- Негізгі бет
- Проза
- Сапарғали Бегалин. "Құс...
Сапарғали Бегалин. "Құс қуған бала"
Бүгін, 24 қараша – балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, көрнекті қаламгер Сапарғали Бегалин дүниеге келген күн. Жазушы 1895 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Дегелең ауылында туған.
Сапарғали Бегалин - халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларды жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы, қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы. Ол-сазды лирик, сыршыл ақын. Өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Талантты аудармашы. Қаламгер Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған. Жазушы сексен сегіз жылдық ғұмырында жиырма шақты поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жазған.
Ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Жазушыны "қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы" және "классигі" деп атайды.
Құс қуған бала
Сәтжанның ителгісі үйрек алғаннан бері, өзіне де бұрынғысынан өзгеше тәрізді. Ерекше тұлғалы қыран бейнесіне ұқсағандай. Тұғырда отырса, құм қайрақ қызғылт көзі жалын шашып, қызықты болып кетті. Апасы да "Сәтжан, құсың өйтпесін, бүйтпесін" деген секілді ой бөліп елеген мінез білдіреді. Аңшы атасы, күніне бір рет қолына қондырып сылап-сипап, Сәтжанның берген жемін өз кезімен көріп, ол да қадағалап жүр. Үй ішінде де, ауыл арасында да Сәтжанның ителгісінің үйректі теуіп түсіргені әжептәуір сөз болды. Осының барлығы Сәтжанның құс құмарлығын бұрынғыдан да есіре түсті,
— Ертең торпақтарыңды бойдаққа өткіз. Бәріміз көріп аламыз, — деген колхоз бастығының сөзін есіткенде Сәтжан аса қуанды. Соны жерге қонғаннан бері жетіле ержете түскен торпақтары, әсіресе, "Майғарын", "Қоянқұлақ", "Сидақасқалар" ірі көрініп, тіпті қызықты еді. Сол қызықты малын өсіріп, өріс танытып колхоз дәулетіне қосатын күн жетті.
Торпақтарды бойдаққа өткізіп алған Ахмет:
— Бұзаулардың биылғы күтімі ерекше болған тәрізді. Торпақтар бұрынғы екі жылғыдан анағұрлым ірі. Ерекше етті, — деп Серікбайға қарады.
— Оның рас, Ахмет, — деді Серікбай. — Малмен біте қайнаған адамсың ғой, абайлауың дұрыс. Сәтжан биыл төлді өте жақсы бақты. Бұзауларын қашан есейгенше күнсітпей, талдан шарбақ тоқып, көлеңкеге жатқызды. Онан соң бұзауға беретін сүтті ор қазып, күн ыстықта соған қойып, суытып беріп отырды. Бұл бұзаулар ыстық етпей, күнсіген жылы сүт жұтпай, көлеңкеде жусап, сүтті бабымен ішіп майекті өсті.
— Бәсе, айттым ғой, әйтеуір бір айырықша күтім болған. Бұл әдісті кімнен үйрендің? — деп Ахмет Сәтжанға қарады.
— Жанай екеуміз, өзіміз ақылдасып істедік, — деп Сәтжан кең танауын бір тартып Серікбай ақсақалға қарады.
— Бұларға ешкім де үйреткен жоқ. Осы екеуінің өзі ерінбей-жалықпай-ақ істеді, — деп Серікбай екі баланың тел баққыш мінездерін көтермелеп қойды.
Сәтжанның бүгінгі бір асыға істеп отырған жұмысы, ферманың айлық есебі. Ол ай сайын фермадан тапсырылған сүттің, қаймақтың есебін және сауыншылардың еңбек күнінің есебін жазып жіберіп отыратын. Ал, Байқошқарға келгелі жинақталып жазылған жоқ-ты. Ол таңертеңнен бері соны жазып, есеп дәптеріне қондырып жатыр.
— Сенің есеп қағазың келмегендіктен ауданға беретін мәлімет бөгеліп қалды және май мен сүттің жоспарын орындағаны туралы жазылатын хабарлау да сенің есебіне байланысты, — деп жазған колхоз есепшісінің қағазы, бар кінәні Сәтжанға аударып мойындатып қойғандай болды. Осы есепті алып баруға Жанай белгіленісімен-ақ Сәтжанды "бол-болдың" астына алып, ол да асықтырып отыр.
Тез бітіруге Сәтжанның, өзі де соншалық асық. Кеше кешке Қанай сиыршы аңызда көп қаздың жүргенін айтып, Сәтжанды мүлде қызықтырып қойды. Кешкі шабытта ителгіні қазға бір жіберіп байқасам деп, іштен соны ойланып, асығып та отыр.
Жанайға беретін қағазын бітіріп, Сәтжан далаға шыққанда, ауыл үстінен шулап ұшқан бір топ қаз тура егіндіктің орнына тартты. Қаз дыбысынан елең алғандай ителгісі талпынып, тұғырынан жерге қонып, аяқ бауын тартқылады. Далада отта тұрған кер құнанын Сәтжан алып келгенше, су бойынан кешкі жайылымға егіндік орнына қарай топ қаздардың тағы бірнешеуі ұшып өтті.
Сәтжанның бір қарайлап тосқаны қырман басындағы ауылға кеткен Серікбай атасы еді. Ол кісі әлі көрінбейді. Баласынын құнанын ерттеп қамданғанын көрген Зейне:
— Қарағым, күн кешкіргенде қайда барасың, өзен бойына барма, — деп баласына әлденеден ой салды.
— Өзен бойына өзім де бармаймын, мына егіндік жаққа барамын. Құсымды қазға саламын, — деп Сәтжан не дер дегендей шешесінің бетіне қарады. Баласының кәнігі құсбегілерше қазға салам, деп ширап айтқан сөзіне разы болғандай, Зейне жаулығын қолымен иығына қарай бір серпіп:
— Түгі, торғайдай шіркінің қазды қайдан алсын. Ана жылғы бүркітін қасқырға салып өлтіріп алған аңшы атаң құсап, құсыңды қаз өлтіріп кетіп жүрмесін, — деді.
— Апам кейде жоқты айтады, ителгінің қаз түгіл киік алатынын естіген жоқ па едің. Өзің нанбасаң, аңшы атамнан сұрашы, — деп Сәтжан шынымен ренжіп қалды.
Сәтжан құнанына мініп, құсын алып егіндікке жөнелгенде, Шақпақ жақтан соғып тұрған жел екпіндей түсті. Шабытына түсіп ашыққан ителгі салқын желге ширыққандай, алдынан пыр еткен торғайларға да лап қойғандай, қолға тұрмай, қымыңдап келеді. Өзіңе ере шыққан Бөрібасарды Сәтжан ауылдан ұзаған соң ғана көрді. «Ерсең ер, серік боларсың» дегендей Сәтжан оған жекіген жоқ.
Жаздай бұзау бағуға мінілген кер құнан қамшыға еті үйреніп қырсаулау жүретін әдетімен аяғын керенау басады. Егіндік бірсыпыра жер, күн де еңкейіп барады. Сәтжан тез жеткісі келіп кер құнанды тебініп те, қамшылап та қояды. Бірақ жүрісі өнбей, егіндікке әлі жете алмай келеді.
Ойдағы үлкен егіндікке иек артпа жерден бармақ болып Сәтжан даламен жортты. Әлденеден сезік алып, алда тұрған айқасқа әзірленгендей ителгі де жүнін жығып, екі қанатын салбыратып жұмып келеді. Ителгісінің мына мінезіне соншалық разы болған Сәтжан абайламай егіндікке қашаңдау бір белестен шыға келді. Егін орнында топ-тобымен бырдай болып жайылып жатқан қаздар кенеттен шыға келген Сәтжанды көре салып, топ-тобымен қаңқылдап көтеріле бастады. Қаздардың дауылдап ұшқан қызығына таңдана қарап келе жатқанда Сәтжан құсының сып етіп қолынан атып шығып кеткенін бір-ақ білді.
Ителгі қиқулап көтерілген бір топ қазға қарай зыта жөнелді. Бірақ, қаздар жоғары көтеріліп кетті. Ителгіден шошынды ма, жоқ өздерінің ұшуы солай ма, қаздар барған сайын аспандап көтеріле берді. Біріне-бірін тіркеген көштің түйесіндей қаздар тізбектеліп Бақанас бойын өрлей оңтүстікке қарай тартты. Қаздардан әлдеқайда төменде ителгі де кетіп барады. Барған сайын жел көтерді ме, ителгі қаздарға жақындаған тәрізденді. Бірақ қаз тобына айқасқан белгісі білінбейді. Екі көзі аспанда, ителгісінің қарасынан көз алмай Сәтжан шауып келеді. Кер құнаны барлығып қалды ма, жоқ өзінің жалқаулығы ма, шабысы бәсеңдеп, қаздар тобы да, ителгі де ұзап кетті.
Сәтжан ителгісін шақырып алатын әдістерінің бәрін істеді. Бірақ ителгісі оған ойысар емес. Барған сайын аспандап қазбен бірге бұлтқа кіріп қарасы әрең-әрең көрініп ұзай берді.
Шығыс жақтан түннің қою қараңғылығы да көтеріле батады. Барған сайын айнала елсіз тартып түсі суық сүр бұлт қалыңдай түсті. Кер құнанның аяғы қоюлап, шоқырақтаудан да қалды. Ешнәрсені ұқпаса да, Сәтжанның шапқан бетіне қарай далақтап Бөрібасар беталды жүгіріп, о да қызыл танау.
Ителгісін шақыра-шақыра Сәтжанның даусы қарлықты; жел кеулеп киімдерінің етегі далиып ашылып, құнанын қамшылаймын, деп қамшысының басы ұшып кетті. Қамшы болмаған соң кер құнан мүлде басынып, жортақты да қойып, тоқтауға таянып келеді. Байқошқардың Бақанасқа құяр қоспасына таянғанда ымырт жабылып, қаздар тобы да, ителгісі де көз ұшынан мүлде ғайып болды.
Өзен бойының тал бұталары түн көлеңкесін оранып, мүлде түйілген қара көлеңке болып кетті. Әлі де қарлыққан даусымен ителгісін шақырып Сәтжан ілгері тебінеді. Түн болса мынау, ителгіден көз жазды. Енді неге айқайлайды, неге ілгері қарай тебінеді, оны өзі де білмейді.
Солтүстіктің түсі суық сұр бұлты қалыңдап, қараңғылық қоюланып кетті. Бір топ талдың тұсына келгенде кер құнан мүлде аяғын баспай тұрып алды. Сәтжан құнаннан түсті. Бірақ, әлі де құсынан үміт үзбей аспанға, айналасына қарайды. Құнанына сүйеніп тұрған Сәтжанның аяғына тұмсығын сүйей Бөрібасар да ентігін баса алмай келіп шөкесінен жатты. Қою қара көлеңкеге шомылған шоқ тал әлденелердің ұясындай өте жат көрінеді. Ызыңдаған кешкі жел суылдатып үйірген тал бұталар, құрақ, шалғындар әлденені күбірлегендей, алуан үн ырғалады. Мына түнерген дүлей табиғаттың ортасында Сәтжан жалғыз болса қайтер еді. Болдырса да кер құнаны, Бөрібасары кәдуілгідей тиянақ.
Бағанадан аттың қызуымен абайламаған Сәтжан енді байқады, өнебойы салқындап тоңып барады. Байпағымен сыймаған соң қоңылтақ кие салған жұқа етік және шолақ қамзол оншалықты пана болар емес, кешкі ызғар етін қари бастады. Біраз демігін басқаннан кейін отшаң кер құнан жайылғысы кеп жерге ұмтылды.
Бағанадан бері тек құсының жайын ойлап ешнәрсені елемеген Сәтжан бас қамына енді ойысты. Айнала тастай қараңғы. Ауыл алыста. Кер құнан болса болдырып жүруге жарамай қалды. Үстінде жөнді киім жоқ. Күздің мынау ұзақ таңында, әсіресе, таңғы бозқырауға қалай шыдайды, өзен бойының елсіз жынысында қандай аңның мекендеп жүргенін кім біледі?
Сәтжан енді аздап сескенейін деді. Оның ойына келген бір медеу өзен бойы ғой. Мұнда шабылған, үйілген шөп болса тауып алып, соны паналасам және құнанымды да сол шөпке қойып тойдырып алсам, деді ішінен, ол отыра қалып жерді қолымен сипалап еді тұрған жері шабындының орны екен. Ол қуанып кетті. Құнанын қоя салып жан-жаққа жүгіріп, үйілген шөп іздеді, дес бергенде өзі тоқтаған шоқ талдың жоғарғы жағында үйілген шөптің бейнесіндей бір шоғыр көрінді. Қайтадан құнанына келіп жетектеп, сол шоғырға қарай жүрді. Әлденелер үстінен зу-зу етіп ете шығады. Ондайда Сәтжан шошып та қалады, үміттеніп те қалады. Үйткені кейбір суыл ителгінің қолына қонарда суылдап келе жатқан екпіні тәрізденіп кетеді. Шынында ол Сәтжанның ителгісі емес, өзен бойын жобалап ұшып қайтып жатқан үйректер еді.
Сәтжанның келгені сол өзеннің бойынан шауып үйген үлкен мая шөп болды. Ол бұған аулын тапқандай қуанды, шөптің ық жағына келіп, құнанының, ауыздығын алып шөпке қойды. Өзі шөпті қуыстап жантайды. Сәтжанның аяқ жағына келіп Бөрібасар да бұйыға жатты. Ол кейде әлденелерге құлағын тігіп, дыбыс сезгендей Сәтжанға да қарап қояды. Сәтжанның ойына бұл түнде ұры кездесіп, құнанымды іліп әкетер деген қауіп келген жоқ. Ол тек қасқырдан қауіптенді. Қасқырға Бөрібасар сенімді күзетші. Құнаны шөпте, өзі шөптің жылы ықтасында. Алғашқыдай емес, өзен бойының түнерген қараңғылығына бойы да үйренді. Біраздан кейін маужырап, ұйқысы келіп, Сәтжан қалғып та кетті.
Н. Үсенова