- Негізгі бет
- Проза
- Рақымжан Отарбаев. Американың...
Рақымжан Отарбаев. Американың ұлттық байлығы (Әңгіме) #3
Қошалақта аң қуып, шап терлетіп шауып жүріп бар ғұмырын түгескен ақ шұнақ шал кейде мұның ісіне наразы боп:
«Жатқан жатырың жұқа ғой. Жағаласа кетер жерде жапырыла қалуын. Қамшы ұстап дауға түсері жоқ өңшең ынжыққа тартып», – деп жоқ жерде нығыртып бітетін.
Шалына анық қарсы келе алмай діңкесі құрыған шешесі:
«Қасқа бұқаны піштіріп тастаған соң көзіміз ашылып еді», – деп шүйкесін созғылап жататын.
«Арманыңа жетерсің, – дейді сөзге тоқтаған әкесі ондайда тыңқ-тыңқ күліп.
– Осы күшіктің әлгі әрмиядан келгендегі бәрімізді қуырып жеп жібере жаздаған пысықтығы қайда кет- кен? Соны айтам-ау…»
– Жетеке, әлгі Африкаға жібергендері қалай, аман- есен бе екен? – деп Қапар әңгіме бетін Қошалақтан аулақ құрлыққа алып қашты.
– Қайдан аман болсын! Жақында теледидардан көрсетті. Өңшең зәңгі қырып атып түгесуге тақапты. Сосын әскерилер вертолетпен келіп әлгілерді ойбай- латып қуып ұстап жатыр.
– Шибөріні ме?
– Жо-ға, зәңгілерді. Кәдімгі негрді айтам.
– Бейшаралар десеңші.
– Бір тайпа көсемінің аяқ-қолына кісен салып жатып:
«Сендерге сеніп жіберген ұлттық байлығымызды ит рәсуа еткіздің. Көздеріңе көк шыбын үймелетеміз. Құл ретінде кереметсіңдер, ал адам ретінде түк қасиеттерің жоқ», – деп, Қапеке-ай, әлгінің көзіне істікпен шұқығанда, төбе шашың бар ғой, бір тұрып, бір жатады…
– Қалың жыныс ішінде, әр шоқалдың түбінде өріп жүрген мақұлықтың есебін айдалада отырып қайдан білген?
– Надандық, сені қайтейін? – деп Жетес ежірейіп ішкі қалтасынан әлгі төрт бүктеулі қағазын қайта суырып алды. – Космостан! Сенің башпайыңды қимылдатқаныңа дейін төбеңнен үңіліп айнадан көріп тұр. Бар байлығын хаттап-шоттап отыр. Әне! Әйтпесе, соншама ақша шығарып дүркін-дүркін кеме ұшырып олар аспаннан нағашысын іздеп жүр дейсің бе?
Әлгінде, «Космостан!» дегенде Жетестің сұқ саусағы ауада ілініп қалған. Баспалап қараса, әлі сол қалпы тұр екен. Мәселенің байыбына көзі енді жеткен Қапардың аяқ-қолына діріл жүгіріп:
– Құлдығың болайын, мынауыңды түсіре көрші, – деп жалынды. – Шибөрісі құрысын, төсек салып жата қалайықшы.
Аузы жаман ит-ай, адамның иманын ұшырып айтып отырғанын қарашы. «Бетіне жел боп тиген Саддам Хусейіннің өзін інге тығылған қарсақтай шақылдатып суырып алғанда оның жанында сен кімсің? Жалғыз вертолетпен келеді де: «Давай, Қапар», – дейді, «Давай, киін!» «Шибөрінің шын иесі кім екенін білмей жүр екенсің, Қарабаевіш. Ток беретін столға таңайық. Тірілей үйтіліп қал! Ищь ты! Саудаң тамам!» – деуін. Тоба, тоба!
Келін боп түспей жатып әке-шешесімен китке таластыра келген осы қатын да жерден алып көрге ұрып болды-ау мұны. Үйірлі үш пәле соның сөзінен балалап шығады да тұрады. Қарашы енді… Әлгі барқыттай ғып илеп қойған шибөрінің екі терісінің бірін Астанада оқитын сіңлісіне салып, екіншісін етек-жеңі қырқыла бастаған өз пальтосының жағасына тағынып...
Астанадағы балдызынан осы ақпанда хат келген. «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты Қапар жездемізге дұғай-дұғай сағынышты сәлем», – деп бастапты хатын тап бір бауыры шіріп бара жатқандай.
«Амандық болса, оқуымды тәмамдаған соң осы қалада қалмақ ойым бар», – дейді, тұп-тура ындыққа неге өтіп кетпейді? «Айтпақшы, ақ жезде, салып жіберген теріні алдым. Қып-қызыл боп құлпырып тұр екен. Тонымның жағасына салдырып ем, жайнап кетті. Өрттей-ау, өрттей! Көшеде, тіпті шетелдіктердің өзі тұра қалып қылшығын алақан жүгіртіп сипап, бас шайқап бітеді. Көзі бар дүние ғой, тағы да бір- екеуін салып жіберерсіз. Біреулерге уәде беріп қойып едім…» Көрдің бе, дәмесін...
Бұл бір оңбаған желқабаз тұқым ғой. Астанада жәйімен жүре ме, «Қошалақта аңшы жездем бар, шибөріні қоралап ұстайды, мұндай жаға тағы кімге керек?» – деп жаһанға жар салып, әлгі шегірткесіне дейін адам деп қарайтын шетелдіктердің көзінше найқала басып жүрген-дағы.
Әлгі қатыны түскір де аяқ астынан Қанішкенге шау- ып… Мына шынжау иттің де жата қалмай тізесінің үстіне қайта-қайта қағаз жүгіртуі тегін дейсің бе? Американың жасырын уәкілі боп жүрмесін. Сонда да тегін жан беру оңай ма, көңілімен аспанды теуіп отырған мұны бірер сұрақ беріп тағы да байқастап көргісі келді.
– Жетесжан-ау, ақылы асқан азаматым-ау, айтшы өзің, сонда әлгі шибөріге малымызды қан жоса ғып қырғызып қойып, тып-тыныш отыра береміз бе? Бұл мақұлық олардың байлығы болса, үстінен жонып жеп отырған ірілі-ұсақты жандық біздің күнкөріс нәпақамыз емес пе?
Жетес шараяқ толы айранды бір жұтып, шетке ығыстырып қойды. Келелі әңгімеге енді келгендей қомданды.
– Сырты – түк, іші – боқ қайдағы малды айтасың? Олар өзіңді отырғызып қойып, құйрығыңның астынан мұнайыңды жым-жылас ғып сорып кетіп жатқан жоқ па, мұнайыңды! Өй, қазақ, соны неге ойламайсың?!
Қапар шошып, астындағы қызыл құрақ көрпеге қараған, бір шеті түріліп қалыпты. Қиюы қашқан есіктен бе, әлде құранды шынысы көп терезеден бе, әйтеуір салқын леп тұла бойын қуалап қалшыл қақтырып бара жатты. Десе де, ішкі үрейін сыртқы болмысымен бүркеп:
– Шамасы, дәті қатты ел-ау, – деп мына маңызды мәселеге өзінің қатысын сүйкейсалдылау ғып көрсеткісі кеп шамның пілтесін азайтып, жарығын әлсіретті.
– Айтары бар ма? Олар біздей емес, әрқайсысы Ата Заңын аузымен сүйіп адал болуға ант береді. Әлгі Кілинтөнді білесің ғой? – деп Жетес сұқ саусағын төбесінен асырып барып қайта түсірді.
Жамылғы көрпеге тұмшаланып, кесер басы ғана қылқиып жатқан Қапар: «Шырамытамын ғой», – деп күбірлеп құтылды.
– Ендеше, Ақ үйдің төрінде отырған соның әлгі бәдік қызбен көз қыспасы бар екен. Аты кім еді қарбашаның? –М… Мо… Ма…
– Мәрзия, – деп Қапар басын сопаң еткізіп суырып алды.
– Қайдағы Мәрзия? Қойшыбайдың қатынын ойлап алжып жатсың ба?
Қапардың көзі кілгіріп, басы қайтадан көрпеге кіріп кетті.
– Моншақ емес пе?
– Мейлі, тесік моншақтың бірі. Тақтың буы шыдата ма, Кілекең президент басымен сол қарбашамен ойнап қойып… Бәйбішесі менің үстіме қатын ұстайын деген екенсің, есіктегі күліңді төріңе шашайын деп шыр салып… По-оу!
Әңгіме шибөріден аулақтаған соң көңілін демдеген аңшы мына жатысына ыңғайсызданып мәйкішең көпшігін қолтықтай кетті.
– Апырым-ай, үлкен жанжал шығыпты-ау!
– Айтпа. Әлгі қарбаша, «тоқал қылып қолыңа кіргізіп ал, оған билігің жетпесе осыған дейін ойнап-күлгеніңнің ақысын төле» деп…
– Содан?
– Кілинтөн бәйбішеден бата алмай жаутаңдап, екі ор- тада әлгі қарбаша, «мына әңгі абыройымды айрандай төкті, шеккен зиянымның пұлы мынандай» деп сотқа жүгіріп…
– Ой, масқара-ай!
– Масқараның көкесі соңында. Бұл шатақты халық естіп, у да шу. Еркектер жағы: «Маладес, Кілинтөн, құрттаған шыбыштың құйрығындай немеге сол керек. Тіпті, бұл аз», – деп өре түрегеліссін. Әйелдер болса: «Шіли істейтіндерің осы. Бәрің де ұрғашы зорлайсыңдар. Еркектердің атынан Президентті сот- тау керек», – деп ырғасып тұрып алсын. Көкайыл қатындарға дауа бар ма?
– Соттады ма?
– «Садағаң кетейін, ел-жұртым, мына қызыл көз пәледен сорлы басымды арашалай көріңдер», – деп зар еңіреп халқынан жылу жинаған. Сол қаржыны көңілдесінің алақанына құйып зорға құтылды.
– Заңы қатты екен.
– Елі бетіне қарап отырған басшысын есекке теріс мінгізгенде, ұлттық байлығына мылтық кезегендерді не істемейді? Жаным-ау, әлгі қарбашаның аты… Тілімнің ұшында тұрғанын қарашы…
Шамның майы түгесілді ме, пілте басы қызарды. Көрпені тарс бүркеніп алған Қапар ойы әлем-жәлем боп біраз жатты. Әзер деп кірпігі желімденіп қамаса бастаған.
– Таптым! – деген шынжау сарының ащы айқайы құлағын жарып жібере жаздады.
– Нені?
– Мо-ни-ка!
– Құры! Атаңа ғана нәлет!
Сол түні түс көріп шыққан. Саддам Хусейін екеуі Қошалақтың ақ шағылының арасында шаңытып жайдақ атпен қашып жүр екен…
(Жалғасы бар)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: azh.kz
M. Auelkhan