Француз жазушысы Роже Мартен дю Гар (Roger Martin du Gard) 1881 жылы 23 наурызда Нейи-сюр-Сен қалашығында, ауқатты заңгерлер жанұясында өмірге келген. Мартен 11 жасқа толғанда ата-анасы католиктік мектепке береді. Ол жерде жазушы неотомизм жетекшілерінің бірі аббат Марсел Эбердің қол астында тәлім алады. Бала Мартен өте ерке болғандықтан, сабаққа салғырт қараған. Оның болашағына алаңдаған ата-анасы сол кездегі абыройлы ұстаздардың бірі, профессор Луи Меллериоға білім алу үшін жібереді. Бірнеше ай бойы профессордың қатаң қадағалауының арқасында Мартен жүйелі білім ала бастайды. Жасы ұлғайған сайын әртүрлі зиялы орталарда болған ол зияткерліктің керек екенін түсініп, енді өзі еңбектене бастайды. Осылай 17 жасында Толстойдың Соғыс және бейбітшілік романымен танысады. Кейін өзі туралы естеліктерінде жазушы: Толстой жазушы боламын деген арманымды тағы да арттырды деп жазады. Болашақ Нобель иегері Сарбонн университетіне тапсырғанымен, емтихандардан құлап, Эколь де Шарт университетіне тарих және архив мамандығы бойынша емтихандардан сәтті өтеді. 1905 жылы аталған оқу орнын тәмамдап Парижге келеді. Толстойдың Соғыс және бейбітшілік романы сияқты көлемді еңбек жазуға тырысып көреді. Арада 1,5 жыл өтсе де, кең көлемді роман жазу қолынан келмейді. 1908 жылы тырнақалды туындысы Қалыптасу (Devenir) романын жазады. Бұл романын өз ақшасына баспадан шығарады. Шығармада жазушы болуға ұмтылған, бірақ еңбегі зая кеткен жас қаламгердің өмірі баяндалады. Осы кітаптан соң, ол өзін толыққанды жазушы ретінде сезіне бастайды. Келесі романын Мариз деп атамақшы болады. Бірақ шығарма ұнамаған соң, мұны жариялаудан бас тартып, жойып жібереді. Жалпы, Мартен өзіне қатты сын көзбен қарап Мариз сияқты сәтсіз шығармаларын жиі өртеп жіберген. Сәтсіздіктен соң келесі шығармасын жазуға кіріседі. 1913 жылы Жан Баруа (Jean Barois, 1913) деген атпен жарияланған романы оған әдебиет әлемінде алғашқы танымалдылықты алып келеді. Бірінші дүниежүзілік соғыс жазушының өмірін айналып өтпеген. Ол соғыста Франция армиясы сапында қызмет етті. Соғыстан соң 1919 жылы Парижге қайтып келеді. Парижде ата-анасының үйіне көшіп келіп, өзінің ең атақты Тиболар Жанұясы (Les Thibault) шығармаларын жаза бастайды. 1922-40 жылдар аралығында аталған роман сериялы түрде басылып отырды. Оған әлем әдебиетінде көрнекті қаламгер ретінде танылуына осы шығармалары себеп болды. Ағылшын сыншысы Мартин Сеймур-Смит романға: Тиболар Жанұясындағы кейіпкерлер өзінің адалдығымен таңғалдырады. Бұл роман ХХ ғасырдағы ең трагедиялы роман, деп баға береді. 1937 жылы Швед академиктері Роже Мартен дю Гарға Заманына сай әлеуметтік жағдай мен кейіпкерлерді шыншылдықпен айқын сипаттағаны үшін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына лайық деп табады. Жазушы 1958 жылы 23 тамызда 77 жасында жүрек талмасынан қайтыс болған.