Сафуан Шаймерденов. "Жұлынбаған қызғалдақ"

Бүгін – көрнекті қаламгер, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов дүниеге келген күн.  Оның əдеби мұрасы ұлттық əдебиетімізде қайталанбайтын қолтаңбасымен, көркемсөз өрнектерінің шеберлігімен ерекшелетіні анық. Жазушы өмірі мен шығармашылығы жайлы бірер сөз. Сондай-ақ "Жұлынбаған қызғалдақ" әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облыс, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында өмір есігін ашқан.

Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім болды. Армия қатарында қызмет атқарған. 1942-1943 жж. Преснов аудандық комсомол  хатшысы, 1942-1945 жж. "Ленин туы" тілші, әдеби қызметкер. 1950 жылы ҚазМУ-дің филология  факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды обылысы бойынша тілшісі, 1952 жылы "Әдебиет және искусство" журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы "Қазақ әдебиеті" газеті бас редакторының орынбасары, 1958-1960 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бастығы болған. "Болашаққа жол" атты алғашқы романы  1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін "Инеш" деген атпен орыс тіліне аударылды.  "Өмір нұры" атты повестер цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанға бағындырылған алты повесть- "Мезгіл", "Қарғаш", "Өмір нұры", "Ит ашуы", "Мәжүнін тал" кіреді.  Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған. "Қайдасың, Зарина?", "Қыр гүлі", "Әнім сен едің", "Марғау", "Төрт бойдақ,бір қыз", "Өкіл әке", "Түйе көтерген", "Аруана дүние" пьесалары көптеген қазақ театырларының  саханасында қойылып келеді.

Үнді жазушысы Р.Тагордың "Күйреу", "Гәуірмақан" романдары мен "Алтын сағым" атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л.Толстойдың "Альберт" повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың "Трибуналын", француз компазиторы Эрве мен  драматург А.Мильяждың "Түлкі бикеш" комедиясын  аударған.

Қазақ әдебиеті туындыларымен  бірге, оның үлкенді- кішілі қаламгерлермен бірге, Сафуан Шаймерденов аса көңіл қойып зертеген нәрсе аударма мәселесі. Аударма өнері жайында тиянақты ой қортып, ұзақ жылғы тәжірбиеден шығатын түйіндерді  анықтап, әртүрлі салыстырмалы пікірлерге тоқталған үлкен еңбегі "Көркем аударманың принципі неде", "Шолохов шығармалары қазақ тілінде" деген бірнеше мақаласы. Мұнда кейінгі көп талдау жасалған мақалаларында Сафуан Шаймерденов "Тынық Дон", "Көтерілген тың", "Құрыш қалай шынықты", "Тоқай" романдарының қазаша баламысын жіті тексеріп, тәуір жерлермен қатар, олпы-солпы дегендей,қабыспай жерлерін мол айтқан.

Сафуан Шаймерденов – әдеби тұлға. Оның шығармашылығы,қоғамдық белсенді қызметі  тағы басқа қырлары көп нәрсе айтуға болады. "Жыл құсы" повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының жұмысшысы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болған. Ал Р.Тагордың "Күйеу" романының  аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын алады, "Ағалардың алақаны", "Әдеби толқындар" атты кітаптары үшін 1988 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алады.

1992 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы құрметті атағына ие болады. "Отан", "Құрмет Белгісі" орденінің иегері. Қызылжар (Петропавл) қаласының құрметті азаматы. Ұлы Мұхтар Әуезовтен тәлім алған, әдебиетімізге 50-жылдары келген тегеуренді толқынның алдынғы сапында болған Сафуан Шаймерденов прозасына психологиясына қатпары мол, реалистік дүниелерімен қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Сөз зергері, психологиялық прозаның хас шебері Сафуан Шаймерденовтің көркем туындылары халқымен бірге жасай берері  шүбәсіз. Жазушы әдебиеттегі интеллектуалдыққа керемет үйір. Оның кейіпкерлері марғау, мимырт, керенау, бойкүйез жандар емес. Олар білімді олар болашақты ойлағыш, олар өнерді сүйетін өміршең тұлғалар. Мұның бір айғағы жазушының өз бойынан табылушы еді. Адамға ерекше талапшыл,оның бойынан да  табылушы еді. Адамға ерекше талапшыл, оның бойынан  тек рухани тазалықты, мөлдірікті іздейтін С Шаймерденов шығармаларын да осындай шыншылдықпен  жазатын. Жазушы сексенші  жылдары да повесть жанрын бұрынғы өрінен де биікке көтерді. 

С.Шаймерденов әдебиет сыны "Лирик жазушы", "Эстет жазушы" деп сипатайды. Жазушы соңау балаң шағында, қаламын ұштау кезінде лирикалық шығармалармен Бейімбет жолын жалғастырған Ғабене хат жазып, ақыл кеңес сұрауының сыры да осында шығар. Сафуан шығармаларының лирикалық әуезін оның өз қаламынан танимыз.Стилін проза мен поэзия арасындағы желімен тартататын Сафуан, соның өзінде ұлттық  характер мен  ұлттық психологияны шеберленген жазушыға тән сарабдалдықпен кескіндеді. Мұндай шеберліке жетісу оңай емес. Ол тілдің шұрайлығынан, ойдың алғырлығынан танымның тереңдігінен бастау алатын әдеби дария. Осы дарияны тудырған аз топтың арасында Сафуаның тұлғасы айрықша оқшау көрінеді.

Әдебиеттегі ар тазалығы, шынайлық әсемдік, мөлдірлік, кескін мен келісімнің келбеті сынды қасиеттерді өз бойына  қондырған,  өзгеден де соны талап ететін жазушы өзінің тұстастарынан алдағы ағаларынан лепті лебіз, жақсы баға, игілікті қошемет көргендіктен әдебиетіміздің шыңы боларлықтай заңғарға көтерілген. Сондықтан біз Шаймерденовтің шыңы бар, заңғар жазушы деуге қақылымыз.

"Жұлынбаған қызғалдақ"

(Әңгіме)

Біз бір жылы көктемде демалыс алып, сүйікті қаламыз Алматыға келдік. Қаланың тау жақ шетінен жалға алған үйіміз де қолайлы болып шықты.

Тұңғыш қызымыз Жанна онда жетіге толған еді. Туған күніне арнап бір кішкене сыйлық жасамақ болдым. Жанна екеуміз қалаға бардық. Қайтар жолда көшеде гүл ұстап отырған кемпірден бір шоқ гүл сатып алып едім. Жанна орындамаған бір уәдемді ойыма салды. Бұрын бірнеше күн бұрын мен оған: "Тауға шығамыз, қызғалдақ тереміз", ─ деген едім.

Балата өтірікші болудан жаман бар ма! Басқа бір ұсақ шаруаларды былай қойып, келесі күні Жанна екеуміз тауға шықтық.

Бергі бетте қызғалдақ гүлін таба алмадық. Қала адамдары теріп кетіпті. Ал басқа гүлдердің әлі шешек жара қоймаған шағы екен.

Біз әрі астық. Ұзақ жүрдік. Қилы-қилы төбелерді кездік. Бірақ қызғалдаққа кездесе алмадық. Көңілсіздік басты. Аса бір ренішті түрде үйге беттедік. Қазір Жанна бір құшақ гүл көтеріп келе жатса... Шіркін-ай, онда қызым шаршағанын да ұмытып кеткен болар еді-ау! Үйге барған соң, тауға қалай шығып, қалай түскеніміз де, гүлді қалай тергеніміз де жатқан бір жыр болып айтылмас па еді. Саян да, көрші үйдің балалары да Жанна әңгімесін тыңдап аузын ашып, аңырып қалмас па еді! Әттең не керек, әкеле жатқан гүліміз жоқ.

Өзіміз де бір шығынға кеткен екенбіз. Көлбеу беткейді қиялап төмен түсіп келеміз. Шаршап, шалдыға түсіп келеміз. Сол жақта биік бір ақ басты тік күз тұр. Күн көзін де қалқалап, төбемізден төне түсіп тұр.

─ Папа, шаршадым, аяғым дірілдейді, бүгіле береді, ─ деді қызым.

─ Осы төбеге шыққанға шаршап қалдың ба? Ал мына құзға шыққандар да бар ғой. Сен түгіл солар да шаршадым деп айтқан емес, ─ дедім мен Жаннаның көңілін табам ба деп.

Жанна жоғары, құзға қарады.

─ Ой, ой ой!!!

─ Рас айтам. Тіпті солардың ішінде қыздар да болған.

─ Да, папа?! Ой, ой ой! Шаршадым деп айтпаған сонда да, ә?

─ Иә, айтпаған.

─ Ой, ой, ой! ─ деп Жанна басын шайқай берді. Мен қызымның көңілін аулағаныма қуанып, ілгері көз салдым. Кенет, алдымызда екі жүз қадамдай жерден бір кішкене төмпешік көрінді. Көз жауын алар қызыл гүлге тұнып тұрған төмпе! Қуанғандығым сондай "Қызғалдақ" деген сөз де аузыма түспей қалды. "Жанналап" алға қарай қолымды сілтей бердім. Оның да көзі шалып қалған екен. Шаршағанын да ұмытып кеткен. Жүгіре жөнелді. Мен де адымдай басып келемін.

Жанна төбешікке барып жеткен бойда - ақ гүлге қолын соза беріп қалт тұрып қалды. Содан кейін төмпені бір айналып түсті де, маған қарай жүрді.

Мен оған анадайдан:

─ Жаннажан, кідірме, жұлып ала бер. Үйге тез қайтайық, ─ деп дауыстап келемін. Қызым бұл сөзіме құлақ аспады.

Мен жақындап келгенде,сыбырлап қана:

─ Мола! ─ деді. ─ Папа, бұл қызғалдақты жұлмайықшы.

Келіп қарасам, шынында да мола екен. Басына қойылған кішкене ғана құлпы таста:

"Рәш Садықова. Жиырма екі жаста. Қапылыста шыңнан құлап опат болды. Мәңгі-бақи қош бол, қазақтың таза жанды, ер жүрек қызы.

"Сапарлас достарынан" деген жазу бар екен. Мен қызымды бауырыма қыстым да, маңдайынан сүйдім. Ақылына разы болып сүйдім. Екеуміз тағы да ілгері жүрдік. Жанна болса, жаңағы иесіз тауда жалғыз қалған мола жайын сұрайды. Ал мен болсам, өмірдің күрделілігі жайлы, адам махаббаты жайлы ойлап келемін.

Иә, Рәштай ер қыздың моласында желектеп өсіп тұрған мына Қызыл гүлдер мүмкін Жанна сияқты сәбилер махаббаты шығар. Кім білсін оны!