- Негізгі бет
- Проза
- Сағатбек Ернұр. “Ауылдан...
Сағатбек Ернұр. “Ауылдан адам кетсе де, адамнан ауыл кетпейді…”
Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Сағатбек Ернұрдың шығармасын ұсынамыз.
Сағатбек Ернұр Нұрданбекұлы – 1993 жылы 22 наурызда Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2011-2015 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бакалавр бөлімін, 2015-2017 жылдары магистратура бөлімін аяқтаған. Қазір аталған университетте оқытушы болып жұмыс істейді.
***
Қазбауыр бұлттар ақ сеңгір таудан аударылып түсіп ауып барады. Кенет ақ бұлттың бүйірін тесіп шыққан сәмөлөт күнұзаққа қораның үстінде отырған қарапұшық баланың езуіне ерке күлкі ұялатып, еріксіз айқайға бастырды. “Сәмөлөөөөөт, сәмөлөөөөөт, мені өзіңмен ала кет!” Сайын даланы жаңғыртқан айқайға ұшақтың да құлақ түрер күні бар екен-ау. Шығысқа тартқан бағытынан айнып, дәл осы қабырғасы қақырап, бопыры борпылдап жатқан шидің арасындағы ескі қыстауға бағыт алып келеді. Баланың жүрегі желідегі кұлындай тықыршып, бағытын білмесе де, сапарға шығатын жолаушыдай сабыры кетті.
Кенет ескі тандырдың әргі жағында ши тоқуға жиған бір құшақ шидің үкісін үлбіретіп, ақ жаулығы желмен майда ғана желбіреп тұрған әжесін байқады. Езуіне азғандай жымиысты шақырып “Балапаным, қайда барасың?.. Кетпе...” деп тұрғандай көрінді.
Енесін көріп дегбірі кеткен төл секілді “Апааа!” деп биік қораның төбесінен бар пәрменімен секіріп кеткені сол еді әлдебір күш әуеге жұлып алып әкете берді. Кенет өзінің быртық саусақтарының орынында қауырсын қанаттар тынбай қағылып бара жақанын аңғарды. Бір қараса әлгі ақ сәмөлетпен жарысып келеді екен. Ал апасы жаулығының ұшымен көзін сүртіп қолын бұлғап қала берді. “Апаааа, мен келем! Мен келеееем!”
Иманбек шошып оянды. Жастығын жасқа көміп, көрпесін терге шылап жіберген екен. Жаңағы желісін үзердей тықыршыған жүрек енді мамадағы құр аттай кеудесін тарпып тұр.
Әттең, ауыл-ай! Туған жер жалғыз өзінде ғана бардай аңсары ауып, асқар таулары мен алыста қалған балалықтың куәсі алақандай қыстауды сағына беретіні несі? Ееех, шіркін-ай, «тікенек болса да, бұлбұлдың өз ұясы» деуші еді. Оған қарағанда жердің жәннәті, білдей бір Қазақстанның “Швецариясы” Нарынқол ғой.
“Ақымақ, сағыныштан аңқаңды кептіріп шөлдейтінің бар екен, неге кеттің ауылдан? Ит байласа тұрмайтын исі түтін қалада иі қанбағай терідей иленіп жүргенде бітіргенің не? Әкенің қарашаңырағына қара құлыпты күзетші қылып, қалаға тартқан жас-кәрінің мақсатсыз көшіне мұрнын тескен танадай жетектеліп кеткендегі жалғанды жапырғаның кәне?”
Бәлкім бұл сағыныш барша ауыл баласында бар шығар. Айраныңды ұрттап, қойыңды құрттап, кертөбеліңе жалаң кеуде мініп алып, өзіңді кентавр секілді сезініп кеудеңді кере кең далада көсіліп шабатын күндер-ай десеңші. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар”. Кешегі колхоздағыдай тіршіліктің қазаны қайнап, еңбектің базары жайнап тұрар ма еді. Қайран өндіріс орындары... Санасын қамап ұстаған халыққа бір сәт бостандық тие қалғанда ойына “келгені қайтсем үлесімді алып қалам, қайтсем тонап үлгерем” деген ғана болды. Сонда ауылдың болашағы ойланды ма?
Қайдан... Байтал түгіл бас қайғы болды ғой. Қырмандар қиратылып қораның шатыры болып жабылып, темірі діңгектің деңгейіне түсіп, гараждар таланып тағасына дейін сатылып бітті. Кешегі кеусенін қалағаныңша алатын картоптың даласы да шаңы ұшып қала берді. Ортақ деп жүрген малға таласқанда да аш қасқырдай анталаған халық ағайынын танымай қалды. Сол таластың ішінде Иманбектің атасының қыстауы да өмірі малдың азабын тартып, қораның иісін көрмеген бір бастықтың пәйі болып кете барды. Несін айтасыз, немене керектің бәрін үйіне тасыған халық ертең немересі болатынын ойлады ғой деймісіз. Тіпті сол үлестері тықыр таянған жылдарда тиын құрлы болмай, бір затты бір мүшек ақшаға бір күн кезек күтіп алатын уақытқа тап келіп, арқа еті арша, борбай еті борша болып босып кетпеді ме?
Иманбек шал-кемпірді мәңгілік мекеніне аттандырып, ағайынмен қоштасып нәпақа іздеп тас қалаға келгеніне бірнеше жыл ғана болды. Ал сағыныш... сағыныш – бір ғасырлық сағыныш.
“Қасқа бұлақ, қасыңнан неге кеттім,
Не деген жел айдаған көбелекпін,
Еркіндік, еркелікті місе тұтпай,
Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін”.
Мұқағали ақынның осы өлеңі көңілдің пердесін дәл басады-ау. Атаның көзі болып қалған ескі домбырасын тыңқылдатып неше мәрте айтты екен. Қаланың шетіндегі Шаңырақ деген ықшамауданда пәтер жалдап бірнеше жыл тұрғанда оншақтысына ауысқан шығар. Бірақ осы бір әнді ешбір пәтерге тастап кеткен емес.
Қара жұмыс жасап қараңғыда қайтып, бір жыртықты жамаса бір жыртыққа жеткізе алмай тоғыз қатынның толғағы бір күнде келетін толғамы көп күндер бір-бірінің артынан ілесе беріпті ғой. Шиеттей үш бала ұядағы тынымсыз шиқылдаған қарлығаштың балапандары секілді. Жанын күйттеп, табанынан тозса, осы балапандардың тәтті күлкісі, әйелінің ештеңеге қарамастан суынбайтын риясыз махаббаты жүрекке жұбаныш, тіршілікке талпыныс сыйлайды.
Қайтадан сол өлең. Қайран Мұқа! Асқар таулардың қуысында, Алланың уысында жатқан Қарасазды сағынбау мүмкін бе? Ал Иманбек ауылға әр барған сайын жаны күйзеліп, Жер анадан кешірімін көз жасын төге сұрап қайтады. Өйткені оның ауылға келістері тек ағайынның өлімін аза тұтып, топырақ салуға айналып бара жатыр еді. Ауылға арнайы сағынып келіп, аунап-қунап жатып, атқа мініп ашыла шабатын күндер қалғалы қашан? Енді міне тұлыпқа мекіренген сиыр секілді туған жерде түскен альбомды ақтарып, көңілдегі сағынышпен көздің жасын иітіп жүргені. Жаңа ғана шошып оянған түсіндегідей “Апаааа, мен келем! Мен келеееем!” деп айқайлағысы келеді.
Кешегі Мысырды билеген Бейбарыстың алтын тақты тастап атына мініп Арқаның даласына аяқ асты жаба жөнелуіне бір уыс жусанның иісі ғана себеп болған деседі. Ал біз ше?..
Қайтарға жол бар ма? Қайран ауыл, алыстан қарасы көрінсе, қашықтағы жеңгелерім өтіп кеткеніңше күтіп тұратын, қайран ауыл! Ауыл арасында көлігіне мінгізіп жеткізіп салған кісіге ақша берсең көңілі қалатын, қайран ауыл! Үйінің қасынан өтіп кетуге батпай, “желібауымды аттап кеттің” деп ренжіп қалар деп әрбір үйден қымыз ішіп, бөлінбеген еншімді сұрай келетін, қайран ауыл! Білегіңді сыбансаң болды, жүрегі бір ағайын шаруаңды дөңгелетіп, шөбіңді шабысып, тамыңды тұрғызып, марқасын бауыздап асарлатып жіберетін, қайран ауыл! Тіпті қапыда қисая қалсаң да, ағайын болып аттандырып көмусіз қалдырмайтын, қайран ауыл!
Қайтарға жол бар ма? Тозығы жетіп, тор басқан үйі тұр. Бірақ алдыңда ашатұяғың, астында бұтартарың жоқ қой. Ал тіршіліктің жәйі не болмақ? Ердің мойнында қыл арқан шірімейді. Ерулігін жасап күтіп алар ауылдастар. Елдің ішінде өлмеспіз. Нарынқолдың жеріне нағыз бауырын төсеп өсетін картопты егіп, бала күнгідей бір күн күлге қақтап, бір күн асып, бір күн қуырып жесек те күнелтерміз. Елдің алды етегін түре кіріскендей үкіметтен кәсіпкерлерге берілетін пұлдан біз де алып бір шаруаны дөңгелетерміз. Басым жерге жетіп тұрған жоқ. Мына қарасирақтар да тас қаладың тастандысы емес, ауылдың көңілі даладай дархан, таудай биік азаматы болып өссін...
Осы ойлар маза бермей таңды көзбен атырып жүргелі біраз болған.
Кенет басын көтеріп, сөреге қолын созып құтыға салып қуратқан көкшіл жусанның иісін бар демімен құшырлана иіскеді...
...Алматының мұнарлы күні кішкене терезеден түсіп, қаннен қаперсіз құшақтасып ортада ұйықтап жатқан балапандардың быртиған башпайларына түсіп бастап, болымсыз жылумен борбайларына қарай сырғи берді.
Иманбек бүгін бір шешімнің көптен көбігін алып, етін пісіргендей еңсесін көтеріп, түбірлі ойына табан тіреп әйелін оятпақшы болды.
“Жаным, ояншы. Ауылға көшеміз!”
Т. Раушанұлы