- Негізгі бет
- Проза
- Нұрбек Нұржанұлы. Аспанға...
Нұрбек Нұржанұлы. Аспанға ғашық құс бала
Нұрбек Нұржанұлы 1994 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің түлегі, қазіргі таңда Түркия елінде магистратуралық білімін жалғастырып жатыр. Жас жазушы қаламынан көптеген тың шығармалар туады. Солардың бірі “Дарабоз-2016” әдеби байқауында 1-орын иеленген "Аспанға ғашық құс бала" әңгімесі.
Көктем мезгілі. Біз көкте ұшқан құстардың соңынан жерде жүгіріп барамыз. Сұлтан досым бәріміздің алдымызда зымырап келеді, қалғанымыз ырсылдап келеміз. Қас қағым сәтте Сұлтан омақаса құлап түсті. Аяғы тасқа шалынып қалаған-ау, шамасы. Бәріміз тоқтап қарап қалыппыз, ол орнынан тұрды да қайта жүгірді. Құдды бір құстардың соңынан ұшып кететін секілді. Адам болғандықтан, құстардың артынан қанша жүгірсек те, бәрібір ұша алмайтын, жете алмайтын шығармыз деп ойлайтынмын. Оған сенсек те, сенбесек те, бізде бәрібір қанат жоқ қой. Бірақ, бала болғаннан кейін бе, бір күні болмаса, бір күні аспанға ұшып кететін шығармыз деп қиялдайтынмын. Біз қаншама балалар күмәндансақ та, Сұлтан, ол қалай да ұша алатынына сенетін. Ол бізге:
– Мен бір күні құс сияқты ұшып кетемін, осыдан көресіңдер! Адам ұша алмайды деп ойламаңдар. Қанатсыз да адам ұша алады. Мен ұшамын… Анау ақша бұлттардың аппақ мамық мақтасына арқамды кеңге жайып жатамын. Сосын түнгі ұшқын жұлдыздардың сәулесіне шомылып, бұлт көрпесіне оранамын. Көресіңдер! – дейтін. Мен оған кейде шын сенетінмін. Ол әрдайым құстардың соңынан жүгірген сайын осы қазір ұшып кететін шығар деп ойлайтынмын.
Сұлтан екеуіміз жан дос болдық. Біз сабаққа бірге барып келетінбіз. Ол менен бір саты жоғары сыныпта оқитын. Және біз көрші болатынбыз. Оның бойы менен біршама ұзын әрі ірі денелі. Ал, сыныпта ең бойы кішкентай менмін. Мені бәрі «қортық» деп мазақтайды. Сол үшін мен талайының көзін көкке бояғанмын. Өзімнің де көзім бірнеше рет боялған. Сыныпта үшінші атаманмын. Бірінші атаман – Жәнібек. Ол жынды төбелеседі әрі өте жылдам. Өзі қара торы бала, қасы қалың, қабағы қатулы, күнге көп күйгеннен беті жарылған. Өте бұзық, қит етсе шытынай кетеді. Ал екінші атаман өзі ұлдардың да һәм қыздардың да арасында ең дәуі һәм беделдісі. Ол – Жібек, түрі қап-қара еркекшора қыз. Өзі жауырынды, ірі, шамамен мендейдің екеуі шығады. Біз оны Жібектен гөрі Бекежанға көп ұқсатқандықтан «Бекежан» деп атаймыз. Сырттай көрген адам ұл екен деп ойлайды. Оған «Бекежан» деп атасаң төбелесе кетеді. Мазақтап айта-айта жалықпасақ та құлағының үйренетін түрі жоқ. Үстіне киген мектеп формасының үстінде не жоқ дейсіз – бор, тамақтың қалдығы, шаш, балшық, бәрі бар. Үстіне суреті бар киім кигендей. Негізі мен екінші атаман едім. Бірақ Бекежанмен бір күні жекпе-жекке шығуға тура келді. Себебі мен оның кеудешесінің артына бормен «Бекежан» деп жазып қойған едім. Қасындағы көрші Кәмшат деген қыз құлағына сыбырлап айтып берді. Ол маған сабақ үстінде бақырайып бір қарады да қоңырау соғылып, апай шыққан кезде орнынан түрегеліп, қасыма келді. Не істер екен деп жымиып қарап тұр едім, дәу аюдың аяғындай қап-қара қолы төбемнен төніп келе жатқанын ғана байқап қалдым. Жұдырығы көзіме оңбай тиіпті. Басымның айналасын бозторғайлар айналып жүргендей күй кештім. Ашу қысып, орнымнан тұра беріп едім, Бекежанның шын мәнісінде Жібек екені, қыз екені есіме түсіп кетті. Қызға қол көтеруді ар көрдім де, қоя қойдым. Содан бері сыныптағылардың барлығы Бекежанды екінші атаман атап кетті. Көпке қалай түсіндіресің ішіңдегіні?
Барлық балалар Сұлтанды «Қиял» деп атап кеткенбіз. Ол қиял десе қиял болатын. Сабақ көбіне Сұлтан екеуміздікі бір уақытта бітеді. Кей кезде ғана 40-50 минут айырмашылық бар. Сондай сәттерде бір-бірімізді күтетінбіз. Біз сабақтан бірге қайтқан сайын ол маған ертегілер айтып беретін. Оған әжесі айтқан ертегіні маған да айтып береді. Мен ол ертегілерді өз әжемнен естіп алсам да, құлақ түре тыңдайтынмын. Сонда сол ертегілерді жаңадан естігендей боламын. Сұлтанның аузынан естіген мүлдем басқаша әсер етеді. Ол өзінің қиялынан, арманынан қосып, араластырып жіберетін. Ол сол ертегілердің кейіпкерлерінің арасына өзін қосады. Сонда ертегі тіпті әсерлі шығатын. Оның көкірегі толы арман еді. Оның әкесі де, шешесі де батырдың тұқымы. Сұлтан өз сыныбының атаманы. Саяқ жүргенді, жалғыз ойнағанды ұнатады. Ол шатырдың төбесіне, ағаштың басына, жиылған маяның үстіне шыққанды сүйетін. Аспаннан құс өтсе болды, көзімен қызыға қарсы алып, шығарып салатын. Бір күні сабақтан бір топ оқушылар үйге қарай қайтып бара жатыр едік, төбемізден топталған қарғалар «қарқ, қарқ» күліп ұшып бара жатты. Арамыздағы бір пысық қыз: «Отырыңдар, әйтпесе сабақтан «екі» аласыңдар» деді. Бәріміз отыра кеттік, сол сөзге әжептәуір сенетінбіз. Бірақ Сұлтан отырмайтын, сол қарғаларға қарап тұратын. Ол өзін еркін сезініп, солардың соңынан ұшып бара жатырмын деп ойлайтын.
– Сұлтан, отыр, әйтпесе екі аласың, – деп, әлгі пысық қайта-қайта айтса да, тыңдар емес. «Маған десе бір қойсын» деп қоятын. Бірақ сол Сұлтанның екі алғанын көрген емеспін. Сабағы кілең төрт пен бес.
Ол биіктікті қатты ұнататын. Қарағаштардың басына шығып алып ауылды, адамдарды, өмірді биіктен қарайтын. Маған кейде «еу, қортық, жүр, талға шығамыз» десе, мен бас тартатынмын. Себебі, мен биіктен қорқатынмын. Ол маған «о, қорқақ, жігіт емессің, батыр емессің» деп намысыма тие мазақтайтын. Мен шамданып қалсам да, әлсіздігім басым түсетін. Сұлтанды төменнен бақылап қана жүретінмін. Ол қарағаштың ең төбесіне шығып алады да, бір бұтағына кеудесін сүйеп, екі қолын қанатша жайып тастайды. Содан көзін жұмып алады да, ұзақ уақыт тапжылмай тұрады. Мен оның сол сәтте не сезінгенін түсінбесем де, оған қарап тұрып ерекше күй кешетінмін. Ол шынымен де тап қазір ұшып кететін секілді көрінді. Ауылда не биік болса соның басына шығып алатын оның басты әдеті еді. Ауылда ол шығатын ағаш та, тау да, үй де қалмапты. Ауылдағы кемпірлер жанұшыра айқайлайды: «Әй, иттің баласы, құлайсың ғой, түс, бол тез!» деп зар қақсайтын. Сұлтан ешкімді пысқырмайды. Бірақ, шешесінің таяғын аямай жейтін еді. Ойбой, шешесі құйрығынан көк шыбықпен сабағанда Сұлтанның боздаған дауысы маған жететін. Ол кей кезде отыра алмай қалатын. Бәріміз оған күлетінбіз.
Бір күні мектепте Сұлтан ұрынарға жан таппай Бекежанға тиісе бастады. Бекежан скакалкасымен секіріп жатса Сұлтан арқа жағына айналып келіп аяғын скакалканың жібіне тірей түсті. Бекежан қаһарлана бір қарады да «е, кет ары» деді. Сұлтан қайтадан аяғын тірей беріп еді, Бекежан жалт қарады. Қолындағы скакалка емес құдды бір дүре секілді сабай бастады. Сұлтан қашып барады, Бекежан қуып келеді. Сұлтан «ойбай, болды қойдым, қойдым» десе де қояр Бекежан бар ма?! Сұлтанның арқасына шешесінің көк шыбығынан кем түспейтін Бекежанның скакалкасы оны тәубесіне түсірді.
– Қыз, әйтпегенде көкесін танытар едім. Оның үстіне шешесі завуч, – деді. Расында, шешесінің аты Баян. Қызығы, сол әкпиіміз Қодардан кем түспейді. Бұзықтық пен қолына түстің – оңай құтыла алмайсың.
Тентектігіміз таусылмады. Күндер зымырап өте берді, ал Сұлтанның армандары тыйылмады. Ол өте көп армандайтын. Жазғы демалыстың бірінде біздің даладағы тапшанға түнде көкке қарап жаттық. Аспанға, шексіз ғаламға қарадық. Жұлдыздар өте жақын секілді. Біз жұлдыздарды санаған сайын санынан жаңылыса беретін едік. Сұлтан жұлдыздарға қайта-қайта қолын созатын. Ол сол кезде:
– Осы жұлдыздарды алақаныммен ұстап алатын сияқтымын. Әттең, құс болғанымда ғой… Жұлдыздарды қанатыммен сипалап ұшатын едім, – деп тәтті қиялға шоматын.
– Ой, Сұлтан-ай, кімнің ұшқысы келмейді дейсің! Менің де ұшқым келеді. Бірақ, адамда қанат болмаған соң, ол мүмкін емес, – деймін мен.
– Нүкабай, сен білсең ғой адамның ұша алатынын. Қара да тұр, мен саған соны дәлелдеймін.
– Сұлтан, дәлелдемей-ақ қой, онсыз да оны дәлелдеп қойған. Бір рет апай
айтып еді ғой, анау, біз қызығып жатқан ғарышқа ең алғаш Гагарин, сосын біздің Т. Мұсабаев, Т.Әубәкіров ұшты деп.
– Өй, мисыз, мен саған ракета не ұшақпен ұшуды айтып отырғаным жоқ.
Кәдімгідей, ешбір қанатсыз, ұшақсыз ұшуды айтамын. Осы тұрған қалпыңда ұшсаң ғой деймін және бұл арманымның орындалатынына сенемін, – деді ол көктегі сансыз шамшыраққа қолын созып. Қиялының қанатын сол оттарға жылытып, ұзақ жатты…
Мен Сұлтанның бұл әдеттегі әңгімесін жүз рет тыңдаған шығармын. Бірақ оның ұшатын күнін көп күттім. Ол ұшатын болса, одан үйреніп, мен де ұшатын болам деп өзімді сендірдім. Бір күні Сұлтан досыммен ойнап болып үйге келсем, атам тапшанда пешін намазын оқып отыр екен. Мен атама ұзақ қарап тұрдым және сол сәтте Сұлтан есіме түсіп кетті… Сұлтан аспанға қарап тұрған сәтінде жүзі дәл осылай нұрланып тұратын. Ол сол кезде:
– Мен шынымен ұшып барамын, Нүкабай, рас айтамын. Қиялыңның
қанатын еркін сермеші, сен де ұшатын боласың, – дейді. Мен қанша тырыссам да, жерде тұрғанымды санам ұмыта алмады. Бірақ, мынау атамның жүзіне қарасам, бұлттардың ішінде жүзіп жүрген секілді. Бір кезде оң мен солына сәлем беріп, қолын жайып бата айтты. Менің жанымды осы атам түсінетін. Маған неше түрлі дұға, тілектер үйрететін.
– Періштенің дұғасы қабыл болады, балам, құдайдан тіле, – дейтін. Мен не тілеуші едім. Сол баяғы тәттілер, балмұздақ, бір қора шокалад және Сұлтанның ұшып кетуін тілейтінмін. Атам намазын оқып болған соң, еркелеп келіп, құшағына тығыла түстім. Атамнан сол ескі әдетімше ананы-мынаны сұрап, сауал қоя бастадым:
– Ата, осы адамдар еш қанатсыз, ұшақсыз құры денесімен ұша ала ма? – дедім. Атам маған кеугім тартқан ақшамның сәулесіндей жанарымен ұзақ қарады.
– Ұша алады, балам, – деді. Мен қуанып кетіп:
– Рас па? – дедім.
– Рас, оны неге сұрадың?
– Сұлтан қиял ғой, ұшам да ұшам, адамның ұша алатынын әлемге дәлелдеймін деп жүр. Әлемде ең алғаш ұшқан адам мен боламын дейді. Атам жымиды да:
– Балам, ол ұшса, екінші болады. Ал ең алғаш ұшқан, яғни миғражға көтерілген біздің пайғамбарымыз, – деді.
– Мәссаған, сонда адамның ұша алатын болғаны ғой!? – дедім. Атам басын изеді. Мен ой тереңіне сүңгіп кеттім де, ұзақ уақыт шыға алмадым. Артыма қарасам, атам тәспихын тартып отыр. Қолындағы моншақ тастар жұлдыз секілді. Ал атам аспанда ұшып тұрғандай. Тапшан – ғалам секілді. Атам нұрға толы қос жанарын бұлт кірпіктерімен жауып алған, арасынан Ай сәулесіндей мөлдір-мөлдір тамшылар үзіліп жатты. Мен атама қатты ұқсағым келеді…
Сұлтанның үйіне келсем Әншәй әже кір жуып отыр екен.
– Амансыз ба апа, үйде Сұлтан бар ма? – дедім.
– Аманбыз, анау шөп жақта. Бұзауларды айдап жүрген. Мен жүгіріп барып Сұлтанды көрдім де:
– Еу, сенің айтқаның рас екен! – дедім. Ол бетіме бажырая қарап:
– Нені айтасың? – деді.
– Адамдардың ұша алатынын, – дедім.
– Ол сонда, өтірік пе еді не?
– Жоға, шын, жаңа атам айтты адамдар ұша алады деп. Ең бірінші ұшқан пайғамбар. Ал егер сен ұшсаң екінші боласың деді.
– Мәссаған, сонда бұрын ұшқан ба екен?
– Иә, атам солай деді.
– Бәсе, мен білгем, сенгем, – деді де ол үлкен адамдарша қолын иегіне қойып алып ары-бері ойланып ұзақ жүрді.
– Нүкәбай, сен маған сен! Екеуміз ұшатын боламыз.
Бір күні екеуміз жиылған шөптің төбесінде сағыз шайнап, тәтті қиялға батып, аспанға қарап отырдық. Үнсіздікті Сұлтан бұзды:
– Екеуміз анау мамық бұлттардың төбесінде ойнайтын боламыз. – деді.
– Сонда ол бұлтты қалай басамыз, ол жәй ғана бу ғой. Бізге Күнімхан апай айтып еді ғой.
– Мұғалімдер не демейді. Маған сенсең анау бұлттар кәдімгі мақта, жұп-жұмсақ. Қаласаң апаңның көрпесіне деп біршама алып алсаң болады. Сосын ол бұлттардың төбесінде көптеген құстардың ұясы бар. Соларды көреміз, – деді.
– Сен оны қайдан білесің?
– Мен білем, зерттегем.
– Қалай?
– Атамның дүрбісімен.
– Шын ба? Анық көріне ме?
– Оны тек қана шын көргісі келген адамдар ғана көре алады. Мысалы, мынау Күннің сәулесін ұсташы, – деді.
– Кәні? – дедім.
– Ей, міне! – деп алақанын көрсетеді.
– Не көрсетіп тұрғаныңды түсінсем бұйырмасын, – дедім.
– Міне, қара мынау күннің сап-сары шашы, бұны тағы да өруге болады, – деп жоқ нәрсені жыбырлатып тұр. Мен оған қарап тұрып ішек-сілем қата күліп жібердім. Ол ашуланып қалды. Бір кезде теріс қарап отырып алды.
– Досым, ренжіме! – дедім. Ол маған қарамады, әжептәуір өкпелеп тұрғаны көрініп тұр.
– Мені жалғыз да болса сен түсінер деп едім. Сен де мені мазақ қылдың.
Сендерге қалай дәлелдесем екен адамның ұша алатынын, қыста жауған қар жұлдыз екенін, жапырақтар сарғаймай көз алдыңда өртенетінін, жаңбырдың бәрі бұлттағы құстардың көз жасы екенін. Сендерге қалай дәлелдесем екен…
Айда жалғыз адам тұрады, ол менің әкем екенін… – деп, көзінен ыстық һәм мөлдір моншақтар төгіліп кетті. Ол жылағаны үшін тағы ызаланды. Ол пирамида іспеттес жиылған маяға басылып отырды да сырғанай жөнелді. Жерге гүрс ете түсті. Шөптен сырғанау – біздің түсердегі әдетіміз. Сұлтанның соңынан барғым-ақ келді. Бірақ, ол ашуланса төбелесуден тайынбайды. Соны ойладым да, үнсіз қала бердім.
Сұлтан – ата-әжесінің еркесі. Анасы және қарындасы бар. Әкесі екі жыл бұрын қайтыс болған. Әкесі Сұлтан екеумізді күрең қасқаға мінгестіріп жусан теруге апаратын. Ол ағаның қалың қара мұрты мен әжім маңдайы есімде қалыпты. Расында Сұлтанның әкесі Айда ма екен? Мен сан түрлі сұрақтарға көміліп қалдым. Басқа балалар олай десе, Сұлтан былай дейді. Өзгелердікі дұрыс-ақ, бірақ Сұлтандікі әлдеқайда қызығырақ.
Күзгі оқу да басталды. Биыл есейіп қалдық. Төртінші сыныпқа көштік. Біз Сұлтан екеуміз әдеттегідей сабаққа бірге барып бірге қайтамыз. Оның бір кездегі реніші сол күні-ақ тарап кеткен еді. Уақыт өте келе Сұлтан менімен өзінің құпиясын бөлісті:
– Нүкабай, мен саған бір күні ұша аламын деуші едім ғой.
– Иә, айтқансың!
– Мен күн сайын көкке ұшып жүрмін. Баратын әлеміме оңай-ақ барамын. Мен Сұлтанның күн қақтаған сарғыштау жүзіне қарап тұрмын. Оның екі көзі аспанда, мөлдіреген жанарында ешбір адам сөндіре алмас отты ұшқын бар.
– Қалай ұшып жүрсің? – дедім.
– Сен осы қалпыңда тұрып-ақ аспанға самғай аласың. Тіпті сен
Алматыны көруді армандаушы едің ғой. Сол шаһарға да барып келе аласың.
– Мен түсінбедім, бір орында тұрып адам қалай ұша алады, қалай тез басқа жаққа кете алады? Сұлтан маған қанша түсіндіруге тырысса да, мен оны түсінбегенімді қабағыммен көрсеттім. Алайда, үйге келген соң да Сұлтанның сөздері есімнен шықпай қойды. Ол маған көше бойындағы жол айрықта «Нүкәбай, қаласаң, үйретейін, сосын әлемді бірге шарлайтын боламыз» деген еді. Мен үндемей кеткен едім. Түнімен ұйықтай алмай дөңбекшіп шықтым. Апам уайымдап:
– Балам- ау, ауырып қалған жоқсың ба? Шамасы, көз тиген-ау, әлде суық тиді ме екен? Қойдың майын жағайын ба? – деп апамның да мазасы қашты. Түнімен үстіме көрпе жауып шықты. Бірақ менің санам басқа әлемде еді. Таңертең мен Сұлтаннан ұшуды үйренетін болып шештім. Ертеңгісін сабаққа бірге бардық. Ол «аспан» жайында тіс жарған жоқ. Ерегескенде, мен де үндемедім. Сабаққа солай кірдік. Сабақтан мен бірінші шыққандықтан, оны күтуге тура келді. Қалайда одан үйренуім керектігін түсіндім. Мен мектептің шыға беріс шарбақ жағында отырып, Сұлтанды күттім. Көптеген балалардың сабақтары бітіп, қайтып бара жатты. Олардың ойлары Сұлтандікінен мүлдем басқаша. Олар ертегіге сенбейді, өтірік дейді. Теледидардағы қайдағы жоқ «Суперман», «Бетман» дегендерді үлгі тұтады. Олар сондай болғысы келеді. Ал Сұлтан құстарды үлгі тұтады, ол ертегіге сенеді. Басқаларының айтатындары компьютердегі өлтірдім, қырдым, жойдым деген ойындары. Тіпті кейбіреулері далаға асық ойнауға да шықпайды. Қолдарында өздерінен дәу телефондары бар. Әрине кейде қызығам. Апама «әперші» десем, «кіммен сөйлесейін деп едің» дейді. Кейіннен ол телефонның маған керегі жоғына достарыма қарап көзім жетті. Сыныптастарым телефоннан көзін алмайды. Сол үшін көп ойыннан да, қызықтан да құр қалады. Мен оларды сол үшін кей кезде аяп кетем… Сұлтанның қасында мен өзімді еркін әрі бақытты сезінем. Мен оның досы болсам не үшін оған сенбеуім керек. Басқалар оған күлсе де, мен қолдауым керек. Әнеки, Сұлтанның да қарасы көріне бастады. Топырлаған балалардың арасынан көзге оттай басылады. Жарқыраған маңдайы күн сәулесіне шағылысып тұр. Қасыма жете бергенде алдынан шығып:
– Кешегі айтқаныңды маған үйретші, – дедім. Ол:
– Рас па? – деп қуанып кетті. Сұрағы жарқын шықты. – Ендеше бүгін үйретемін. – деді.
Түскі астан соң Сұлтан үйіндегі жиылған түктің төбесіне шақырды.
Шөптің оң жақ мүйісінде дәу қарағаш бар. Сол ағаштың қалың бір бұтағы шөп үстіне қисайып тұр. Бізге шөп үстіне шығуымыз үшін әдейі қисайғандай. Қарағашқа шығу бізге өте ыңғайлы. Қарағаштың бұтағымен өрмелеп барып шөп үстіне секіреміз. Әрі осы ағаштың құшағы қарттардың құшағындай өте кең. Құстар да бұтақтарын паналайды. Олардың әндері, әуездері құлағыңның құрышын қандырады. Әсіресе хормен ән айтқанда оркестр секілді. Сұлтан екеуміз шөп үстінен кең, жазық далаға қарап отырдық. Сұлтан:
– Нүкәбай, адамдардың арманы орындалады, тек соған сену керек, көзіңді жұм – деді. Мен құлап қалмайын дегендей ыңғайланып отырдым да, айналамды бір шолып шықтым. Сосын көзімді жұмдым. Ол:
– Сен таудың шыңында отырмын деп ойла және соған сен, – деді. Мен қиялымның барлық бояуларын санамның дәптеріне сыза бастадым. Алатаудың шыңында отырғаныма шынайы сендім. Маған алыстан бір дауыс естілді:
– Сендің бе? – деді.
– Иә, – дедім.
– Сен қайда отырсың?
– Шың басында отырмын, – дедім.
– Ендеше көзіңді аш, – деді. Мен көзімді аштым. Мен… Мен… аңтарылып қала жаздадым. Өз-өзіме сене алар емеспін. Өңім бе, түсім бе? Тау ұшындағы жартастың төбесінде отырмын. Аспанда бұлттар жүзіп барады. Бірі аюға, бірі қасқырға, енді бірі хан сарайына ұқсайды. Төменде жап-жасыл көрпеге оранған көкмайса. Айналасы шырша, қарағай, қайың мен көмкерілген. Аспанда ерке құстар «Еркіндік» биін билеп барады. Анау төменде біздің ауыл. Әне, кіп-кішкентай біздің үй.
– Енді, сенесің бе? – деді, сол жақ құлағымнан таныс дауыс. Қарасам,
Сұлтан екен. Мен таң қалғанымнан үнім шықпады. Басымды изеумен ғана болдым. Сұлтан маған қарап тұрып:
– Енді не істеймін десең де өз еркің. Бұл сенің қиял әлемің. Ал мен болсам, самғаймын деді де, көкке қолын созып, ұша жөнелді. Ол расымен де құс секілді көк аспанда еркін қалықтап жүр. Бір топ ұшқан тырналардың соңынан ілесіп барады. Мен ішімнен «осындай әлемде болады екен-ау, ә!» деп таңырқай түстім. Ертегі деген ақиқат екен ғой, ертегі деген шындық екен ғой… Бар даусыммен «Мен құспын» деп айхайлап жібердім де көкке қолымды созып ұшып кеттім. Беу, шіркін-ай адам үшін көкте құс боп қалықтағаннан асқан арман бар ма екен?
Сұлтан маған қарай ұшып келе жатқандай болды да, қасымнан зу етіп өте шықты. Алыстан қайта айналып келіп:
– Нүкәбай, жүр, мен саған бұлт шаһарын көрсетемін, – деді. Мен оның соңынан ере ұштым. Бұлттың төбесіне келсем, Сұлтанның бұрын айтқанындай расында мынау аппақ бұлттарда сансыз құстардың ұялары бар екен. Бұлт үстіне келіп қонып едік, табаныма бұлт кәдімгі жұп-жұмсақ мақта болып басылды. Түкірік жетер жерде бұлт қалашығын көрдім. Ішіне кірсек, ала көлеңке, кейбір мүйістерінен ғана күн шұғыласы түсіп тұр. Маған бұл бұлт шаһары ұнамады. Ішінде неше түрлі солған гүлдер, қураған теректер, жаураған қабырғалары бүрісіп тұр. Іші суық екен. Қар мен бұршақ осы жерден жауатын болса керек…
– Сұлтан, мына жер қорқынышты екен, жүр бұл шаһардан гөрі басқа
Бұлт үйлерге барайықшы, – дедім. Ол:
– Бұл бұлттардың ішіндегі ең алып шаһар. – деді. Ақиқатында өте үлкен екен. Осы бұрышынан анау бұрышына дейін қарасаң көзің талады. Ауа тар һәм күңгірт мекен. Сұлтан сөзін қайта жалғастырды:
Кезінде бұл жерді Күннің алтын сәулелері нұрландырып тұрған. Мынау гүлзарлар жайқалып, анау ағаштарда бұлбұлдар ән салатын. Бұлбұлдардың әуезі біздің әжеміз айтатын «әлди, әлди» еді. Бұл жерде көбелектер, инеліктер көп болатын, олар ұшқанда қанаттарынан түрлі түсті жарықтар шашырайтын.
– Сонда, бұның бәрі кім үшін? Не үшін?
– Біз үшін… Бұл бұлтта, бұл аспанда біз секілді миллиондаған бала болатын. Олар осы әлемде ойнайтын, ұшатын… Олар ұзақ армандайтын және құстармен жарысатын… Ал енді олардың бірі де жоқ, міне көріп тұрсың… Тек қана екеуміз ғанамыз…
– Олардың бәрі қайда кетті? Қазір неге жоқ?
– Олар енді сенбейді, олар көргеніне ғана сенеді. Енді олар армандамайды, қиялдамайды. Олар үшін бұлт шаһарлары өтірік. Олардың қиял қанаттары сенбегені үшін қырқылған. Санасындағы сенім оттарын компьютердегі, телефондағы неше түрлі ойындар, мультфильмдердің борандары сөндірген. Олар кітаптағы хикаяларға, әжесінің ертегісіне сенбейді. Оларға бұл әлемнен гөрі сол әлемдері қызығырақ… Өкінішті… Мен осы жерде көп болды, жалғыз ойнап келемін, – деп Сұлтан төмен қарап күрсінді. – Бірақ, – деп сөзін жалғастырды, – Енді сен барсың, екеуміз ойнаймыз.
– Әрине, досым! Мен бұрын соңды неге бұндай әлемді көрмедім екен.
Неге сенбедім екен. Рахмет саған, Сұлтан! – деп алғысымды айттым.
– Жүр, қызықтар әлі алда, – деп ұша жөнелді. Біз ауылдың төбесінде ары-бері ұшып жүрдік. Биіктіктен жер-жаһан мүлдем басқаша көрінеді екен. Өзіңді шексіз бақытты сезінесің. Мен Сұлтан көрсеткен күннің алтын шаштарын ұстадым. Алтын шашымен жоғары қарай өрледік. Мен шашылған майда бұлттардың сеңдерінен секірдім. Біздің қызығымыз таусылмады. Неше түрлі ойындар ойлап таптық. Ойын қыза бергенде алыстан жұтылып шыққан бір дауыс естілді:
– Әй, жүгірмек, анау пештің күлін шығармапсың ғой. Қайда жүрсің
иттің баласы? Әй, Сұлтан! Қолыма түс бар ғой… – деген үрейлі дауыстар шықты. Мен қайдан шыққанын түсінбей аң-таң болып тұрмын. Сұлтан жүр деп мені әлгі шың басындағы жартасқа алып келді. Маған «көзіңді жұм» деді. Жұмдым. «Шөп үстінде екеніңе сен де, көзіңді аш» деді. Мен аштым. Біз сол баяғы шөп үстінде отырмыз. Күн екінтіге таяп қалыпты. Сұлтан:
– Мені шешем іздеп жүр, сосын тағы ойнаймыз – деді де шөптен сырғып түсіп кетті. Ол анасынан қатты қорқатын еді. Бірақ менің ойымды жаңағы көрген әсерлерім басып кетті. Мен өмірімде бұндай ғажайыптар болатынын білмеген едім. Енді менің көзқарасым мүлдем өзгерді. Әжем ертегі айтса, кейіпкерлерінің арасына еніп кетіп, неше түрлі оқиғаларды бастан кешетін болдым. Арада бірнеше күндер өткен еді. Сұлтан ауданға, дәу әкесінің үйіне кеткен еді. Мен оның келетінін күтіп жүрдім. Жол бойынан көлік өтсе, елең ете қалам да, шаң басқан сорап жолға қарап қаламын…
Бір күні есіктің алдындағы орындықта кітап оқып отырсам, Сұлтанның үйінің ауласына көліктер қаптап кетті. Газелдерге ағалар ауыр заттарды тықпалап жатыр. Есігінің алды сөмкеге толып кетті. Шыдай алмай, не екенін білейін деп жақынырақ бардым. Сұлтанның шешесі Сәлима жеңгейден:
– Сұлтан қашан келеді? – деп сұрадым. Қар жауған қабағымен бетіме суық қарады да:
– Сұлтан енді келмейді. Біз Астанаға көшіп барамыз. Енді сол жерде тұрамыз. Оны жол бойы ауданнан алып кетеміз. Аяққа оратылмай ары ойнашы, – деді. Мен шоқ басқандай күй кештім. Енді оны көрер-көрмесім белгісіз… Сұлтан досымды қатты сағындым… Әйтеуір біздің астанамыз Астана қаласы екенін білетінмін. Ол қайда болды екен? Біздің ауылға жақын ба? Бірақ сол шаһар біздің Бұлт шаһардай бола алар ма екен? Сұлтан досым-ай, жалғызсырап қалмас па екенсің! Арысым-ай! Қош бол! Аспан шаһарында жүздескенше. Тұра тұр, тоқта! Айтпақшы, неге біз жүздесе алмайды екенбіз. Бізді қалалардың өзі бөле алар ма екен? Мен көзімді жұмдым да ұша жөнелдім…
Көктегі Бұлт шаһарының шетінде аяғын жерге салбыратып Сұлтан отыр. Мені көрді де қуанып кетті. Мен оған жеткенше ол айхайлай жөнелді:
– Сені қанша күн болды күткені ме? Сенің қиял қанатың қырқылды ма деп уайымдадым. Мен Астанаға кетіп барам досым, – деп, ішіндегісін айтып тастады. Біздің арман, біздің өмір енді басталып жатқан еді…
Сенім мен арман атты қос қанатымызбен болашаққа еш қорықпастан самғап кеттік…
@. @assel_assanova