Қызығы тарап, қызуы басылмастай көрінген сапардан оралысымен салып-ұрып кәдімгі Әлимасына келген. Ығы-жығы кезек сирегенде ғана жанарын көтерді.
– Барсың ба? – Жай ғана жымиды. Шыны ыдыс сынбады. Айналасын көзге көрінбес мұңмен құрсаулап тастаған екен. Екі қасының ортасындағы тарыдай мең балалап, жүзіне құмырсқаның ізіндей білінер-білінбес боп жайыла бастапты.
– Жарбайдан апам келген. Сені іздеп жүр. Қол-аяғым сырқырайды дейді. «Бұ заманда бастық болған бала қолға тұра ма», – деп уайым төгіп кетті.
– Ым...
- Қашан көшіріп аламыз? – деді үнсіз тұрып-тұрып.
– Театрға да бармадық қой, Дәурен.
– Жақсы спектакльдер ойналып кетіпті...
...Батып-шығып, шығып-батып ұзақ жүрді. Бет алысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген... Алдынан тағы кезіккенін көрдің бе?
– Әдірем қал, – дейді кемпір мәз боп, қолын мықыр шалдан асыра сілтеп.
– Қаладан тоқал іздеп жүрмін деуін. Басқа түгіл саған ақсақ мен ұстатпаспын.
– Өйтіп құтырма! Сөп сұлдырып қоярмын. Әлі күнге қымыз ішіп, жал-жая жеп сүрмін. Ә-ә... Давай әдірісіңді айт!
– Қой, жазған! Балалардан ұят-дағы.
Ұзын сирақ, безеу бет бала мен күмірә болғыр қыз бұл кезде бір-бірін көзбен шағып жеп, ыржалаң қағып балмұздақ жалап тұрған...
Сол күні жас отау тігеміз деген тілекпен мына тұрған «Неке сарайына» Сырғалыны жайнатып кіріп шыққан.
– Бір ай тез өтіп, той тарқап, шетелге шығып келсек екен, – деп Сырғалы сарғайған.
– Африкаға ма?
– Астапыралла, айдың-күннің аманында аузына түскен сөздің түрін қарашы. Болашақ жұбайы батқан күннің бояқ сәулесіне малып алғандай күреңітіп кетті.
– Жоқ, Жарбайға. Арасы тым жақын деп есіттім.
Екеуі де абайсыз айыбын шайып жарыса күліп жіберген.
Түс ауа жаны жай таппай алып-ұшып жұмысына келгенде:
– Әлиманы «Жедел жәрдем» алып кетті!
– Су ішіп құлады!
– Суы несі, у ішіп жығылды! Ішкізді, ойыбай, ішкізді!
– Ішінде жеті айлық нәрестесі бар! – десіп қатын-қалаш онсыз да алау-жалау дүниенің аспан астын жаңғырықтырып жатты.
Көз алды дөңгеленіп жүре берді. Жалма-жан кері ұмтылған. Аурухананың есігі алдында Сырғалымен соқтығысып қала жаздады. Бұл қайдан жүр?!
– Не?! – деді қалт тұра қалып. Таңертеңгі қызыл шырайы өңіп, аспан түстес көгілдір көзі ақайранданып кетіпті.
– Кес-кестеме!
– Не?!
Операция столының жанына бұза-жара жеткен. Тұп-тұтас аққа тұмшаланған кәрі хирургтің көзі шегірленіп кетті. Жанындағы екі мейірбике әзірейіл көргендей бажылдап жіберді.
– Тоқтаңыз!
– Сабыр ет!
– Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық.
Беті әлгінде ғана жабылған мәйіт орнынан ақ нұр боп қайта көтерілген. Кәдімгі Әлимасы. Судағы бейнедей қалықтап кеп аңтарылып қалған мұның жанына жетіп тоқтады. Мұңайып, кінәлай қарап сәл бөгелді де, будай ыдырап төбеге сіңе берді. Қасында көктемгі алма ағашы гүліндей ақ көбелек қалт-құлт ұшып қоса кетіп барады...
...Батып-шығып, шығып-батып ұзақ жүрді. Бет алысы базар-ды. Күндегісі осы. Шөл ғой шыдатпай жүрген...
Дембіл-дембіл алдын кес-кестеп басынды-ау бұлар. Ақсақ кемпір мен мықыр шал жоқ, зым-зия. Ұзын сирақ, безеу бет бала күмірә болғыр қыздың жалаңаш белінен қапелімде біреу тартып әкететіндей тас қып құшақтап алыпты.
– Жеп қояйын ба? – дейді.
Бәлекеттің қолының сырықтайын көрдің бе, жалаңаш белден асып қыздың өңір тиегін сипалап жатыр.
– Тоясың ба? – дейді онысы көзін жайнақтатып.
– Тоймасам тағы жейм.
Былтыр піштірген қызыл өгіздің обалына қалған, Алла, ашқарақ ит-ай! Жөнді әріп танымай жүріп, әкесін жолда қалдырғандай екен...
...Дәл неке қияр сәтте аспанға көтеріліп кеткен ақ нұр Дәуреннен басқа жан баласына көрінбей судағы бейнедей сырғанап кеп Сырғалы екеуінің ортасына түсе берген. Бұ жолы мұңайып та, кінәлап та қарамады. Тұнжыр тартқан жанарында баяғы үміт оты өшіп, үрей мен мазасыздық шүпілдеп тұрды.
– Жо-жоқ, – дегендей ернін тістеп, жанұшыра бас шайқады.
– Жо-жоқ!
Көктемгі алма ағашы гүліндей бір шөкім ақ көбелек ғайыптың ақ нұры мен Дәуреннің арасында қалт-құлт, қалт-құлт ұшып байыз табар емес. Көз алды бұлдырап, ақ гүлдер жауып кетті. Музыка болса кернейлетіп, Бекболат «Елім меніңді» аңыратып жатты. Ес-түссіз талып құлаған...
Содан бері түсінде ақ көбелектердің соңынан қуып діңкелеп, аңқасы кеуіп оянады.
– Некесіз жаратылған сәби екі дүниеде де шырылдап әкесін іздеумен өтеді, –десін әлдекім базарға кеп кіргенінде. Біте қайнасқан үн. Айналасын тінте қараған, қап арқалаған құла тасқынның мұнымен ісі жоқ, тоғытылған қойдай ығып барады. Е, тәйірі-ай, жалғызының тойына кеп топалаңын көріп Жарбайына бәйіт айтып жылап қайтқан шешесінің даусы екен ғой. Бала күнде естігені құлағында тіріліпті.
Кәдімгі Әлимасы тұратын орынға кеп (Базар қожасы әлдеқашан тегістетіп жіберген) мешел болған баладай құйрығын төсей кетті.
– Су беріңдерші. Су! Су!
Ылғи отырып жатып айтатын осы бір ауыз жалынышты ләмінен бұл жолы да жаңылмады. Кімнен сұрағаны белгісіз. Өзі де жауап күтпес. Содан қас қарайғанға шейін тырп етпейді. Дағдысы осы. Ақ көбелектер... Қалт-құлт еткен ақ көбелектер...
(Соңы)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: nipic.com