл жолы мұңдасым болшы! «Пенде емеспін, мұңаюды білмеймін» дейсің бе? Жүйріг жел, сен де ақиқат аулынан алыстай бастағанбысың? Менің әкем өмірден озғанда, ішіңді тарта ұлып, ыңырси жылағаныңды қалайша ұмыттың? Мен оқуға түскенде, қуаныштан құбылып, шашымды шарпып сипап, еркелеткеніңді қалайша ұмыттың? Дәл сол бақытты күнімдегідей, бетімнен өбіп, шашымды тарап, тарқатшы қайғы түйінін! Сыбырлашы құлағыма, жылы леппен дем беріп! Құлағымды тосайын сыбырыңа. Не дейсің? «Мүгедексің» деп мысқылдап тұрмысың? Тәйт, доғар сайтан сыбырыңды, тәнім-сырқат болғанмен, жаным-са-а-ау!
Жаным са-а-а-ау!Са-а-ау! Ойламаған жерден дүние күңгірт тартып, Есілдің үстн қара бұот тұмшалап алғандай болды. Қара түнектен бір дауыс естідім.
-«Тәні саудың жаны сау» деген. Сенің тәнің сырқат болса, жаның қалай сау болмақ?-Өмірден көңілім қайтып, өлім құшағына құлауға әзір тұрған бейбақ басым дауыстың байыбына бармадым. Дегенмен жауап қайтаруға жарадым.
-Он екі мүшесі сау болса да, түкті түсінбейтіндер, дымды сезбейтіндер бар ғой!
-Мойындаймын, бар. Бірақ оларды ешкім «көрсоқыр» деп кемсітпейді. Өйткені олардың жарасы сырт көзге ұрып тұрмайды!-Күркіреген дауыс зәремді алса да,бойымда шала-жансар жаным қалса да, дауласып бақтым.
-Тепсе темір үзетін кейбір азаматтар «жұмыс жоқ» деп жығылған отаудай үйінде қол қусырып жатады. Оларға ешкім күлмейді. Менің көзім кемістік көрсетіп еді, «жұмыстан кет» деп кейбіреулер кіжінді.-Дауысқа құлақ түріп едім, арыны басылғандай.
-Кіжініп, тепсінсе де талайлар, қарсы тұрар күш-қайранды қайдан алдың, қайран ару?!
-Өмірдің өзі берді! Анау ақша бұлттар көз ұшында болса, менің аппақ арманым қол ұшында болатын. Арманымның алғашқы баспалдағын сәтті басқан едім.Жанат ағаның ақ батасынан рух алған едім. Сорымды қайнатып, сырқат шықты көлденеңдеп. «Жығылғанға жұдырық» болып, дос тұтқаным дұшпан шығып, құлатуға әзір тұрды өңмеңдеп! Сонда да сынбадым, құлап тынбадым.Өмірдің өзі жігер беріп, «біреуден кем бе едің?» деп, қолтығымнан сүйеп жөнелді!-Мына белгісіз үнмен тілдесуден қайраттанып, бағзы бір адуынды Айым қалпыма орала бастағандаймын.
-Ай атты ару қыз, менің сынағымнан сүрінбей өттің! Шыдам атты бұрымыңды сілкіп тастап, күресе кеттің! Өмірді алдың ту етіп, жарық нұрды тәу етіп!Жеңілдім мен бұл күресте, сені жығу мүмкін емес те! Алас ұрған сәтіңде, қапас түнекке ұмтылып, құщағыма құлап түсер деп едім! Дегенім болмады, сұм көңілім толмады. Өмірден айырып, алып кетуге келген Ажал мен едім! Құшағым бос, олжам да жоқ, мекеніме құр қайтамын мен енді!-Қара бұлттан шыққан үннің соңы сыбырға айналып, құрдымға кетті. Өмірге өкпелеген бір сәтімде мені олжалауға келген Ажалды несібесіз қалдырдым. Мен Өмірді таңдадым!Ей, Ажал, менің соңыма түспей-ақ қой! Пешенеме жазылған тағдырды сен кеспей-ақ қой! Түбі қауышам сенімен, бірақ өзіме қол жұмсаумен емес, Алланың пәрменімен!
-Еһ, қаһарман қыз,енді сені аялайды Өмір, кей сәтте аямайды сені Өмір!-Өмірдің дұшпаны-Ажал сыбырлап барып, ғайып болды. Бұлт астынан жарқырап күн шықты. Көк аспанда мақта бұлттар мамарлап, жарық нұрдың сәнін келтірді.Көріп тұрмын ғой, аспан-көкпеңбек, төңкерілген хрустальдай мөп-мөлдір. Есілдің толқыны да көп, көк түске көк түс келіп астасқан. Көріп тұрмын ғой, арғымақ пішіндес аппақ бұлт «түсіме жиі кіретін, өңіме қарай бір кезек шабуға» оқталған менің арман сәйгүлігім секілді. Көргенімді бағалайын. Жақсылықты жағалайын.
Бәрін де жеңем, бұрымым ұзын шыдам деген!
Егер адамның бәрі Өмірді сүйсе дәл мендей, оған өкпелеп, сынақ сәтте жалт бермей, атой салса сұм Ажалдың өзіне , онда, бәлкім, болмас мезгілсіз қаза да!Ал мен күресемін өмір үшін, өмірді сүйген көңіл үшін, көңілімде қонақтаған асқақ арман үшін!
Қара түнек болмас маған жан серік! Қараңғыда ақтарылмас жыр-өрнек! Күресемін, қайран қылам барынша,тынысым бітіп, жанарым жұмылғанша! Тек мына қоғам мендейлерді қор етпесін, «кемтар» деп кемсітпесін! Еншімді бөліп бермесе де, ешкімде есем кетпесін!Тең жүрейін он екі мүшесі сауменен! Өзгелермен үзеңгі теңестіріп, өмір сүруге хақым бар менің!
Дәл осы сәтте өмірді таңдаған маған риза болғандай, күн алтын нұрсын жас жуған жүзіме аямай төгіп тұрды.
Айзат Рақыш
Т. Раушанұлы