Шағын да қызықты бұл әңгіме сіздің өмірлік ұстанымыңыз болып қалмаса екен!
Ли Шяуянның әңгімесі
Кадрлар бөлімінің бастығы Жау Ли екеуміз кадр болып тағайындалдық. Жаңа бір міндетке өсіп қалсақ деген ой бар. Ондай жағдай бола қалса екеуміздің біріміз көтерілетінімізді жұрттың бәрі де біледі.
Алдағы жарқын болашағым мен жұмысым сәтті болуы үшін бастықпен қарым-қатынасты жақсартуға барынша күш салдым. Ол үшін көптеген тындырымды жұмыстар істеуден тыс, бастықтың көңілін таба білуім керек еді. Сол үшін де өзіме тиесілі жұмыстардан аянып қалғаным жоқ. Ал Жау Ли болса, жұмысқа немқұрайлы қарап, бастықпен де аса жақындығы болмады. Бұл мен үшін көңіл қуантарлық жағдай еді.
Сөйтіп жүрген күндерде мекемеде бір орынбасар бастықтың орны босай қалды. Өзіме деген сенімім мол. Әйтсе де, бұл орынға бастық Жау Лиды таңдаған болып шықты! Бұл әділетсіздікке таң қалдым. Көңілім таудан құлағандай, ұнжырғам түсті.
Бастықтың көлік жүргізушісімен жақын дос едім. Ол бірде маған:
- Өзіңнің не себепті бұл орынға көтерілмей қалғаныңды білесің бе? Себебі, Жау Ли бастықты мейрамханаға апарып, өзі де бірге көңіл көтерді,-деді.
- Онда тұрған не бар? Бұны менің жұмыстарым мен бастықпен соншалықты жақындығымды салыстыруға да келмейді ғой!
- Аңғалым-ай, өмірдегі осынау бір қарапайым қағиданы да түсінбейсің бе? «Бастыққа он жақсылық жасағаннан гөрі, онымен бірге бір жамандық жасаған әлдеқайда пайдалы!».
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: ogoniok.com, freelibs.com