Белгілі жазушы Нұрғали Ораздың "Қыдыр атаға жолыққан суреткер" атты эссесін назарларыңызға ұсынамыз.
Қыдыр атаға жолыққан суреткер
Ақ теңіздің жағасындағы қонақ үйге жаңа ғана келген бетіміз. Тіркеу бөлімінде тұрған қараторы келіншек көзіме бірден жылыұшырай кетті. Түр-әлпеті, рең-басы тұп-тура қазақ. Бұл өзі, шетелдік сапарларда сирек кездесетін жәйт емес пе.
Ойымды жинап үлгергенімше болған жоқ, ол:
-Қош келдіңіз, — деді жымиып.
Әне, айтам ғой, өз қарындасымыз.
-Ой, сіздің кезескеніңіз қандай жақсы болды, — дедім ол менің паспортымды алып, мониторға үңілген кезінде. –Енді бір-бірімізбен емін-еркін қазақша сөйлесе береміз.
-Кешіріңіз, мен қырғызбын, аға!
-Ой, бәрібір… өз қарындасымсың. Өйткені, тіліміз де, түріміз де ұқсас.
Осы сәтте оның жанындағы ұзын бойлы, сымбатты түрік жігіті:
-Язар? – деді монитордағы жазуға үңіліп.
-Сіз жазушысыз ба? — қырғыз қарындасым маған оның сөзін тәржімалап тұрғандай сұраулы жүзбен қарады. — Мында Еуразия Жазушылар одағынан деген жазу көрінді.
-Иә. Мен сол одақтың жолдамасымен келе жатырмын.
-О-о, Киргизстан! Айтматов! – деді осы сәтте түрік жігіті өзінің Орта Азия әдебиетінен азды-көпті хабардар екенін сездіріп.
-Жо-оқ,- деп енді қырғыз қарындасым басын шайқады. — Айтматов биздин елден!
Кенет менің де бұл әңгімеден тыс қалғым келмей:
-Бірде мен Айтматовтың өзінен интерьвю алғанмын, -деп қалдым мақтанышпен.
-О-о, — деп, олар бір-біріне таңдана қарады.
***
Жетінші қабаттағы балконнан Ақ теңізге қарап, айнала-төңіректі тамашалап тұрмын. Жер шарының үштен бірі ғана құрлық екендігіне тап осындай сәттерде ғана көзің анық жетіп, күмәнсіз иланатын секілдісің.
Иә-ә… Шетсіз, шексіз су. Өз бетінше керіліп, толқып жатқан өзгеше бір әлем. Және сол әлемнің сона-а-ау бір қиырынан бұлдырап ақ кеме көрінеді. «Қай жаққа бет алды екен? Ішінде кімдер бар? Олар қандай жолаушылар?» деген сұрақ оянады санамда.
Бәлкім, сол кемедегі бір жолаушы дәл қазір Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» қызыға оқып отырған болар?..
Және оның көз алдына көк теңіз емес, ақ бас Алатаудың бөктеріндегі қара орман, қарапайым ғана Момын қарт, жетім бала, Ана-бұғы елестейтін шығар-ау…
Таяда ғана мен қырғыз суреткерінің «Балалық шақ» атты кітабын оқып шыққанмын. Бұл өзі, ұлы Шықаңның германиялық жазушы әрі аудармашы Фридрих Хитцерге ауызша әңгімелеп берген автобиографиялық әңгімелері болып есептелетін дүние. Неміс жазушысы оны диктофонға мұқият жазып алған да, кейін орысшадан немісшеге аударып, жеке кітап етіп бастырып шығарған. Дәл қазір ол әлемдегі ең көп оқылатын кітаптардың бірі.
Онда жазушы өзінің балалық шағы, өскен-өнген ортасы туралы кеңінен толғана отырып баяндайды.
Міне, қазір де менің есіме сол кітаптағы бір қызық оқиға орала кетті.
«1943 жылдың ақпан айында біздің үйдің басына бір қара бұлт үйірілді, — дейді жазушы. –Ол кезде Жиде айылындағы жартысы құлап қалған соқпа тамда – бұрынғы ескі клубта тұратынбыз. Мал ұстайтын жеріміз болмағандықтан, қыста басқарманың рұқсатын алып, жалғыз сиырымызды колхоз қорасына апарып байлап жүрдік.
… Бір күні әдеттегідей таң қараңғысында барсам, сиырымыз жоқ. Күндегі орны бос тұр. Байлаған жібіміз қораның кіреберісінде шұбатылып жатыр.
…Бәлкім, босанып кетіп, бір бұрышта тұрған болар деймін. Бірақ қораны қанша сүзіп қарасам да, сиыр көрінбеді. Сонсоң бір шетте үюлі тұрған сабанның ішін үңгіп алып, інге кіргендей боп ұйқтап жатқан қарауылға қарай жүгірдім. Ол да ештеңе білмеді.
-Мүмкін, босанып, далаға шығып кеткен шығар, -деп өзінше бірдеме айтқандай болады.
Оның сөзінен кейін менің ішім тұздай ашып қоя берді. Сиыр көрініп қалар-ау деген жердің бәрін жүгіріп жүріп аралап шықтым. Күндегі мал жайылатын, су ішетін жерлерді, қыр-дөңестерді кездім. Таңсәріде жалғыз сиыр қайда кетуі мүмкін!..
Көп өтпей-ақ басымызға зор бәлекет үйірілгенін түсіндім. Сиырдың қолды болғаны анық еді. Енді мұны апама айтпақ болып үйге қарай жүгіріп келемін. Дәл осы мезгілде біздің отбасымыз үшін жарық дүние қараңғы түнекке айналғандай еді…»
Міне, осы бір үзінділерден-ақ, қадірлі оқырман, жазушының алғашқы шығармаларына бір кездері өз басынан кешкен оқиғалардың арқау болғанын ап-анық аңғарып отырған шығарсыз-ау.
Айталық, оның «Бетпе-бет» повесіндегі жалғыз сиырын ұрлатып алған Тотойдың үрейлі кейпі ше?..
Сондай-ақ, «Балалық шақ» атты кітапта суреткердің күні кешеге дейін ешкімге ашпаған, тек қаламдас досына ғана айтқан өз өмірінің тылсым сырлары да қылаң беріп қалады. Әйткенмен, ол да кейін кітап арқылы қалың оқырман қауымға аян болады. Әсілі, жазушының оқырманнан артық, оқырманнан жақын қандай досы, қандай сырласы болуы мүмкін?..
Иә, сонымен, әлгі оқиғадан соң он төрт-он бес жастағы бала Шыңғыс жаз айларында өзі көмекші болып, бірге жұмыс істейтін тракторшы Темірбек ағасының үйіне барып, мылтығын сұрап алады.
Сөйтіп…
«Қолымда мылтық, ұрыларды көрген жерде-ақ шетінен пытырлатып ата беруге бекініп, алға қарай адымдап келемін, — деп жалғастырады жазушы әңгімесін. –Иә, иә, мен оларға көрсетемін! Бірін қалдырмай атып тастаймын.
… Бір кезде етігімнің табаны сөгіліп, қыстың қысқа күні ұясына таяп қалғанын білем. Әзірге ешкімді кезіктірмедім. Төңіректе ел жоқ, мынау жалпақ жаһанда соқа басым сопайып жалғыз өзім ғана қалған сияқтымын.
… Енді маған ұрылар сиырды алып, бұл жаққа емес, ылдиға – Жамбыл қаласына қарай тартқан болар деген ой түсті. Ол жаққа барған соң сиырды сойып, етін сатады ғой. Бұл ойым мені шұғыл сергітті. Сірә, бар жағдайдың шындығы да осы болар. Көп ойланып тұрмай, үлкен шаһарды бетке алдым. Түн бойы тоқтамай жүре берсем, таң ата жетермін. Менің енді, неден де болса тайынбайтыным анық.»
Міне, осылайша тастүйін боп бекініп, бүгінгі Тараз қаласын бетке алып келе жатқан бала Шыңғыс — болашақ суреткер, қырғыз халқының бүкіл әлемге танылған дана перзенті Шыңғыс Айтматов жолда Қыдыр атаға жолығады.
Бұл әрине, тылсым күш. Таңғажайып құдірет. Бар құпиясы бір Аллаға ғана аян ұлы жұмбақ.
Оны «Балалық шақ» атты кітапта суреткердің өзі былайша баяндайды:
«Күре жолдың үстінде түпсіз-терең қиялға шомып кеткендіктен бе, алдыңғы жақтан көрінген бір есекке мінген қарияны байқамай да қалыппын.
Оның басында түсі оңып кеткен ескі малақай. Өзі бір кембағал, бейшара, кәріп кісі ме деймін. Төрт аяғы жерге тиер-тимес боп тымпыңдаған есектің үстінде ақ сақалы желбіреп, бірте-бірте жақындай түсті. Көптен бері адам аяғы баспаған ескі мазардан шыға келгендей. Бір кезде жолымыз түйісті. Әдеттегідей үлкен кісіге сәлем беруді де ұмытыппын. Ашу қысқандықтан болар, мұндай ерсі қылығыма өзім тіпті, мән бергем жоқ. Жанынан өтіп бара жатқанымда әлгі қария маған қарай бұрылып:
-Тоқтай тұршы, балам! Сен немене, біреуді өлтіргелі бара жатырсың ба? – деп сұрады.
-Иә, -деп мен қабағымды түйіп жауап қаттым, — өлтіремін!
Сонсоң екеуміз бір-бірімізге тіке қарадық. Сол кезде мен оның жүзінен тараған жып-жылы шуақты сезіп, соншалықты бір сенім білдіріп тұрған қарияның мейірімді кейпін байқағандай болдым. Ол басын ақырын ғана шұлғып:
-Олай болса, асықпа! Менің сөзімді тыңдап, біраз аялда. Оны не үшін өлтірем деп бара жатықаныңды айт, балам? – деді жайбарақат үн қатып.
-Бүгін-ертең туайын деп тұрған буаз сиырымызды ұрлап кетті. Өзіміз төрт ағайындымыз, ең үлкені менмін. Шешем мен нағашы әжем ауру…
-Ә, солай ма?! Жаман болған екен… сұмдық жаман болған екен! Бірақ, сен мені тыңда! Кек деген жаман нәрсе. Қарғыс атқыр ұры болса да, сен оны өлтіруді ойлама!
Мен үндемедім. Ызадан бақырып жылап жіберейін деп, өзімді-өзім әрең тежеп тұрмын.
-Сені жақсы түсінемін, балам, — деді қария сөзін жалғап, — мұндай жағдай жаныңа батып, қандай күйге түскеніңді де сеземін. Бірақ, мына мендей үлкен қарияның сөзін ұғып ал! Ешкімді өлтірме! Ондай нәрсені мүлде есіңнен шығар! Үйіңе қайт! Бұл жалғанда ондай нәмарттыққа барған адамдар өз жазасын алады. Бұл сөзіме күмәнданба, балам. Олардың жазасы өздерімен бірге ілесіп жүреді, бірге жатып, бірге тұрады. Бірақ, сен бүгін үйіңе қайтып, бұдан былай оларды өлтіремін деп ойламайтын болсаң, түптің-түбінде бақытты боласың. Бақыт сені өзі іздеп келеді. Сен мені бір жөнсіз сөз айтып тұр деп ойлама. Бір кездері осы сөзімді есіңе алып, шындықты айтқанымды өзің-ақ түсінерсің. Үйіңе қайт, балам! Шешеңе де осы сөзді айта бар. Мен де жолымнан қалмайын. Саған біреу қандай жамандық қылса да, сен оны өлтіремін деп ойлаушы болма!
Иә, мен осыдан кейін айылға қарай бұрылдым. Қария болса, өз жолымен ұзап, көрінбей кетті…»
***
Ақ теңіздің жағасындағы он күн көзді ашып-жұмғанша-ақ өте шықты. Елге қайтар кезде мен қонақ үйдің бірінші қабатындағы тіркеу бөліміне барып, қырғыз қарындасыма:
-Сізге үлкен рахмет. Бізге көп көмегіңіз тиді, — деп шын жүректен алғыс айттым.
-Сіздерге де рахмет, -деді ол күлімсіреп.
-Бәлкім, келер жолы келгенде тағы да кездесіп қалармыз.
-Білмейм… — Ол мұңайып басын шайқады. –Мен жақында осы аймақтағы мрамор зауытына жұмысқа ауыспақпын.
-Неге? – Бұл сұрақтың абайсызда аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де байқамай қалдым.
-Білесіз ғой… Біз мұнда табыс табу үшін келгенбіз. Ол жердегі жалақы мұндағыға қарағанда жоғары екен!..
-Жолыңыз болсын!
-Рақмет, байке. Сізге машина келгенше әлі жарты сағат уақыт бар екен. Мүмкін болса, менің қолымнан шай ішіп кетіңіз.
Сөйтті де, ол маған бір кесе шай құйды. Ал мен оның есінде қалсын деген ниетпен Шыңғыс Айтматовтың бала күнінде Қыдыр атаға қалай жолыққаны туралы әңгімені айтып бердім. Ол қызыға тыңдап отырды да, кенет жеңіл ғана күрсініп:
-Байке, қалай ойлайсыз, Қыдыр ата туған жерде ғана кездесе ме екен? – деп сұрады.
Мен иығымды қозғадым. Кім білсін… бұл дүниенің біз білмейтін кереметі көп емес пе!..