Нұрбек Нұржанұлы. "Тентек еді..." (әңгіме)

Нұрбек Нұржанұлы. "Тентек еді..." (әңгіме)
Фото: youtube.com

105-ші автобус. Іші у–шу, адамдар. Терезеден алысқа қараған сәби қиялдар, тым алысқа қараған сағыныштар. Жастардың қолында айфон, құлағында құлаққап. Бірі түнгі клубта жүргендей аяқ қолы дір-дір етеді. Айналасында жұрт болмаса жынданып кететін секілді. Бірінің жанарында сағыныш, бірінде өкініш, ән түбіне сіңіп кетіп барады. Бір уақытта ақжаулықты ананың ұрысқан үні естілді. - Әй, бала, тұр, бол тез, қазіргі жастарда ұят, иман деген жоқ. Бедірейіп отырысын қарашы. Тұр былай! - деп, баж ете қалды. Әлгі жігіт қиналып, созылып әрең тұрды. Өз анасындай адамды сыйламаған кім болды екен деген оймен бұрылып қарадым. Қарасам, мүмкін емес, өз көзіме өзім сенер емеспін. Таныс маңлай, таныс жанар, таныс орай. Оның ойлы әрі мұңлы жанары мені әлдеқайда жетектеп ала кетті. Автобуспен жүйткіп келе жатып терезеден көктемге қарап тұрып, күзді сағындым...

Ол расында да тентек еді. Оның тентектігін айтып тауыса алмаспыз...

- Әй, жүгірмек, Алихан, шөпке шықпа деймін саған, құлайсың, бала емес, пәле екенсің, түс деймін саған. Қыршының үзілгір, түс деймін, тыңдайсың ба, жоқ па? – деп, Әтіргүл жалғыз немересін қарғап-сілеп жан ұшыра айқайлады. Алихан тыңдасын ба? Өрмекшідей өрмелеп жиылған маяның төбесіне шықты да шалқасынан жата қап әжесінің жаулығындай аппақ бұлттарды аралап, арман қуып ұшып барады.

- Шіркін-ай, 50 теңгем болса ғой, Қатипа апаның балмұздағының бәрін сатып алар едім, - деп, тәтті қиялға беріліп жатқанда Әлішер досы есіне түсіп кетті. Ол мен едім.  Шөптен ырғып түсіп ауылдың шаңын шығара жүгіріп  менің үйіме келді де, әдеттегідей:

- Саршал, еу, Саршал, шықсай, фшшшу, – деп ысқырып, айқайлап лақап атымды атап шақыратын. Әрине, «Саршал» дегені көңіліме тиетін, қазір құлағым үйреніп кетті. «Сары» дегені сарылау болғандығымнан, ал «шал» дегені несі? Бәлкім осыдан екі-үш жыл бұрын тісім кетік болғандықтан солай атаса керек. Мен шықтым да оның сөзін күтпестен:

- Қазір красопкімді киіп алайын,- дедім оның футболға шақырып тұрғанын біліп. Негізі, Алиханмен ешкім дос болмайтын, оның жалғыз досы мен едім. Оны бәрі тентек, бұзық, бірдеңе бүлдіреді де жүреді дейді. Шешесі сәби күнінде ерте қайтқан, әкесі басқа әйел алып, қалаға кеткен. Балалардың үйлерінде әке-шешесі әңгіме етсе керек. Көшеде, мектепте балалар оны мазақтап «тентек жетім» дейтін. Алихан ол сөзге еш мұңаймастай көрінетін, тек шамданып «байқа, бәлем» дейтін де қоятын. Содан оны мазақ еткендердің келесі күні көздері көгеріп шыға келетін. Оның бойында ең жаман қасиеті тентектік, бұзақылық болғанымен, жақсы қасиеттері көп болатын. Бала кезде тентектік кімде болмады. Ал жақсы қасиеттерін айтып тауыса алмайсың, өліп кетсе де өтірік айтпайтын, қулық деген атымен жоқ. Аңғал да аңқау болатын. Оның күллі жақсы қасиеттерін жуып-шайып жіберетін жалғыз тентектігі еді.

Солай біз ауыл ортасындағы көгалға барып доп ойнадық. Қандай ойын болмасын бәсеке, алдау, қағып кету, шалу секілді қулық сұмдықтар толы болатын. Тіпті өмір ойынының өзінде көбеймесе азайған емес. Бірақ сол күні төбелес мүлдем басқаша болды. Мені 4 «ә» сыныбының атаманы Рүстем шалып, қайта-қайта құлата берді. Мен шыдай алмай өзін шалғанымда, ерегес бастала кетті. Оның шапшаңдығы мен шымырлығы басым болғандықтан бір-екі соққыдан мұрттай ұштым. Есімді жинасам Алихан төрт баламен жалғыздан-жалғыз төбелесіп жатыр. «Менің досымды ұрғанның көкесін көрсетейін, мә саған» деп алысып жүр. Төртеудің аты төртеу, шыдата ма? Алиханды төрт жақтап тепкіге алып жатыр, бет ауызы қанға шомылған қып-қызыл. Әй, Алихан-ай! Атыңнан айналайын ұлы достық-ай! Жеңілгісі келмейтін өжеттігін айтсаңшы, жеңілсем де еркекше жеңілем дегендей, құласа тұруға қайта ұмтылады, тисін-тимесін бір-екі соққы жіберіп қояды. Намысым қайнап ұмтыла беріп едім, біздің командадағы екі бала екі қолымды екі жақтан қайырып ұстап алды, қозғалтпады. Атың өшкір сатқындық-ай, сен де бар екенсің ғой! Алихан бір аптадай үйінде ауырып жатты. Әжесі шыр-пыр болып ауылды төңкерердей зар қақсап жүр. «Жетімді басынған екенсіңдер, өңшең тас туған тас жүректер» деп ұрса-ұрса жылап жіберетін. Жетпіске келген әженің күйін кім түсінсін...

Алихан мектепке келді де баяғы әдетінше сыныптың ең соңғы  партасына отыра кетті. Түріне, үсті-басына қарасаң сабаққа емес, ойынға келгендей. Киімдері ала-бажақ, маңдайы ашық, бұзау жалағандай ай пішіндес орайы бар. Қабағы қатулы, бүгін бірдеңе бүлдіретіні айтпаса да көрініп тұр. Апай оның келгеніне көңіл күйі түсіп кетті. Себебі директор ағайдан бүгін тағы да сөгіс еститіні белгілі.

Алиханның қарама-қарсы сыныпта ғашығы болатын, есімі – Алтынай. Алтынай десе «алтын Ай»  еді ғой шіркін! Бәріміз ғашық болатынбыз. Алихан оны өлердей сүйетін. Ол үндінің киносын көп көретін, соларға еліктеп билеп, әндерін жатқа айтатын. Мені бұдан былай «тентек жетім» емес, Метхун деп атаңдар деп қоятын. Алиханның Алтынайға хат таситын пошташысы мен болатынмын. Жүзден көп хат берген шығармын. Алиханға:

- Сенің жазуың қате-қате, айдақ-сайдақ, оған бұл хатты қалай бермексің? Әкел, одан да мен керемет, әсем сөздермен әрлеп, өлеңмен өрнектеп жазып берейін десем көнбейтін. 

- Қате жазсам да, айдақ-сайдақ болса да жүрегімнен шығып жатқан сөздер, менің жасандылыққа бой бергім келмейді, - дейтін.

Мен хат тасып жүрген бір күні Алтынай маған қатты ауыр сөздер айтып, салқындық танытты. Маған салса түк емес, тек досымды аядым. Мен одан мұндай қылық күтпеген едім:

- Әлішер, хат тасығыныңды қоймасаң, мамама айтып берем, анау жетіміңе айт, хат жібергенше, алдымен маңқасын сүртіп алсын, - деді де хатты жыртып-жыртып, шашып жіберді. Мен Алиханға ештеңе деп айтпадым. Оның кіршіксіз бала махаббатын кірлетіп, сәби жүрегін жаралағым келмеді. Солай түк білмей хат тасып жүргендей болдым. Бірақ хаттарды өз сөмкеме жинай бердім. "Алтынай не дейді, айтшы" деп жүрегі өрекпіп сұрай түседі. Мен түк білмегендей "хатты берем, ол үндемей алады да кетеді" деймін. Алихан жымияды да "ол ұялады, Саршал, сен білесің бе, махаббат деген ұятта, иә ұятта" дейді қайталап. Алтынайға көз салғандарға "тұмсығыңды бұзам" деп сес көрсететін. Бірақ сол бала махаббатына бір де бір рет сөйлеп көрген емес. "Қорқамын, қасына барсам неге екені белгісіз тоққа түскендей дірілдеп қоя берем," - деп ағынан жарылатын.

Ол біздің сыныптың атаманы. Одан бәрі қорқады, мысы басады. Бірақ үлкендер сыныптарыңда кім бірінші атаман десе, Саршал екеуміз дейді. Мен "қалай бірінші атаманмын, тіпті Бағдатқа әлім келе қояр ма екен?" деймін түсінбей. Бағдат сыныпта қорқақ әрі қу болатын, кім мықты соның жанында жүретін. Алихан оны маңына жолатпайды, тек "барып кел, шауып келге жақсы" деп соны атқосшы қылатын. Мен: "бір сыныпта екі атаман болмайды ғой" деймін. Тұңғиыққа, тым тереңге ойлы жанарымен қарап тұрып "екеуміз де бірінші атаманбыз, себебі екеуміз екі денедегі бір жүрекпіз" дейді. Мен көңілім көкке көтеріле қуанып, бір жасап қалатынмын.

Бір күні екінші сабақ бітіп, он минуттық қоңырау болғанда  сыныптағы балаларды жинап алды да: "Келесі сабақтан қашамыз, мынау тұрған бітпей қалған ескі емхананың төбесіне шығып, ішін аралаймыз" деді. Біз үшін әлемдегі ең қорқынышты не десе, осы  бітпей қалған ескі там болып көрінетін. Үйде әке-шешеміз "осы ескі тамға жоламаңдар, ішінде жалмауыз кемпір, жезтырнақ, аю, қасқыр бар..." не керек қорқыныштының бәрін тізіп айтып шығатын. Біз шынында қорықтық. Алихан біздің батпай тұрғанымызды көріп: "кім бармаса сол "қыз" деді. Бәріміз намыстанып кеттік, бірден келістік. Ескі тамның ішіне кірсек  жалмауыз кемпір, аю, қасқыр дегеннің қарасы көрінбейді. Тек іші қоқысқа толы, ащылау бір иіс танауыңды бітеп тұншықтырып барады. Бала үшін ол сөз боп па? Біз жүрген жердің бәрі ойын-күлкісіз болмайды. Екінші қабатының баспалдағы жоқ, кірпішке өрмелеп көтерілдік. Ойынның ләззатына енді кіре бергенде, мектебіміз  жақтан ойбайлап топ адам келе жатты. Бәріміз сасып қалдық. Жақындай бере байқасақ, топ алдында директор, содан кейін завуч, одан мұғалім, ата-ана жалғасып жатыр. Бәріміз тым-тырақай қаштық. Аяқ сынады-ау деген ой жоқ, секіріп жатырмыз. Алдымыздан лифт тосып тұрғандай күтіп алды. Құлағымыздан бұрап әрқайсымызды жетектеп ала жөнелді. Түгелімізді мектеп ішіне, біздің сыныпқа жинады. Басымыз салбырап, жеңіміздің ұшындағы бір жіпті ары-бері шұқылап тұрмыз. Кірерге тесік жоқ. Бір жақсысы, менің әке-шешем қалаға қонаққа кеткен. Түбі естиді, болмаған нәрселерді болғандай етіп естиді әлі, қара да тұр, ауылдың қатын-қалаш, келіндері мұндай оқиғаны жіберсін бе?  Енді ұрыс бастала бергенде Алихан қарлыққан дауыспен естірте: "Бәріне де кінәлі мына менмін, сыныптың балаларын ескі тамда жалмауыз кемпір, жезтырнақ, аю жоқ екенін білсін деп әдейі зорлап апардым. Жазаласаңыздар, тек мына мені жазалаңыздар" деді. Ашулы ата-ана, мұғалима апайлар, қарғап-сілеп, жан-жақтан Алиханды удан да ащы тілмен, төстен ап, төске сап жатыр: "Өзің жетім бола тұра, елдің баласын жетім деп ойлайсың ба? Қу аяқ жетім, түбіңе жетеміз сенің, баламыздың қасынан енді көрейік, аяғыңды сындырамыз, қараң өшкір" дейді оттай көздерімен күйдіріп, шоқтан ыстық тілдерімен жандырып. Алиханда жылау-сықтау, басын салбырату деген жоқ. Бұрынғының батырларынша қасқайып өлгелі тұрғандай. Бір кезде Алиханның шекесінен завуч апай укаскамен тоқпақтап ұра түсті. Алихан міз бақпады, үнсіз тұр. Бұрышқа тұрғызып, қолына орындық беріп көтергізіп қойды. Жұрттың бәрі жиналып қалған, бар ашуын тарқатып болған соң үйді-үйіне тарай бастады. Сыныпта мен, Алихан және апай-үшеуміз қалдық. Алихан жалғызсырамысын деп мен де бұрышқа тұрдым, тек Алихан секілді орындық көтермедім. Екі сағат үнсіздіктен соң апай бізді қайтарып жіберді. Тауымыз шағыла үйге қайттық. Сол күні әке-шешемнің үйде болмағанына қуанышты едім. Алиханмен бірге жүрсем ылғи ұрсатын: "Адам болам десең "тентек жетіммен" дос болма" дейтін.  Бірақ көп аяйтын. Шешесінің жақсы адам болғанын, әкесінің надандығын ұзақ әңгіме ететін. "Түбі адам болмайды-ау сол" деп алдын-ала жорамал жасайтын. Мен ішімнен мырс етіп күлем. "Көресіңдер әлі, бәрің көресіңдер, менің досымның болашақта кім болатынын, қандай болатынын. Сол кезде өкінесіңдер, әбден өкінесіңдер" деп іштей тәтті қиялға бататынмын, әрі сенетінмін.

Күн батысқа қарай талмаурап бара жатқан соңғы сәуле, соңғы шапағын шашты да түнге сіңіп кетті. Ауылда электр сымының бір жері бұзылған-ау деймін, жарық сөнді. Үйлер майшамдарын жаға бастады. Майшамды ортаға қойып ап әңгімелескен қандай рахат десеңші, іштегі шердің бәрі ақтарылады екен. Бір-бірімізді енді танып жатқандай боламыз. Кейде ойлаймын, электр жарығы ешқашан болмай-ақ қойса ғой деп, осылай майшам жағып өмір сүрсек әлдеқайда бауырмал, адал, ақ пейіл, бір-бірімізге ыстық болатындаймыз... Алыстан қарасаң әр үйдің терезесінен сықсиған майшам жанып тұр. Тек қана Алиханның үйінде жанбады. Түннің екі ортасында тереземнен біреудің "Саршал" деп күбірлегені естілді. Еденді жаймен басып далаға шықсам Ай қараңғы, айнала күңгірт, жаңбыр жауатын секілді, өкпек жел сәл-пәл соғып тұр. Жаныма біреу келді, Алихан екенін сезіп тұрмын. Құлағыма келіп сыбырлады: "Саршал әжем жаңа ғана өліп қалды, не істеймін?" деді. Менің төбемнен мұздай су құйылғандай болды. Иығынан қолыммен қысып тұрып, не айтып  жұбатарымды білмей тұр едім, қолыма бір-екі тамшы құлап түсті. Мұздай екен. Түнде Алиханның не, аспанның көз жасы екенін айыра алмадым... Келесі күні ауыл боп Алиханның әжесін  соңғы сапарына аттандырдық. Алихан қабағын шытып ешкімге тіл қатпай үнсіз тұрды. Не жыламады, не мұңаймады. Кейде тас жүрек пе екен деп ойлап қаласың...

Әжесі өлгеннен бері Алихан әркімнің үйінде жұмыстарын істеп, малын бағып, малын тауып жүрді. Ол жұмыс істесе беріле істейтін, ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Оны жұрт керек жарағына іздесе не тау ішінен, не болмаса үй шатырының төбесінен табатын. Шуақты күндердің бірінде Алихан екеуміз әңгіме-дүкен құрып шатыр төбесінде отырғанбыз. Маған қарап тұрды да:

- Саршал, білесің бе, мен нені жақсы көретінімді?

Мен ойланып тұрып:

- Балмұздақты, - дедім.

- Одан басқа?

Басымды шайқадым.

- Мен биіктікті жақсы көремін. Биіктеген сайын күндіз күнге ұмтыласың, жұрттың бәрінен де көп жылу аласың. Күннің шуағына шомылып нұрға айналып кетсем деймін. Сен қалай ойлайсың? Қазір күн ыстық па?

- Иә, қазір шілде емес пе? Күн қайнап тұр ғой.

- Білмеймін, мен тоңып жүрмін... Мен түсінбегендіктен күлемін.

- Ал түнде, - дейді әңгімесін жалғастырып, - биіктеген сайын жұлдыздарды ұстай алатын сияқтымын. Қолым жеткен күннің өзінде мен тиіспес едім. Себебі, түнгі аспанның көркі жұлдыздарда емес пе? Жұлдызсыз аспан жетім, қара жетім...

- Сен биіктеген сайын құлаймын деп қорықпайсың ба?

- Қорықпаймын, құласам ұшып кетемін...

-Адамдардың қанаты жоқ, ұша алмайды ғой...

-Мен ұша аламын...

-Бөспеші!

-Шын айтам...

-Көрсетші қане!- дедім қалжыңдап.

-Міне, қара! - деді де, екі қолын құс қанатындай жайып ары бері жүгірді де шатырдың төбесінен секіріп түсті. Келесі күні ауданның емханасынан бірақ шықты. Бір аяғы сынған екінші бір аяғының тобығы шыққан. Дәрігерлер бір аяғына гипс орап,  шыққан аяғының тобығын салды. Ол емханада жазылғанша ұзақ жатты.

Ол шынында ұша алатын. Тек оған ешкім сенбейтін...

Алиханды сағынып қалыппын. Ауданнан жазылып келді, көріспегелі көп болды. Мен оған балмұздақ алып беріп ем, ол мәз боп қалды. Мінезі тұйықталған секілді көрінді. Біз баяғы әдетімізше шатырға қайта шыға бастадық, ол енді секірмеймін деп уәде берді. Алиханның арманында шек болмайтын:

- Шіркін-ай, менің ақшам көп болса ғой! Ауылдағы бүкіл балаларға балмұздақ әперер ем, қалған ақшаға мектептің көміріне, анау-мынау жұмыстарына берер едім. Бағила апайдың көзілдірігі сынып қалған екен, содан кішкене қалса, соған бір жақсы көзілдірік әперер едім. Алдында, бала түгендегенде кімнің кім екенін ажырата алмай жүр еді, соған көмек болар.

- Сонда сенің бай болғың келеді ғой?

- Жоға, тек сол бар байлығымды ауылдағыларға берсем болды, сосын қайтіп кедей болсам да қуанып қалар едім. Сонда бүкіл ауыл мені жақсы көретін болады... Мен не дерімді білмедім. Ұзақ үнсіздіктен соң ол қайта армандай бастады:

- Шіркін-ай, мен құс болсам ғой, қанатым болса ғой, ұша алсам ғой...

- Не үшін құс болғың келеді?

- Себебі олар жылы жаққа ұшады, суықтан қашады. Мен де солардай жылы жаққа, мәңгілік жазға, мәңгілік көктемге кеткім келеді.

- Сен сонда қысты, күзді жалпы, суықты жек көресің бе?

 Ол үндемеді. Есейген соң бірақ түсіндім, оның қандай суықты айтқанын.

- Тағы кім болғың келеді,- деймін әңгімені жалғастырып.

- Менің қорқақ болғым келмейді.

Мен түсінбей қалдым да мырс етіп күліп жібердім:

- Сен қорқақ емессің ғой, сенен біздің сынып былай тұрсын жоғары сынып оқушылары да қорқады емес пе?

- Жоқ, мен бәрінен қорқамын, қорыққанымнан ұрамын. Мен бұл ауылдан, бұл қоғамнан, бұл адамзаттан қорқамын. Менің қорқақ болғым келмейді,- деді даусы дірілдеп. Бұны да мен кейін түсіндім.

- Менің сен болғым келеді,- деді ол бір кезде. Мен аң таң боп қалдым.

- Сен бақыттысың, - деді әңгімесін жалғастырып. Мен үндемедім, не айтып тұрғанын түсінсем бұйырмасын.

- Әкең арқаңнан қаға ма? Анаң еркелетеді ме?

- Иә,- дедім.

- Бәсе, - деді тау баурайына қарап тұрып.

Бірақ ол керісінше менің ол болғым келетінін білмеген еді. Ол секілді от, арманшыл, жалын болғым келетінін білді ме екен? Әй, қайдам, Білмеді-ау...

Мен үйіме түнделетіп қайтып келе жатыр едім, есіме бір нәрсе сарт ете қалды. Кітабымды шатырдың төбесінде ұмытып кетіппін. Қайта артқа бұрылып,  шатырға келдім де сатыға мініп келе жатсам біреудің ыңырсып жылаған үні естіледі. Шатырдың үстіне шығып қарасам, Алихан қос тізесін құшақтап ап тұншыға жылап отыр. Мен не істерімді білмей бір орында қақиып тұрып қалдым. Келгенімді көрді де жалт қарады. Қыран құстай шүйліге ұмтылып келіп жағамнан қыса ұстады:

 - Саршал, менің жылағанымды біреу-міреуге айтатын болсаң біттім дей бер, тұмсығыңды бұзамын, түсіндің бе? - деді. Мен сасқанымнан басымды изедім. Жанары тұнық та терең, көзінен шын жас тамшылап ағып жатыр, ағып жатыр, бітпейтін секілді... Әлі күнге дейін қаншама адамның жылағанын көрдім, бірақ Алиханның жылағаны басқаша, мүлдем басқаша еді... Мен кітабымды алдым да үйге қайттым. Әлі күнге дейін сол кеште жұбатпағаныма өкінем...

Келесі күні таң азанмен күндегі әдетімше жуынып-шайынып, шәйімді ішіп, киініп, сабағыма келдім. Әдетімше соңғы партаға қараймын, бірақ Алихан жоқ. Бір қырық бес отырдым да, шыдай алмай Алиханға жүгіріп бардым. Үйінің алдына келе бергенде бір сары түсті жигулиді көрдім. Жақындай бере қарасам, ішінде мұртты бейтаныс аға жигулидің есігін айқара ашып тастап, темекісін бұрқырата шегіп отыр. Алихан дарбазадан шығып келе жатыр екен, өңі сұп-сұр. Қолындағы екі пакет затын көліктің артқы орындығына лақтыра салды да, менің қасыма келді. Мен таңданып, ойым онға, санам санға бөлініп, жүрегім өрекпіп:

- Алихан досым, қайда кетіп барасың?

- Жылы жаққа, Саршал, жылы жаққа ұшып барамын, - деді де аяғының астындағы жерді, қытай красопкісімен бір-екі теуіп жіберіп, еңкейе қолымен тырмалап, бір уыс топырақ алды да, қалтасынан бет орамалын суырып, алақанын жайды да, топырақты ішіне төге салды. Орамалдың екі ұшын байлап, домалақтап түйіп қойды.

- Жылы жаққа кетсем де, туған жердің суығына не жетсін?

Мен жыламсырап:

- Досым, жалынайын, кетпеші, өтінемін, кетпеші, Құдай үшін! Мен-ақ саған жүз балмұздақ әперемін! Не қалайсың соны істеймін, тек кетпеші.

Құлағымнан бір шертті де:

-  Ақымақ жүз балмұздақты өзің же!,- деді жымиып.

Мұртты ағай темекісін шегіп болды ау деймін :

- Әй, бала, тез отыр, кеттік, - деді зекіп.

Алихан мені жылдам төсіне басып : "Жылы жақта жолыққанша, Саршал" - деді де көлікке секіре мінді. Дауысым шықпай қалды, көмейіме бірдеңе тіреліп қалғандай. «Кетпеші»,- деуге әрең шамам келді. Аяқ-қолым бір орнында қозғалмай қатып қалды. Көліктің соңынан жердің шаңы көтеріліп, Алиханды құйын ішіне әкетіп бара жатқандай болды. Алихан өзімен бірге ұлы достықты да ала кетті. Көз алдымда ол құсқа айналып күн шығысқа самғап бара жатқандай көрінді...

Үйге келсем, көрші әйелдер жиналып қапты. Әңгімесін құлағым шалып қалды, ішіндегі бір әйел: «Анау...алып кетті», - деді. Жақынырақ барып тыңдасам:

- Анау Әтіргүлдің тентек жетімін бағана қалаға интернатқа алып кетті, - деді. Мені біреу құлақ шекеден ұрғандай болды. Басым айналып, мең-зең күйге түстім. Жылап жібердім... Сол кезде шын жалғызсырадым... Содан бері шын дос таба алмадым...

...Автобустың соңғы орындығынан біреу түсіп келе жатып иығымнан итеріп қалды. Сағымдар арасында жүзіп жүрген тәтті қиял, ойымнан оянып кеттім. Жан-жағыма қарасам автобус ішінде адамдар көбеймесе, азаймаған. Терезеден сыртқа көз салсам Атакентке келіппіз, аялдамаға енді тоқтай берді. Жұрт асығып бір-бірін қағып, итеріп түсіп жатыр. Тереземнің алдынан жаңағы таныс маңдайлы жігіт өтіп барады. Жүгіріп барып автобустың есігі жабыла бергенде секіріп түсіп үлгердім. Кетіп бара жатқан таныс жанарлы адамға Сол шығар деген үмітпен Алихан деп айқайладым. Ол жалт қарады, қуанғанымнан жүрегім аузымнан шығып кетердей жүгіріп барып бауырыма қыса, құшақтай түстім. Неге екені белгісіз ол кеудемнен итеріп жіберді. Не қуанарымды, не жыларымды білмей сасып қалдым.

- Алихан, бұл мен ғой, Әлішер, Саршал ше?

Жуан дауысымен:

- Таныдым,- деді

Сөзімді неден бастарымды білмей:

 - Қалың қалай? - дедім.

- Жақсы...

- Қайда оқып жүрсің?

- Стройкада жұмыстамын.

- Солай ма? - Не себепті суық жауап беріп тұр деп ойға қалдым.- Ауылдан кеткеннен кейін не істедің?

- Интернатта оқыдым, одан қашып шықтым, біраз левый тірлік жасадым. Содан бері әр түрлі жұмыс жасап, күнелтіп жүрмін.

    Менің көз алдыма ол тас секілді көрінді. Сосын ол қабағын шытып тағы бірдеңе айтасың ба? - дегендей сағатына қарады. Мен түсіндім де:

- Жарайды, көрісерміз. Айтпақшы, нөміріңді берші хабарласып тұрайық,- дедім. Ол бұл сөзімді жақтырмағандай маған алара қарады да, теріс бұрылып кете берді. Оған ұзақ қарап тұрдым. Ол темір көліктер арасынан өтіп бара жатты: бірде басы, бірде аяғы, бірде қолы көрінеді. Темір көлікті жүргізіп, тас үйлерде тұрып жүрген адамдар өздері темірге, тасқа айналып бара жатқандай. Мен сол қалпымда орнымда баяғыдай қатып қалдым. Дауысым шықпай қалды, көмейіме бірдеңе тіреліп қалғандай. «Кетпеші» деуге әрең шамам келді. Көз алдымда ол құсқа айналып, күзге, суық жаққа ұшып бара жатқандай көрінді.

...Менің еңсем түсіп кетті. Атакенттен ҚазҰУға қарай жаяу ойға шомып келе жаттым. Көктем күзден де, қыстан да суық екен. Қандай от еді, қандай жалын еді, қандай арманшыл еді, тентек еді ғой... Біз кінәліміз бәріне! Оны тентек қылған да мынау біз. Оның арман қанатын сындырған да біз. Бәріне кінәлі бізбіз. Мынау суық қоғам, мынау тас жүрек адамзат, жетімін жебемеген халық. Ей, адамзат! Естисіңдер ме! Алихандардың тауы шағылғанына бәріміз кінәліміз! Кінәлі бола тұра, оларды тентек, бандит, бұзық, алаяқ, ұрлықшы дейсіңдер. Қайран тентектер-ай!...

Көктем мезгілі. Біз жаққа көптеген құстар жылу іздеп ұшып келеді...

О. Сансызбай