– «Оралхан Бөкей – суреткер. Табиғат пен адам жанын ақындық көзбен жіті тінтіп, екінің бірі байқай бермейтін тылсым құпияларды өрнектейді. Және де сол суреттері өзі көргендегідей тылсым күйінде, жұмбақ қалпында тұңғиығына сыр бүгіп тұрады. Талаптан Ахметжан
– «Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер». Дулат Исабеков
– «Оралханның прозасы өзінің терең өміршеңдігімен құнды. Ол - өз оқырманың ешқашан жоғалтып алмайтын шын бақытты жазушы». Айгүл Кемелбаева
– «Адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау, жалпы алғанда, Оралхан повестерінің негізгі тақырыбы десе де болады. Серік Қирабаев
– «... артына мол әдеби мұра қалдырған Оралхан Бөкей ұлттық көркемөнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер. Жазушының адамның сезім тұңғиығына, жан – дүние тереңіне ой – арманына үңілген шығармалары туған халқымен бірге жасасып, оның рухани игілігіне қызмет ете береді» Тұрлыбек Мәмесейітов
–«Жазушы Бөкеев – туған өлкесі - әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы! Оның шығармалары Алтай өлкесінің гимні іспеттес». Рабиға Сыздық
–«Оралхан прозасымен де, драматургиясымен де, тіпті асқақ мінезімен де тұнып тұрған сөз өнерінің шебері болатын». Қуаныш Сұлтанов
–«Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш - өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді». Қасым Қайсенов