Шерхан Мұртаза. Бір кем дүние

Көрнектi жазушы Шерхан Мұртазаның "Бiр кем дүние" атты кітабынан тұщымды ойларды тізбелеп көрдік. Бір кем дүние - мол кем дүние... Бірген оқиық!

Дуананың жирен қасқасы

Қасиетті қарт Қаратаудың қойнында Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. Қан­ша дәулет бітсе де бай қуанар егізге де­ген­­­дей, байекем сол сәйгүлік жирен қас­қалар жүзге жетсе екен деп армандапты.

Бірақ, Құдайдың құдыреті, биелері қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.

Сондай күндердің бірінде бай ауы­лына ел кезген бір дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты жирен қасқа! Бай жігіттерін жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан сорақылық бола ма?!

Сөйтсе, дуана – жай дуана емес, қы­зыр шалған әулие кісі екен, таудан ар­қы­рап аққан асау өзенді бөгеп тастап, жи­рен қасқасымен өрге шапшып, бай ау­ы­лын қарғап кетіпті. Бай дәулеттен айы­ры­­л­ып, қайтып мал-мүлік құтаймай қой­ыпты.

Тоқсан тоғыз жирен қасқа хикаясы осылай аяқталған деседі.

Біреуі-ақ жетпеген.

***

Арман

Балалық шаққа

Қайта алмайсың.

Бір кем дүние.

Құдайға сыйынған құстай ұшады,

Адамға сыйынған мұрттай ұшады.

***

Нысап

Кедей – бай; бай – Құдай болсам дейді.

Нысапсыздық жаман.

Бір кем дүние.

***

Құдырет

Бидайын алып, сабанын қойған Құдай.

Жақсысын алып, жаманын қойған Құдай…

Бір кем дүние.

***

Қайдан…

Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан.

Бір кем дүние.

***

Асқанға – тосқан

Толдым деген төгіледі,

Жеттім деген жығылады.

Бір кем дүние.

***

Құнықпа

Алтын өзі тотықпайды,

Адамдардың жанын тотықтырады.

Бір кем дүние.

***

Өкінішті

Атадан алтау тусаң да

бір жалғыздық.

Бір кем дүние.

***

Тым… тым…

Патшаға тым жақындама,

Тым алыстап та кетпе.

Ол да от сияқты:

Тым жақындасаң күйіп өлесің,

Тым алыстасаң үсіп өлесің.

Бір кем дүние.

***

Маймыл ғұрлы жоқсың ба?

Жазушы Дидахмет Қалтайға:

– Машина сатып алайын десем, айдай білмеймін. Правом жоқ, – дейді.

Сонда Қалтай:

– Ей, циркте маймыл да велосипед теуіп жүр ғой. Маймыл ғұрлы жоқсың ба?! – деген ғой.

***

Дәнек

Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаң­ғаққа ұқсайды.

Ондайлар көп қой.

Бір кем дүние.

***

Ойшыл қарға

Түнімен – жаңбыр.

Таңертең – қар.

Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр.

Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды?

Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім:

– Оу, Қареке, ертең не болады? – деп.

Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған.

Оны біз түсінбедік.

Бір кем дүние.

***

Сарыала қаз

Жазушы Оралхан Бөкей:

– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз,

Жайлаған алты ай жазға сарыла қаз.

Шолпандай таң алдында туып батқан,

Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді.

Бір кем дүние екенін білген ғой.

***

Ұятсыз болма

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады.

Бір кем дүние.

***

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.

Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.

Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.