Полякжазушысы Генрик Адам Александр Пий Сенкевич 1846 жылы 7 мамыр күні Польшаның Окжей қаласында өмірге келді. Аталған қала қазіргі күнде Литваға тиесілі. Жазушының әкесі Йозеф Сенкевич Польша қозғалыстарына қатысқан. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан үлкен мал-мүліктің иесі еді. Генрик мектеп жасына жеткен шақта қаржылық жағынан біраз нашарлап қалған отбасы мал-мүлігін сатып Варшаваға көшіп келеді. Генри өте зерек бала болып, поляк тілі мен әдебиетін сүйіп оқиды. Жастайынан өлеңдер мен әңгімелер жаза бастайды. 1866 жылы Генрик университет табалдырығын аттап құқық пен медицина факультетінде оқып, көп уақыт өтпей филология және тарих факультетіне ауысып кетеді. 1871 жылы Генрик университетті тастап кетеді. Келесі жылы студенттік жылдары жазған Бекер (Namarne) романы кітап етіп басып шығарылады. Бұл роман кемшіліксіз болмаса да, сол кездегі белді полякжазушыларының бірі Игнаций Крашевский тарапынан жоғары бағаланады. Генрик шығармашылықпен бірге түрлі баспасөзде мақалалар да жазып тұратын. Кейін сол газеттер арқылы Вена, Париж сияқты қалалардың меншікті тілшісі болып тағайындалады. 1876 жылы ол Калифорниядаполяктар қуғындалмайтын, тең құқығы бар, еңбек ету мен жасау мүмкіндігіне ие поляктар ұйымын құру үшін АҚШ-қа аттанады. Варшавадағы Газета Полска басылымына мақалалар жазып тұру шартымен оның жол шығынын өз мойнына алады. Генрик 1 жыл бойы Америкаға сапарында (басты мақсаты поляктар ұйымын құра алмаса да) газетке жіберіп тұрған мақалалары кейіннен Жолдағы жазбалар (Listy z podrozy do Ameryki) атымен кітап болып шығып, оған үлкен абырой әкеледі. Жазушы 1878 жылы Еуропаға қайта келіп, Франция мен Италия елдеріне саяхаттайды. Оның Америкада жүріп жазған новеллалары Варшаваның мерзімді басылымдарында дүркін-дүркін басылып, соңында оған психологиялық очерк шебері деген атты алып келеді. Генриктің абырой-атағы өсіп, Еуропа танитын қаламгерге айналады. 1884 жылы жазушы От пен семсер (Ogniem i mieczem) романын жазады. Шығарада XVII ғасырдағы поляктардың украиндарға қарсы күресі баяндалады. Роман жұрт ықыласына бөленіп, автордың абыройына абырой қосады. Тасқын (Potop, 1886) және Пан Володыевский (Pan Wolodyjowski, 1888) романдары От пен семсер шығармасының жалғасы болып, бұл шығармалары тарихи трилогия есебінде кітап болып шығады. Енді Генрикті тарихи романдар шебері деп атай бастайды. Генрик Сенкевич екі тарихи роман үстінде жұмыс істей бастайды. Оның бірі Жол болсын (Quo Vadis, 1896) шығармасында Нерон император кезінде христиан дініндегі халыққа көрсеткен азаптарды ашық жазады. Генриктің шығармалары атақ-абыройға жеткені сондай Американың өзінде 1,5 миллион данамен басылып шығады. Генриктің өз отанында танымалдыққа жеткені сонша оның 50 жылдық мерейтойында отандастары Келц қаласынан мол мал-мүлкі бар жер сатып алып береді. 1905 жылы Швеция академиктер құрамы Сенкевичті әдебиет саласы бойынша Эпос саласындағы ірі жетістіктері үшін Нобель сыйлығына лайық деп табады. Генрик Сенкевич баяндамасында: Нобель сыйлығы автор үшін де, сол автордың халқы үшін де зор мәртебе. Польшаны құлдыраған, өркениеттен артта қалған ел деп келді. Бірақ бүгін оның өміршеңдігі мен жетістіктерге жете алатын ел екеніне көз жеткізіп тұрсыздар, дейді. Генрик бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бейтарап болған Швейцарияға келіп тұрады. Ауыр науқасына қарамай Қызыл крест ұйымында жұмыс істейді. 1916 жылы Веве қаласында тарихи романдардың шебері, журналист Генрик Сенкевич өмірден өтті. Арада 8 жыл өтіп оның күлін отандастары Польшаға әкеліп жерлейді.