- Негізгі бет
- Проза
- Самал Жамет. Иба....
Самал Жамет. Иба.
Массагет порталы поштаға Самал Жамет атты жас жазушыдан келген әңгімені оқырман назарына ұсынады.
Самал Жолдығалиқызы Жамет – 1987 жылы 14 мамыр айында БҚО, Қаратөбе ауданы, Қоскөл ауылында дүниеге келген. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қазіргі таңда БҚО, Теректі аудандық “Теректі жаңалығы” газетінде тілші қызметін атқарып жүр.
***
ИБА
— Шапағат, осы сен ғашық болып көрдің бе?
— Әрине, Айша. Кеше ғашық болғанмын, бүгін де, ертең де ғашық бола беремін.
— Сонда қалай?
— Кәдімгідей. Әне-е-е, аспан әлемінде қалықтап ұшқан құсты көрдің бе? Ғажап! Қанатын жәйіп тастап үстінен ауыр жүк түскендей еркін ұшып барады. Еркіндікке ғашықпын! Мінекей, мына раушан гүлін көремісің, қандай керемет?! Сұлулыққа, әдемілікке ғашықпын! Сосын сенің тұла бойыңнан мөп - мөлдір тазалықты көріп келемін. Міне, тағы да жан тазалығына ғашық болып қалдым. Ғашықтық деген осы емес пе?
— Жоооқ, құрбым, мен оны айтпаймын.
— Енді не айтпақсың?
***
Киелі қара шаңырақтың табалдырғын кеше ғана имене аттаған Инабаттың Қарғалы облыстық қазақ драма театрында қызметте жүргеніне тура отыз жыл болған екен. Зуылдаған уақыт-ай, десеңізші? Көзді ашып-жұмғанша ағын су іспеттес зуылдайды келіп, зуылдайды... Сол зырылдаған уақыт тізбегіндегі оның ең алғаш жұмысқа келген жылдары қаз-қалпында менің көз алдымда.
Жұмысқа жаңадан орналасқан ол есімі елге таныс режиссёр Шүкіман Шәріповтың “Ғашық болып қалғанда..” қойылымындағы Айша есімді ақылды, сыпайы, байсалды бойжеткеннің рөлін сомдаған еді. Ал, мен ерке, пысық Шапағаттың рөлін ойнадым. Айша рөлі оның өнер әлеміндегі шоқтығы биік рөлі бола-тұғын. Халық үшін Инабат пен Айша есімдері егіз ұғым. Сондықтан шығар Айша рөлі десе көз алдымызға бірден белді актриса Инабат Иманғалиева келеді. Тіпті, кейбіреулер осы есімдерді шатастырып та жататын жағдайлар кездесіп жатады. Екеуміз сол қойылымдағы қос құрбы кейіпкерін сомдасақ , “Өмір” атты “театрда” да сол құрбылардың рөлін еншілеп келеміз. Бір-бірімізден жан сырымызды жасырмайтын, арамыздан қыл өтпес дос болдық. Бір сөзбен айтқанда, “сенікі, менікі” болмады. Негізі екеуміз де осы Қарғалы шаһарынанбыз. Алайда ол Алматы қаласындағы Өнер академиясының түлегі, дипломын ала сала еш ойланбастан туған жерінің құшағына асыққан. Ал мен сүйікті қаламдағы белді оқу орнынан тәлім алып шықтым. Бір ғажабы, шаһарымыздағы өнер шаңырағына екеуміз де бір күнде келгеніміз қызық болды. Содан бастап таныстығымыздың тамыры тереңге бойлап достыққа ұласты десек артық айтқандық болмас.
Арада бір жыл өткеннен соң мен тұрмыс құрдым. Жолдасым да өнерден құр алақан жан емес. Инабат қуанышымызды бірге бөлісіп, маған құдаша болды. Кейін Асқар екеуміз сәбилі болдық, тұңғышымыздың кіндік шешесі болуға лайықты Инабат деген тоқтамға келдік. Танысын-танымасын әр пендені мейірімділігімен баурап алатын оны, шыны керек бәріміз де жақсы көретінбіз. Көркі ақылына сай оның мінезі тумысынан жәйлі. Қит етсе ашуға мінеле жөнелетін жандарды жайдарлы мінезімен үнемі сабырға шақырып отыратын. “Анау жоқ, мынау жетіспейді” деп жүйкеміз жұқарған кездерімізде ол “сәл сабырлық танытындар, өмірдің бүгін ащы дәмін татсаңдар, күні ертең -ақ тұщы дәмін татасыңдар” деп ашуды ақылмен жеңдіретін. Бойы аласа бола-тұғын. Әрі арықша келген талдырмаш қызға біздер “керемет көрікпен ақылдылықты мына бойымен қалай көтеріп жүрсің?” деп қалжыңдайтынбыз. Ол болса әдеттегідей сәл езу тартып жәй ғана күлімсіреп жүре беретін. Міне, сондай көркем мінезді аяулы құрбыммен көріспегелі біраз жылдың жүзі болды. Аяқ асты “қызғаншақтық, көре алмаушылық деген қара дауыл” тұрып достығымыздың тамырына балта шабылды. Ол туған қаласынан жат жерге аттанды. Бәріне кінәлі мен, бауырлары және мына жалпақ жұртшылық еді. Әттең, оның жан дүниесін кеш түсіндік...
Әу баста Инабаттың Қазақстаннан қай жерге кеткенін ешкім білмейтін. Біз түгілі, бауырлары (ата-анасы ертерек те о дүниелек болды. Бауыр дегенде тек жалғыз ағасы мен жеңгесі еді) да мүлдем бейхабар.
Бір күні жұмыстан соң ас үйде кешкі тамақ мәзірін әзірлеп жатыр едім. Теледидардан француздың әйгілі режиссері Д.Джузенің “Мені ешкім түсінбейді” қойылымының Франция елінде тұсаукесері өткендігін естіп қалдым. Джорд Джузе – менің ең сүйікті режиссерім еді, жаңалықты тыңдауға төр бөлмеге тұра жүгірдім. Келсем, есі ауысқан келіншектің рөлін сомдаған басты кейіпкер тілшілерге сұхбат беріп жатыр екен.
– Әріптесім Джордтың “Мені ешкім түсінбейді” қойылымының мазмұны менің өміріме ұқсас болғандықтан, басты рөлді ойнап шығу қиынға соқпады, — деді театр әртісі. Иә, сөйдеді әртіс! Мәссаған! Басты рөльдегі Каманың рөлін сомдаған өзіміздің Инабат Иманғалиева! Түр-келбетін шырамытып тұр едім, нақ өзі болып шықты. Режиссер да : “Театр ұжымына алғысым зор. Әсіресе, Инабат Иманғалиеваның еңбегін ерекше атап айтқым келеді” деп қуанышымен бөлісуде. Осы уақытқа дейін Инабат туралы еш жерден ақпарат естімеппін. Ол Францияда екен. Дереу ауылдағы аға-жеңгесінің үйіне телефон соқтым. Телефон тұтқасын жеңгесі көтерді. Аман-саулықтан соң, “Инабатымыз табылды, Францияда жүр екен" деп қуанышпен хабарлап жатсам, жеңгесі «қазақтар бітіп, француз жігіттерінің көңілдесі болып жүрген шығар шет елде” деді де телефон тұтқасын қоя салды. Бұл кісілердің Инабатқа деген өкпесі қара қазандай екен, ашуларының тарқайтын уақыты болды емес пе? Оның үстіне Инабаттың еш кінәсі жоқ. Алайда, мен оны айналаға кінәлі етіп көрсетіп, ақырында туған жерінен алыстатып тындым.
Даудың басы былай басталған болатын. Жолдасым Асқар екеуміздің досымызға, һәм бауырымызға айналған Инабатты таныстарым, бауырларым “Асқармен көп уақыт өткізеді, екеуі театрдағы қойылымдарда көбінесе қос ғашықтың рөлін ойнайды, осы екеуі сенің ту сыртынан пышақ сұғып жүрмесе игі” деп менің құлақ етімді жейтін. Алғашқыда мен аса бір мән бермей, Асқар да, Инабат та маған сатқындық жасай қоймас деген оймен алаңсыз жүре бердім. Оларға сендім. Бірақ өсек-аяң күн өткен сайын өршіп мазамды алып, жүйкеме тиетінді шығарды. Асқар да үйге қонбайтынды шығарды, Инабат бұрынғыдай үйге бас сұқпайды. Күдігім үдей түсті. Күндердің-күнінде шыдамымның шегі үзіліп сүйіп қосылған жардан да, құдай қосқан достан да айырылдым. Құрбым Инабатты Асқарымның көңілдесі деп ойлап жүрсем, қателесіппін. Бәрін бүлдіріп жүрген, Инабат емес, әріптесім, әрі екі күннің бірінде біздің шаңырағымыздың құтты қонағына айналған, араласып-құраласып жүрген Гүлім екен. Мен оны байқамай, бар өшімді жанымдағы Инабаттан алып, айтпағанды айтып, жүрегін ауырттым. Ашумен оның аға-жеңгесінің алдына барып, “періштедей көріп жүрген қарындасыңыз маған опасыз іс жасады” деп, қала берді дүйім халыққа жеккөрінішті адам ретінде көрсеттім. Өкінішті-ақ. Ақыр соңында, Асқар екеуміз ажырасып тыңдық, Гүліммен қол ұстасып үйден біржолата басқа қалаға кетті. Кетсе кетсін, тек жанымның шипасына айналған Инабатымның із-түзсіз басқа жаққа кеткені жаныма қатты батты, алаңдатты. Инабат екеуміздің арамыздағы достық қарым-қатынасымыз осылайша үзіліп кетіп еді. Міне, теледидардан оның Франция елінде екенін естігенім, қаяу түскен көңіліме демеу болды.
***
Кеш екенін біле тұра, араға бірнеше жыл салып еңіреп жылап Франция елінің бейтаныс көшелерінде оның жұмыс орнын шарқ ұрып іздеп келемін мен бейбақ. Өкінішке толы өрт өзегімді өртеп, жан дүнием алай - дүлей.
Кезінде бауырымдай болған құрбымның жүзіне енді қалай қараймын? Не айтамын? Кешірімді қалай сұраймын? Өз ойыммен өзім арпалысып келе жатқанымда, жанымнан зуылдап өткен жедел жәрдем көлігінің дыбысынан селк ете түстім де, лезде өзімді қолға алып “Асыл, кешірім сұрауға тиіссің” деп қамшыладым. Сөйтіп, әлемге әдемілігімен таныс болған қалада орналасқан театрға келіп жеттім. Француз тілін білмеймін. Ғимараттың ішінен әйтеуір, бір орыс қызды кездестіріп қалып, құрбымды сұрадым, таниды екен. Театр басшысына жол сілтеп, менімен бірге ілесті.
Театр басшысы әйел адамның бірден өңі қашып, көзіне жас алып айтқан әңгімесінен-ақ, іштей бір жамандықты сездім. Жаңағы орысқа «тез-тез аудар!” деп айқайлап жатырмын. Сөйтсек... менің Инабатым бір айдай қатты ауырып, Францияда жалдап жатқан пәтерінде ем алып жатыр екен. Іле -шала, басшысынан мекен-жайын алып, орыс қызбен Инабаттың үйіне тұра жүгірдік.
Есікті ашқан әйел адам, шамасы пәтердің иесі секілді.
– Есімі елге мәшһүр дәрігерлер қымбат-қымбат дәрілермен емдесе де, алған емі түк те қонбады. Дәрігерлер “уайым-қайғының соңына түсіп, жынды ауруына душар болды” деп айтты. Өзім де сондай ауру шығар деп о бастан-ақ топшаладым. Өйткені, кейде есі ауып кетеді. Бірде жылайды, бірде күледі, мінезін түсінбегіндіктен, амалсыздан жедел жәрдем шақырттым. Ол керемет дарынды актриса. Үнемі үйде дайындық үстінде болғандықтан, тіпті менімен отырып шай ішуге де уақыты бола бермейді. Бар білетінім, оның тынымсыз еңбекқорлығы, адалдығы, сосын Асыл деген кісіні сағынып жүздескісі келетіндігін бір сөзінде айтып қалды. Ол кейде ұйқысынан “Менің Асқарға еш қатысым жоқ” деп айқайлап шошып оянатындығына етім үйреніп қалды. Есі ауысып жылаған кезде Инабат тек екі адамның есімін атап айқаулаумен болады. Асқар, Асыл. Осы қос есімнің қандай құдіреті бар екенін біле алмадым. Не болса да, туған жеріндегі жақындары шығар деп ойлаймын.
Кеше түні-бойы айқайламай, жыламай шыққасын “тәуір болды-ау!” деген қуанышпен бөлмесінің есігін қағып кірсем, төсек орнында тойдың кәдімгі аппақ көйлегін киіп алып, көзі бақырайып аспанға тесіліп қарап жатыр екен. Шамасы, ұйықтамағн секілді, көзінің алды күп болып ісіп кетіпті. Маған қарап күлімсіреп “Арматқа тұрмысқа шығайын деп жатырмын, тойымызға келіңіз” деді, содан соң қайтадан “Тойымыз болмайды, менің уақытым жоқ, себебі, мен далаға барып гүлдер теремін, көбелек қуамын” деп, тағы да түсініксіз әңгімелерді айтып, орнынан тұрып бөлмені шыр көбелек айнала бергендіктен, шыдамым таусылып, дәрігерлерді шақырттым. Бір сағат бұрын алып кетті. Енді Инабат жындыханада жатады екен. Бөлмесін құлыптап қойдым. Актриса емделіп, ортамызға оралса екен деп тілеймін, – деген үй иесінің әңгімесінен кейін, өзімді күнәһәр адам санап, көз жасымды көл еттім.
Орыс қызы екеуміз қала шетіндегі жындыханаға келдік. Келуін келдім-ау, алайда... Кеш қалыппын, жиырма минут бұрын жүрегі тоқтаған екен. Әппақ төсекте сол француз әйелі айтқандай тойдың ақ көйлегімен, ұзын қою қара шашы жәйіліп Инабатым о дүниеге аттанып кете барған. Ұзақ жыл көрмеген құрбымды құшағыма қысып кешірім сұраймын деп келгенімде, оның өлі денесін құшақтап қалатынымды қайдан білейін? Еһ...
Жындыхананың медбикесі “туысы боласыз ба, мынау актрисаның дәптері, мен ол кісіге тағайындалған медбике едім, осы дәптерін қолынан тастаған емес, өзінің туған тілінде жазылғандықтан, біз еш нәрсе ұқпадық” деп сырты әппақ қойын дәптерді ұстата салды. Бұл әппақ қойын дәптер маған таныс, Инабатымның жазып жүретін күнделігі. Қап-қалың болатын. Бұрын таңдап жүріп бірге сатып алғанбыз. Әлі есімде 800 бет еді. “Ойбай-ау, 800 бетке не толтырасын?” дегенімде, “Соңғы бетін, мен ғашығыма тұрмысқа шыққан күн деп аяқтаймын” деп әзілдеп еді ғой, сол кезде байғұс қыз - ау. Міне, ең соңғы ақ парағында:
“...Ей, адамдар - ай! Сен де, мен де Алланың құлы екенін біле тұра, Алладан қорықпадық-ау. Жаратқан ием пәк, таза сәбидей жаратып еді, енді қараңызшы, кімбіз біз? Сыртымыз бүтін, ішіміз түтін бе? Сәби кейпіміз қайда кешегі? Мына жалған дүниені бір өзіміз билеп тұрғандай лепіріп келіп аңдымай сөйледік. Досқа да, бауырға да, танысқа да, жатқа да айттық лағнет сөзді, ғайбаттадық. Тіл тигіздік. Не таптық? Ақырында сен де, мен де зардап шегіп қапаланып қала бардық емес пе?
Мен бала кезімнен қиялданып өстім. Өмір ақ пен қарадан құралса да, тек ақ түс өміршең болады деп ойлайтынмын. Тіпті, осы күнге дейін қара түсті жек көретінім әмбеге аян.
Тап-таза әппақ дүние. Аңқылдаған ақжарқын мінезді адамдар. Бәрі де мейірімді, күлімсіреген жүзбен бақытты ғұмыр кешсе екен деген ғажайыпқа толы қиялым мені нәп-нәзік өнер әлеміне әкелген болатын.
Марқұм ата-анам “Адамның ала жібін аттама, өтірік айтпа. Қамшының қысқа сабындай ғана өмірде адалдықтың туын нық ұстап өс!” деп үнемі ақыл-кеңестерін құлағымызға құйып өсірді. “Балапан ұядан не көрсе, соны іліп ұшады” демекші, жалғыз бауырым Имаш көке-ау, сонда сіз ата-анамыздың ақылын тыңдамай ұштыңыз ба? Басқасы-басқа, бір ұядан түлеп ұшқан бауырым, ағам Сіз менің жанымды түсінуіңіз керек еді ғой. Санасын байлық пен ақша билеген жеңгеміздің етегін ұстап кете барғаныңыз, қалай болғаны? “Кінәсіз болсам да, аға-жеңгемнің жанұясының шырқын бұзбайын” деп амалсыздан жат жерге кеткен жан бауырыңыз, туған қарындасыңыз ағасына арқа сүйер кезде, сіз қайда болдыңыз? Мына жақта мен сізді сағынғанда, сіз еш алаңсыз қалайша жер басып жүрдіңіз? Бір күні екеумізде о дүниеге барғанда ата-анамызға не айтамыз? Бір туған бауырлардың арасына іріткі салған жеңгем не айтады? Жә, жетер, мен сіздерге кінә артпаймын. Бір ғана, өтінішім, өсіріп жатқан қыздарыңызды, менің соңымнан ерген кіп-кішкентай бауырымды адамгершілігі мол жан етіп тәрбиелеңіздерші. Есімін өзім қойған сіңлім Иба ибалықтан аттамаса болғаны.
Еһ, жан құрбым-ай! Асылым менің! Аңқылдаған сенгіш Асыл досым! Адам дүниеде екі-ақ нәрсені қателеспей таңдауы шарт дейді. Бірі – өмірлік наныңды тауып жеуге жәрдемдесетін мамандығын, бірі — арқа сүйер серігің, жан-жарың екен. Әрине, сен өз мамандығынның хас шеберісің, оған дауым жоқ. Ал сүйіп қосылған серігің – Асқарың... Екеумізге де опасыздық жасады. “Тап-тамаша әнімді, пұшық келіп бүлдірді”. Иә, сол пұшық мұрын Асқар ғой, екеуміздің арамызға от салып, ғажайыпқа толы ғұмырымыздың күл-талқанын шығарған. Сен баяғы иланғыш әдетіне салып, Асқардың өтірікке толы құрастырылған алып-қашпа әңгімелеріне сеніп екі ортада мені кінәлі деп шештін. Шынымды айтсам, бауырыма балаған сеннен ауыр сөз естіп, жүрегім жараланады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Достығымызға сызат түседі деп ешуақытта да ойланбаппын. Жә, жетер сені де кештім. Сенің де жағдайың қазір оңып тұрмаған шығар. Жолдасың — Асқарың тастап кеткенімен, өмір жалғасын табады. Тек қыздарыңыз, менің кіндік қызым Арайлының жолы ашық, өмірі шұғылалы күндерге толы болсыншы, Асыл досым! Арайлымымызды “өсек-аяң” ауылынан алыста ұстап тәрбиелеші, әмәнда.
Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні секілді Асқар мен Гүлімнің екеуміздің өмірімізді астан-кестен қылғанын қалай түсінеміз? Мені айыптағандары ештеңе емес, Асқар мен Гүлім күллі киелі өнерге күйе жақты.
Асқар, сені алғаш көргенде елдің қамын ойлар ер азамат екен десем, құрбым Асылға сүйеніш болады десем, қателесіппін. Шынайы жүзіңдегі бет-перде сыпырылғанда ғана бір-ақ көрдік, әттең, бәрін кеш байқадық.
Театр өнері – өте нәзік. Бұл өнердің иелері Алла берген талантты тұншықтырмай халыққа арнайды. Мына өмірдің ащы шындықтарымен аралас қуанышты сәттерін қойылым бойына өңгеріп, жағымды-жағымсыз кейіпкерлерді сомдайды.
Өмір кейіпкерлері. Дүниенің төрт бұрышында жүрген жандардың ұнамды-ұнамсыз қылықтарын сіз бен біздің күнделікті өмірде байқамайтын бейқам тұстарымыз бар кейде. Ал осы сіздің қасындағы адамдардың жалпы бет-бейнесін театр әртістері бір-екі сағаттық қойылымда маңдай термен келген еңбектің, ізденістің, ерекше дарынның арқасында ашып бере алады. Өмірдің кейіпкерлерін сомдау киелі сахнаға айқайлап шығып құр селкілдеу емес.
Театр әртістері. Күні-түні демей, көрерменнің жүрегіне жол табуды ойлап, “қайткен жағдайда ойнаған рөлімді еш шашау шығармай көрерменге шынайы жеткізе аламын” деген терең ойдың түбінде жүрген шығармашылықтың иелері. Сондай-ақ олардың да сахнаның сыртындағы өмірлері бар. Олар да ет пен сүйектен жаратылған жандар. Жанұясы, баласы, оның оқуы-тоқуы, осыларға жұмсалатын қомақты қаржы, қаржының жетіспеушілігі сықылды дүниелер де кездеседі бұл кісілердің басында. Бір сөзбен айтқанда, өмірлерін өнермен өрнектеген театр әртістерінің сахна іші мен сыртындағы өмірлері оңай емес, әрине. Ең бастысы табиғат берген «талант» атты сыйын сындырып алмай, адамгершіліктің ақ туын құлатып алмаса болғаны. Осыны тең ұстаған жағдайда ғана барша киелі өнерге күйе де жағылмайды. Десек те, арамыздағы талант пен адамгершіліктен ада жандардың аяққа оратылатыны тым ауыр. Олардың жолымызда көлдеңен тұрып алатыныны өз алдына, ал өнерді бағаламай атына сөз ілдіріп жүретіні жаныма батады.
Гүлім, сенің сумаңдаған сүйкімсіз ойларынды жүзеге асыруын бәрімізді қажытқаны рас. Көре алмаушылық , көкірегіңді керген тәкәппарлық, бәрі-бәрі де қыз балаға тән ибалылықты өлтірумен тең. “Тәкәппарлық – қай тілде болмасын, қасиетсіз сөз” деп анам ылғи айтушы еді. Сен сол сөздің мағынасын ұғынсаң игі. Жас болып, жастық шағынды мәнді естеліктермен толтырудың орнына, сен ылғи қайдағы жоқ күл-қоқысқа һәм лайға толтырып әлексің. Ибалығыңды сақтаудың орнына, сен жалпақ жұртшылыққа жеңіл жүрісті жан екендігінді жариялаудасың. Сенің бұл жағымсыз қылықтарына сан мәрте тұсау болғым келіп-ақ еді, әттең... кеудемнен итеріп жолатпай-ақ қойдың, мені дұрыс түсінбедің-ау, замандасым. Біз сенің жанындағы ащы суды серік етіп соңына ерген, шылымын шиырып жүрген «әлем-жәлем» құрбыларыңнын қатарында болмағандықтан ба, әйтеуір, айтқан ақыл-кеңесімізге құлақ түрмедің. Сөйтіп жүріп, дүниеде жігіт құрып қалғандай, менің жан құрбым Асылымның жолдасы – Асқарды таптың. Тапқанын не керек, аяулы жар болып, ошағынның түтінін түтетудің орнына, қасиетті ошақтың ойранын шығарып ойнақ салдың. Асқардың жан-дүнесін алдап-арбап “астан-кестенін” шығарып, сүйікті жары – Асылдан, сүйкімді бүлдіршіні – Арайлыдан айырдың. Сенің есімін — Гүлім еді, атың затына сай болмай шыққанына, қатты қапаландым. Ащы болса да шындық, қайдан келдің қасиетті өнерге? Мұндай жиіркенішке толы өміріңмен лайламашы өнерді, өтініш!
Гүлім, ашынып жазып отырған сөздеріме, ренжімеші. Алайда, сен сияқты дарынсыз, тәртібі нашар қыздар киелі өнердің айналасынан аулақ болсыншы. Ақиқаты сол, сен сияқты өтірік актриса-сымақтарды көрген былайғы жұрт шынайы өнердің жанашырларын дәл сенің айна-қатесіз көшірмесі деп ойлайды. Сайып келгенде, керемет талантты, ақылды актрисалардың бірсыпырасы ұятсыз, абыройсыз қыздардың көлеңкесінде қала барады. Өзіңнің де, әріптестеріңнің де атына кір келтірмейін десең, кешір, кетші өнер сахнасынан! Тұнық суды лайлама! Сен мұндай қитұрқы іс-әрекеттеріңмен тұнық судың арнасын толтырмай-ақ қой, сенсіз де арнамыз әлі-ақ асып-тасатынына сенімім бек. Ал әзірге өнердің өмірінен іргеңді аулақ салып, кем-кетік кемшін тұстарыңды қалыпқа келтіргенінше, “тәрбие, тәжірибе” сықылды ауылдың тұрғыны бола тұр, Гүлімім! Бұл менің әріптес апаң ретіндегі қамқорлық сөзім, сөйтші.
А-а, айтпақшы, Асыл, есіңде ме, Шүкіман ағаның “Ғашық болып қалғанда …” қойылымында қос құрбының рөлін сомдағанда су жағасында екеуміздің шүйіркелесетініміз бар еді ғой.
“— Ғашықтық деген осы емес пе?
— Жоооқ, құрбым, мен оны айтпаймын.
— Енді не айтпақсың?” деген жолдары. Асыл, сенің “енді не айтпақсың?” деген сауалына сол сәтте қатты дауыл соғып, жаңбыр болғандықтан жауап қатпай, жүгіріп кететін көрінісі есіңде ме? Қызық! Сенің сол сұрағына сахна сыртындағы өмірде де жауап қайтармай келген екенмін. Себебі, сен сұрамайсың, ал мен өздігімнен әңгіме қылып айтып та көрмеппін. Қазақ қызының қанына сіңген ұяңдық, “қанша жерден ғашық болып жүрсе де, қыз бала сезімін жариялаған емес, ибалықты сақтайды” деген қағида құлағыма жастайымнан сіңіп қалғандықтан шығар-ау, сірә.
Асыл, міне, ауызша айтып жар салмасам да, қағаз бетіне түсіріп қояйыншы деген ой келді (уәде берем, келешекте кездескенімізде, саған жүзбе-жүз айтып беремін.Сол кезде, сен маған бұрынғыдай “осыншама жыл қалайша жан-дүниеннің сыр-сандығында сақтап келгенсін, қыз-ау” деп әдеттегідей мені жұдырығыңмен түйгіштеп ойнап қоясың ғой, иә).
Құрбым-ау, білемісің, сенің “енді не айтпақсың» деген сауалына «мен ер азаматқа ғашықпын” деп алғаш рет жауап жазып отырмын. Алайда, ол ер азамат, сенің жолдасың Асқар емес. Мені өзіне өмір бойы ғашық еткен жан —Армат еді. Иә, кәдімгі театрымыздың алдын күндіз-түні күл-қоқыстан тазартып сыпыратын Армат. Ал сен болсаң жан құрбыңа сенбей, өзгелердің өтірігіне алданып маған жала жаптың, құрбым. Сол екеуміздің ара-жігімізді ажыратқан оқиғада сенің Асқарына емес, Арматқа ғашық екеніміді айтқым-ақ келген, бірақ сен ол кезде менің сөзіме құлақ асападың. Маған деген сенімін жоғалып, қолыңды бір сілтеп есігімді тарс етіп жауып кете бардың емес пе? Жігітке ғашықтығың айта алмай жүрген мен сол кезде қалайша сенің Асқарынмен бірге жүремін, соны ақылға салып көрдің бе? Әне, ақылға жүгініп, сабырды серік қылмағандықтан, ашуға бой алдырып, екеуміздің арамыздағы “Достық” атты алтын көпірді бір-ақ күнде құлаттың. Алтын көпіріміз жөнделсін, сен ойлансың, толғансың деген оймен Францияда іштей құса болып жүрген жәйім бар. Сенің жаныннан тым жырақта-а-а жүрсем де, тәтті естеліктерім көз алдыма келіп, санамдағы ойлар сенің жанынан бір елі қалған емес. Осыны ұққайсың” деп жазып қойыпты.
Аһ, Инабатым! Енді қайтпекпін? Жер басып тірі жүргенімше, менің өлуім керек еді ғой. О, Аллам, жүрегі таза, сәбидей пәк Инабатты алғанша, өзінің қара басын ойлап келген мені неге алмадың? Мені неге тастап кеттің, Ибашым...
***
Театрдың алдын сыпырып жүретін Армат әлі үйленбепті. “Инабат Иманғалиеваға ғашық едім. Бірақ мен секілді қарапайым жігітке қарамайтын болар деп, ғашықтығымды айтпадым. Сан мәрте сұрастырдым, іздестірдім. Таяуда жақын-жуықтарды іздестіріп, тауып беретін бағдарламаға хат жазып жолдап едім, жауап күтудемін” деп үмітін үзбеген бұл жігіт менің әңгімемнен соң көзінен жасы ыршып түсті. Қалайша жыламасын, осыншама жыл ғашығын көрмеген оған да оңай тимегені анық.
Инабаттың аға-жеңгесі, Армат, бәріміз Франциядан Инабаттың сүйегін алдыртып, ата-анасының қасына жерледік. Мәңгілік мекеніне жайғастырып, әппақ мәрмәрдан белгі қойып, үлкен мазарын салдық. Араласып жүретін ақын ағамызға бәріміздің атынан “Кешір” атты өлең шығарып, құлыптасына жаздыртып қойдық.
Кезінде бәрімізге қамқор болып, ақыл-кеңесін аямайтын аяулы жанға қайтарған алғысымыз тек үйін көтеріп, өлең шығарумен ғана шектелді, әттең! Кеш бізді, Инабат! Сен қазақтың қызына тән ибалығыңды әркез сақтай білдің!
Құрбым, сенің соңынан ерген сіңлің — Иба “Инабат әпкемдей, құнды қасиеттерімді сақтап, ибалы қыз болып өсемін!” деп уәде берді. Тфә-тфә, тіл көзден сақтасын! Ибаның дәл сендей қыз етіп өсуіңе мен де уәде беремін, ИНАБАТЫМ!
Т. Раушанұлы