(Басы)
– Қадиша интернатта жататын екі-үш жаманға кеткен. Жолаушыдан сәлем айтып жіберіпті. «Апамның қызыл қуырдағын сағындық», – деп. Ортақ қазанның быламық көжесінде кенеу бар ма, қоңылтақсып қоңқылдап жүрген ғой иттер!
– Қашан қайтады?
– Дүкенге соғып, ертең кештетіп жығылар.
– Оңаша қалып қара қазанның иелігі қолыма басы бүтін тиді деп жатыр екенсің ғой. Дұрыс! – деп Жетес дастарханға омырылды. – Қойдың басы несі?
– Ақта тоқты еді. Етін сылып, қуырдақ етіп апаң қарынға салған. Басы мен бес тал қабырғаны қай құдам келеді деп сақтайын? Қазанға тоғытқам. Несібең әр қазанда жүрген жігітсің ғой, саған бұйырды.
– Бәрекелді! Тоңып келгем. Жазғытұрғы жел жардай атанды жығады деген. Әрі мына талау келгір торының жүрісі жаман. Асқазанымды сапырып бітті.
Қапардың қолына тигені – бір шөкім құйқа, қалғаны
Жетестің алдынан жалаңаштанып шықты.
– Апырым-ай, мына қойда түк ми жоқ, өрістен үйді қалай тауып кеп жүр? – деп аппақ миды асап жатып үй иесіне алақ-жұлақ қарайды. Қапар бір тал қабырғаның басын мүжіп жатып мырс етті.
– Сайлау деген тұп-тура сорыма шықты, – десін ыстық сорпаны алып жатып. Әлгіндей емес, жұтқыншағы жүгірмей қалыпты, ішіне ел қонған-дағы.
– Сақибеден мен әйелі Ағиба депутатқа таласып мал қораның басын жау шапқандай етті.
– Ойбай, бар қызық сенде болды.
– Айтпа. Күйеуі кетеден шыққан Сейсенбайды қолдап, қатыны тама Сәрсенбайды жақтап – қызыл майдан, қырық пышақ. Дүние ғаламдасамыз деп өңір тиегін ағытып жатқанда бұлар рудың сойылын соғып… Надандық, сені қайтейін? – деп дастарханға бет сипай салды. Надандыққа өкпелеймін деп отырып батаны да ұмытты.
– Қайсысы жеңді, қайсысы?
– Ағиба да. Бір шөкім кетені тама табанына тұрғыза ма, «осыдан ініме дауыс берме, інге кіргізейін» деп… Қатын қайраттанса қазан ғана қайнамас… Жә, қойшы оны! Ал, аң қалай, қанды ауызыңды сайлап отырсың ба?
– Шибөрі күн бермей тұр, – деп малшылар зар жылайды. Әуселесін көрейін деп отырмын.
– Шибөрі?
– Иә. Он шақты жыл болды ғой, Қошалаққа сондай бір мақұлықтың бауыр басқанына…
Жетес жантайып жатқан жерінен қопарылып түсіп, көпшігін іргеге қарай лақтырып жіберді.
– Шибөрі? – деді тағы да күлгені ме, жыламсырағаны ма – беймәлім, жүзі әлем-тапырық боп. Қарашығы маңып-маңып барып орнын әрең тапты.
Қапардың осы бір көп оқып миы ашып кеткен шынжау сарыны көрсе-ақ әзілдегісі кеп ұшынып тұратыны осы қылығы ғой. Мына жаңғалақ қалпымен Сақибеден мен Ағибаны төбелестірмей қайтсін?!
– Иә, шибөріге…
– Құдай сақтасын, – деп кері құлай кеткенде көпшігін таппай, басын тарс еткізіп жарға ұрды.
– Ау, ау, айдың-күннің аманында ұлттық байлыққа мылтық кезеніп не көрінді, Қапеке-ау? Сорың шындап қайнаған екен! Мына сөз Қапардың жүзіне ойнап шыққан күлкіні үркітіп жіберді.
– Қайдағы байлық? Ол кімдікі?
Жетес кәлимасынан жаңылған жандай өз-өзінен күбірлеп айналасын қарманды. Бешпентінің ішкі қалтасынан төрт бүктелген қағазды алып тізесінің үстіне қойды.
– Қаламсабы түскір, – деп ышқырына дейін тінтіп таппады.
– Әлгі екеуін арашалаймын деп жүргенде жоғалттым-ау, шамасы. Қапеке, үйде жатқан-тұрған қарындаш бар ма?
– Оны не істейін деп ең? Емге жоқ. Ала қырдың ортасында қатын екеуіміз қарындаспен хат жазысып отыр дейсің бе?
– Қарындаш де. Надандық, сені қайтейін? – деп шарасызданған Жетес көзінде үрей тұнып тұрған үй иесіне қарап бас шайқады.
– Әу, Жетеке-ау, өлтірмесең айтшы, мен кімнің байлығына қиянат жасаппын?
– Шибөрі аулағаның рас па?
– Ал, рас!
– Ендеше, бұл – сонау Американың ұлттық байлығы боп мақұлданған мақұлық.
Қапар «пішт» деп күліп жіберді. Пішт! Қасқыр мен түлкінің ортасынан шыққан жаман шатаны әлдеқандай етуін. Бөрідей азу-айбаты, түлкідей айласы жоқ, жеті-сегізден үйір құрып, аш-арықты, өлексені аңдып қалған нәйіске оқтың өзі обал… Былтыр, қар алғаш түскенде ғой, Қошалақтың қоңырлығын қуалап желе-жортып келе жатса қамшылар жақта қалып бара жатқан сайдан шәуілдеген шибөрінің даусын естіген.
Байқастап қараса, қатын-баласы жамырап бір қора шибөрі қызыл тайыншаны ортаға алыпты. Жанжағынан шәуілдеп кеп тілерсегінен тістеп, құйрығына жармасып жіберер емес. Шыр көбелек айналып мүйізін шайқаған қызыл тайынша термен күреңітіп, арқасынан буы бұрқырап, көзі аларып титықтаған. Енді болмаса… Атты кісіні көріп сасқаны ма, шәу ете түсті де, аңтарылысып тұра қалды. «Ә, кәззап», – деп аңшы суыт кеп екі оқты байлаған. Өңгесі бір тұтам құйрығын бауырына қыстырып жоғалған. Қарға аунап өлі жүннен арылған екен, түгі қызыл сары боп жалқынданып құлпырады. Екі теріні барқыттай ғып илеп…
– Сонымен осы кезге дейін шибөрінің қаншасына иман үйірттің?
– Әй, айтшы, өзің солардың есебін ала шыққаннан саусың ба, осы? Тап бір бақташысы құсап тура алқымымнан жармасқаны несі?
– Ойбай-ау, сенен шибөріні аяп отыр дейсің бе? Қарақан басыңды қарап отырып қып-қызыл пәлеге шырмап алғаныңды айтам-ау, – деп Жетес төрт бүктеулі қағазын екінші тізесінің үстіне алмастырды. – Мақұрым екенсің, ендеше, шибөрінің тарихын тыңда! Техникасы мен адамы көбейген соң Американың жері тарлық етіп осы шибөріні Азия мен Африкаға әкеліп жіберген. Азия дегенің тұп-тура осы Қошалақ.
– Ал, сосын?..
– Сосыны несі? Әбден өсіп-өніп өркен жайғасын кері жинап алады. Ұлттық байлығын далаға тастайды дейсің бе?
– Апырым-ай, а?
– Осыдан он жыл бұрын осы жерден қасқыр мен қарсақ, түлкіден өзге мақұлық көріп пе ең, айтшы? Ендеше, үйір-үйір боп шәуілдеген қалпы аспаннан түсе қалмаған шығар?..
– Рас-ау! Сонда ол жазғандардың шибөріден басқа байлығы құрып қалып па?
– Надандық, сені қайтейін? – деп Жетес екі тізеде кезек тербелді.
– Олар тіпті шырылдауық шегірткені де ұлттық байлық көреді. Көздерінің қарашығындай күзетеді. Тәрбиелейді. Ілеуде бір құндыз бөрік киіп, түлкі жаға салып тайраңдап жүргендерді көрсе, бітті, табан астында сотқа сүйрейді.
– О несі?
– Тірі жәндікті өлтіргені үшін. Олардың да адам сияқты өмір сүруге құқығы бар. Демек, бұл қып-қызыл қылмыс!
Қапардың мына сөзден кейін мазасы қашып, ішіне үрей жүгірейін деді. Жетестің тізесінде жатқан төрт бүктеулі қағазға қарап еді, ұшты-күйлі жоқ. Қалтасына кері түсіп кетті ме, әлде… Қарындаштың табылмағаны мұндай жақсы болар ма. Әйтпесе…
(Жалғасы бар)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: hudlit.com