- Негізгі бет
- Проза
- Нұргүл Өмірханқызы. Отаным,саған...
Нұргүл Өмірханқызы. Отаным,саған айтамын...
Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Нұргүл Өмірханқызының шығармасын ұсынамыз.
Нұргүл Өмірханқызы – 1992 жылы 18 тамызда шырайлы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөлде дүниеге келген. “Отаным-мәңгілік жыр арқауым” жыр-жинағында өлеңдері жарық көрген.
***
...Кең дала! Менің далам! Кие қонған, құт дарыған қазақ даласы... Сайын далада еркін өсіп, жусан иісі аңқыған, домбыраның үні ерекше сән беретін қасиетті мекен! Талай ғасырлардың куәсі болған асқар тау мен қара тасқа тіл бітетін болса, сонау тарих қойнауының сыр пернелерін шертер еді. Осы киелі мекенде алты Алаштың ұрпағы тәу етіп, асқақ рухына бас иетін, қазақтың бас ақыны Абай атамыз туралы ой өрбіткім келеді. Себебі, Отаным деп еңіреген әр қазақ баласы Абайды оқып, білуі керек деп білемін. Қазақ елінің қамын жеген атамыздың әр өлеңінен патриоттық сезімді, туған жерге деген ыстық ықыласты байқауға болады.
Өмірдің шалқар дариясында шебер жүзе білу де өнер ғой. Алайда қызығы мен шыжығы үнемі қатар жүретін өмір жолы бір құпия әлем. Өмір белестеріндегі даңғыл жол қиылыстарында адамның адасып, жалғызсырап қалатын кезі баршамызға белгілі шығар. Сіз сондай сәттерде не істейсіз?! Мен болсам, Абаймен сырласамын. Кейде "мыңмен жалғыз алысып", кейде "сап, көңілім,сап" деп сабаға келіп, соңында "талаптың тұлпарын мініп алып" арман құзырына шығып келемін. Мені Абаймен таныстырған алғашқы ұстазым қазақтың Хан апасы Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы еді. Ұстазым кешегі мен бүгіннің арасын жібек арқаудай жалғап, ұрпақ сабақтастығының, елге адал қызмет етудің, адамның баласы болудың, сөз құдіретін түсінудің әсем үлгісін көрсетіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей мына біздей жастарға білім үйретті. Том-том кітаптарға жан бітіріп, ата-бабаларымызбен бірге Абай дайын ғашық болып, әділетсіздікпен күресіп, Мұхтар аға болып ауруханаға пышақ астына түссек, бірде “қараңғы қазақ көгіне шығып күн” болдық. Мені әдебиет әлеміне ерекше ғашық еткен ұстазыма алғысым шексіз. Осы қара өлең болмағанда мен не етер едім?!
Қазақстан дамыған, шет елдермен терезесі тең, бәсекеге еркін түсе алатын ел. Бізді басқа елден ажырататын да жалғыз нәрсе ұлттық идеология, өзіндік әдет-ғұрып, менталитет. Сондықтан да қазіргі дамыған қазақ еліне керегі барлық көзқарасты, ұлттық бағыттағы тәлім-тәрбиені Абаймен ұштастыру керек. Алысқа бармай-ақ талай психологиялық тренингтерді, мативациялық видеоларды қарасақ, қаптаған шет елдің жұлдыздары, ғалымдары, одан қалды психологтары. Дүниенің құнын сұрайтын семинарларына алдыңғы қатарға билет алып, айтқан сөздерін аффирмация қылып жаттап, пір тұтамыз. Менің сол адасқандарға айтарым, нағыз өмірлік мативация Абай атамыздың әр өлеңінде тұнып тұр. Алысқа бармай-ақ ең қарапайым бәрімізге белгілі:
“Ғылым таппай мақтанба
Орын таппай баптанба.
Ойнап босқа күлуге,
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол”, – дейді. Жүрегінде сәулесі бар әр адам бұл шумақтың құдіретін ұғынса, қандай керемет сөздер?! Оқу оқып, білім жолында жүрген жастар еш қателеспейді, ғылым іздемей, мақтанғаның әурешілік дейді. Расымен, құр босқа қызық іздегенше, бес нәрсеге жақын болуды дәріптейді. “Ақыл, еңбек, терең ой, қанағат, рақым” – міне, сізге өміріңіздің мақсат-міндеті айқындалды. Тәрбиемен алынған ақыл-білім, адал еңбек, қанағатшылдық, рахымдылық адам баласын кенде қылмаған. Осы бес асылға қашан да жақын болыңыз.
“Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ” – осы бес арсыздан бойыңды аулақ ұста деп өсиет етеді. Астарлы ойда өміріңіздің жарқын болғанын қаласаңыз, неден сақтанып, бойыңызды аулақ ұстауды тағы да айқындап берді. Бұдан артық қандай психология керек, айтыңызшы. Я болмаса:
“Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң бар қалан
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан!” , – дейді. Қолыңа қару алып аттанатын заман емес, бейбіт елде өмір сүріп келеміз. Отан алдындағы борышымызды әуелден өзімізді тәрбиелеуден бастауымыз керек. Білім-ғылым іздеген жастар Отанының “бір кірпіші” болып қаланары сөзсіз.
Отаным саған айтарым, өркендейтін өрелең ұрпағың ізетті !Бойында Абайдай дараның қаны бар қазақ жастары егемендегіңді жырлап, дамыған елдермен терезеңді тең етуге бар күш-жігерін салады.
Т. Раушанұлы