- Негізгі бет
- Проза
- Сайын Мұратбеков пен...
Сайын Мұратбеков пен Бердібек Соқпақбаевтың үндестігі
Қазақ әдебиетінде бір-бірімен үндесіп келетін ақын-жазушылар қатары көп. Олардың шығармаларындағы кейіпкерлер, сюжеттер ұштасып жатады. Бұл бірін-бірі қайталау емес, керісінше сол дәуірдегі әлеуметтік мәселені көтере отырып суреттеу. Тек үндесе отырып, әр кезеңдегі мәселені әрқилы жеткізу.
Сайын Мұратбеков пен Бердікбек Соқпақбаевтың болмыстары да, шығармалары да үндесіп келеді. Себебі екеуінің ортақ тақырыбы ауыл көрінісі, ауыл ішіндегі балалар әдебиеті, балалар тілі. Енді екі жазушыға салыстырмалы түрде оралып көрсек ұқсастық пен ерекшелігі жайында:
Б.Соқпақбаев – ұлттық әдебиетімізге соғыстан кейінгі жылдары келіп қосылған, өзіне тән келбеті мен даралығы бар талантты жазушы. Жалпы қазақ әдебиетінде осы уақыт кезеңі үлкен проза тілінің қалыптасуына алып келді. Мәселен нақ осы кезеңде, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, З.Қабдолов сынды бірутар азаматтар ағалы-інілі буын ретінде үлкен еңбектерді қалыптастыра бастады.
Тұтастай айтсақ, Б.Соқпақбаев қаламынан қазақ әдебиетіне аз мұра қалған жоқ. Әсіресе, қаламгердің суреткерлік қолтаңбасын айқындаған, жазушылық талабы мен талғамын танықтан озық туындылары – «Жекпе-жек», «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестері болды. Енді қараңыз, Сайын Мұратбековтің де тақырыптары осы төңіректе. Себебі, ауыл жастары мен ауыл балаларының тілін бала күннен жақсы естіп өскен, солайынан есейген қос жазушының жазары, қалам тартар тақырыптары сәйкес. Қожа мен Аянды алып қараңыз, немесе Қожа мен Қанатайды да алып қарасаңыз болады.
Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков – қазақ балалар әдебиетінде ерекше қолтаңба қалдырған тұлғалар. Аталмыш жазушылардың шығармаларындағы кейіпкерлер мен олардың лақап аттары, жер-су атауларының мәні ұлттық таным мен болмысқа, психологиялық танымға негізделген. Балаларға арналған әңгімелері мен повестерінде дүниені танудағы жас ерекшелік психологиясы мен танымның когнитивтік санадағы көрінісі айрықша рең беріп тұрады.
Мысалы: «Менің атым – Қожа» шығармасының тілдік жүйесі Қожаның психологиялық қабылдауы мен оның когнитивтік санасындағы дүниетанымы деңгейінде құрылған. Шығарманың басты кейіпкері Қожаберген өз есіміне деген танымдық көзқарасты психологиялық тұрғыдан былай көрсетеді: Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. т.б. Бұл жерде Қожаның пікірін пайымдау үшін алдымен оның таным деңгейін түсіне білу қажет. Мұндағы ең басты әсер етуші фактор қоршаған орта, қоғамдық сана. Егер индивид өзінің жеке ойы мен қабылдауын әлеуметтік сананың пікірімен байланыстыра алмаса, онда мұндай логикалық құрылым болмаған болар еді. Ұлттың болмысына қатысты мұндай құбылыс «Ортаншы ұл» шығармасында былай суреттеледі: Тақыр бас бала тақылдап біраз сөйледі. Алмастың ұққаны: Өлместің шын аты Өлкебай екен. Көршісіндегі бір келіншек қайынағасының атын атамау үшін, оны ойнап жүрген балалардың көзінше ылғи «Өлмес» дей беріпті. Бұл сөз бірте-бірте балалардың құлағына сіңіп, ақыры олар оны «Өлмес» деп атай бастапты. Мұндағы бір көрініс, қазақ халқындағы отбасына келіп түскен келіндердің жаңа түскен үйдегі адамдардың атын атамай, астарлап жеткізудің әсерінен болғанын байқатса, халқымыздығы ырым-тыйым сөздердің әсері де болғанын көрсетеді. Сонымен бірге, «Қала және қыз бала» әңімесінде де адамға ат қоюдағы ырымға сену құбылысы анық байқалады. Мысалы: Елубір деген бала ылғи мені сыртымнан бағып жүреді дедім ғой. Өзі аппақ шөлмектей жүдеу, артқы партада отырады. Әке-шешесі ұзақ жылдар перзент көрмей, елу бір жасында осы бала дүниеге келіпті. Елубір деп сол себептен атапты. Мұның өзі адамзаттың, оның ішінде қазақ халқы, қай кезеңде өмір сүрсе де ұлттық таным мен ойлаудың ежелгі дәстүрлі тәжірибесіне сүйенетінін байқатады. Жалпы, жалқы есімдер өз бойында белгілі бір кезеңге, тіпті тұтас бір елдің тарихына қатысты ақпараттарды жинақтай отырып, көркем мәтіндегі қолданыста ерекше маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Б.Соқпақбаев шығармаларындағы тағы бір жиі кездесетін атаулар – ру атаулары. Бұл атаулардың барлығы да қаламгердің дүниетанымы мен өскен ортасымен тығыз байланысты. Автор бұл атауларға қатысты көркем мәтінді образды түрде бере отырып, кейбір ру аттарына қатысты этимологиялық этюдтерді сәтті ашып көрсетеді. Мысалы: Беснайзалар ежелден жауынгер, ұры ел болған. Рудың Беснайза атануы да тегін емес. Бір үйдің шаңырағынан сорайған бес найзаның ұшы шығып тұрыпты, содан Беснайза атаныпты деген сөз бар. Осы берілген мысалда Беснайза руына қатысты мәдени ақпараттарды жазушы шеберлікпен бере білген. Сондай-ақ: Қостөбеде, негізінен, Құрмандар тұрады. Құрманның «Киікбай», «Найза» деп аталынатын екі руы. Біз Найзамыз, Дұрысы Беснайза. Беснайза екіге бөлінеді: Байқазақ, Жолыш. Біз – Жолышпыз. Барлығы Алаштың балалары ғой т.б. деген сөйлемдер арқылы Қостөбедегі этникалық құрамды нақты көрсетіп кетеді.
Енді Сайынның прозасына, оның тіліне оралайық:
− Кекілін қара-ей, өзінің, жаман әліне қарамай,- деп қағытып өтті Есікбай. Біз күлкіміз келмесе де оның сөзіне қошамет білдіріп сықылықтай күлдік. Жаңа келген бала қызараңдап теріс айналып кетті.
− Ә… Мен білдім,- деді Садық мақтана дауыстап. Онан соң әлгі баланың алдын орай өтіп: – Ей, бала, сендер кеше көшіп келдіңдер ғой,ә? Қоңыр сиырларың бар ғой, ә? – деді.
− Иә деді томсырайып тұрған бала оның сөзіне күлімсіреп,− Қоңыр сиырымыз бар.
− Атың кім?
− Аян.
Біз, бәріміз, тегіс ұмытып қалмайық дегендей: «Аян, Аян»… деп күбірлесе қайталап қойдық.
− Жүр, жолдас боламыз,- деді Садық оның аппақ білегінен қап-қара қолымен ұстай алып. Аян оның қолына қарады да қызараңдап тұрып, ақырындап білегін босатты.
− Сендер жақ суық екен. Суға түспей қалай шыдайсыңдар?- деді.
− Түсеміз. Анау арада тоспа бар. Жүр, түсейік. Суы во!..- деп Садық ауылдың жоғарғы жағындағы шұңқыр-тоспаны жерге сыйғызбай мақтай жөнелді.
Аян бізге қосылып солай қарай жүрді.
Ауылға жаңа бір баланың келуі біз үшін нағыз мереке болатын. Әрқайсымыз оның көзіне түсіп қалуға тырысушы едік. Сондықтан бірімізден-біріміз артық көрінбек боп, әй кеп мақтанатынбыз.
− Мен судың астында алпысқа дейін санап жата аламын,- … деп бөсті Садық.
− Менің де мынандай ақ көйлегім бар. Үлкен сандықта жатыр, апам кигізбейді,- деді көп үндемейтін Қосым тырнауық та.
Қосым төбелескенде ылғи баж етіп кеп бетті тырнайтын, сондықтан тырнауық дейтінбіз, өзінен көп балалар қорқатын. Оған тек Есікбай ғана тік келуші еді. Қазір де ол:
− Ой, кетші ары, тырнауық мысық. Сенің үйіңде алтын барын да білеміз,- деп ентелеп келе жатқан Қосымды көкірегінен итеріп жіберді.
Есікбай – сидаң бойлы, қол-аяғы қара қайыстай қатқан ұзын, жүгіргенде алдына жан салмайтын, өзі төбелесқор, сотқар бала еді. Кейде қараптан-қарап келе жатып әркімге бір ұрынатын жаман әдеті бар. Әлі жеткенді аяқтан шалып қап, болмаса басынан тоқай алып жылатып жіберетін.
Қараңыз, Сайын Мұратбеков пен Бердібек Соқпақбаев шығармаларындағы жас жеткіншектердің образдары өте нәзік әрі рухты берілген. Диалогтарының өзінде тілдік айшықтар қолданылған. Мәселен:
С.Мұратбековтың «Жусан иісі» шығармасындағы Аянның бейнесі. Және де тентек Есікбайды қалай суреттейді. «Есікбай – сидаң бойлы, қол-аяғы қара қайыстай қатқан ұзын, жүгіргенде алдына жан салмайтын, өзі төбелесқор, сотқар бала еді. Кейде қараптан-қарап келе жатып әркімге бір ұрынатын жаман әдеті бар. Әлі жеткенді аяқтан шалып қап, болмаса басынан тоқай алып жылатып жіберетін». Осы жердегі «сидаң бойлы», қол-аяғы қара қайыстай қатқан ұзын» дейтін тіркестер сөз айшықтарының ішіндегі құбылту болып табылады. Түптеп келгенде қазақ тілінде «сидаң» дейтін сөз тым ұзын дегенді білдірсе, қара қайыс деп отырған кәдімгі жылқы малына қолданылатын қайысты айтып отыр. «Қайыс белбеу» дейтін де сөз бар.
М. Ақан