Апаның (Әженің) баласы болу – әрбір қара домалақ қазақ баласының болмысы. Кімнің баласысың деген сұраққа «Атаның баласымын болмаса апаның баласымын» деп жауап қату әдетке айналған. Әжесіне еркелеп өсіп, кейін «АПА» деп әңгіме жазған қазақтың біртуар жазушысы Оралханның шығармасын оқып отырып, не ойладыңыз?
Туындының негізгі кейіпкері – Апа. Шығармада сол апа сөзі бас әріппен жазылады. Оқып отырып неге олай деп ойлаған боларсыз? Апа сөзінің бас әріппен жазылуын екі түрлі себебі бар екенін бағамдаймыз: Біріншіден, автор үшін осы кейіпкердің рөлінің аса жоғарылығы және бірегейлігі болса, екіншіден жазушының өзіндік стилі.
Оралхан өзі жасаған Апаның көркем бейнесінің қасиетін оның өмір соқпағындағы шынайы тұлғасын бейнелеу арқылы арттыра түседі. Жалпы болмысын, бітімін қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Жазушы бейнелеуіндегі Апа – өз ортасынан адам ретінде бөлек, оқшау танытып тұрған ерекше тұлға. Оның бойында қайталанбайтын мінез даралығымен қатар, өзіне ұқсас бірнеше прототиптердің жиынтығы да жатыр. Дәл осылай мінезі мен сырт пішінін байланыстыра отырып, автор біртұтас қазақ әйелінің бітімін жасап шығарады. Автор алтын қолды, құдіретті әйел Апасы арқылы бүкіл қазақ әйелінің бір типтік образын аша отырып, олардың бойындағы ақыл-парасатына, беріктілігіне, адалдығына таң қалып, мақтанышпен сөз етеді.
туғаннан бауырында өскен әжесіне деген Немеренің сәбилік періште сезімі бұл әңгімеге негізгі өзек болады. Ол ер жетіп, азамат болса да, көңілден бір өкініш кетпей, мазалай береді. «Өзгені қойып, мықтымсып жүрген мына менің өзім сол Апамнан тірі кезінде неге ғана бәрін: киіз басып, үй тігуді, арқан есуді, тері илеп, өңдеп, киім тігуді, алаша тоқып, өрнектеп сырмақ тігуді, саба, сүйретпе, торсық істеуді тәптіштеп жазып алмадым»-деген ауыр ой өзегін өртейді. Автор салт-дәстүрді келешек ұрпаққа жеткізуші ұстазды жоғалтып алумен қатар, дәстүрінен қол үзіп бара жатқан өз халқының қамын жейді. Елдің бар асыл қазынасы апасымен бірге қара жерге көмілгендей күй кешеді. Өкініш – өмір шындығы. Қай кезеңде, қай қоғамда болмасын қолда бардан айырылу және құнын бағалай алмау үздіксіз жалғасып жататын ащы ақиқат.
Жазушының жүреігін жібітіп, өмірге тәрбиелеген бұл жанның қандай құдіреттілігі бар екен? Шығармада автордың «Апам менің қап-қара болып тілім-тілімі шыға жарылған аяғыма қаймақ жағатын»-деп еске алады. Дәл осындай жарылған табан мен жара-жара бетке ем тауып, қаймақпен де, құмды даланың балшығымен де емдеп жазған бір-бір АПА өз арамызда да бар. Тек қадірін білсек дейді.
Апа. Шынына келетін болсақ, дәл осындай «тәрбие деген ұғымның асқаралы таптырмас үлгісі» болып жүрген қаншама адам дүниеден өтіп жатыр. Автордың өкініші де, мақтанышы да, өмірлік тәжірибесі де бір ғана Апаға мәлім. Апаға қарасақ, ел білмейтін, тіпті есімін де білмейтін тұлға. Бірақ, ол біреу үшін сан жұлдыздың ішіндегі ең жарығы. Апа сонысымен бақытты.