Көзімді ашқаннан Иемді көргем... Жатырласыммен бірге анамның жылы бауырында жатқанмын. Анамның иісі қандай жағымды, бауыры қандай мамық, мәмесі қандай жұмсақ. Анамның емшегінен емген сүт дәмі әлі таңдайымда... Рахаттан-е-е-еп ұйықтап жатыр едім. Бір әлеуетті қол желкемнен ұстап жылы орнымнан жұлып алды. Денем тітіркеніп кетіп, туылғалы әлі ашылмай жатқан көзімді ашып алдым.
Маған екі үлкен жанар бақырайып қарап тұр.
Бұл ендігі Иемнің жанары екен. Мені көтеріп қарын тұсыма қарады да «Иә, еркек. Маған осыны бер. Бес жүз долларға бер енді!»,-деп саудаласты да мені анамның бауырына қайта тастай салып, қалтасынан шытырлаған көк қағаздар алып берді.
«Екі аптадан соң келіп алып кетемін, әзірше бауырын көтерсін»,- деп есіктен шығып кетті.
Сәуле Досжанова
Мені анам тапқанымен ендігі күнім осы Иеге байланысты екенін онда білмедім. Ертесіне-ақ жатырласым екеуміз емшекке тойып алып, үй ішінде домалаңдап жүгіре бастадық. Біздің тегіміз – «Чау-Чау» деп аталады. Тазалықты, тәртіпті жақсы көретін, заманында қытай императорлары сарайда ұстаған, аю пішіндес, қалың жүнді, қазанбас хайуанбыз. Осынау ақсүйектік қасиеттер қанмен келген шығар мен де туыла сала тазалықты болдым, үй ішінде орынсыз дәрет жібермедім.
Уәделі кезінде Ием мені алып кетуге келді. Тағы да желкемнен ұстап қағаз қорапқа тоғытты. Сонда анам мен жатырлас бауырымды соңғы рет көріп тұрғанымды білмедім...
Ием мені қораппен көтеріп үйіне алып келді. Алдымыздан Иемнің ерке қызы жүгіріп шықты.
-Әке, күшігімді әкелдіңіз бе, алақай!,- деп Иемді құшақтап сүйді.
-Айна-а-лайын, мә! Ит адамның досы, итке құмар баланың несібесі зор болады - деп желкемнен ұстап қораптан шығарып, еденге қойды.
Анам екеуміз жатқан үй сияқты емес, мынау үлкен бір сарай екен. Жан-жағыма қарағанша болған жоқ, қызы бас салып, бауырына қысып алды. Жып-жылы екен. Бірақ менің анамның бауырына жетпейді! Мен сол мамық бауырлы анамды сағынып қыңсылап жібердім. Мәмесін де сорғым келді.
-Әке, күшік жылап жатыр,-деп мені қыз одан әрі құшақтап, ыдысқа құйылған сүтті тықпалап бәйек болды.
- Күшігің әлі кішкентай ғой, бөпе. Сүтті емізікпен бер,- деп Иемнің әйелі бөтелкеге құйылған сүтті қызына берді. Ол басына емізік кигізген бөтелкемен маған сүт берді. Емізік дегені анамның мәмесіне ұқсағанымен таңдайыма қаттылау тиіп, мейірленіп сора алмадым. Сүт дегені де анамның сүтіндей дәмді емес екен. Оны да рахаттанып еме алмадым. Жартылай сордым да, қайта қыңсыладым. Анамның бауырына кіріп ұйықтағым келді. Оның жұпар иісін аңсадым. Бауырым екеуін ойлап жатып бұрышта ұйықтап кетіппін...
Бірінші түнді солай жалғыздан-жалғыз диванның түбінде жатып өткіздім... Қыстай зәулім үйдің кіреберісіндегі сырт киім шешетін бөлмеде жаттым. Жарық кең бөлмеге мен үшін кілемше төсеп қойған, мен соның үстінде рахаттанып жатамын. Ерке қызы сабақтан келгенде мені сыртқа шығарып ойнатады, жүнімді тарайды, тамақ береді. Маған атымды қойғанның өзі олардың отбасылық кеңесінде қызу талқылау туғызды. Әйелі де, балалары да өздерінше ат ұсынып жатты. Бәрін байыппен тыңдаған Ием:
- Бұған дейінгі иттерге сендер ат қойып едіңдер, мынаның атын мен қоямын. Бұл – Эрнест болады,- деді. «Чау-чау» пародасының арғы атасынан келе жатқан қан бойынша бір ғана адамды мойындап, қожайынға тәуелді болады. Мен осы бір жанарына ой тұнған, өзі мейірімді, өзі өте бір сабырлы еркекті қожайыным – Ием деп қабылдадым. Содан Иемнің сүйікті итіне айналдым...
Ием сондай бір мейірімді адам еді. «Ит – жеті ырыстың бірі»,- деп мені көтермелеп қоятын. Ұзын бойлы, денелі, басы үлкен, маңдайы кең болатын. Сол үлкен басын бір жағына қисайтып алып, терең ой құшағында аулаға кіріп келе жататын. Мен оның көлігі келіп тоқтағанда дауысынан білемін. Қақпаға қарай жүгіремін. Арсалаңдап аяғына ораламын. Оның өзіне ғана тән ғажайып иісін мен ешкіммен шатастырмай, көлігінен түскеннен сезетінмін. Бір қолында үлкен былғары сөмкесі болатын. Мені көргеннен сөмкесін ауладағы сәкіге қоя салып, екі қолымен құлағымның түбінен қаситын.
Шанда бірлеулермен келе қалса да міндетті түрде жанына жетіп келген маған назарын аударып қарайтын. Мен Иеммен бірге келген қонаққа үрмеймін. Ол үйге өзі тәуір көретін адамдарды ертіп келетін. Оларға мен шәуілдеп жатсам, Иеме ұяты келеді ғой. Ал, ием жоқта қақпа алдына біреу-міреу келе қалса менің «ау-ау» деген зор дауысымнан шошып кетеді. Тұмсығымды қақпа астынан шығарғанда қазандай басымды көріп безіп ала жөнеледі. Соны көріп, қорыққанын сезіп қуаныштан мәз боламын да қайталап тағы үріп қоямын.Маған Иемнің үлкен, ойлы көздерімен қарағанынан артық, құлағымның түбінен қасығанынан артық бақыт болмайтын. Аяғына сүйкеніп, табалдырыққа дейін баратынмын. Ол үйге кіріп кеткенде оның табалдырығын күзетіп қала берем. Ол үйден шыққанша сонда жатамын. Түнімен көз ілмей үйді айналып жүремін, күндіз террасаға барып көлеңкеде ұйықтаймын...
Тамағымды да Ием өзі беруге тырысатын. Есікті ашып, мен жақсы көретін көк табақты көтеріп шығады. Содан сәкінің түбіне апарып қояды. Мен жетіп барып табаққа жабыса кетемін. Өзі сәкіге жайғасып отырады. Көп сөйлемейтін, көп ойланатын кісі еді. Мен тамағымды рахаттанып жегенше алысқа қарап ойға батады. Көктемнің шуақты күндері Ием ағаш отырғызуды бастайды. Қарағай, қайың, тал және жеміс ағаштарын өз қолымен отырғызады. Әсіресе, ағаштарды суарғаны қатты ұнайды. Ұзын-ұзын ішіне суы бар резеңке түтіктермен суарады, кейде еркелетіп маған да суынан шашып жібереді. Қашып кетем де біраздан соң қайта кеп резеңкесін сүйреп тістелеймін. Алма, шие, қара өрік деген жеміс ағаштарын Алматы, Қарағанды деген алыс қалалардан алғызғанын достарына айтып мақтанып, ертіп келіп көрсететін. Мен де оларға еріп жүріп қызықтайтынмын. Өсе келе Иеме келгендердің бәрінің ниеті таза
болмайтынын да байқадым. Әсіресе, қоңқиған қараға жаным қас. Оның тұлабойынан қызғаныштың арам исі шығатын. Ана қақпадан аттағаннан тіміскіленіп жан-жағына қарап Иеммен бірге үйге кіріп кетеді. Одан шыққанда да қызғаныштың қызыл отына оранып, жан-жағына алақтап қарап, осы үйдің алдында жатқан мені де өлтіре салғысы келіп бара жатады. Оны менің ақкөңіл Ием сезбейтін де. Көлігіне дейін шығарып салып, қоштасады. Қоңқиған қара кеткенше мен иемнен ұзамаймын, мен болмасам көлік астына итеріп жіберетіндей болып тұрады. Ол қоңқақ өзі де менен қатты қорқады, Иеме «Ана аюыңды ұсташы!»,- деп қашқақтай береді. Адамдар жаман адамды ит те біледі деп бекер айтпайды, шындығында қара ниеттіні біз исінен білеміз. Ондайлардың исі де қарасасық болады...
Бірде Қоңқақ қара Иемсіз біздің қақпаға келді. Есіктің қоңырауын басып тұрып қақпа астынан тұмсығы шығып тұрған мені көріп қалып көлігіне қарай қашты. Қоңырау даусынан үйден бір бала жүгіріп келіп, қақпаны ашты. Маған:
-Эрнест, ары бар, кісі келе жатыр!,- деп жасқады. Мен кері шегініп тұрдым. Қоңқақ қорқа-қорқа үйге кіріп келе жатты. Есік алдында тұрған Иемнің қызына алып берген су жаңа көлігін көргенде көзі қызарып, қызғаныш исі сасып қоя берді. Сол сасыған қалпы үйге кіріп бара жатып:
- Сендердің әкелерің ақшаны қайдан алады? Мынау салоннан ғой!,- деп әзілдеген болды. Маған оның сасық исі ұнамай, тиіскім келіп тұрдым. Баспалдақта жатып оны күттім. Көп ұзамай шықты. Енді қызғанышы тіпті асқынып, исі бүкіл ауланы алып кетті. Мені көріп:
-Әй, аю, жолдан тұр!,- деп бүйірімнен теуіп жібергені. Өзім де тиісерге сылтау таппай тұр едім. Тепкісі қатты тимесе де балағынан ала түстім. Сирағына тісімді батырып жібердім.
- Ой, ағай, оны теуіп неңіз бар еді. Ол ешкімге тимейді, тисе аямайды!,- беп бала маған жармасты. Вальер жаққа сүйрей жөнелді.
- Иті иесі сияқты десеңші! Ой, әкеңнің...,- деп аяғын құшақтап отыра кетті. У-шуға үйден Иемнің әйелі шығып:
- Ернетей, мұның не, мұндайың жоқ еді ғой!,- деп бажылдап жатыр маған.
Мені үй артындағы вальерге әкеліп қамады. Жалпы мен Ием оған қаматпайтын, Эрнест ешкімге тиіспейді деп, аулада еркін ұстайтын. Сол сенімін ақтамай Иемді ұятқа қалдырдым. Ұятың не, қып-қызыл дауға қалдырдым. Содан мені хайуандарды қарайтын дәрігерге сүйреу басталды. Қоңқақ қара да өкіл салдырып әуреге түсіп жатса керек, ертесіне келіп мені атпақшы болды. «Осыдан бірдеңе жұқса, ешкімді аямаймын»,- деп айбат шекті Иеме.
- Бұл жабайы ит емес, уақытымен егіліп, денсаулығы тексеріліп жүрген ит қой,- деп Ием маған ара түсті.
Он күн бойы мені ақ желең киген әйел доғдыр келіп қарап жүрді. Бір жапырақ қағазға әлденені жазып,
- Тәртібі дұрыс. Құтырған емес,- деп Иеме мен туралы ақпарат айтып жатты.
Менің Ием өте мейірімді жан деп айттым ғой. Ол адамдар түгілі хайуандарды да қатты аяп жүреді. Екеуміздің достығымызды өзіміз ғана жан дүниемізбен сезінеміз. Мені аяғаны сондай, мойныма қарғыбау салып көрген емес. Әрдайым еркін жүремін. Осы ауланың патшасы сияқтымын. Біздің қалашықта тұратын біреудің қанден иті болатын. Ол байғұс иесінен күн ара таяқ жеп біздің жаққа қашып келетін. Имеңдеп осы маңайда жүреді. Көбіне аш болады. Мен кейде ауланың бұрышындағы тесіктен шығып кетіп соған еріп, қалашықты шарлаймын. Соған еріп бірталай жерге барып та келемін. Қайта оралғанда Ием мен қызының мені іздеп қалашықты шарлап жүргенін көремін. Екеуі де маған ренжіп, жекіп қақпадан кіргізіп алады. Қаңғып кетіп аш қалды ма деп тамағымды береді. Бірде сол қанден жамбасы сынып, сүйретіліп біздің қақпаға келді. Алдында бүк түсіп, күйзеліп жатты. Оның сорлы халін көрген Иемнің қызы аяғаннан жылап жіберді де, менің итаяғыммен тамақ алып шықты. Қанден аш еді, жаны қанша қиналып тұрса да басын көтеріп аяқты босатып қойды.
Ием қызметінен оралғанда сорлыны көріп мүсіркеп:
- Не деген қатігез жан еді иесі. Қалай ғана сүйегі сынғанша жануарды ұрды. Иттің де сұрауы бар емес пе?!..,- деп қатты ренжіді. Арғы көшеде тұратын көршіге барып қатыгездігін бетіне басатын болды. Әйелі жалынып жүріп, әрең ашуын басты. Содан менің Иеме деген қадір-құрметім бұрынғыдан артып, тіпті жақсы көріп кеттім.
Күздің мамыражай бір түнінде біздің үйдің маңайында абыр-сабыр басталып кетті. Балалар мені вальерге қамады. Торлы темірден көріп тұрмын, есік алды сапырылысқан адам. Біреулер құшақтасып «Ой, бауырымдап» жылап жатыр. Иемнің әйелінің ащы дауысы да құлағыма келеді. Ерке қызы айқайлап далаға қашып, үлкендері оны ұстап алып сүйіп, жұбатып жатыр. Үлкен ұлы да келіпті, қарындастарын құшақтап жылап жатыр. Мен танитын балалары мен туыстарының бәрі жүр, тек Ием жоқ...
Кешелі бері бір сұмдықтың боларын сезгендей жанымды қоярға жер таппай жүр едім. Тамаққа да зауқым жоқ. Төбе құйқам шымырлайды. Тұрсам тілерсегім дірілдейді. Әлсіреймін. Жата кетем. Жатсам да күллі денем дірілдейді. Сөйтіп шоқиып отырамын. Онда да жаным сыздап тұрады. Көкпеңбек тілімді сыртына шығарып, тыныс аламын. Дем жетпегендей боламын...
Ертесіне әлденеге ораған менің Иемді екі жігіт көтеріп көліктен түсірді. Мен оны исінен сездім... Содан сұмдық дауыс шығарып ұлыдым. Өз дауысымнан адамдар түгілі өзім шошыдым. Менің ұлығанымнан қазан-ошақ жақта жүрген әйелдер мен есік алдында жүрген еркектер үрпиісіп қалды. Бір еркек келіп, «Өшір үніңді!» деп тап берді. Мен вальердің түпкіріне қарай қашып тығылдым. Сонда да бір күйік ішімді өртеп, жылығым келе берді. Үйден Ерке қыз келіп мені құшақтап «Эрнест, енді папа жоқ!»,- деп жылады. Ол ғана емес, мен де жетім қалған едім... Көзімнен ыстық жас парлап, қыңсылап қыздың бауырына тығылдым...
Күйзелгеннен бауырымды көтере алмай жатып қалдым. Аза тұтқандай тамақ ішпей қойдым. Ерке қыз өзі қанша қиналып жүрсе де мені аяп, хайуанаттар дәрігерін шақырды. Ол да әкесі сияқты мейірбан, жан біткенге қамқор. Дәрігер бірнеше күн келіп маған ине салып жүрді. Мен оның ауырғанына баяғыдай қиналып қашпадым. Иемді ойлап жанымның ауырғанынан ине сұққан ащы емес еді... Ием бұрын да жиі-жиі жолаушылап кететін. Көп ұзамай
оралатын. Арсалаңдап алдынан шығатынмын. Ол да бір дәурен екен. Енді қанша күтіп жүрмін, оралмайды. Ием жоқ болғалы зәулім үйдің алды көліктен, ауласы келімді-кетімді кісіден босап қалды. Иемнің әйелі мен балалары ғана
кіріп-шығады. Ешқайсысы арқамнан сипап еркелетпейді, бәрінің қабағы салыңқы. Мына үйдің, ондағы адамдардың, тіпті менің де өміріміздің мәні – ИЕМ екен. Онсыз дүние қаңырап қалғандай. Мүлгіген тыныштық. Тыныштық та қорқытады екен. Тамағым тоқ болғаныммен көңілім жабырқау. Жаным жетім. Дарбаза ашыла кетіп Ием кіріп келе жататындай. Сөмкесін қоя салып, құлағымды қаситындай. Кейде қақпадан Иеме ұқсайтын денелі еркектер кіріп келе
жатады. Құлағым салпиып жандарына барамын. Олар қорқып тұрса да иіскеймін. Үйдегілер «қорықпаңыздар, Эрнест папамызды сағынып жүр. Үйге ер адам келсе осылай иіскейді, соны іздеп»,- деп менің желкемнен ұстап шетке сүйрейді.
Шіркін менің Иемнің исі-ай! Ондай иіс ешкімде жоқ. Баяғыда туған анамның бауырында жатқанда ғана оның иісінен өзімді сондай ғажап сезінуші едім. Иемнің жанында жүргенде, соның иісін сезгенде солай болатын. Ол да бір дәурен екен!
Қазанның түнгі суығына ұрынбасын деп мені үйдің кіреберісіндегі аяқкиімдер шешетін жерге кіргізді. Мен Иемнің жаныма жақын иісін осы жерден сезе қойдым! Сөйтсем жоғарыдағы киім ілгіште Иемнің аулаға киетін қысқы тері
тоны тұр. Соған сіңіп қалған ғажап иіс екен. Қыңсылап, көзімнен жас парлап жылап, ұлып жібердім. Менің даусынан үйден Иемнің жары шықты. Мен тонға қарап қатып қалған едім. Әйел менің Иемнің тонын танығанымды біліп, ілгектен алып құшақтап иіскеп, жаныма отыра кетіп өкіріп жылады... Осылай сүреңсіз күндер басталды.
Күздің бір қара суығында көршінің қандені біздің қақпа алдына қашып келді. Тағы өліп таяқ жепті. Бүктетіліп жатты. Ерке қыз шешесін көндіріп, қанденді аулаға кіргізіп алды. Оны менің досым болсын деп «Дос» деп атады. Енді тамақты екеумізге бірге беріп жүрді. Дос та жаңа иелеріне адал болғысы келіп, қақпаның ішкі жағынан алдында жатады. Мен есіктің түбін бермеймін. Біздің үйдің шешесі де, балалары да әкелері сияқты өте мейірімді адамдар. Дос та соны түсінді ме, түнімен үйді айнала жүгіріп күзетеді. Тықыр еткен дыбыстан шаңқылдап үріп қоя береді. Тек ақылсыз болды ма, тамағы тоя бастаған соң адам таңдамай үріп, жүгіретін болды. Кейде үй иелеріне де бағынбайды. Кейде қоршаудағы тесіктен шығып, көршілердің ауласына еніп кетеді. Достың тағы бір жаман әдеті кім қақпа астынан не тастаса соны жейді. Қақпадан шыға қалса тіміскіленіп кететін. Мен өз аяғымнан басқа ыдыстан тамақ жемеймін. Сөйтіп жүргенде біреу оған у қосқан нан беріпті. Тамақсау бейшара талғамай жеп, уланып өлді.
Екі-үш күн аузынан көбік шығып, бұратылып жатты. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дейді адамдар, Дос оған да жарамай, ешқайда кете алмай бір түні аулада қатып қалды...Иемнің Ерке қызы бірде менің мойныма қарғыбау тақты. Мұндай сұмдықты көрмеген мен қарсыласып бақтым. Қайыс қарғыбау қалың жүнімнен денеме батпағанымен де біртүрлі мойынымды қылғындырып тұрғандай болады екен. Ертесіне сол қарғыбауға ұзын жіп байлап Ерке қыз мені жетектеп қақпадан шықты.
Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Мен қысқа аяқтарыммен қызға әрең еріп келемін. Бір кезде сурет жапсырған тастарды тікірейтіп-тікірейтіп қоршап қойған, арасында кішкентай үй сияқтылары да бар қорымға келдік. Ерке қыз тастан ойған ескерткіштің алдына келіп, мені қоршауына байлады. Өзі тікірейіп тұрған тастың бетіндегі суретті алақанымен
сүртіп, «Әке! Әкетайым!»,- деп дауыстап жылады. Әлгі суретке қарап, тани кеттім – менің ИЕМ! Жүрегім езіліп, қыңсылап жылап жібердім. Сағыныш деген осы ма?!
Ерке қыз маған «Эрнест, Иеңді таныдың ба?»,- деп құшақтап, сол құсап құлағымды қасыды. Өзі жылап жатыр. Мен мына жерде сол жатқанын түсіндім. Ием осы жаққа кеткен екен ғой! Ерке қыз мені ертіп қайтқанда жолды бағдарлап алдым.
Біздің жақта қыс қатты болады. Қар қалың жауады. Адамдар жүргенде аяқтарының асты сықыр-сықыр етеді. Түнде аяз қысады. Мен күндіз аулада жүремін, түнде кіреберіске кілемше үстіне жатамын.Есік алдында қысқы аяздан қатып тұрған сәкіге қарасам ішім күйеді. Ием сонда отыратын. Мен аяғының астында жататынмын. Кейде шоқиып отырамын. Ол алысқа қарап ойланып ұз-а-а-қ отырады. Кейде телефонымен сөйлеседі. Ондайда менің құлағымды
қасиды бір қолымен. Сол күндерді сағындым...
Кейде бақты шарлап кетемін. Бұл бақтағы әрбір ағашты Ием өз қолымен отырғызған. Екеуміз күн жылыда оған су құятынбыз бірге жүріп. Мен су құйғыш шләнкесін тістелеп, одан қалса су шашырап тұрған әуізге барып суға түсіп кетемін. Соның бәрінде Ием мені еркелете жекіп, судан шығарып алып, ылғалданған жүнімді сипап қоятын. Сол күндерді сағындым...
Иемнің балалары баяғыдай аулада асыр салып ойнамайды.Әкелерінің барында аулаға Аққала жасап, немерелеріне бақтың ортасынан сырғанақ қатырып мәре-сәре болып жататын. Ием де солармен бірге қар лақтырысып ойнайтын. Ерке қыз әкесінің мойнына асылып, немерелері де жармасып, алып адамды қарға жығып алатын. Мен де олардан қалыспай шапанының етегінен тістелеп тартатынмын. Сол күндерді сағындым...
Жұмсақ кілемшенің үстінде маужырап ұйықтап кетсем болды Иемді көрем. Ол екеуміз қалашықта қыдырып жүреміз. Мені кейде адам аяғы саябырлаған кездері үйдің маңындағы паркке алып баратыны болатын соны да көремін. Ием ағаштардың саясындағы сәкіде ойға батып отырады. Мен алас ұрып ары бері жүгіремін. Ағаш жапырақтарының арасынан маған сығалай қарап батып бара жатқан күннің сәулесін тамашалаймын. Су шашыратқыларынан тіліммен жалап су ішемін. Иеме қарай томпаңдап жүгіріп келе жатып оянып кетемін...
Біраздан бері Ерке қыз да, шешесі да көрінбейді. Маған тамақты туысқандары құяды. Иемді жоғалтқаным аздай, енді
басқалары да бір жаққа жолаушылап кетті. Оларды да сағынып кеттім...
Осы Сағыныштар менің жанымды жеп барады. Ием енді ешқашан келмей ме?! Неге келмейді. Оны іздеп барсам ба екен?! Жолды білемін. Тартып кетейін десем, темір қақпа өмірі мен үшін ашылмайды. Кірген де, шыққан да оған ұқыпты. Ит шығып кетпесін деп жатады.
Бірде Иемнің туысқаны қақпаны ашып тастап қар күреді. Мені шығып кетеді деп ойламады ма, үйге кіріп кетті. Сол сәтті пайдаланып қаша жөнелдім. Ием жататын қорымға тартып бердім. Өзіме таныс жолмен зытып келем, зытып келем. Қысқа аяқтарым қарға омбылап қалса да тырмысып шығып, зытып келем. Қорымды жаңылмай таптым. Бұл маңай сондай тыныштықта, қыбырлаған жан көрмейсің. Бәрі тасқа айналып, қоршау ішіне кіріп қатып қалғандай. Менің Ием де қатып тұр. Суреттегі Иемді көрдім. Маған қарап тұр. Сәкіде ойланып отырғанындай ойлы көз! Қоршаудың есігін жел итерген бе, қармен жартылай ашық қатып қалыпты. Арасынан кіріп, томпайған ақ төмпешікке жатып ИЕМді ойладым.
Сағынғаным сонша мына әлемде басқа тірлік барын, тамақ ішуім керектігін де ұмыттым. Санамда тек оның бейнесі, сонымен бірге болған күндерім. Жата бердім...Жата бердім...
Сәуле Досжанова, жазушы
Сурет: Сәуле Досжанованың жеке мұрағатынан, zooclub.ru
Сәуле Досжанова. «Ақшаның кепиеті» (әңгіме)
Жазушы Дүкенбай Досжанның рухына арнап ас беріледі
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова